Жас өрендер егемен елін жырлады

Тәуелсіз еліміздің қадірін бүгінгі ұрпақ жүрегімен ұғынып, қастерлей білуі керек. Осы мақсатта ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай «Қазақстан Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі техникалық шығармашылық орталығымен бірлесіп «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты облыстық байқау жариялаған болатын. Оған тәуелсіздік туралы проза және поэзия жанрында ой толғаған 70-ке жуық мектеп оқушысы қатысты. Жас ерекшеліктеріне қарай екі топта бағын сынаған өрендердің «Тәуелсіздік – тұғырым!» және «Туған жерге туың тік!» аталымдары бойынша шығармалары ұсынылды. Қазылар алқасының талқысынан өтіп, жүзден жүйрік шыққан үздік шығарма иелерін облыстық «Ақ жол» газетінің мұражайында басылымның бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы құттықтап, тәуелсіз еліміздің торқалы тойында тарихымызды танып, атқарылған істер мен алған асуларымыз жайлы ой-толғаныстарын жазған, бойындағы патриоттық рухын таныта білген талантты өрендердің ата-аналары мен ұстаздарына алғыс айтып, жастарды тәуелсіздіктің жақсылығын жырлауға шақырды.
Өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру арқылы әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқан шығармашылық бәйгеге қазақ балаларынан бөлек, өзге ұлттың талантты өрендері де қатысып, туған ел туралы патриоттық сезімдерін білдірді.
– Еркіндіктің еншісіндегі елімізде алаңсыз білім алып жатқанымыз – егемендіктің, тәуелсіздіктің жемісі. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап жеткен тәуелсіздікті жырлау мен үшін мақтаныш. «Тәуелсіздік таймасын тұғырыңнан» атты өлеңімде тәуелсіздік жолында қазақ елін талай сын-қатерлерден аман алып қалған батыр, билердің өшпес ерліктерін көрсеттім. Бұл үшін алған жүлдем көңіліме одан сайын керемет сенімділік ұялатты. Болашағыма бағыт-бағдар беріп, үлкен жол салғандай болды. «Ақ жол» газеті алдағы уақытта да осындай байқаулар ұйымдастырып, шығармашыл жастарға шабыт сыйлай берсін, – дейді байқаудың бірінші орын иегері Жанар Боранбек.
Қазылар алқасының шешімімен жас ерекшеліктеріне орай 1-орынға Жанар Боранбек (Талас ауданы Амангелді орта мектебі), Людмила Шапка (№28 орта мектеп), Диана Еставлетова (№24 мектеп-гимназия), Аяжан Сұраншиева (№37 орта мектеп), Алина Сәлім (Жамбыл ауданы) лайық деп танылды. Жүлделі 2-орынды Людмила Халевич (техникалық шығармашылық орталығы), Аяулым Сәулембай (Талас ауданы А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназия), Назерке Қадірбек (№15 мектеп-гимназия), Әділет Құрманбаев (№35 орта мектеп), Заңғар Мұса (№8 мектеп-гимназия), Милана Биккужина (№7 мектеп-гимназия), Әмина Абдрайымова (№18 мектеп-гимназия) иеленді. Ал 3-орын Жұлдыз Тұрдыева, Назерке Әбішева, Дильназ Кемелова және Аяулым Боранбаева сынды техникалық шығармашылық орталығының шәкірттеріне бұйырды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Ақ жол» газетінің дипломдарымен марапатталды.

Шынар асанқызы,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>