Нәубетке қарсы тұрған Нұрман би

Қазақ даласын жайпап өткен қасірет – ашаршылықтан миллиондаған адам опат болды. Қолдан жасалған нәубеттен жер-суын тастап, басы ауған жаққа үдере көшкені қаншама?! Күні кешеге дейін сол сұмдықты бастан кешкен куәгерлер арамызда жүрді. Сол қариялардың айтуынша, аштықтан ауыл-аймағын құтқаруға әрекет жасаған қайырымды жанның бірі – Нұрман би екен.
Сондай көнекөз қарттың бірі, соғыс және еңбек ардагері Жарқынбек Құлжанысов алапат ашаршылықтың азабын тартқан ел-жұртқа қолынан келгенше көмегін аямаған Нұрман би Әділбайұлы туралы көп білетін.
– Нұрман би менің әкеммен қатар екен. Өзім де көрдім ғой, денесі шағындау болғандықтан, келіндері «кішкене би Жәкем» деп атайтын. Өте зерделі кісі еді, шежірені жақсы білетін. Осы өңірдің тарихын жіктеп, тарқатып айтып беретін. Ағайын арасындағы келіспеушілік пен дау-дамайды әділдікпен шешетін еді дейтін бұрынғылар.
Сол өткен 1930 жылдары Шу өңірінде Момын деген бай-бақуатты өзбек болған. Өте қайырымды кісі болыпты. Жоқ-жітімге қарасып, жұртқа жайлы болған. Жас Нұрман Момын байға елгезектігімен жағып, оның сенімді жігіттерінің бірі болады. Байдың малын Бішкек, Қарабалта базарларына сатып, бай ауылын қажетті киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Кеңес өкіметі орнағанда Момын өз еркімен бар малын қызылдарға өткізіп, сол кезде Шу өңірінде алғашқы ұйымдастырылған «Сталин» колхозына бастық болып сайланады. Көп ұзамай ол жаңа биліктің қудалауына ұшырап, өз басына қауіп төнгеннен кейін Тәжікстанға өтіп кетеді. Алайда Момын бас сауғалап алысқа кетіп қалса да, Шу өңірінен астыртын хабар алып тұрған. Соның ішінде Нұрманмен қарым-қатынасын үзбеген. Қазіргі уақытта байдың ұрпақтары Шу ауданында тұрып жатыр.
Кеңес өкіметінің жергілікті билігі Момын байдан тәркіленіп алынған үш-төрт мыңдай қой мен ірі қараны колхоз етіп біріктіріп, осы шаруашылықты басқаруды Нұрманға тапсырады. Ол ауылдастары мен ағайын-туыстарының басын қосып, құм ішіндегі «Қызқашқан» деген жерде колхоздың қойын, сиырын, сондай-ақ жылқысы мен түйесін бағып тапжылмай отырады. Аштық келген кезде Шу бойының тұрғындары тау-тасты, сай-саланы кезіп, қаңғырып кетеді, олардың ішіндегі әлділері «шықпа, жаным, шықпа» деп, Қырғызстан мен Өзбекстанға ауа көшті. Қу тамағының қамы үшін ашыққан адамдар құмда отырған бидің ауылына да келе бастайды. Нұрман өз басына қауіп төнетінін білсе де, жан сауғалап босып жүрген адамдарға қой-ешкі, сиырларын, бие-түйелерін түнделетіп сауып, өзінің ағайындарына қоян, қырғауыл аулатып, көже дайындатып, ыстық ас ұйымдастыруды қолға алады. Нұрманның осындай жақсылығын көре алмаған кейбір ауылдастары «колхоздың малын сауып, өз бас пайдасына жаратып отыр» деп, жоғарыға арыз жазады. Тексерушілер жан-жақты тексеріп, мән-жайға қаныққан соң Нұрман ақсақалға ешқандай кінә таға алмаған. Қиын-қыстау кезеңдерде елге қамқоршы болып, әлсіреген адамдарды аштықтан аман алып қалуға бар күшін салған әрі ақылшысы болған Нұрманды ауылдың үлкен-кішісі би деп атап кетіпті.
– Әкем айтып отырушы еді, – деді Жарқынбек ақсақал тағы бір әңгіменің ұшын шығарып, – бірде елге танымал Атай молда аштықтың қаупінен жолға шығып кетеді. Әл-дәрмені құрып, бір сексеуілдің көлеңкесінде бұратылып жатқанда, Нұрман би үстінен түседі.
– Ассалаумағалейкум, молдеке, сырқаттанып жатырсыз ба? – деп амандық сұрағанда, енді аман қалатынын сезген Атай қария:
– Қарағым Нұрман, сенің келетініңді біліп едім, – деп кемсеңдеп жылап қоя берген көрінеді.
Нұрекең әбден әлсіреген Атай молданы сүйемелдеп атына мінгізіп, үйіне әкеп, айлап бағып-қаққан екен. Атай ақсақал туған нағашым еді. Өзі тақуа әрі өте білімді молда болатын. Ол тамақты таңдап, талғап ішетін. Қарияның ауылдастары, көрші-қолаңы «Атай молда тамақты шұқып жейді деуші еді, енді тамақты опырып-жапырып жейтін болыпты, аштық не істетпейді десеңші» деп таңданысыпты.
