Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік

1966 жылы Красногор орта мектебін бітіргендер жуырда туған ауылы төсінде қайта қауышты. Содан бергі елу жылда көп дүние өзгергеніне көздері жетті. Мектеп бітірген бойда кездесудің сәті түспегендердің бір-бірін әзер шырамытып, тіпті, алғашқыда танымай қалғандары да болды. Осының өзі-ақ адамның «қамшының сабындай» қысқа ғұмырында жарты ғасырдың қаншалықты зілмауыр жүгі жатқанын көрсетсе керек-ті. Бұлар білім алған мектептің орны әлдеқашан тегістеліп кеткен, ұстаздарының да көбі өмірден өтіпті, тіпті, өз сыныптастарының да арасында бұл пәнидегі татар дәмі ерте таусылғандары біршама. Өздері де жетпіс жасты алқымдап, селдір тартқан шаштары тегіс ағарып, ақсақалдықтың ауылына ат басын тірей бастаған.

Ол кезде ауыл Красногор, мектеп Калинин атында болатын. Қазақ-орыс сыныптары болып бір ғимаратта білім алатын. Содан екі жыл бұрын ғана енгізілген он бір жылдық білім беру реформасы тоқтатылып, 1966 жылы он бірінші мен оныншыны бітіргендер қатар аттестат алып шықты. Сөйтіп, сол жылы алақандай ауыл мектебін төрт сыныпта елуге тарта бала бітірген. Енді жарты ғасырдан соң солардың үштен бірі ғана бас қосып отыр.
Өмір ағысы оларды әр қиырға шашыратып жіберген. Өз елімізді қойып, Қырғызстанда, Ресейде, сонау Грекияда жүргендер де бар екен. Бұлардың қатарынан барлық саланың мамандарын көруге болады. Дәрігер, мұғалім, партия-совет қызметкері, жұмысшы, малшы, егінші… Асқар Белебаев еңбегі үшін III дәрежелі Еңбек Даңқы орденін, «Еңбек ардагері» медалін өңіріне қадаған. Он жеті жыл ұстаздық еткен зайыбы Күләйша екеуі енді зейнет демалысында, ұрпақтарының қызығын көріп отыр. Сыныптастар алдымен осы Асқардың үйінде бас қосты, дүниеден өткен мұғалімдері мен құрбыларының әруағына құран түсіріп, дұға бағыштады.
Олар, он жыл бойы білім нәрімен сусындатқан Бейсенбек Шаралдаев, Шотбай Әбіров, Райхан Қанапиева, Шәмшия Махабаева, Алмабек Құрымбаев, мектеп директоры Долда Тәкенов сынды ұстаздарын ілтипатпен еске алысты. Келместің кемесіне мініп кеткен сол асылдардың сарқыттай бүгінде көзі тірі Қапасбек Ақылқожаев пен Сабыралы Көбеев қарияларды ортаға алып, балалық шаққа армансыз саяхат жасады дейсің бір.
Мектеп бітіріп, арман қанатында әр қиырға самғаған олардың тағдыры да әрқалай қалыптасты. Мәселен, Қанат Тахаев – политехникалық институтты бітіріп, Лениногорскіде және Талдықорған аккумулятор зауытында инженер, Тұрархан Сәденов – геологиялық барлау партиясында, «Қазфосфат» комбинатында, Ақылжан Жапарбаева – мұғалім, Марахан Инатова – инженер-бағдарламашы, Әтіркүл Жиенбаева – дәрігер, Нұршайым Төлендібаева – мейірбике, Есенкүл Оразбаева – партия-совет қызметкері, Майра Бегімбетова – сауда қызметінде, Тұрсын Ізбасарова – киім пішуші болып, Барлыбай Рысбеков – Красногор кеңшар-техникумының директорына дейін өскен. Ал туған жерге ту тіккендерден жоғарыда айтқан орденді механизатор Асқар Белебаевты, аға шопан Төлжан Қарабасова мен Күлдахан Байноғаеваны, балабақша меңгерушісі болған Ермахан Әлдібаеваны, Красногор май зауытында қарапайым жұмысшыдан басшысына дейін өскен Людмила Маньченконы айтуға болады. Ал ауыл әкімі қызметінен зейнетке шыққан Қырықбай Мұсаев, «Сұлутөр» ЖШС-ның директоры Серік Ермеков – ауыл шаруашылығының шебер ұйымдастырушысы. Кездесудің ұйытқысы болып жүргендер де осылар. Сондай-ақ, Нұржамал Касенова әскерилер қалашығынан келді. Келе алмағандар құттықтау сәлемін жолдаған. Солардың бірі – Тула Республикасы денсаулық сақтау вице-министрі болған Владимир Савилов. Ол да арнайы телефон шалып, құттықтапты.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Өздері алпысты орталап, жетпісті алқымдап қалған ұрпақтың өкілдері ендігі немерелі, шөберелі болып жатқан ата-әжелер бола тұра, бір сәт балалық шаққа оралудың баға жеткісіз қуанышын осылай бастан өткерді.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>