ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖЕТУ БАР ДА, ОНЫ БАЯНДЫ ЕТІП ҰСТАП ТҰРУ БАР

Ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Мырзатай Жолдасбеков тәуелсіздік жылдары өзінің білімі мен білігін жаңа қырынан танытып, егемен еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген ардақты азаматтарымыздың бірі. Тоқсаныншы жылдарға дейін аға оқытушы, доцент, филология факультетінің деканы, Талдықорған педагогикалық институтының ректоры, Қазақстанның оқу министрі, Қазақстан Компартиясы ОК бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары болған ол, одан кейінгі жылдары Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі жанындағы Дипломатиялық академиясының ректоры сияқты және басқа да аса жауапты қызметтерді адал атқарып, саясат саласында да өзіндік орны бар тұлға екенін танытты. Ғалым ретінде жыр алыптары Абай, Жамбыл, Кенен мұраларын індете зерттеп әдебиетімізге өлшеусіз еңбек сіңірсе, ал Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ тілінде тұңғыш рет сөйлетуі — ұлттық руханиятымыз үшін баға жетпес байлық болып табылады.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай бүгін «Халықтар достығы» және «Құрмет» ордендерінің иегері Мырзатай Жолдасбековпен әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. Қазақты қайтсек қырып алмаймыз деп жүрдім

- Тәуелсіздіктің таң сәрісінде, яғни сонау 1990-1993 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық бөлімінің меңгерушісі, Президент Кеңесінің мүшесі, еліміздің мемлекеттік кеңесшісі сияқты лауазымды қызметтерде болдыңыз. Осындай аса жауапты жұмыстар арқылы Елбасының қасында жүріп, Тәуелсіздігімізге қатысты небір тағдырлы басқосуларға, жиындарға, саяси шешімдерге куә болдыңыз. Сондағы есте қалған ерекше сәттердің тағылымдарын өз аузыңыздан естісек деп едік.
- Қытайда мақал бар екен: «Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме» деген. Біздің талайымызға, бағымызға Алланың берген бір сыйы деп есептеймін, біз ғасыр мен ғасыр, екімыңжылдық ауысып жатқан кезде ат үстінде болдық, елдің тағдырына араластық. Оңай болған жоқ. Қазақта арғы-бергі дәуірде небір ұлы адамдар өмір сүрді. Біздің мына сақ деп жүргеніміз де, ғұн деп жүргеніміз де, түрік қағанаты деп жүргеніміз де қазақтың байтақ даласында қазақтың рулары құрған әуелгі қазақ мемлекеттері. Хандары алтын тақта отырған, алтыннан сауыт киінген заманды басынан кешкен елдің ұрпағымыз. Қазақта, біз білетін арғы-бергі заманда, небір хандар, көсемдер, шешендер, билер, даналар, ақындар, жыраулар болды. Бірақ, тарихи шындық сол – бүгінгі бостан еліміздегідей мүмкіндіктер, сол елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатындай саясат пен саясаткер болған жоқ. Хандардың ханы – Абылай, елді отырғызып-тұрғызған үш би: Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, одан Бұқар жырау, қайсыбірін айтайын, осы бір даналардан бастап, кешегі біз көзін көріп, тәлімін алған Мұхтар Әуезовке дейін бүгінгі Тәуелсіздікті көре алмады, жете алмады. Ал біз жеттік.
Қазақ осы Тәуелсіздікке арып-ашып, жүдеп, титықтап жетті. Көрмеген қиындығы жоқ. Қорлықтың неше атасын көрді. Басқалардың патшалары арақ ішіп, рухани азып-тозып бара жатса да, патша болды. Ал ешкімге қиянаты жоқ, өзімен-өзі салтанат құрған, елін басқарып, билеген қазақтың хандарын әдебиет пен тарих ақымақ етіп көрсетті. Байлардың бәрін шынжыр балақ, шұбар төс, кебеже қарын қылып суреттеді. Соны басқа емес, өзімізге айтқызды, кітаптар арқылы біз жаздық. Ал енді ақымақ адам бай бола ма? Байлық та ақылға келеді, айлаға, амалға келеді. Өкінішке қарай, сол байлардың бірі де Тәуелсіздікке жете алмады. Абай да жете алған жоқ. Біз жеттік. Тәуелсіздікке жету бар да, оны баянды етіп ұстап тұру бар. Бұл да оңай емес.
