«Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды…»

еңбекқор және елгезек  фототілші Алтынбек Қартабаев туралы мөлтек сыр

 Басқаны қайдам, біздің Алтекең қызық кісі. Кез-келген адам онымен жарты күн жолдас болса, «Өзі бір қызық кісі екен!» дер еді. Осындай өзгеше болмыс иесімен жарты тәулік, жарты жыл емес, бақандай он жыл бірге қызметтес болу менің пешенеме жазылыпты. 

Негізінде фототілші деген халық сөзге икемсіз болады. Олардың өзі емес, фотоаппараты сөйлеу керек. Арнайы тетігін бір көзді қысып, екінші көзбен үңіліп, «шырт» еткізсе, болғаны. Бір қарағанда Алтекең де сондай. Үнемі бір сөздерді шатастырып алып жүргені. Әйтпесе, «Дөңгелек үстелді» «Домалақ стол» деп төңірегін күлкіге көмбейтін еді?! Бір жақсысы, қате айтқанын түзетсең, ақжарма көңілмен ыржиып, жөніне қарай көне кететіні. Әйтсе де, әлдекім бір қызық кітап туралы айтып жатса, Алтекең оны міндетті түрде оқыған болып шығады. Біреу судай жаңа жаңалық деп, алыс ауылдың әкімі туралы сөз қозғаса, одан Алтекең тағы хабардар.
Айтпақшы, Алтекесі кім дейсіздер ме? Облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі – Алтынбек Қартабаев. 11 жыл бойы табан аудармай жастармен бірге тыныстап келе жатыр. Оның жұмысқа қабылданғаны да бір қызық. «Арай» газеті алғаш ашылып жатқан кезде тұрақты ғимараттары да болмай, нөмірдің жоспарлау жиындарын әр жерде өткізіп жүрді. Бас редактор: «Бізге мынандай сурет керек еді» десе, жанындағы Алтынбек «Ой, аға, ол сурет менде бар» дейтін көрінеді. «Кеше пәлен жерде өткен жиналыстың суретін алдырсақ жақсы болар еді» десе, А.Қартабаев «Ол сурет міне тұр» деп фотоаппаратынан көрсете қояды. Осылайша, алыс аудандағы малшы, диқандардың, алыс қаладағы жазушы, ғалым, қайраткерлердің суреті де Алтекеңнен табыла кетеді. Кейіннен осы күндерді әзілдеп еске алған Болат Бекжанов «Алтекеңді жұмысқа алам деген ой жоқ еді. Жұмысқа алмасыма мүмкіндік қалдырмады, сәт сайын таңғалдырып отырды» дейтін.
Алтекең – міне, осындай! Бұл кісінің тағы бір ерекше қасиеті – жылдамдығы. Денесі шап-шағын. Жылдам жүргенде жүйткіген автокөлігіңнен қалыса қоймайды. Талай рет жиналыстардан бірге шығып жүрдік. Бірде дайын көлікке отырмай, жұмыстарымен қалып кетті Алтекең. Біз көлікпен редакцияға жетсек, Алтынбек жұмыста жүр. Көліктен бұрын жаяу келіп қойған. Қалай таңғалмассың.
Алтекеңнің арқасына асынған заманауи фотоаппаратының салмағы ап-ауыр. Сол аппаратты асынып, ол тәулігіне кемі он ақпарат, мәжіліске, түрлі шараларға баратын шығар. Бірнеше тілші кезектесіп баратын жерлерге Алтекең жалғыз өзі үлгереді. Мұнысымен де ерекше, онысына да таңғаламыз.
Бір сөзбен айтқанда, Алтекең – ерінуді білмейтін еңбеккеш, жұмысқа берілген адам. Сондықтан, бұл фототілшіні облыс әкімдігіндегілер де, ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отаннан» да жиі іздеп, арнайы көлік жіберіп алдырып жатады. Бұған жоғары және арнаулы оқу орындарын қосыңыз. Барлығына қалай үлгереді? Бұл сұрақты Алтекеңе қоятындар аз емес. Бірақ, Алтекең үлгереді.
«Еңбегіне қарай өнбегі» емес пе? Алтекең марапаттан да кенде емес. Президенттің «Алғыс хатымен» марапатталған. Облыс әкімінің Құрмет грамотасы, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы да бұл кісіде бар. «Нұр Отаннан» және қоғамдық ұйымдардан алған марапаттарынан үлкен бір көрме залын толтыруға болатын шығар, сірә! 2011 жылы Рахымбай Ханалы атындағы республикалық фотобәйгенің лауреаты атанды. Алтекең бұл марапатты бір төбе санайды.
Бұл кісінің күміс қасықтай төрт қызы бар. Үлкені Арай – студент. Химия саласын таңдапты. Екіншісі – Аружан биыл колледжге, жарнама дизайнері мамандығына құжат тапсырып жүр екен. Әке жолына, кәсібіне осы Аружан жақын секілді. Ақерке мектеп қабырғасында болса, Кәусар бір жаста. Асыл жары Перне екеуі осы қыздардың қызығына тоймайды. «Шариғатта үш қызы бар кісі жұмаққа барады дейді. Біздің Перне жұмақтың жоғары дәрежесіне лайық шығар» деп Алтекеңнің әзілдеп қоятыны бар.
Журналистикада осындай еңбегі бар елгезек азамат Алтекеңнің бір ғана «әттеген-айы» бар. Ол – баспанасының жоқтығы. Таразға табан тіреген 18 жылдан бері (оның 11 жылы журналистикада) Алтекең жалдамалы үйді паналап, пәтерден-пәтерге көшіп жүр. Өзінің де бала-шағасының да табанын тоздырды. «Менде, Құдайға шүкір, бәрі бар. Тек осы пәтердің мүмкіндігі келмей қойды. Сонда да алдағы күннен үміт үзбейміз», – дейді Алтекең әр кезде ағынан жарылып.
Көсемсөздің атасы Шерхан Мұртазаның тілімен айтсақ, журналистің «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Осындай ауырлыққа жиырма жылдан бері арқасын тосып жүрген азаматқа қалай қайран қалмассың?
Әзірге Қасым Аманжолов ақынның әйгілі өлеңін сәл түрлендірсек, «Бермесең бермей-ақ қой баспанамды, таппайсың мына мендей жақсы адамды, Фотоның буыменен жылытамын, Өзімді, әйелімді, төрт баламды» деп жүріп жатқан жайы бар Алтынбектің.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

One comment

  1. Ол киси нагыз ер азамат. осыдан 9 жыл бурын бздин тойда болды тусирген суреттерин корип кайран калдык… нагыз оз исинин маманы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>