Қырық жылдан кейінгі қауыш

Аяулы әнім мектебім, Шуағыңда көктедім.
Жүрсемдағы қай жерде, Қиялымнан кетпедің, – деп ақын жырлағандай, арада көп жыл өтсе де, қай мектепті бітірген түлек болса да білім нәрімен сусындап өскен, балғын балалық шағын өткізген алтын ұясын ұмытпай, ұстаздарын құрметтейтіні анық.
Қайрат ауылындағы «Октябрдің 40 жылдығы» атындағы (қазір Мыңбұлақ мектебі) орта мектебін 1976 жылы бітірген мектеп түлектері 40 жылдық кездесуге жиналды.
Кешті ұстаз Ғали Қадыров ашты. Сөз алған ардагер ұстаздар КСРО және ҚР-ның ағарту ісінің үздігі Қамал Битабарова және Сәт Қадіров, сынып жетекшісі болған Қуаныш Сүлейменқұлов 40 жыл бұрын бітірген оқушыларының ерекшеліктері туралы айта келе, ұмытылмас естеліктермен бөлісті.
Сонау ару Алматыдан «ат терлетіп» келген түлек, бүгінде жеке кәсіпкер Ұлжан Төлегенова өзінің отбасының атынан ұстаздарға сый-сияпаттар жасап, мектебіне үш дана компьютерді жасау-жабдығымен сыйлады.
– Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Үш сыныптағы 100-ге жуық оқушы осы кемеде 10 жыл бірге тербелдік. Осында өткізген өмірдегі ең ұмытылмас сәттер мәңгі жадымызда сақталады. Өйткені мектептен, қадірменді ұстаздардан алған білімнің арқасында үлкен өмір жолында еңбектің жемісін жеп келеміз, – деді Ұлжан Әбдікерімқызы.
Облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт, зейнеткер Толғанай Перленбетова да тебірене сөйлеп, ұстаздарға деген ыстық тілектерін білдірді.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада еңбек етіп жүрген олардың қатарында Тараздан келген Иманғали Атенов, Қуатбек Бидайбеков, Талғат Әзімбаев, Шаркүл Мырзахметова, Жуалыда тұрып жатқан Захира Қолаханова, Тұрсын Есеналиев, Қыдыр Әбдіханов, Сырым Керімбаев бар.
Мектебім деп келген қонақтарға оқушылардың күшімен дайын­далған әдеби-музыкалық бағдарлама ұсынылып, тарту етілді.
Кеш соңында «Армандастар, құрдастар» әнін 40 жыл бұрын бітірген түлектер қосылып, бірге шырқады.
Қырық жылдан кейін де алтын ұясын ұмытпаған түлектерге ұстаздар дән риза.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>