Бес салмақ дәрежесіне әлемнің бұрынғы чемпионы Флойд Мейвезер мексикалық Сауль «Канело» Альварес (48-1-1, 34 КО) пен қазақстандық Геннадий Головкинның (36-0, 33 КО) алда болуы мүмкін деген жекпе-жегіне қатысты пікірін білдірді, — деп хабарлайды Vesti.kz.
Айтуынша, егер ол Альварестің промоутері болса, Головкинмен дәл қазір жұдырықтасуға рұқсат бермейді. Осыған дейін боксшылардың арасында 2017 жылдың күзіне жекпе-жек өткізуге ауызша келісімнің бар екендігі хабарланған еді. Мейвезер мексикалықтың промоутері Де Ла Хойяның бұл жекпе-жекті келесі жылға шегеруін дұрыс шешім деп атады.
«Егер Альварес менің боксшым болса, дәл қазір Головкинмен жұдырықтасуға рұқсат бермес едім. Мен промоутермін, сондықтан істің бизнеске қатысты тұсын біліп отырмын. Жекпе-жек ұйымдастыру керек. Бірақ Головкин екінші орта салмаққа өтіп, Баду Джекпен жұдырықтасуына қарсы емеспіз. Бұл жай ғана жекпе-жек емес, тамаша жекпе-жек болар еді. Джек — еңбекқор боксшы. Жанкүйерлердің осы жекпе-жекті таңдағанын қалар едім. Дауыс беріңіздер, содан кейін мен Де Ла Хойямен осы жекпе-жекті өткізу мүмкінігін талқылап көрейін», — деп келтіреді Мейвезердің сөзін BoxingScene.com.
Ал осыған дейін америкалық Головкин — Альварес жекпе-жегінен қызықтайтын ештеңе көріп отырмағанын және мексикалық қазақстандықты еш қиналмай-ақ нокаутқа түсіреді деп пікір айтқан болатын.
Ал WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Баду Джек (20-1-2, 12) бұған дейін де Головкинмен кездескісі келетінін айтқан еді.
Ақпарат көзі: Kaz.tengrinews.kz