«Тараз» тағы жерге қаратты

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті туры аясында «Тараз» футбол клубы өз алаңында өткен жылғы ел чемпиондары, ағымдағы маусымның көшбасшысы «Астана» футбол клубын қабылдады. Құрамында кіл мықты ойыншылар топтасқан, өткен маусымда УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңінде жасындай жарқыраған «Астана» ойыншылары кездесу басталғаннан ойынды бақылауда ұстады. Ойынның алғашқы минуттарынан «Тараз» қақпасының кілтін табуға ұмтылып, шабуылға лап қойды. Осындай күшті шабуылдың нәтижесінде «Тараздың» қақпасы маңында екі-үш мәрте қауіпті сәттер орын алды.
Ойынның екінші бөлігі басталған сәтте «Астана» командасының шабуылшысы Таңат Нөсербаевтың қатты соққысын қақпашы тойтара білді. Абдурахими әдемі мүмкіндігін мүлт жіберді. Қақпашы Григоренко әбжілдік танытты. Екінші кезең бел ортасынан ауғанда Әлішер Сүлей гол соғатын тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. 88 минут бойы толассыз шабуылға шыдас берген «Тараз» қорғанысы ойынның аяқталуына екі минут қалғанда сыр берді. Алаңға жаңадан шыққан шабуылшы Джордже Деспотовичтің баспен шірене бағыттаған соққысына Григоренко тосқауыл бола алмады. Арада екі минут өткен соң Серікжан Мұжықовтың қанжығасы майланды. Оның жойқын соққысына 88 минут бойы сыр бермеген «Тараз» қақпашысы еш қайран қыла алған жоқ. Есеп 0:2. Осылайша «Тараз кезекті жеңілісіне ұшырады.
Ойын аяқталған соң баспасөз мәслихатында «Тараздың» бас жаттықтырушысы Юрий Максимовке бірнеше сауал қойдық. «Жігіттер барын салды. Алайда «Астана» командасы ойыншыларының шеберлігі басым. Команданы маусымға жақсылап дайындау керек еді. Команда толық құрамда жақсы ойын көрсеткенде ғана лайықты нәтиже болады. 7-8 ойыншының жанкештілігі ештеңе шешпейді. Десе де алдағы ойындарға жақсылап дайындаламыз», – дейді ол өз ойымен бөлісіп. Максимовтың командасы келесі турда сырт алаңда Оралдың «Ақжайығына» қонаққа барады. Премьер-лига дебютанттары «Ақжайық» командасы қазіргі таңда «Тараздан» 1 ұпай озып тұр. Нақтырақ айтсақ, «Тараз» он бесінші турда он бірінші орын үшін талас жүргізеді.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>