«Сұлутөр» салған әндер-ай!

Аудандағы «Сұлутөр» вокалдық аспапты ансамбліне жергілікті жұртшылықтың құрметі ерекше. Сонау жетпісінші жылдардағы «Дос-Мұқасан» ансамблінің елімізде атағы қалай дүркіресе, Жамбыл жерінде сексенінші жылдары «Сұлутөр» де сондай танымалдылыққа ие болды. Бірлік Срайлов, Мұрат Жайлыбаев, Ерлік Шабеев, Ермахан Сегізбаев, Болат Жақсылықов сынды таланттардан құралған «Сұлутөрдің» жігіттері әннің майын тамыза шырқайтын. Ансамбльдің репертуарындағы әр әнін жергілікті әнсүйер тыңдарман қауым жатқа айтатын. Зымырап өтіп жатқан қайран уақыт десеңізші, осынау өнер ұжымының құрылғанына биыл 35 жыл толыпты. Осыған орай Құлан ауылының орталық алаңында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне арналып аудандық М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйінің ұйытқы болуымен «Сұлутөр» вокалдық аспапты ансамблінің мерейтойлық концерті өтті.
Мерейтой кешінде аудан әкімінің орынбасары Берік Дайрабаев «Сұлутөрдің» аудан тарихында өзіндік орны бар ұжым екенін айтса, аудандық мәслихаттың хатшысы Шардарбек Қосалов әнді нақышына келтіре орындайтын «сұлутөрліктерге» әрдайым жұлдыздары жарық болуына тілектестігін білдірді.
Мерейтойлық концертке жиналған тыңдармандар қарасы көп болды. Олар кеш барысында «Сұлутөрдің» репертуарындағы әуезді әндермен сусындап, сүйсіне қол соқты. Өз кезегінде жергілікті сазгерлер Мэлс Өзбековтің «Келші Құланға», «Келші, Айым», Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Біз екеуміз», «Нәзігім» секілді әуезді әндері жүректердің қылын шертті. Одан бөлек, Меркі ауданынан арнайы келген кеш қонақтары «Меркі әуендері» фольклорлық-этнографиялық тобы мен төрт арудан құралған «Меркі әуендері» квартеті, сондай-ақ, «Караван» топтары да жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осылайша, мерейтойлық кеш көпшілік көрерменді ерекше әсерге бөледі. Жиналған жұртшылық «Сұлутөр» салған әндер-ай деген сағынышты, жүрекжарды лебіз­дерін білдіріп жатты.

Нұрболат әлдибеков,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>