Аспалы жол құрылысында асығыстық болған сияқты

Тараз қаласындағы №12 «Керімбай» орта мектебінің жанындағы аялдама қасынан салынған аспалы жол пайдалануға берілді. Әлбетте, оның жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жасалғаны белгілі. Сондықтан бұл жаңалық тараздықтарды қатты қуантқан. Бірақ, құны 30 миллион 158 мың теңгені құрайтын аспалы жол заманауи талаптарға сай ма?

Аталған көпірді пайдаланатындардың дені: қарапайым тұрғындар, мектеп оқушылары, мұғалімдер, мекеме қызметкерлері және іргесінде тұрған ауруханаға келушілер. Бірақ, биіктігі – 6, ұзындығы 21 метрді құрайтын аспалы жолдың дімкәс, мүгедектерді айтпағанда, он екі мүшесі сап-сау адамдардың өзінің жанын қинайтыны анық.
Қазірдің өзінде көпірмен жүруді қиынсынғандар көлік тасқыны ағылған жолды төтесінен кесіп өтіп жүргеніне куә болып отырмыз. Қысқасы, көпшіліктің көпірге жолағысы жоқ. Неге?
Біздіңше, бар кемшілік оның жадағай баспалдақтарында сияқты. Жүргіншінің адымын аштырмайтын баспалдақтардың арасы ашық. Оны не себепті ашық қалдырды екен? Әлде астынан самал есіп тұрсын деді ме екен? Жазатайым біреу-міреу баспалдақтардың арасындағы тесікке аяғын тығып алса ше? Кейбір бұзақылардың аспалы жол астында телефонмен сөйлескенсіп тұруы да көңілге күдік ұялатады. Сондықтан, текпішектердің арасын бекіту секілді бір амал қарастыру қажет-ақ.
Аспалы жол құрылысын жүргізген «Строители века» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жағын неге ескермеген? Әлде кемшілік жобалаушылардан ба? Мән-жайды білу үшін Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқан болатынбыз. Басшының орынбасары біз білмек болған аспалы жол жайлы «Рұқсатсыз мәлімет бере алмаймыз» дегеннен әрі аспады.
Сонда бұл не құпия?! Әлде біз білмейтін басқа да кемшіліктері бар ма екен?

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>