Жастар жұмыссыз қалмайды

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында дуалдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру қазіргі уақыт талабы екені баса айтылған.

Себебі, алғаш Германияда негізі қаланған осы дуалды оқыту жүйесінің техникалық және кәсіптік мамандар даярлауда тиімді екені әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Бұдан былай енді жаңа жүйе бойынша оқушылар уақытының тек үштен бір бөлігін ғана теориялық оқумен өткізсе, қалған екі бөлігін түрлі өндіріс орындарында еңбек ете жүріп, кәсіби біліктілігін жетілдіруге арнайды. Мемлекетіміздің өз мамандықтарын жетік меңгерген, кәсіби өсуге дайын кадрлар даярлап шығаруды жедел қолға алуына бүгінгідей еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандардың тапшылығының сезілуі түрткі болды. Мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен оқу орындары арасында келісім жасасу, кәсіпорындар мен өнеркәсіптерді білікті мамандармен қамтамасыз ету секілді мақсатты істердің бір жолға қойылуы да сондықтан.
Осындай кәсіби мамандар даярлауда жаңа жүйеге бет бұрған облыс аумағындағы оқу орындарының бірі – №14 Талас колледжі. Онда білімгерлер негізінен «Пісіру ісі», «Фермер шаруашылығы» және «Автокөлікті жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету» мамандықтары бойынша білім алуда. Колледж осыдан екі жыл бұрын-ақ «Фермер шаруашылығы» мамандығы бойынша дуалды оқыту жүйесіне көшкен болатын. Былтыр аталған колледжді 75 түлек бітірсе, биыл 73 түлек қанат қаққалы отыр. Соның ішінде «Фермер шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып жатқан үшінші курстың 23 білімгері әртүрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуде.
– Қазіргі уақытта өндірістік диплом алды тәжірибе бойынша 5 бала Керімбек Оязбеков атындағы және 5 студент Әбдір Сағынтаев атындағы шаруашылықта, 8-і «Мұса», 5-еуі «Бекен» шаруа қожалықтарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Техникалық қауіпсіздіктің орындалуын қадағалау мақсатында оларға колледждің арнайы бекітілген өндірістік шеберлері жетекшілік етуде. Өз қабілеттері мен жұмысқа деген ынтасын байқатқан студенттерді аталған серіктестік пен шаруа қожалық басшылары алдағы уақытта жұмысқа алу жөнінде уәде беріп отыр. Бақытжан Әлмұратов, Темір Нұрбеков, Ержан Бейсеуов, Абзал Табылтаев, Алмаз Наржанов секілді өндірістік оқыту шеберлері дуалды оқыту жүйесі бойынша біліктіліктерін арттыру жөнінде арнайы оқыту курстарынан өтіп, шеберліктерін шыңдай түсуде, – дейді колледждің өндірістік шебері Бейбіт Ахметов.
Оқытушылардың айтуынша курстың 26 білімгері дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістік тәжірибеден өтуге құқылы болғанымен, әзірге мұның сәті түспей тұрған секілді. Себебі, әлеуметтік серіктестіктермен арада келісім жасалғанымен олардың тәжірибеден өтуіне жастарының сай келмеуі кедергі келтіріп жатса керек. Әйтсе де, өндірістік оқыту шеберлері Мақсат Едебаев, Серік Сәбденов, Жамбыл Әмірбеков жетекшілік жасап, оларды серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының жалпы жұмыс жүйесімен таныстыруда. Өйткені, дуалды оқытудың пайдасын қайнаған қызу еңбектің қалай атқарылатынын іс жүзінде көрсе, ол білім алушының жадында ұзақ жатталып, санасына тез сіңеді дейді оқытушылар.
– Мен негізі Байзақ ауданы, Көктал ауылынанмын. Ақкөл ауылында орналасқан осы №14 Талас колледжін биыл бітіремін. Қазіргі таңда Ойық ауылындағы «Мұса» шаруа қожалығында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрмін. Шаруа қожалық басшысы Мұсаәлі Сапибұллаев техникаға ебімнің бар екенін аңғарып, осы қожалыққа механизатор ретінде жұмысқа орналасып, МТЗ-80 тракторын жүргізуімді өтініп отыр. Шаруашылық негізінен мал өсіру және мал азығын дайындау, егістік егумен айналысады. Жұмысшыларға мұнда барлық жағдай жасалып, оларға арнайы баспана да салыныпты. Сондықтан, мен келісімімді беріп отырмын. Бастысы, колледж бітіргеннен кейін қайдан жұмыс табамын деген мәселе жоқ, – дейді колледж студенті Ерлан Тұрсынбаев.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>