Болашаққа батыл қадам басқан байтақпыз

Болат РЫСМЕНДИЕВ,
аудан әкімі.

«Елу жылда – ел жаңа» дейді дана халқымыз. Алайда 1991 жылғы желтоқсан айының 16-сы күні Тәуелсіздігін жариялаған еліміз Ұлт Көшбасшысы, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, ширек ғасыр ішінде экономикасы мен әлеуметтік жағынан қарыштап дамыған, рухани-мәдени салада ірі сілкіністер жасаған, әлем мойындаған, таныған, іргелі мемлекетке айналды.

Оған ары бармай-ақ ауданымыздың тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерінің өзі толық айғақ боларлықтай. Бүгінде аудан орталығы мен 13 ауылдық округте 54,1 мың халық тұрады. Еліміздің бір бөлшегі ретінде біздің ауданымыз да қысқа мерзім ішінде халқының ынтымақ-бірлігі мен ауызбіршілік танытып, аянбай еңбек етуінің арқасында неше алуан қиындықтарды еңсеріп, аграрлы-индустриалды аймаққа да айналды.
Жасыратыны жоқ, елімізде 1991 жылдан бастап алғашқы он жыл ауыл шаруашылығы саласы үшін ауыр болды. Бұрынғы одақтық экономикалық байланыстардың үзіліп, қоғам өзгеріп, ескісінің орнына жаңасы орныға алмай жатқан тұста бұл саланың қайта құрылып, қалыптасуы қажеттігі айқын сезілді. Тек 2000-2001 жылдары ғана салада сауығу үдерісі басталып, Үкімет оны дамытуға айрықша назар аударды. Сол тұста Елбасының тапсырмасымен «Ауыл жылы» жарияланғаны да естен шыға қойған жоқ. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар қабылданып, ауылдық тауар өндірушілер үшін мемлекет тарапынан көмектер мен жеңілдіктер қарастырыла бастады. Осы жұмыстардың нәтижесінде, мал саны өсіп, сапасы да жақсара түсті. Сондай-ақ, Үкіметтің асыл тұқымды мал шаруашылықтарын дамытуды қолдау шаралары мал саны көбеюіне, тұқымы асылдандырылуына айрықша елеулі ықпал етті. Оның жемісі де жоқ емес. Бүгінде ауданда асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың саны 12-ге жетті. Атап айтқанда, 9 асыл тұқымды қой шаруашылығы, 1 асыл тұқымды қазақтың жабы жылқысы және етті бағыттағы 2 асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырын өсіретін шаруашылықтар барын айтсақ та жетеді.
Сонымен қатар, Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Үкіметтің етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға» бағдарламасы облыс орталығынан алыс, шөлейт аймақта орналасқан, жайылымдық жері кең Талас ауданы үшін өте тиімділігін көрсетіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері арасында үлкен қолдау тапты. Осы жылдары ауданның 34 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 431,3 миллион теңге сомасындағы несие қаржыға 2373 бас мүйізді ірі қара сатып алып, мал басын көбейтумен қатар асылдандыру жұмыстарын да дәйектілікпен жүзеге асыруда. Сондай-ақ, Үкіметтің 2015 жылдан бастап қабылданған «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары бойынша мал басын көбейту жұмыстары да оң нәтижесін беріп отыр. Өткен жылдан бері «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 16 шаруашылық 131,0 миллион теңге несие алып, оған 5352 қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша 12 шаруашылық 143,1 миллион теңге несие алып, оған 558 жылқы сатып алды. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде қазір мүйізді ірі қара саны – 22999, қой-ешкі 369845, жылқы – 8605, түйе 1900 басқа жетті. Яғни 2000 жылмен салыстырғанда мал саны барлық түлік бойынша 2-3 есеге өсті. Сонымен қатар, мал өнімдерін өндіру көлемі артты. 2011 жылдан бастап егін шаруашылығы бойынша көптеген ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп өсіріп, өнім өндіруде де біршама ілгерілеушіліктер бар.
Ауданның әкімшілігі орталығы Ақкөл ауылынан 1997 жылы мамыр айында Қаратау қаласына көшірілген болатын. Сол күннен бастап бүгінгі күнге дейін жалғасқан өнеркәсіпті-аграрлы аймаққа айналдыру бағытындағы тынымсыз еңбек пен ізденістер өзінің жемісін де бере бастады. Елбасының химия саласын қайта жандандыру турасындағы қамқорлығымен Қаратау тау-кен өндіру комбинатының «екінші тынысы» ашылып, еліміздің көшбасшы өндіріс орындарының біріне айналды. Бүгінгі таңда серіктестіктегі кеніште 520 адам (Жаңатас қаласын қоспағанда) еңбек етуде.