Мысалға, Тәуелсіздіктің алды дейміз ғой, елең-алаң шағын алайық. Ол бір алмағайып кез еді. Халықты игеріп ұстап тұру оңай болған жоқ, қоғам саясилана бастады. Сөйтіп жүріп әйтеуір, Құдайға тәубе, әртүрлі себептермен мына жан-жақтағы республикалар ыдырап, сетінеп, бәрі шетінен өз билігін өз қолына ала бастады. Оны Мәскеуде, орталықта отырғандар келеке қылды. «Бұлар тәуелсіз ел бола алмайды, бәрібір бүгжеңдеп біздің қол астымызға келеді» десті. Бірақ, соншама мыңдаған жылдар егемен ел болуды аңсаған ұлттар қайтсек ел боламыз, қайтсек қатарға қосыламыз деп ойланып жатпады.
Менің ең алғаш есіме түсетіні, Тәуелсіздік алған жылдардың өзінде де біз небір сұмдық қиындықтардан өттік. Қуанған мен қорыққан бір дегендей, жұрттың есі шығып кетті. Не істерін білмеді. Ереуілдеушілер шықты. Неше түрлі митингілер болды, ой- пікірлері ақылға сыймайтын небір адамдар пайда болды. Сол кезде менің Елбасына бір айтқаным бар еді: «Нұреке, білесіз ғой, «Момынның көтерілгені жаман» дегендей, қазақ өзі көп көтеріле бермейді. Бірақ, бір көтерілсе, қатты көтеріледі. Тіпті, өзінің мәңгілік билейтініне кәміл сенген Кеңес Одағын бұзған да біздің қазақ жастары ғой, 1986 жылғы желтоқсанда. Соның әсерімен бүкіл Кеңес Одағы быт-шыт болып ыдырады. Ал ол тек жастар болатын, енді оған үлкендер қосылса не болады? Қазақ баяғы заманда бала он жасқа толса, үйдің белбеуіне сол балаға арнап бір ат байлайды екен. Ал жау келді десе, елдің шетін жау шапты десе, жаңағы он жастағы баладан жоғары қарай атқа жайдақ мініп, «жау қайдалап» шаба жөнеледі екен. Сонда не болады? Қазақ егер атқа қонса, не біреуді өлтіріп түседі, не өзі өліп түседі. Нұреке, халық тым саясиланып бара жатыр. Сондықтан, бұның бір амалын іздеуіміз керек», – дедім. «Не істейміз?» – деді ол. «Мен бұның бір амалын ойлап жүрмін, – дедім, – мұның амалы: қазақ ақкөңіл, өзінің көңілін өзінікімен аулай тұру керек». «Ол қалай болады?». «Сендер ұлттарыңды жақсы көресіңдер, ұлттан шыққан даналарды жақсы көресіңдер, ол біреуіңнің жақының, біреуіңнің нағашың, олар халықтың көсемдері еді, солардың бәрі кеткелі қарызы мойнымызда жүр. Ас бергеніміз жоқ, ас береміз» дейміз. Шынында солай болды.
Менің жұмысым сол кезде ылғи ас беру, елдің ортасында жүру болды. Қазақ емеспіз бе, сол кезде билікте менімен қатар жүрген кейбіреулер «Мырзекеңнің жұмысы той тойлау, ас беру боп кетті ғой» деп те күңкілдеді. Ал мен той іздеп жүргенім жоқ. Қазақты қайтсек қырып алмаймыз деп жүрдім. Нұрекеңнің осыған рұқсат бергені үлкен бір кемеңгерлік болды деп ойлаймын.
Құдайға тәубе, барлық нәрсеге құдіреті келетін бір-ақ күш бар, Ол – Алла! Ал Алладан басқада ондай күш пен құдірет жоқ. Сондықтан, Президент болсын, король болсын, олардың төңірегінде демеушілері болады, қолғабыс тигізетін кісілер болады. Біз де сол сияқты ең алғашқы, ең қиын кезде Нұрекеңнің жанынан табылдық. Нұрекең сол адамдарды өзінің төңірегіне топтастыра білді. Қиын кезде солардың тілін де тапты, жұмсай да білді. Сөйтіп сеніп отырған соң оның жұмсаған жерінен ешқайсымыз бас тартқанымыз жоқ. Бәріне де бардық. Менің алғашқы бір кездер есімде, Нұрсұлтан Назарбаев бір күні маған: «Бәрі де дұрыс қой, бірақ Президент сайлауының анық, дұрыс жолы – ол ашық сайлау ғой. Соған барсақ қайтеді?» – деді. Мен шынымды айтайын, кішкене жасқандым. Кім біледі, ел әлі үйренген жоқ. Сосын елдің көңілін демейтін де ештеңе жоқ, қаладағы дүкеннің бәрі қаңырап тұр, даладағы мал басы да ақша орнына жұмсалып, азайып бара жатты. Құдай сақтасын, ол кездегіні қайтіп ешкімнің басына бермесін. Сонда осы кісі, атасы батыр ғой енді, Қарасайдың, онан бері Көшектің тұқымы емес пе?! Бұл кісінің мен талай батырлығына көзім жетті. Көзсіз батыр адам. «Не де болса барайық!» – деді. Сөйтіп, 1991 жылы желтоқсанның біріне Президент сайлауы белгіленді. Дайындалдық. Штабты екі адам басқардық. Мен идеология бөлімінің бастығы, партиядан Оралбай Әбдікәрімов ұйымдастыру бөлімін басқарды. Сөйтіп, жоспарды жасап, тәуекел деп сайлауға кірістік. Ел жақсы қабылдады. Ұйымдастырып, жолын ашып отырдық Нұрекеңнің. Бұл өзі қайратты адам, шаршамайды. Содан кейін бұл кісінің құдіреті – осы кейбір адамдар іштей жақтырмай отырады ғой адам болғаннан кейін. Ал бұл кісімен кездессе болды, жадырап сала береді. Сондай құдіреті бар. Ауа да ашылады, кісінің қабағы да ашылады.
