Өз инвесторларымызды тарту керек

Жерді – Анаға, тамылжыған табиғатты жерұйыққа теңеген қазақ үшін жер баға жетпес құндылық екені рас.

Сондықтан болар, Жер кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар халықтың орынды алаңдаушылығын да тудырды. Рас, әлемдік тәжірибеде жерге капитал ретінде қарап, оны түлетуге, пайдаға асыруға инвестиция тарту арқылы озық агротехникалық әдістерді енгізу үрдісі бар. Ал бізде бұған дейін шетелдіктер жалға алған (10 жылға дейін) жер көлемі бар-жоғы 65 мың гектарды ғана құраған. Бұл ұлан-ғайыр жеріміз көлеміне шаққанда, теңіздегі тамшыдай ғана жер үлесі ғой. Соншалықты алаулатып-жалаулататын еш жөні жоқ. Мәселе онда да емес, жер реформасының ел арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз деңгейде жүргізілуінде болып тұр. Жер кодексінің қоғамда қозғау тудырған бірқатар нормаларына тоқтау салынған мерзімді, міне, осы мәселелерді қайта қарап, пысықтап алуға, байыпты шешім жасауға берілген мүмкіндік деп қарастырғанымыз жөн. Қазақта «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген сөз бар. Елбасы Н.Назарбаев халықаралық тәжірибе бойынша жерді жалға берудің пайдасы ұшан-теңіз екеніне көз жеткізе тұра, бұл жолы да көпшіліктің ой-пікір, ұсынысымен санасуды жөн көріп, халықтың үніне құлақ асты, өзінің көрегендігін тағы бір мәрте паш етті. Паш етіп қана қойған жоқ, «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге» деп әділ байламын айтты.

Ендігі кезекте жер реформасы бойынша Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия Жер кодексіндегі әр тарапты, нақты ұстанымдарды айқындап, Парламентке ұсыныс беретін болады. Осы ретте халықтың алаңдауына еш негіз жоқ дер едім.
Бүгінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар ауыл тұрғындарына мал шаруашылығын және өздерінің жеке кәсіпкерліктерін кеңінен өрістетуге мол мүмкіндіктер беруде. Сол себепті, қараусыз қалған егістік жерлерді жайылымдыққа пайдаланып, мал шаруашылығын кеңінен өркендетуге болады. Жерді жалға беріп, өзіміздің инвесторларды тарту керек. Жермен түбегейлі айналысатын адамдар болашақта өздерінің салған қаржылай инвестицияларын қайтару мақсатында жаңа технологиялар енгізу жұмыстарымен де белсенді айналысатын болады. Бұл, әрине, жергілікті кәсіпкерлерімізге тәжірибе алмасуға да мүмкіндіктер ашады деген сөз. Мысалы, біздің Меркі жерінде бау-бақша және алма бақтары өнімдерін өндіру мен өсіруге жол ашық.
Жоғарыда айтылған жайттарды түйіндей келе, жерді халық игілігіне тиімді мақсатта пайдалану үшін әркім өз міндеттеріне айрықша жауапкершілікпен қарай білулері тиіс. Жер-ана күтіп, баптағанды ұнатады. Олай болса, бос жатқан жерлерді ұқыпты, өз деңгейінде тиімді пайдалану арқылы мүмкіндігінше мол өнім алуға өзіндік үлесімізді қосқанымыз жөн. Президенттің жер заңнамасының кейбір нормаларына жариялаған мораторий барысында жерге қатысты толғандырған мәселелерді кеңінен талқылап, түйткілді мәселелерді сәтімен шешіп алсақ, ұтарымыз мол болары анық.

Бақыт САУРАНБАЕВ, 
«Меркі тәжірибе шаруашылығы» 
ЖШС-ның жетекшісі.

Меркі ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>