Мемлекеттік жүйе біреудің қолшоқпарына айналды – Бас прокуратура

Осыдан үш ай бұрын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура еліміздегі бизнес ортаны жақсарту мақсатында арнайы жоспар қабылдап, осы саладағы тәртіп бұзушылықтардың неден және кімнің кесірінен болатынын анықтауға кіріскен болатын. Бүгін Астанада өткен жиында кәсіпкерлер мен прокурорлар үш айлық жұмысты қорытындылады. Оның нәтижесі кез келген адамды бей-жай қалдырмайды. Себебі бүгінде бизнесті себепсіз тексеруге тыйым салынса да, мемлекеттік органдар заңның кемшін тұстарын тауып, кәсіпкерлерге қысым жасап келеді. Бизнесмендер болса, әбден қорқып қалған. Мемлекетке сенім болмағаннан кейін олар арыз-шағым беруге де үрейленеді. Ал тексерушілер әбден басынып бітті. Оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейін қожа жоқ». Себебі, өздері қожа, өздері би. Бас прокурор келесі отырыста бизнеске кедергі жасап отырған шенеуніктердің нақты аты-жөнін жариялауды тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, бүгінде тексерістердің саны азайып жатса да, бизнеске қысым жасау әрекеттері төмендемей отыр. Мониторинг барысында нақты үш себеп анықталды.

«Біріншіден, қауіп-қатерлерді басқару жүйесі ретке келтірілмеген, яғни нақты қай кәсіпорынды қашан тексеру керек екені анықталмаған. Оған қоса, мемлекеттік органдар тексеру туралы қағаздарына мүлдем қажетсіз әрі ескірген талаптарды жазып қойған. Соның ішінде тіпті ойға қонымсыз талаптар да бар. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарына арналған санитарлық ережелерде салқын тағамдарды жасау бөлмелері тек солтүстік-батыс жағында ғана орналасуы тиіс деген талап бар. Бұдан бөлек, торттарды кесіп сатуға рұқсат берілмейді. Бизнесті дамытуға кедергі болып отырған проблемаларды білу үшін біз Бас прокуратура мен Атамекеннің ресми сайттарында арнайы формуляр аштық. Алайда оған түскен арыз-шағымдардың саны мардымсыз, 15-ақ хат түсті. Бұл нені көрсетеді? Бизнес бізге әлі күнге дейін сенбейді. Әкімшілік кедергілер мен ойға қонымсыз талаптарды алып тастамайынша, кәсіпкердің құқығы таптала береді, ал шенеунік сүттен ақ, судан таза болып шығады», — дейді М.Ахметжанов.

Оның айтуынша, мамандар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау органдарының тексеріс қағаздарын қарап шықты. Оның ішінде нақты үш талап болуы шарт. Алайда онда 8 мыңнан (!) астам талап бар. Жыл соңына дейін оның барлығын қысқарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жоспардан тыс тексерістерді өткізу үшін нақты критерийлер жоқ. Ондай тексерістердің тең жартысы өтініштердің негізінде жасалды. Дегенмен, тұтынушылар тарапынан түскен арыз-шағымдардың саны тек үштен бір бөлігін ғана құрады.

«Тексерістердің 37 пайызын мемлекеттік органдар өздері бастады. Ал қалған 36 пайыздық арыз-шағымдардың бизнеске ешбір қатысы жоқ. Демек, бизнес саласындағы қазіргі мемлекеттік бақылау жүйесі бәсекелестерді жою немесе кәсіпкерлерге қысым жасау үшін жүргізіледі деген қорытындыға келуге болады. Бүгінде мемлекеттік органдар кәсіпкерлерді бақылайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін құруды бастады. Осылайша, «Астана қаласының сәулеті» ЖШС мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына хат түсіріп, «Эйкос» ЖШС-нің әкімдіктің қаулысын алмай жатып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткеніне арызданған. Алайда ондай құжаттың мүлдем жоқ екені анықталды. Сол себепті біз жоспарсыз тексерістерді қысқартуды ұсынып отырмыз. Ал үшінші жақтың арызы бойынша тексеріс бастауға мүлдем тыйым салу қажет», — деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.

Соңғы үш жылдың ішінде рұқсат қағаздарының саны үш есеге қысқарды. Соған қарамастан, мемлекеттік органдар өздеріне қатысты құжаттарды беруді созып, мүлдем қажет емес қағаздарды талап етіп жатады. Мәселен, Жамбыл облысында шенеуніктер ауыл шаруашылығы техникасының құжаттарын бермей жатып, 700 кәсіпкерден әскери комиссариаттың рұқсатын сұраған. Ал екі министрлікте бизнес қызмет көрсету бойынша 200-ден астам тәртіп бұзушылық анықталды. Дәл осы жерге келгенде Бас прокурор Жақып Асанов өз орынбасарын тоқтатып, келесі отырыста ондай шенеуніктердің нақты аты-жөнін жариялауды тапсырды.