Енді менің есімде қалғаны – сайлау алдындағы соңғы кездесу. Біз әдейі кестеге солай енгіздік, ол кездесу осы Таразда болды. Ол кезде облысты Өмірбек Байгелди басқаратын. Өмірбекке: «Сен енді ерінбе, аэропорттан бермен болмаса да, адамдарды қаланың сыртына шығарып, түгел ортасына дейін баяғы Гагаринді қарсы алғандай қарсы алыңдар, бірақ, абай болыңдар, таптап кетпесін жұрт, нөпір болады халық деген», – дедім. Сөйтіп, Тараздағы соңғы сайлауалды кездесуінен сұмдық көңілденіп келді. Сайлаудың нәтижесі де жақсы болды. Ол кездер жайлы Махмұт Қасымбековтің жазғаны бар, менің өзімнің де жазғандарым бар. Сөйтіп, инаугурация, яғни, ұлықтау рәсімін өткізуді маған тапсырды. Мен оны да өткіздім.
2. Ең алғашқы
ұлықтау рәсімі

– Алғашқы ма?
– Ең тұңғыш инаугурация. Президент етіп сайладық, сосын сол жылдың 16-сы күні тағайындадық. Мен онда орталық партия комитетінде идеология бөлімін басқарамын. Ұлықтау рәсімін өткізу үшін жер-жердің тәжірибесіне жүгіндік. Енді ол король емес, ол кісіні хан да көтеріп жатқанымыз жоқ. Әр елдің Президент сайлауына қатысты өзіндік ерекшеліктері бар екен. Сонымен, бар қазаққа ыңғайлы бір нұсқасын таптық. Сонда мына Өмірбек Байгелди жақсы ақыл берді: «Мырзеке, сендер бір нәрсені істеңдер, ақсарбас шалыңдар. «Хан тұсында қан шашылмасын» деп, қазақ ақсарбас шалған хан көтергеннен кейін. Одан басқа не ойлап жатырсыңдар?» – деді. Мен қазақта ақ киізге көтеру бар, алайда, оны істей алмай отырғанымызды айттым. Ақылдаса келе, ант беру үшін шығатын мінбердің астына ақ киіз төсейтін болып келістік. Ал енді ақсарбас іздетсем, жоқ. Содан Өмірбек Байгелдиге айттым: «Осыны ұсынған сен едің, енді ақсарбасты тап!» – деп. Ол Қордайдан ақсарбас мал алып келді. Отыз кісі Алматыдағы Республика сарайының түбіне әкеліп, Алланың атын айтып, сойылды. Оны қайта Қордайға алып кетіп, елге бір жапырақтан таратыпты. Сол есімде қалыпты.
Ал енді ақ киізге келер болсақ, оған конкурс жарияладым. Бұл қазақтың көңілі күпті болмасын деп, барлық облыстың әкімдеріне тапсырма бердім. Барлық облыс ақ киізін дайындады. Құдайдың құдіреті, бір қылшығы жоқ ақ киіз осы Жамбыл облысынан келіп түсті. Сосын бүкіл комиссияны жинадық. «Сендер мені кінәлап жүрмеңдер, өзі Жамбылдан болған соң, туған жерінің киізін өткізіп отыр деп. Міне, қараңдар, салыстырыңдар» дедім. Көрме жасадық та, астына киіздің қай облыстан екенін жазып қойдық. Жамбылдың ақ киізі сыннан сүрінбей өтті. Нұрекең ант берейін деп сол ақ киіздің үстіне аяғы тиген кезде, көзіне мөлтілдеп жас келді…
Бұл жерде жаңағы өзің айтқандай, Көсемәлі, қандай оқиғалар есіңізге түседі деп, сол ұлықтау рәсіміне дайындық жасап, Республика сарайында күні-түні қона жататынымды ойлаймын. Тарихымызда Президент сайламаған елміз. Оған дейін хан сайлаған елміз ғой біз. Совет заманында бірінші хатшы деген болды.
