Елбасы жолы

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде шынайы көрініс тапқан

Еліміз Тәуелсіздік алғалы бар салада ілгерілеу байқалады. Тұғырын биік ұстап, жоғарыға өрлеп келеді. Әр елдің тарихында халқын алға сүйрейтін кемеңгер, дара тұлға перзенттер болады. Мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, есімі Тәуелсіздігімізбен бірге аталатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүріп өткен жолы – баршаға үлгі. Астанада Елбасының қатысуымен тұсауы кесілген «Жұлдыздар тоғысқанда» кинофильмі Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Министрлер кеңесінің төрағасы, Орталық комитеттің бірінші хатшысы болған 1984–1991 жылдардың аралығын қамтып, Нұрсұлтан Әбішұлының сол шақтағы жасаған шешімдеріне басымдық береді. Аталған фильмді Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыс зиялылары және қала тұрғындары тамашалады.

Киноның режиссері – Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің халық әртісі Сергей Снежкин. Фильмге Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенге дейінгі жеті жыл аралығындағы саяси жағдайлар арқау болады. Желісі британдық журналистің қазақ басшысынан сұхбат алмақшы болған сәтінен бастау алады. Одан әрі қарай сюжет Тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдар мен қазіргі уақытта қол жеткен жетістіктерді салыстыра отырып өрбиді. Кинода Елбасының рөлін белгілі актер Берік Айтжанов жан-жақты шеберлікпен, биік парасат, терең тағылыммен ойнап, өз жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарып шыққан.
Шетелдік журналистің алғашқы сұрағынан кейін-ақ екі тараптың әңгімесі жарасымды өрбіп, оқиға одан әрі ширай түседі. Сұхбат қазақ және орыс тілдерінде қатар алынады. Дегенмен, британдық БАҚ өкілінің қазақтың табиғатын, болмысын, ұлттық құндылықтарымызды, жағрапиялық жағдайды білмейтіні аңғарылып тұрды. Сондықтан, Мемлекет басшысы оны қазақтың кең даласына серуендетіп, халқымыздың бай тарихы мен тағылымды мәдениетінен хабардар етеді. Негізі, желі бірде кең сарайда, енді бірде иен жайлауда қос өрім қамшыдай өріліп отырады. Ұлт тағдыры таразыға түсіп тұрған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының халық үшін маңызды, қажетті шешімдерді қабылдай білгені кадрда түрлі оқиғалар арқылы шиеленісіп, нақты көрсетіледі. Ресейлік режиссер Президенттің ішкі әлеміне үңілу арқылы ақиқатты ашып көрсете біледі. Осы кезге дейін «Белая гвардия», «Брежнев» секілді бірқатар маңызды кинотуындыларды өмірге әкелген С.Снежкин түрлі деңгейдегі БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында Елбасының тағдырына таңданғанын, тәнті болғанын кеңінен айтқан екен. Фильмнің басталар тұсындағы Әбіш ата мен Әлжан ананың Райымбек батырдың басында Жаратқанға жалбарынуы да қазақы қалыпқа сай шыққан.
Фильмде Михаил Горбачев, Борис Ельцин, Джордж Буш, Ясир Арафат, Билл Клинтон, Дінмұхамед Қонаев сияқты ірі саяси қайраткерлердің де бейнелері қамтылған.
«Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы болып саналатын аталған туынды жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейді, биік мақсаттарға жетелейді. Мемлекет басшысының ғажайып қасиеттерінен тағылым үйренуге шақырады.
Фильм Ресей елінің қалаларында 11 ай түсірілген. Бұл мақсатқа жалпы 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат жұмсалғанымен, шығынның үлкен бөлігіне еліміздің ірі кәсіпкерлері демеушілік жасаған. Жалпы кинодағы әрбір актердің рөлді сомдауы, қазақ Сахарасының пейзаждық көріністері көкейге қонады. Режиссерлік жұмыс та, операторлық еңбек те әдемі үйлесім тапқан.
* * *
Көрсетілімнен кейін мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы сахнаға көтеріліп, тамаша фильм өмірге келгенін айта келіп, Таразға арнайы келген актерлерге (аталған фильмде ойнаған) алғысын білдірді. Сондай-ақ, «Қазақфильм» акционерлік қоғамының өкілі Бекболат Шекеров, аталған фильмде Д.Қонаевтың рөлінде ойнаған актер Алдабек Шалбаев, Мемлекет басшысының көмекшісі Саматтың рөлін сомдаған актер Ғани Құлжанов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. А.Шалбаев аталған фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілгенін, өзіне Қонаевтың бейнесін сомдау өте ауыр соққанын, режиссер Снежкиннің талапшылдық танытқанын айтып өтті. Бекболат Шекеров пен Ғани Құлжанов та аталған киноның жауапкершілігі жоғары, қиындығы көп болғанын сөз етті. Фильмнің тұсаукесері 16 мамырда Мәскеу қаласында да өтпекші. Актерлер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап берді.
Баспасөз мәслихатын облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев қорытындылап, тамаша киноны тараздықтарға тарту еткені үшін, журналистермен өткізген әсерлі әңгімелері үшін «Қазақфильм» акционерлік қоғамына және аталған фильмде ойнаған актерлерге алғысын білдірді.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>