Елбасының тапсырмасымен 2003 жылы Амангелді газ өңдеу зауыты іске қосылды. Бұл кен орнының ашылуымен еліміз Өзбекстан газына деген тәуелділіктен құтылды. Осыдан 25 жыл бұрын «көгілдір отынды» тұтыну арман ғана болатын. Ауданымызда ең бірінші болып Тамды ауылы газдандырылды, содан кейін Қаратау қаласына 2006 жылдан бастап газ кіргізілді, 2011 жылы аудандағы 9 елді мекенге орта қысымдағы газ құбыры тартылып, 2015 жылы ол ауылдар «көгілдір отынмен» қамтылды.
Сондай-ақ, елімізде теңдесі жоқ натрий цианидін өндіретін «Talas Investment Company» ЖШС де биыл екінші жылы өз өнімдерін шығаруда. Қаладағы цемент және өзге де құрылыс материалдарын шығаратын «Жамбыл Недр» ЖШС серіктестігі мен «Қаратау ПРО» серіктестігі де ірі өндіріс ошақтарының біріне айналатын уақыт алыс емес.
Аудан 2010 жылдан бастап өндіріс саласын дамытуға инвестициялар тарта бастады. Әсіресе, индустриялық-инновациялық бағдарламасының іске қосылуы өндірістің дамуына жаңа серпін берді. Мысалы, 2010 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1887,9 миллион теңгені құраса, ағымдағы жылдың 8 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 5639,9 миллион теңгеге жетті. Алдағы уақытта құны 34,0 миллиард теңгені құрайтын «ST Power» ЖШС-ның қуаты 50 МВт-ті құрайтын күн электр стансасының құрылысын жүргізу жобасы жоспарлануда. Осының өзінен-ақ ауданымызда жеке кәсіпкерліктің дамып, ірі өндіріс орындарының ашылып жатқандығына айқын көз жеткізуге болады.
Жиырма бес жыл ішінде «экономиканың локомотиві» саналатын құрылыс саласына қыруар қаржы бөлініп, елеулі жұмыстар атқарылды. Соңғы 8 жылда 24 елді мекеннің 12-сіне орталықтандырылған тораптық су жүйесі, 10 елді мекенге газ тартылды. 7 мектеп пен балабақшалар, 13 елді мекенде емдеу мекемелерінің ғимараттары соғылып, ел игілігіне ұсынылды. Қаратау қаласын жылумен қамтамасыз ету толығымен шешілді, ал қаладағы су және кәріз жүйелерінің құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Қаратау қаласында ондаған көп қабатты үйлер коммуналдық меншікке алынып, жөнделіп, тұрғындарға пайдаланылуға берілді. Бүгінгі таңда 120 пәтерлі тұрғын үй жөндеу көруде. Жекеменшік иелері өз қаражаттарымен тұғын үйлерін және әлеуметтік нысандар соғып қаланың көркіне көрік қосуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары білім саласы да қиындықты бастан өткерді. Көптеген білім ошақтарының нысандары тозып, құлауға айналды. Осы тұста Елбасы «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасын қабылдатып, апатты мектептердің орнына, осы заманға лайықталған жаңа білім ордалары салына бастады. Тек соңғы 10 жылда жаңа үлгідегі 7 мектеп пен балабақша бой көтерді. Аудандағы 3 апатты жағдайдағы мектептің ғимараттарын жаңадан соғу 2018 жылға дейін аяқталады деп күтілуде. Оның ішінде Есейхан ауылындағы 120 орындық мектептің құрылысы биыл аяқталды. Қараой ауылындағы 50 орындық мектептің құрылысы басталды, Қасқабұлақ ауылындағы 120 орындық мектептің құрылысы келер жылы басталады.
Бүгінгі күні аудан бойынша Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы, 8 ауылдық Мәдениет үйлері, 9 ауылдық клубы, І.Жансүгіров атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, 1 аудандық балалар кітапханасы, 18 ауылдық кітапхана, 1 орталық саябақ (мәдениет кешені) және «Авангард» кинотеатры қызмет көрсетеді. Аудандағы спорт пен денсаулық сақтау салалары да жақсы даму үстінде. Елді мекендерде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік, дәрігерлік амбулатория, медпунктер саны артып отыр. Биыл Қаратау қаласынан бір мезгілде 250 емделушіні қабылдауға арналған емхана пайдалануға берілді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті мәндегі жолдар мен қала көшелерін асфальттау, жарықтандыру ісінің қарқынды жүргізілуі де тұрғындарды қуантып отыр. Бәрі де елдің игілігі үшін, болашақ үшін. Еліміз ширек ғасыр ішінде қол жеткен жетістіктермен шектеліп қалмақ емес. Мәңгілік Ел болу – біздің басты арманымыз. Сол жолда атқарылар жұмыстар, алынар асулар бұдан да көп. Мұның бәрі де Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасы. Тәуелсіздігіміз тұғырлы,
мәңгі болғай!

Талас ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>