«Мыңбұлақ» шағын ауданында… мұз айдыны ашылды

«Ебін тапқан тасқа шеге қағады» демекші, кәсіпкерлікті жан-жақты дамытуға қабілетті ерекше адамдардың қатарында тараздық жеке кәсіпкер Руслан Мырхалықов та бар. Жақында ол жағымды жаңалығымен дүйім елді қуантып тастады. Ол үлкен шаруаға бірден тәуекел жасап, облыс орталығындағы «Мыңбұлақ» шағын ауданы аумағынан арнайы мұз жабындымен жабдықталған айдын ашуға қол жеткізді.
Руслан Мырсапарұлы осы жерден «Айрылмас» сауда, ойын-сауық орталығын 2014 жылы ашыпты. Алайда сол кезде облыс басшылығы балалардың көңілді демалысына қажетті ойын алаңдарын ашуға ұсыныс білдірген екен. Кәсіпкер содан бері талай жобаны көңіліне түйіп, екшеумен болған. Былтыр «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» облыстық филиалының көмегімен «Халық банкінен» 22 миллион теңге несие алып, осы мұз айдынын салуға кірісіп кетеді. Айдынға қажетті арнайы мұз жабындының сапалысын таңдап жүріп Америкадан алдырған. Конькилер үшін италиялық компанияларға тапсырыс беріпті. Бір конькидің бағасы шамамен 22-23 мың теңге көлемінде. Мұнда конькидің 120 түрі бар. Аяғының мөлшеріне қарай 5-тен 70 жас аралығындағы кісілердің барлығына табылады.

Сырғанау алаңына бір мезгілде 50-60 адам еркін сыяды. Сырғанаудың мөлшерлі уақыты жоқ. Коньки үшін – 500, сырғанау алаңы үшін 500 теңге төлейсіз. Содан кейін шаршағанша сырғанауыңызға мүмкіндік бар. Біз барғанда да 5-6 адам мұз айдынында жүр екен. Бәрі көңілді. Алты жасар Анар Мырсапардың сырғанау шеберлігіне сүйсіндік. 

– Тараздықтарға бұл үлкен сыйлық деп білемін. Үлкен мұз айдындарында сырғанау үшін үлкен машық керек. Әрі жарақат алатындар да көп болады. Ал мынадай шағын алаңдарда әр тұрғынға сырғанап үйренуге мүмкіндік бар. Осы жерден шеберлігін шыңдағандар кез келген ірі мұз айдынында да жақсы сырғанай алады. Алғашында тіреп сырғанауға арналған жылжымалы тіреуіштеріміз де бар. Олардың саны он шақты. Бұрын сырғанап көрмеген кісілер соның көмегін пайдаланады. «Көк мұз» үстінде тіреуіш бағаналар да бар. Қысқасы, тұрғындардың алаңсыз демалып, сырғанауына мұнда барлық жағдай жасалған. Ашылғанымызға көп бола қоймаса да мұнда келушілер аз емес. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері тапсырыс берушілер қарасы едәуір молаяды. Осы 9 мамыр Жеңіс мерекесінде бос коньки болған жоқ. Әсіресе, мектеп оқушыларының сырғанап үйренуі үшін таптырмайтын алаң деп есептеймін, – дейді кәсіпкер Руслан Мырхалықов.
«Айрылмас» сауда-ойын орталығында батуттар, автомат алаңдары, басқа да балалардың демалысына арналған орындар баршылық. Ал барлық бала үшін мұз айдынның орны бөлек-ақ. Балаларды қуанышқа бөлей білген кәсіпкерге тараздықтар дән риза. Ендеше, «Мыңбұлаққа» мұз айдынына келіңіз. Балаңызды сырғанауға үйретіңіз! Бұл жерде оған барлық мүмкіндіктер бар.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>