Батыр бабалардың даңқты жолы жалғаса береді

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, әскери қызметшілерді мерекелерімен құттықтады. Ортаға Мемлекеттік Ту әкелініп, еліміздің Әнұраны шырқалды.
– Құрметті сардарлар мен сарбаздар, ардақты ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері! Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Қазақстан Әскері елдік пен егемендіктің тірегіне, бейбіт өміріміздің, тұрақтылық пен тыныштықтың кепіліне айналды. Бүгінде әлем елдерімен әскери байланысымыз нық орныққан. Қазақстан ТМД және Орта Азиядағы аймақтық қауіпсіздік мәселесіне орай ортақ міндеттерді айқындайтын жаңа бастамалар көтеріп келеді. Дүниежүзі Қазақстанды әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін құрметтейді. Еліміздің Семей ядролық сынақ полигонын жауып, ядролық арсеналдан бас тарту туралы батыл шешімдері, Елбасымыздың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында жария еткен бейбіт өмірге үндеген «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі – осының айғағы. Мемлекет басшысы сириялық шиеленісті бейбіт жолмен шешу үшін Елордамыз – Астана қаласын саяси диалог алаңы ретінде ұсынуы – Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы абыройын арттырып, біздің елге деген сенімді күшейтуде.

Бүгінде күш-қуаты жылдан-жылға артып келе жатқан Қазақстан әскерін барша қазақстандықтар мақтан тұтады. Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан! Қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы».

Әрбір арлы азамат үшін туған Отанын қорғаудан құнды, одан қымбат ешнәрсе жоқ. Бұл шынайы патриотизмді талап етеді. Бұл – шын мәнінде зор мәртебе! Қазақтың қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген. Осынау ғасырлар көгіндегі өшпес өсиет – әрбір Отан қорғаушының мәңгілік ұраны болатынына сеніміміз мол.
Сіздерді тағы да Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығымен және Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қуаты нығайып, даңқы арта берсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Облыс әкімі өз сөзінде Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сардарлары мен сарбаздарын еліміздің нағыз патриоттары, өздерінің жауынгерлік қызметінің майталман мамандары деп бағалап, жыл сайынғы «АРМИ» әскери ойындарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргені – соның айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы облыстың қоғамдық-саяси шараларына да ұдайы қатысу арқылы облыс тұрғындарының ыстық ілтипатына ие болуда. Жақын күндері болған көктемгі су тасқыны қаупі туындаған кезде де аталмыш жауынгерлік құрылым жергілікті тұрғындарға барынша көмек көрсетті. Апатты жағдайлардың алдын алуға айрықша үлес қосты. Осындай игілікті істері үшін салтанатты жиында Кәрім Нәсбекұлы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сардарлары мен сарбаздарына облыс жұртшылығы атынан алғыс білдірді.
Бұдан соң өңір басшысы мерейлі мерекеге орай ең үздік әскери және құқық қорғау органдар қызметкерлерін марапаттады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының көмекші прокуроры Сәкен Әшімтаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының №2035 әскери бөлімі командирінің орынбасары, тыл бастығы, подполковник Одиссей Голубенко, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қолбасшысы басқармасының инженер қызметінің бастығы, полковник Мұрат Жүсіпов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Асқар Ниязов, облыстық ішкі істер департаменті Тұрар Рысқұлов аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Шалқар Дәулетқұлов марапатталды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасының №2035 әскери бөлімінің технигі, прапорщик Бақыт Әшімов, облыстық ішкі істер департаменті Арнайы даярлық басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Виталий Мирошниченко облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды. Бірқатар Отан қорғаушыларға Қорғаныс министрінің I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі табысталды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы міндетін атқарушы полковник Самат Болатұлы әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, патриоттық әндер шырқалды.

* * *

Осы күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов және облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Тілеген Маткенов Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлігін құрметпен еске алды.

Жанғазы ахмет,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>