Cенімге негізделген стратегиялық серіктестік

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы XIII форумы аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшылары кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде екіжақты ынтымақтастықтың дамуының басты бағыттарын талқылады.
Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар қарастырылды.
Қазақстан Президенті Ресейдегі жуырдағы сайлаудың табысты өтуі елде жүргізіліп жатқан тиімді жұмыстардың нәтижесі екенін айтты.
– Сочиде өткен форумда қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін елдеріміздің үкіметтері жемісті жұмыс жүргізді. Бүгінгі форумда екі елдің 900 бизнесмені кездесетін болады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлерінің басшылары келіссөз жүргізіп, нәтижесінде қазірдің өзінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Мұның бәрі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін дәлелдейді, – деді Мемлекет басшысы.
В.Путин көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделгенін атап өтті.

– Біз барлық бағыт бойынша өзара іс-қимыл жасаймыз. Сіздің бастамаңызбен өткізіліп отырған өңіраралық форумға Қазақстанмен бірлесіп тығыз жұмыс жүргізетін Ресейдің 400 бизнесмені қатысады. Бүгінгі форумның тақырыбы өңірдің көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды әрі пайдалы болмақ, – деді Ресей көшбасшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан-Ресей бизнес-форумына қатысты

Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі қатысқан форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.
– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30%-ға төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты.
– Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды.
– Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр. ЕурАзЭО-мен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік-шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылып, «ЭКСПО – 2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.
Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.
Елбасы Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы
ХІІІ форумының пленарлық отырысына қатысты

Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Мемлекет басшысы осындай форматтағы жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.
– Бүгін біз күн тәртібіне көлік пен логистиканың өзекті мәселелерін шығарып отырмыз. Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олардың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты.
– Экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 саммитінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен қатарласа отырып, бірлесе жүзеге асырғанымыз дұрыс болар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.
– Бірін-бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Соның барлығы халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Бұл орайда күш-жігерімізді жұмылдырып, осы бағыттағы жұмысымызды үйлестіру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды.
– Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жариялылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет. Сондай-ақ Ресейдің көлік инфрақұрылымына қолжетімділік мәселесі де қозғалды. Осыған байланысты, тиісті мемлекеттік органдардың аталған мәселелерді өзара тиімді негізде шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.
Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жоспарланып отырғанын еске салды.
– Форум аясында «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Омбы, Түмен, Астрахань, Свердлов және Орынбор облыстарының, Алтай және Татарстан Республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
В.Путин құттықтау сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударатынын айтып өтті.
– Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруашылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз. Технологиялық кооперацияны тереңдетіп, ортақ көлік инфрақұрылымын салып, нығайтудамыз. Екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарады, – деді Ресей Президенті.
Сондай-ақ, В.Путин көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті.
– Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. Бізде ортақ кедендік шекара бар және темір жол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – деді Ресей көшбасшысы.
Сонымен бірге, Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды.
Соңында В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
Форум барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, Ресей Федерациясының Көлік министрі М.Соколов, Челябі облысының губернаторы Б.Дубровский және Астрахань облысының губернаторы А.Жилкин сөз сөйледі.

* * *

Іс-шара қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан мен Ресейдің 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Жайық (Орал) трансшекаралық өзені алабының экожүйесін сақтау туралы келісім;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы кәсіпорындардың, мекемелердің және темір жол көлігі ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы 1996 жылғы 18 қазандағы хаттама;
– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ және «Росатом» мемлекеттік корпорациясы арасында ядролық отын циклы саласындағы өзара түсінушілік және стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум.

Президенттер «Жиырма сегіз панфиловшы» кинофильмінің көрсетілімін тамашалады

Ресей көшбасшысының Қазақстанға жұмыс сапары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің «Жиырма сегіз панфиловшы» фильмін бірге көруімен аяқталды.
Кинотуынды А.Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы негізінде түсірілген. Оның оқиғалары Панфилов дивизиясы атқыштар батальонының командирі Бауыржан Момышұлының атынан әңгімеленеді.
Мемлекеттер басшылары Алматыда құрылған, жау танкілерінің Мәскеуге баратын жолын бөгеген дивизияның ерлігі келер ұрпақ есінде әрдайым қалуға тиіс екенін атап өтті.
Ресейдің мәдениет министрі В.Мединский екі ел басшыларына қазақ, орыс, қырғыз және украин жауынгерлерінен құралған дивизияның батырлығы мен қаһармандығы туралы әңгімеледі.
– Ерлік көрсеткен дивизияның ерекшелігі оның құрамында екендігін атап айту керек. Ол кадрлық әскерилерден емес, әскерге шақырылған қарапайым азаматтардан жасақталды, олар соған дейін бүкіл Еуропаны басып өткен кәсіби танк құрамаларын тоқтата алды, – деді В.Мединский.
Фильмдегі оқиға 1941 жылдың күзінде болған. Жазбаша дерек бойынша 1941 жылдың 16 қарашасында генерал И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясының 28 сарбазы Дубосеково разъезін қорғап, Мәскеуге бет алған немістің танк батальонын тоқтатады. Сюжет толығымен кеңес сарбаздарының ерлігіне арналған.
Қысқы көріністер Санкт-Петербург пен Иваново төңірегінде түсірілген. Соңғы кадрларда Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ көрсетіледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>