Ажалы ақ шашты адамнан болатынын білген

 ақын

Көптеген жазушылар мен ақындардың шығармалары фантастика мен мистикаға толы. Бір қызығы, олардың өмірі де адам айтса нанғысыз тылсым болып келеді. Болжамдар, түстер, елестер… Ақын-жазушылар өмірінде не кездеспейді десеңізші?!
Атақты Александр Пушкиннің өмірінде де ырымға сену үлкен мәнге ие еді. Сондай жағдайдың бірін ақынды жақсы танитын Владимир Даль жазады. Оның айтуынша, бұл оқиға 1825 жылы орын алған. Ол кезде Пушкин Псковтағы ауылдардың бірінде тұрған және оған ол ауылдан шығуға тыйым салынған еді. Бірде оған императордың өлімі туралы хабар жетеді. Оның қаншалықты рас-өтірігін анықтау үшін ол жасырын түрде Петербургқа барып, бір тәуліктен соң қайта оралуды жоспарлайды. Бара жатқан жолда-ақ атқосшы жаман ырымға бастаған бірдеңені көргенін айтады. Алайда, ақпаратты анықтауға біржола бел шешкен ақын алған бетінен танбайды. Бірақ, ауылдан сәл ұзай берген кезде ол өзін біртүрлі жайсыз сезініп, шыққанына өкіне бастайды. Онда да кері қайтуға батылы бармай отырғанда атқосшы олардың алдынан қоян шыққанын айтады. Ол кезде қоян жамандықтың белгісі саналатын еді. Содан кейін барып ақын үйінде керекті бір затын қалдырып кеткенін айтып, кері бұрылады.
Ал егер Пушкин сол күні Петербургке барғанда не болар еді? Ол біріншіден, 13 желтоқсанның кешінде жетіп, лицейден бері дос болған Рылеевтің үйіне түсуді жоспарлаған. Демек, ақын желтоқсан көтерілісін жасағандардың қайнаған ортасынан бір-ақ шығатын екен. Ал содан кейін өзін көтеріліске қатысу үшін келмегенін дәлелдеу тіпті мүмкін емес еді.
Өз тағдырының өкінішті тұстарын ақын 1817 жылы Александра Филипповна Кирхгоф есімді көріпкелден естіп-білген болатын. Атақты көріпкелдің алдында Пушкиннің өлімінен кейін Лермонтов та болған және оның да өлімін Кирхгоф асқан дәлдікпен айтып берген екен.
1817 жылдың бір күнінде атақты ақын достарының бірімен Нева даңғылының бойында серуендеп жүреді. Сол кезде досы оған атақты көріпкелге баруға ұсыныс білдіріп, екеуі сонда бас сұғады. «Сен жақын күндері ескі досыңмен жолығасың, ол саған жақсы қызмет ұсынатын болады. Ал одан кейін әлденеше уақыт өткенде хат арқылы ақша аласыз. Үшіншіден, сіз өз өліміңізбен өлмейтініңізді айтуым керек. Сізді әйел үшін ақ шашты жас жігіт өлтіреді», дейді Александра Филипповна Пушкинге. Ал оның жанындағы капитанның алақанына үңілген көріпкел оның да әлдекімнің қолынан қаза табатынын, тіпті бүгін өмірмен қоштасуы мүмкін екенін жеткізеді. Жас жігіттер түрлі ойдың құшағында қалып, шығып кетеді. Ал келесі күні таңертең ақын кеше ғана қасында жүрген капитан досын түнде ашуға булыққан солдаттардың бірі қылыш қадап өлтіргенін естиді.
Ал екі апта уақыт өткен соң Нева даңғылы бойында ол өзінің ескі досының бірін кезіктіреді. Ол Варшавада Константин Павлов есімді князьдің қарамағында қызмет атқарғанын, оны жуық арада Петербургке ауыстырғанын айтып, Варшавадағы өз орнын Пушкинге ұсынады. Ал бұл кездесуден бірнеше күн өткен соң ақынға шын мәнінде хатпен ақша келеді. Оны бұрынырақта картадан жеңілген лицейдегі жолдастарының бірі салып жіберген екен. Ал көріпкелдің үшінші, ең қайғылы болжамы 20 жыл өткен соң тура келді. Оны ақ шашты, үнемі ақ киініп жүретін, ақ атты Дантестің атып өлтіргенін барлығы біледі.
Негізі, Пушкинге оның өлімі жас кезінде және ақ шашты адамнан болатынын бірнеше адам айтқан. Ол лицейді тәмамдап келген соң алақанға қарап бал ашумен айналысып жүрген әпкесі Ольгадан өз тағдырын болжап беруді өтінеді. Алайда, біраз уақыт оған болжам жасаудан бас тартып жүрген әпкесі ақырында: «Александр, сен неге менің тіпті ойыма алғым келмейтін нәрсені айтуға мәжбүрлейсің? Сенің өлімің жас шағыңда болады және ол азапты», – деп салады.
Ал Одессада жүрген кезінде ақын Грекиядан келген атақты көріпкелге барады. Ол айлы түнде жазыққа шығып, бірқатар рәсім жасаған соң ақынның ақ аттан немесе ақ киімді, ақ шашты адамның қолынан қаза табатынын айтады.
Осындай жағдайлардан кейін Пушкин үнемі ақ шашты, ақ атты адамдардан мүмкіндігінше алыс жүруге тырысатын. Ондай адамдармен мейлінше жанжалдаспайтын. Тіпті, ол осы мәселеге байланысты Польшаға әскери қызметке барудан бас тартады. Өйткені, ондағы бас көтерушілердің бірінің есімі Вейскопф, яғни «ақ бас» деген мағынаны білдіретін болған. Қанша жерден өлімнен, ақ шашты адамнан қашқанымен, бәрібір ұлы ақынның өлімі ақ ат мінген ақ шашты, ақ киімді Дантестің қолынан болды емес пе?..

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>