«Бұл деген сұмдық қой! Тексеріс қағаздарына ескі нормаларды енгізеді және тағысын тағы. Бизнес тарапынан алаңдаушылық бар. Енді, осы ақпаратпен не істеуіміз керек? Бізге ол «қаһармандарды» білу керек. Осының артында кім тұр? Ондай шенеуніктің жұмысына ғана емес, өзіне де баға беру керек. Ол қазіргі жағдайды түзеткісі келе ме? Бұл – «А». «В» — Бәлкім, ол сауатсыз маман шығар. Өз кәсібін дұрыс білмейтін шығар. Үшіншіден, бүгінгі проблемаларды мүлдем түзеткісі келмейтін шығар? Керісінше, ондай болғаны өзіне тиімді болар. Осылай жұмыс істеп, нақты баға берейікші. Сосын олардың аты-жөндері қажет. Ол жерде әкімшілік қызметкерлер бар. «А» корпусы бар. Бұған жауапты саяси қызметкерлер бар. Сондықтан келесі жолы нақты аты-жөндерін естігім келеді. Жетекшілік ететін вице-министр, дым істемейтін комитет басшысы ма, бөлімдер бар. Келесі жолы нақты адамдарды атайықшы», — деді Ж.Асанов.

Бас прокурордың айтуынша, бүгінде Мемлекеттік кірістер комитетінің екі құрылымы өзара хат жазысып, қай кәсіпкерді қылмыстық жазаға тартатындарын оп-оңай шеше салады. Ондай әрекеттер үшін экономикалық тергеу қызметінің басшылығын толығымен жұмыстан алып тастауға болады. Себебі аталған қызметтің қазіргі жұмысы биліктің беделін түсіріп отыр.

Ж.Асанов санитарлық нормалар мен ережелерге қатысты тағы бір ойға қонымсыз мысалды келтірді. Қазіргі нормаларға сәйкес, балабақша сияқты нысандарда бір балаға сантеxникалық құрал-жабдықтарды орнату ауданы 0,8 шаршы метр деп белгіленген. Ал оны орындайтын болса, балабақшаның тұтас бір қабатында дәретxана бөлмелерін салу қажет. Тексеруші органдар болса, заңның осындай кереғар ережелерін пайдаланып, кәсіпкерлерге қысым жасап отырады.

«Осы мәселелерді Атамекен көтеріп, шешуге тырысады. Керек емес! Неге біз біреудің жұмысын істейміз? Бізде кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын комитет бар емес пе? Комитет төрағасы бар. Сол жазбаша түрде аталған мәселені шешу қажеттігін растасын. Осыдан кейінгі олардың жұмысын тексерейік. Әйтпесе, олар шәниіп отырады. Ал олардың жұмысын прокуратура мен Атамекен істеп жатады. Қазіргі псиxологияны өзгерту керек. Олардың бастарында тәртіп жоқ. Ал сол псиxологияны өзгертудің екі тәсілі бар. Прәндік беру, прәндік бергенді түсінбесе, қамшыны қолға алу қажет. Онда қамшыны қолданайық, биліктің күшін қолға алайық. Бізге ондай құзірет не үшін берілді? Нақты адамдарға қатысты тәртіптік жаза қолданайық. Мысалы, мен қызмет (экономикалық қылмыстар бойынша қызмет — авт.) басшысына, біздің бұрынғы әріптесімізге қатысты тәртіптік жазаны қолдануды ұсынамын. Неге ол мұндай бейберекетке жол береді? Біз жылдар бойы бір мәселені қаузап келеміз. Бірақ өзгеріс жоқ. Демек, қамшы керек», — деді Ж.Асанов.

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, бизнес саласындағы заңсыз әрекеттер үшін мемлекеттік қызметкерлер мүлдем жазаға тартылмайды екен. Мәселен, кәсіпкерлер тарапынан түскен 17,5 мың арыз-шағымнан кейін 8-ақ адам тәртіптік жазаға тартылды. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің материалдық жауапкершілігін енгізу туралы ұсыныс бар. Осы орайда Бас прокурор экономикалық тергеулер қызметін тыңдап алғанды жөн көрді.

«Енді, вице-министр қазіргі жағдайды экономикалық тергеулер қызметінің бастығынан артық біледі деп айта алмаймын. Солай емес пе, Теңгебаев мырза? Бірақ бізге пафостық лозунгтер керек емес. Сіз бүгін айтылған сын-ескертпелермен келісесіз бе, жоқ па? Соны айтыңызшы», — деп сұрады Ж.Асанов. Теңгебаев мырза аталған мәселелермен толығымен келісті.

Жалпы, алдағы уақытта Атамекен мен Бас прокуратураның бизнестің жағдайын жақсартуға арналған Жол картасы аясында салық, қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, әкімшілік пен кәсіпкерлер кодексіне өзгерістер енгізіп, тиісті заңдарға толықтырулар жасау жоспарланған. Осының арқасында тексеріс қағаздары барынша тазартылып, жоспарсыз тексерістер азайтылады.

Ақпарат көзі: Baq.kz 

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>