Сарысудың бір ісі – «Еурохимнің» кірісі

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының орындалуы барысын бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуді мақсат еткен журналистер тобының іссапары бұл жолы Сарысу ауданында жалғасты.

Балапанды күзде санайды

Соңғы жылдары еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында Үкімет тарапынан көп көмек көрсетіліп, нақты бағдарламалар қабылдануда. Соның көмегін көріп, шаруаларын дөңгеленткен сарысулық диқандар күзгі жиын-терінді елеулі табыспен аяқтауды көздеуде. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Дариябековтің айтуына қарағанда, мал басы өсіп, өнім көлемі артқан. Көсегенің көк жонындағы ақ егістің әр гектарынан 19 центнерден түсім алынса, күні кеше ғана жиналған мақсары өнімі 7 центнерден айналыпты.
Біз жаңбырлатып, қарлатып жеткен Саудакент ауылының іргесіндегі Жаңаталап округіне қарасты «Жаңатас – Саудакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында «Диқаншы жауында тынады» демекші, еңбек қарқыны бір сәтке саябырсыған. Бізді серіктестіктің өкілі Медеу Шаханов қарсы алды.

– Биыл, – деді ол, – пиязды – 30, тәтті бұрышты – 1,5, жүгеріні – 3,5, бау-бақша дақылдарын 6 гектар алқапқа өсірдік. Жаз бойы еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің есесі қайтты. Гектар қайтарымы пиязда – 700, жүгеріде 90 центнерден айналды. Бұл табысқа тамшылатып суару технологиясын енгізу арқасында жеттік. Су пайдалану шығыны екі есеге азайды. Жоғары сұрыпты тұқым сатып әкеліп, егу де өз нәтижесін берді.

Шаруашылық келер жылы егістік көлемін 40 гектарға дейін жеткізуді межелеп отыр. Биылғы пияз түйнектерінің ірілігіне көз тоярлықтай. Медеуге тек табыс тіледік.
Асфальт шығарып, тас үгіткен…

«Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аты облыс жұртшылығына танымал. Оның асфальты мен қиыршық тас өнімдерін еліміздің барлық аймақтары тұтынады. Қалаларды ғана емес, елді мекендерді де жалғайтын жолдар мен көшелерді асфальттау үшін қажетті материалдардың өздерінде болуы өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді.
Серіктестік бұл зауыттың құрылысын осыдан үш жыл бұрын бастаған екен. Жобаның жалпы құны 250 миллион теңгені құрайды. Құрал-жабдығы Украинадан әкелініп, құрастырылыпты. Өткен жылдан бастап өнім шығара бастады.
Қуатты зауыт дүрілдеп жұмыс істеп тұр. Серіктестік директоры Вячеслав Ли бізді өндірістің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сағатына 300 текше метр қиыршық тасты үгіп ұсақтайтын және асфальт шығаратын цехтарда болдық. Жыл басынан бері зауытта 3800 тонна дайын асфальт пен 3 мың тонна қиыршық тас өндіріліп өткерілген. Негізгі тұтынушысы – Сарысу ауданы.
– Қазіргі таңда, – дейді Вячеслав Эльбрусович, – мұнда 17 адам еңбек етеді. Болашақта толық қуатына көшкенде 50 адам үшін күнкөріс көзі болмақ. Жалақылары 70 мың теңге көлемінде.
Тағы бір қуанарлығы, зауыт жыл сайын жергілікті бюджетке 54 миллион теңгенің салығын төлеп отыр. Бұл – әрине, қомақты қаржы. Аудан халқының әлеуметтік мәселелерін шешуге де көп көмегі тимек.
Зауыт асханасының іші жып-жылы. Асы да дәмді. Жұмысшылар ауысым кезінде тегін тамақтанады. Тұрмыс көңілді болса, еңбек те өнімді болатыны анық.
Жол жөндеу кезінде асфальттың жетімсіздігі сезіліп қалатын таластық жолшылар да осы зауыттың өніміне сұраныс жасауда.

