Қазақстан мен Сауд Арабия мұнай саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Сауд Арабиясы Корольдігі  энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл Фалихпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Екі ведомство басшылары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жасайтын ресми сапарының қарсаңында кездесті.

«Сауд Арабиясы Корольдігінің энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі Халид әл Фалихпен кездесу өтті. Әңгімеміз 1 сағатқа созылды. Әл Фалих мырзаның министр қызметіне тағайындалғаннан кейінгі алғашқы кездесуі осы екен. Ең алдымен, мұнай саласындағы ынтымақтастығымызды талқыладық. Өздеріңіз білетіндей, Сауд Арабиясы қазір әлем бойынша мұнай бағасына ықпал ететін бірінші мемлекет.  Ресей Федерациясы және Венесуэлламен бірге мұнай бағасын үйлестіріп, болжам жасауға мүмкіндік тудырғысы келеді», — деді кездесуден кейін журналистерге сұхбат берген ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев.

Энергетика министрінің хабарлауынша, кездесу барысында инвестиция тарту мәселесі де кеңінен талқыланды.

«Сауд Арабиясындағы мұнайшылардың стратегиясы өзгеріп отырғанын білесіздер. Біз, Қазақстан оларға мұнай саласына инвестиция құйсын деп ұсыныс айттық. Сондай-ақ, атом саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Қазақстан уран өндірісі бойынша көшбасшы ел екенін білесіздер, Ресей Федерациясымен арада уран байытатын кәсіпорын бар. Біздің бұл салада жинаған тәжірибеміз бар, соны Сауд Арабиясындағы әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз»,-деді Қ.Бозымбаев.

Екі тарап сондай-ақ, қалпына келетін энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша да уағдаластыққа келген.

«Бұл бағытта да екі тараптың қолға алған жұмысын үйлестіріп отырамыз деп келісті. Сауд Арабиясының энергетика министрін Қазақстанға шақыра отырып, елімізде басталған жекешелендіру науқаны туралы айтып бердім. Жалпы, энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы кең көлемді құжатқа қол қою межесіне де жетеміз деп ойлаймын»,-деді кездесу нәтижесін баяндаған Қ.Бозымбаев.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>