Бибігүл Жексенбай: Журналистердің баспана мәселесін БАҚ басшылары шешуі керек

Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – баспана мәселесі. Әрине, жер басып жүріп, осы елдің бір азаматы болғандықтан, «қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп шалқадан түсіп жатар орда болмаса да, би түсетін үйі болғанды кім қаламайды дейсіз. Осындайда арқалағаны алтын, жегені жантақ дейтін журналистер қауымын баспанамен қамтамасыз ету әр төбеден бір бұрқ еткен шаң секілді, әр жиында бір айтылып, айтқан жерде қалып келе жатқан әңгіме. Осы мәселеге қатысты танымал журналист, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Бибігүл Нұрғалиқызының айтуына қарағанда, БАҚ саласында тер төгіп жүрген жандарды баспанамен қамту сол ақпараттық орталықты (газетті, телеарнаны, сайтты, т.б.) басқарып отырған адамның біліктілігіне, өз қол астындағы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына немқұрайды қарамауына байланысты.

«Жақында Ұлттық Экономика министрінің журналистерді баспанамен қамту мәселесі бойынша «Егер АКМ ұсыныс жасап, бізге тапсырыс беретін болса, біз бұл мәселені шешуді қарастырамыз» деген сөзін барлықтарыңыз естіген боларсыздар. Ендігі кезек журналистерде де, министрліктерде де емес, ол сол БАҚ саласын басқарып отырған басшылықта. Олай дейтініміз, қол астында жұмыс істейтін қызметкердің әлеуметтік жағдайын сол саланы басқарып отырған басшыдан артық ешкім білмейді ғой. Сондықтан сапалы, әрі жан-жақты ақпараттық материал талап ету үшін өз қарамағындағы журналистің жағдайына басшылық алаңдауы керек. Оның әлеуметтік те, экономикалық та жағдайын жасап, кімге не керектігін біліп отырған, қызметкеріне қамқор басшы болар болса, баспана мәселесін де бір жолда түбегейлі шешіп жібермесе де, мұқтаждарына пәтер тауып беруіне мүмкіндік бар», — дейді Бибігүл Жексенбай.

Оның айтуына қарағанда, журналистердің де атқарып жүрген жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, арзан дүниеге қызықпай, салиқалы ой, салмақты көзқарас таныта білгендері абзал.

«Қазір журналистерді байқап отырсаңыз, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жақсы көреді. Көбі әлеуметтік желілердегі арзан ақпаратқа құштар. Өндірістік мақалаларды, саяси сараптамаларды таппайсыз. Тіпті экономикада талдап жазатын, медицинаны түбегейлі зерттеп жазатын, болмаса балалар тақырыбын жеріне жеткізе зерделеп жүрген журналисті атау қиын», — дейді Бас редакторлар клубының президенті.

Ақпарат көзі:  Baq.kz 

 

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>