Алтауды алаламай, төртеуді түгендеген тұлғалар

Өткен сенбіде
өз дәуірінің халыққа
танымал тұлғалары
Өтеген батыр,
Кебекбай шешен,
Ноғайбай би және
халық ақыны,
әнші-композитор
Кенен Әзірбаевқа
орнатылған
ескерткіш-монумент
ашылды.

Өтеген батыр елін жаудан қорғаса, Кебекбай шешен уәлі сөзін айтқан, Ноғайбай би әділдігімен ел ардақтысына айналды, күміс көмей Кененнің қайталанбас әндері шырқалды. Сондықтан, тарихта өшпес із қалдырған осындай ұлы бабаларды ардақтап, рухына тәу ету – парыз.
Салтанатты жиынды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашты.

– Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып өз тізгіні өз қолына тиген ширек ғасырда тарих беттері қайта парақталып, тоталитарлық жүйенің қасаң саясатының әсерінен аттары нақақтан-нақақ өшіріліп келген ұлтымыздың бірегей тұлғаларының есімдері қайта жаңғырып, халқымыздың ортасына оралуда. Олар осы ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын ғасырлар бойы сақтап қалған ел басқарған хандарымыз, қара қылды қақ жарған, әділдіктің туын ұстаған билеріміз, елімізді жаудан қорғау жолында жанын пида еткен хас батырларымыз.

Тәуелсіздік жылдары облыс елді мекендерінде олардың әрқайсысына арналып ас-жиындар өткізіліп, ескерткіштері қойылды, ауылдарға, көшелерге есімі берілді. Мұндай тұлғалар осы өңірден де көптеп шыққан. Бүгін, міне, Қордай жерінде ұрпаққа ұлағат болатын тағы бір істің куәсі болып отырмыз. Төрт тұлғаны қатар құрметтеп тоғыз жолдың торабына орнатқан ескерткіштің тағылымдық мәні де зор. Бұл жер әлі-ақ ерсілі-қарсылы өткен жолаушылар аялдап, толайым тарихымызға ой жүгіртіп, ерлік рухына тағзым ететін қасиетті орынға айналатын болады, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді елдің амандығын, жердің тұтастығын сақтауда осы аймақтан шыққан Қордай, Қарасай, Жолбарыс, Өтеген батырлар, Кебекбай, Ноғайбай билер тәрізді елдік тұлғалардың өлшеусіз үлесі хақында тереңнен толғап сөз қозғады.
Төрт тұлғаға арналған сәулеттік нұсқасы ерекше ескерткіш-монумент сонадайдан көзге түседі. Күре жолдың бойындағы төбешікте бой көтерген төрт биік діңгектің ортасына үлкен тайқазан қойылып, үстіне шаңырақ орнатылған. Яғни, төрт құбылаң тең, шаңырағың биікте болсын, қазаның оттан түспесін дегенді білдіреді. Ал төрт діңгектің әрбіріне жоғарыда айтылған төрт тұлғаның бейнелері бедерленген. Төңірегі көгалдандырылып, электр жарығы орнатылып, баспалдақтар жасалған.
Ел игілігіне айналатын іске Атымтай жомарттық пен асқан азаматтық танытқан кәсіпкер-меценат, «Айша бибі» фармацевтикалық зауытының директоры Қайрат Қаймолдаев өз есебінен 62 миллион теңге бөліпті. Монументтің құрылысын жүргізген іскер азамат Көшкінбай Құлманбет басқаратын «Жаңакемер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, ал сәулеттік сызбасын әзірлеген –Тараздағы «Бақ-проект» ЖШС құрылтайшысы Бақыт Сегізбаев. Сондай-ақ, қордайлық кәсіпкер Асқар Жұмабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұратбай Жолдасбаев та бабалар рухының алдындағы парызын өтеуге уақыт тауып, барлық істің баянды өтуіне белсене атсалысты.
Салтанатты рәсімнен соң ескерткіштің алды әп-сәтте гүл шоқтарымен көмкерілді. Ашық күнде арқан бойы көтерілген күнге шағылыса үлкен жолдың бойында жарасым тапқан жаңа нысанның маңы құтты болсын айтқан қарияларға, шашу шашқан әжейлерге, тамашалауға топ-тобымен келіп суретке түсіп жатқан қауымға толды.
Бұдан соң Кенен ауылындағы ақын бейіті басында бабалар әруағына Құран бағышталып, құдайы мал шалынды. Отар ауылындағы Кебекбай шешеннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ас дастарқаны үстінде белгілі кәсіпкер, жаны абзал қария Мүсілім Дайырбеков, жазушы Марал Ысқақбай, қоғам қайраткері Амалбек Тышанов, Алматы облысының Құрметті азаматы Әскербек Абаев, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және басқалар ой-пікірлерін ортаға салды.
Күміс көмей әншілер ән мен жырдан шашу шашты. Төрт тұлға туралы жазба деректер жинақталып, «Қазақпарат» баспа корпорациясынан арнайы шығарылған «Тұлғалар тұғыры» атты кітап көпшілікке таратылды.

Құрманбек Әлімжан
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>