Нұрман бидің Тойлыбай деген үлкен баласы екі жүздей түйе бағатын. Түйенің шұбаты ем, бір жағы тамақ, өте қою болады. Нұрман аштықтан шұбырған елдің өз үйіне бір соқпай кетпейтінін білгендіктен, түйелерін уақытымен сауып, шұбатын дайындатып отырады екен. Шұбат ішіп, көжеге тойып, тынығып, әл жинап алғандарға жол азығы – құрт-ірімшік беріп жолға шығарып салып, келесі жолаушыларды күтетін болған.
1906-1907 жылдардан бастап Нұрман ақсақал Шудағы Дулаттың төрт баласының бірі – Шымыр руына жататын Шінәлі баймен құдай қосқан құда болған екен. Шінәлі жомарттығымен елге танылған кісі екен. Ауылының маңынан өтіп бара жатқан жолаушы болса, шақыртып алып:
– Сендер неге сәлемдесіп, қонақасын жеп, қона жатпайсыңдар? – деп малын сойдыртып, тамақ астыртып, осылайша қонақтарына сый-құрмет көрсетеді екен.
Бірде байдың немересі жүгіріп келіп, өзінен басқа ешкімнің тақымы тимеген боз жорғасын бұрын есігінде жүрген, кейін ауыл белсенділерінің біріне айналған Шөпеттің атты мініп, ойқастап шауып жүргенін жеткізгенде:
– Оған еш нәрсе демеңдер, жаман Шөпет боз жорғаны не қылсын, оны мінгізіп, шаптырған Құдірет қой! Құдіретке қарсы келмеңдер, – деген екен жарықтық Шінәлі.
Шөпет сияқты ұрда-жық белсенділер халыққа қамқоршы болған Шінәлідей бақуатты, адамгершілігі мол, қайырымды жандарды қудалауға ұшыратып, көпшіліктің жан азығы – малдарын тәркілетіп, жұрдай қылғаны ащы шындық. Соңы қаралы нәубетке ұласып, қазақ халқының үштен екісіне жуығын «қара шыбындай қырған» зұлматты ашаршылыққа ұрындырды. Осындай «шаш ал десе, бас алатындардың» қарамағына іліккен Шінәлі бай мал-мүлкінен айырылып, Шу стансасынан итжеккенге айдаларда құдасы Нұрман бір түйесін арнайы сойып, үйітілген басын сыбағасымен қоса беріп, барған жерінен аман қайтуын тілеп қоштасады. «Халық жауын» шығарып салуға барғанның өзі үлкен ерлік емес пе? Сонда Шінәлі көзіне жас алып:
– Нұреке, пейіліңе рахмет, әбден ризамын! Жаратқанның шапағатына бөлен, ұрпағыңмен мың жаса! Біз енді бұл жалған өмірде кездесе алмаспыз, жолығатын жеріміз пейіштің төрі болсын, – деп аттанған екен.
Нұрман бидің елін аштықтан құтқару үшін істеген әрекеттері жетерлік. Сондай-ақ шаруашылықты басқара жүріп, ондаған жылда қой санын 3-4 мыңнан 40 мыңға жеткізген. Жасы ұлғайған шағында түйе бағып, елеусіз өмір сүрді. Шу өңіріндегі Төле би, Абай, Мойынқұм, Ақтөбе, Жиенбет ауылдарының көнекөз қарттары ол кісінің кісілік қасиетін аса бір ризашылықпен еске алып отырады.
Қалың жұртшылықтың, сондай-ақ Шінәлі құдасының «ұрпағыңмен мың жаса» деген батасы қабыл болған болса керек. Нұрман бидің ұрпағы өсіп-өніп, үлкен мәуелі бәйтерекке айналды. Бүгінде Шу–Мойынқұм өңіріне танымал кәсіпкер – ұлы Жайлыбай ата қасиетін әрі жалғастыруда. Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» деген ғой. Жәкең мектептердің материалдық базасын нығайтуға белсене араласты және жағдайы төмен отбасыларына да үнемі көмектесіп отырды. Шу халқының қалауымен аудан орталығы Төле би ауылының бір көшесіне Нұрман бидің есімі берілді. Ал Жайлыбай өз есебінен өткен жылы 2 миллион қаражат жұмсап ауылдың көшесіне асфальт төсеп, ел-жұртын бір қуантып тастады. Енді 31мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай әруақтарға бағыштап ас бермек. Қазақ «өлі риза болмай, тірі байымас» дейді. Жөн-ақ. Аштықтың құрбаны болған ата-баба әруақтары риза болғай.

Тұңғышбек Байқұлов,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері.

Астана қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>