Жұрттың жұмыла атсалысқаны абзал

Мәліметке сүйенсек, 13 қазан күні жауған қалың қардың салдарынан Таразда 8200 түп тал сынған. құлаған талдың бұтақтары электр жүйесінің сымдарын үзіп, жаяу жүргінші мен автокөлік жолдарын жауып қалса, көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тау боп жатқан бұтақтардың көптігінен адам аяқ алып жүре алмайды.

– Қай тұрғын үйдің ауласына барсаң да құлаған тал-дарақ. Осы бұтақтарды айналып өту үшін жауған жаңбыр мен еріген қардың суынан пайда болған шалшық суды күнде тобықтан кешіп жүрміз. Естуімізше, бір орманға татитын ағашқа зақым келіпті. Ауланы бұтақтардан өзіміз тазартайық десек, күндіз жастардың бәрі жұмыста. Өңшең кәрі-құртаң біз секілді зейнеткерлер шамамыз жететін ағаштарды сүйреп, жалғыз адам өтетін жол жасаған болдық, – дейді «Салтанат» шағын ауданының тұрғыны Бейсетай Шаханов.
Қазір қалада табиғаттың тосын құбылысынан болған зардаптарды қалпына келтіру мен сынған бұтақтарды жинастыру жұмыстары жүргізілу үстінде. Тұрғындарды электр жарығымен қамтамасыз ету үшін «Қалалық электр жүйесі» мекемесінің 100 адамнан тұратын 20 бригадасы үздіксіз жұмыс істеуде екен. Бүгінге дейін 148 абоненттің электр желісі мен 69 қосалқы станса кабельдері, 10 жоғары кернеулі желі қалпына келтіріліпті. Жеке тұрғындардан түскен 337 өтініш қанағаттандырылып, 401 абонентке электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда екен.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбахрам Дүйсекова 5-6 күннен бері тазарту жұмысына облыс әкімдігінің басқармалары мен бірқатар мекеме қызметкерлері, әскерилер, студенттер, пәтер иелерінің кооперативтері, «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысшылары жабыла атсалысып жатқанын айтады. Әйтсе де, көп болып жұмылатын ортақ іске бас ауыртқысы келмейтін сыңай танытып отырған мекемелер де бар екен.
– 17 қазаннан бері бұтақтарды жинастыру жұмысына 264 техника жұмылдырылып, 3887 адам тартылды. Дегенмен, үлгере алмай жатырмыз. Оның үстіне «Сапарконсалтинг», «Мик-Тараз», «Пырақ-Құрылыс», «BBR Grоup», «Жамбыл гипс» секілді 8 мекеме өздеріне тиесілі бөлініп берілген қала көшелері мен шағын аудан аулаларын тазартуға асығатын емес. Ол жерлерде ешқандай жұмыс басталмаған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Сондықтан да, туған қаламыздың тазалығын қалпына келтіру үшін ұйымдастырылған бүгінгі сенбілікке көпшілікті белсене қатысуға шақырамын. Өйткені, бұл сенбілік бұрынғы сенбілікке қарағанда өзгеше әрі жауапкершілігі басым. Бәрімізге ортақ істен тартынбай, бұтақтар мен діңгектерді арнайы техникаға салып әкетуге ыңғайлы болуы үшін оларды контейнерлік алаңшалар мен ашық алаңқайларға жинап қоюды сұранамыз, – дейді ол.
Жөн-ақ. Ендеше, сенбілікке белсене қатысып, жұмыла атсалысқан абзал, ағайын!

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>