Байзақтағы игі бастамалар

Облыстық БАҚ өкілдерінің кезекті баспасөз-туры Байзақ ауданында жалғасты. Барлық бағыт бойынша ілгерілеу легіне ілесіп келе жатқан ауданға сапар барысында журналистер алдымен Бурыл ауылына ат басын бұрды. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алып, оның шапағатын көріп отырған Сағатбек Сарыпбековтің шаруасымен таныстық. Екінші топтағы мүгедектігіне байланысты кейінгі жылдары жұмыссыз отырған ол мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алу кезегіне тіркелген. Өткен жылы 1,3 миллион теңгені қолына алысымен қора-жай салып, жылқы өсіруге кіріседі. Бастапқыда бие байлап сауып, қымыз, саумал сатудан түскен табысы мардымсыздау болғандықтан, мал бордақылауды қолға алыпты. Несиені әр алты ай сайын төлеп отыр. Малдың жемшөбін бағасы арзандаған уақытта сатып алып, дайындап қояды екен. Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Серік Кенбаевтың айтуынша, кәсіпкер несие қаражатын мерзімінен кешіктірмей төлеуде. Ол алдағы уақытта Сағатбек Нұрманұлы кәсіпкерлігі желісін кеңейту үшін тағы да несие алуға ниеттенсе, оған кезексіз қол жеткізе алатынын атап өтті. Жалпы, аудан бойынша шағын несие алуға 1000-нан астам адам кезекте тұр екен. Жуырда 30 адам қаражатқа қол жеткізбек.
Мал бордақылау ісіне мықтап кіріскен кәсіпкердің бірі – Көктал ауылдық округіндегі «Дулат» шаруа қожалығының иесі Мұсат Алашбаев. Баспасөз-туры барысында біз бұл нысанды да орағыта өтпедік. 2014 жылы 6 маусымда құрылып, екі жылдан соң шаруасы шалқыған қожалығында бүгінде 800 бас мүйізді ірі қара малы бордақылануда. Өткен жылы мұнда 120 тонна ет өндіріліпті. Кәсіпкердің айтуынша, еттің әр килосы үшін мемлекет тарапынан 300 теңге субсидия беріледі. Көбінесе ет Алматы қаласына жөнелтіледі екен. Иранға да жіберген кездері болған. Сондай-ақ, шаруа қожалығында бір отар қой да өсірілуде.
Ауданда бүгінде 30 балабақша бар болса, оның үшеуі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған. 2372 бүлдіршін кезекте тұр. Мырзатай ауылының тұрғыны Айша Нұрманалиева «Балапан» бағдарламасы аясында жеке меншік балабақша ашып, кезек мәселесін шешуге өз үлесін қосуда. Оның айтуынша, кәсіпкерлік нысанын ашуына облыстық кәсіпкерлер палатасы өткізген жиынның бірі түрткі болған көрінеді. Өзі зейнетте, балалары қалада қызметте болғандықтан, нақты бір іспен айналысуды жөн көреді. Ақыры ауылдағы бос тұрған үйді кәдеге асыру туралы ойын 2016 жылдың сәуір айында жүзеге де асырыпты. Биыл наурыз айында балабақшаның екінші қосымша ғимаратын іске қосқан. Баспасөз-туры барысында аталмыш «Ерсән-Жәнай» балабақшасына да жол түсті. Онда 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. 18 адам жұмыспен қамтылған. 37 жыл мал дәрігері болып жұмыс істеген Айша Махатайқызы сүт өнімдеріне, еттен жасалған тағамдарға айрықша көңіл бөледі екен. Сонымен қатар, меншігіндегі егістік жерге алдағы уақытта көкөніс өсіріп, бүлдіршіндерді өз өнімдері есебінен тамақтандыруды жоспарлап отыр. Ата-аналардан балаларды тамақтандыруға ай сайын 7000 теңгеден жиналуда. Сонымен қатар, мемлекеттен ай сайын бала басына 19350 теңге қаржы бөлінеді. Алдағы уақытта кәсіпкер балабақшаның 25 орындық қосымша ғимаратын ашпақ.
Аудан орталығы – Сарыкемер ауылындағы «Еңлік» балабақшасы да осындай қарқынмен жұмыс істеп жатқанын аңғардық. 75 орындық бұл балабақшада 11 педагог жұмыс істейді. Құрылысына 40 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Материалдық-техникалық базасы көңілге қонымды. Мұнда 3 ойын бөлмесі, 3 ұйқы бөлмесі, әдістемелік кабинет, медбике бөлмесі, ән-күй кабинеті, асхана, қол жуатын, кір жуатын бөлмелер бар. Балабақша ауласының абаттандырылуы бүлдіршіндер түгілі ересектерді де қызықтырмай қоймайды.
Ауданда мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін нәсібіне айналдырып отырған тұрғындар көп-ақ. Олардың бірі – тіс дәрігері Алмаз Болшыбеков. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» акционерлік қоғамы арқылы былтыр 20 миллион теңге қаражат алған дәрігер екі қабаттан тұратын емхана соғып, жұмысын күннен-күнге ширатып келеді. Бүгінде қарамағында 5 дәрігер, 5 медбике жұмыс істеуде. Олар өздеріне белгіленген учаскелердегі балалар мен жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетеді. Тіс емханасы түгелдей қытайлық құрылғылармен жабдықталған.
Сарыкемер ауылында 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылғаны белгілі. 1938 жылы құрылып, алдымен Свердлов деп аталып, 1995 жылдан бастап Байзақ батыр есімі берілген ауданның бүкіл тарихының нақты деректерін осы музейден табуға болады. Бүгінде онда 2744 жуық экспонат бар.
Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылында ауданға танымал кәсіпкерлік нысандардың бірі – «Молочный бидончик» сүт өңдеу цехы орналасқан. 2010 жылдың қараша айында құрылған цех сүт, айран, қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, йогурт сынды сүт өнімдерінің 18 түрін шығарады екен. Цех өнімдері облыс пен Тараз қаласының көптеген балабақшалары мен емдеу мекемелеріне жіберіледі. Сондай-ақ, сауда орындарында, қаладағы бірнеше фирмалық сауда павильондарында сатылады. Цех 2011 жылы тәулігіне – 1, 2012 жылы – 2, 2013 жылы 4 тонна сүт өңдесе, 2015 жылы қосымша құрылғылар сатып алу нәтижесінде тәулігіне 8 тонна сүт өңдейтін болған. Кәсіпкерлік иесі Владимир Лесняк «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Центр Кредит» банкінен 16,3 миллион теңге несие алған көрінеді. Ертеңгі күнге күдігі емес, үміті мен сенімі көп сүт цехының қызу жұмысына куә болған соң, осы ауылдағы халал технологиясымен шұжық және ысталған ет өнімдерін өндіретін «Ақ ниет» шаруа қожалығында болдық. 2005 жылы ашылған кәсіпкерлік құрылымның өнімдері бүгінде тұтынушылардың сұранысы мен сенімі үдесінен шығып, еліміздің көптеген қалаларында мәртебелі маркаға ие болып үлгерген.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>