Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылды

Астананың мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әділхан Шайхисламов «Астана ЭКСПО–2017» компаниясынан қаражат жымқыру ісі бойынша айыпталушыларға үкім шығарды. Енді 14 жылға бас бостандығынан айырылған Талғат Ермегияев жазасын қатаң режімдегі колонияда өтейді. 

«Астана ЭКСПО – 2017» компаниясының экс-төрағасы 14 жылға бас бостандығынан ғана емес, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекшілік қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылып, мүлкі тәркіленіп отыр.
– Ермегияевтің қылмыстық жолмен табылған немесе қылмыстық жолмен табылған қаражаттарға алынған мүлкiн тәркiлеп, мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда басшы қызметін атқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолдана отырып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза мерзімі 2016 жылдың 9 маусымынан бастап есептелсін. Ермегияевті үй қамағында ұстау шарасы үкім күшіне енгенге дейін қамауға алу жазасына өзгертілсін және ол сот залында қамауға алынсын. Қазақстан Республикасы Президентіне Ермегияевті «Парасат» ордені мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізілсін, – деді судья.
Қылмыстық істің фигуранттарына қатысты үкім сот ғимаратының үлкен залында оқылды. Сотқа айыпталушылардың жақындары мен туыстары келді. 4 сәуірде басталған сот ісі екі айға созылды.
Жалпы, жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, «Астана ЭКСПО–2017» компаниясынан ұрланған қаражаттың мөлшері – 10 миллиард 200 миллион теңге. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қажымұқан Мекемтас өз кінәларын мойындаған 12 фигурантқа қатысты үкім шығарды. Олардың ішінде «Астана ЭКСПО–2017» компаниясының құрылыс департаментінің экс-басшысы Қажымұрат Үсенов те бар. Сот оны айыпты деп танып, екі жылға бас бостандығынан айырды. Үсеновті қарауыл жасағы сот залында қамауға алды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>