Кәсіптен нәсіп тапқандар

Журналистер қауымы қаланың қақ ортасындағы «Руслан» моншасына да бас сұқты. Биыл ғана «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған әлеуметтік нысанның иесі Әміржан Бекмағанбетов екен. Бізді оның жұбайы, монша әкімшісі Жанат Балмағанбетова қарсы алды.
Еліміз Тәуелсіздік алып, жұрт кәсіпкерлікке жаппай бет бұрғанда бұл отбасы да қарап жатпаған. Дүкен мен наубайхана ашқан. Кәсібін одан әрі өрістету қамымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қоғамдық монша салуды жөн көрген. Жобаның құны – 80 миллион теңге.
– Несиеге қаржы алып, оған өз қалтамыздан қосып екі қабатты монша соқтық, – дейді Жанат, – бір мезгілде 40 адам қабылдайтын, 2 жеке жуыну бөлмесі бар моншаның ақысы келушіге – 350 теңгеден. Моншада 8 адам еңбек етеді, орташа жалақылары 40-50 мың теңгеден.
Аралап көрдік, әр бөлмесіне еурожөндеу жасалынған. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер алдағы уақытта шаштараз ашуды да ойластыруда. Екінші қабат қонақ үйіне айналмақ. Қазірдің өзінде бұл нысан қала халқының игілігіне айналып отыр.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Жұмат Сақыпбековтің айтуынша, соңғы жылдары ауданда жеке және шағын кәсіркерлік ісі қарқынды дамытылуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Ғалым Қойшыбаев газ құю стансасын іске қосыпты. Бүгінгі таңда онда 6 адам еңбек етеді, орташа жалақылары 40-50 мың теңге көлемінде.
«Фирма Минерал Жаңатас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Игорь Паршин де осы бағдарламаның шарапатын көріп отыр. Ол түрлі тастардан құрылыс және сәндік бұйымдарды шығаруды қолға алған. Йодталған ас тұзын өндіруге бекем бел байлаған кәсіпкер Әділбек Ақназаровтың «Тұзды компания – Асыл Тұз» ЖШС жаңа зауыттың іргетасын қалауда. Әзірге құрылыс-құрастыру жұмыстары атқарылып, онда 70-ке жуық адам еңбек етіп жүр. Жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ол іске қосылғанда жылына 50 мың тонна йодталған тұз ішкі және сыртқы нарықты қамтымақ.

«ЕуроХим» өрлеу үстінде

Келесі бағытымыз Көсегенің көк жонындағы атақты «ЕуроХим» компаниясының кен-байыту фабрикасы болды. Жалпы компанияға қарасты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер әзірге толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Соған қарамастан, айналасы үш жылдың ішінде табанынан тік тұрып, алып кәсіпорынға айналып келеді.
Жобаның жалпы құны – 356,6 миллиард теңге. Жоба бойынша жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілуі тиіс. Әзірге «Аралтөбе» мен «Кесіктөбенің» кенін игеріп, содан фосфор ұнын шығаруда. Шамамен «Аралтөбеде» 1 миллиард тонна кен жатыр. «Гиммельфарб» кенішінің қоры 2,2 миллиард тоннадан асады. Бұл мол байлық қой!
Өткізу бекетінен соң тікелей фосфор ұнын шығаратын цехқа бет алдық. Мұнда бізді цех бастығы Нұрлан Қашқынбеков қарсы алды.
– Мына көріп тұрған бункер пештері, – деді ол, – оған жолдағы ұсақтау цехынан ұсақталған тас бізге жетеді. Біз мұнда кенді ұсақтап әрі фосфор ұнына айналдырып, құбыр арқылы үшінші цехқа жібереміз. Ол жақтан фосфор ұны үрлегіш қысыммен вагондарға құйылып, дайын өнім тапсырыс беруші зауыттарға жөнелтіледі.
Үстіміздегі жылы мұнда 366,0 мың тонна фосфор кені өндіріліп, оның 227,5 мың тоннасы ұнтақталыпты. Жыл аяғына дейін 515,0 мың тонна кен тасымалдап, одан минералдық тыңайтқыш үшін 406,7 мың тонна фосфор шығару жоспарланған.
Екі серіктестікте 453 адам еңбек етеді. Әкімшілік-басқару персоналы қызметкерлерінің орташа жалақысы 212 мың, өндірістік-техникалық персоналдардікі – 133 мың теңге. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Өндіріс үшін бұл аз да, көп те жалақы емес, әрине.
Дегенмен, жарқын күндер алда. «ЕуроХим» компаниясы тағы бір зауыттың құрылысын бастапты. Темір жол салады, газ жеткізеді деген жақсы жобалар бар. Мұның барлығы да ел Тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болып жатқан жетістіктер деген түйін жасап қайтты журналистер қауымы.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>