Сонымен бәрі дұрыс, салтанатты шара ашылайын деп жатқан кез. Нұрекең төрде отыр. Арт жағында – Ту. Туды алдын ала бекіткенбіз. Ол Тудың авторы – Шәкен ғой, Ниязбеков. Менің досым. Ол екеуміз интернатта бірге өскенбіз. Ол Ленин мектебіне барады, мен Жамбыл мектебіне барамын. Бір кезде шымылдықты ар жағынан ашып кеп жібергенде, біреу есікті ашып қойған ба, жел үрлеп, сахнаның барқыттан жасалған ауыр пердесі сол Туды алып кетіп барады. Ойпырмай, артында көзі бар адам сияқты, Нұрекең бір кезде жалт бұрылды да, құлап бара жатқан Туды құлатпай ұстап қалды. Менің жүрегім өкшеме түскендей болды. Сөйтіп, есіміз шығып, ойпырмай, енді не болар екен дей бергенде, Құдайдың құдіретімен абыройымызды Нұрекеңнің өзі сақтап қалды.
Жасыратын не бар, ұлықтау рәсімінен кейін той жасадық. Тойда «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба» деп, ішетініміз де, ішпейтініміз де іштік. Бір кезде Президентті іздесем, жоқ. Сөйтсем, елдің ішін аралап кеткен, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды ығай мен сығайдың ортасында ән салып тұр Нұрекең. Әнді жақсы айтады енді. Содан түннің бір уағына дейін тойладық. Сағат үште бізді резиденцияға алып кетті. Вице-президент Ерік Асанбаев, жоғарғы Президиумның төрағасы Серікболсын Әбділдин, мен, Нұртай сияқты кісілер бар.
Енді ұзын сөздің қысқасын айтайын, соның алдында не істейміз деп жаңағы ақсарбас шалдық, зеңбіректерден залп бердік, содан кейін ырым қылып мен бұл кісіге шапан тіктірдім. Ол кезде қазіргідей шапандардың түрі көп емес. Маңғыстауда ерлі-зайыпты шеберлер бар екен, соларға шапан тіктіріп, басына ханның қалпағы бар ғой, мұрақ дейтін, соны тіктірдім. Өзбекәлі хандар ғана киетін мұрақты әртістер кигеніне әбден күйіп-пісетін еді. «Әлгі ансамбльдің бәрі ханның мұрағын киіп отырады бастарына, болмайды ол» деп зар илейтін. Сонымен, Нұрекеңе айттым, инаугурацияның алдында он бес минут ерте келіңізші деп. Келді. Есіктен тосып тұрмын. «Ал келдім, не айтайын деп едің?» – деді. «Жүріңіз» деп, кішкентай бөлмеге бастап барып, ілулі тұрған шапан, ілулі тұрған мұрақты кигізіп, үш жүздің белгісін салған кісе белдікпен белін будым. Ешкім жоқ, екеуміз тұрмыз. Белдік үлкендеу болып шықты. Шапанның дәл өлшемін біліппіз, мұрақ та дәл. Бір кезде Президент айнаның алдында тұрды да: «Мырзеке, сен маған бұны кигізбе, – деді, – білесің ғой, қазір дүниежүзінен журналистер келіп отыр, сен мынаны кигізсең, ертең бұлар бәрін, орысша айтып қалды «разнесут на весь мир, в Казахстане появился очередной хан» деп, қазақта тағы бір хан дүниеге келді деп әлемге жар салады. Сен айтып едің ғой, бата беретін қарияларым бар деп, солардың екеуі иығыма шапан жапсын, екеуі басыма мұрақты кигізсін, екеуі қолыма белдікті ұстатсын», – деді. Әр ұлттан ең сыйлы қарияларды жинағанбыз. Шәкір Әбеновке бата бергіздік. Жер хабар бермесін, қырсық еді жарықтық. Ұлы адам ғой Шәкір. Сол кезде Сауытбек Абдрахманов менің оң жағымда жүрген, бөлімімде жұмыс істейді, соны жұмсап: «Сен ана Шәкірге ие бол!» – деймін ғой. Енді келіп түгендеп жатырмын ғой, анау қайда, мынау қайда деп. Алты шалды отырғызып қойдық. Шәкірге келсем, Республика сарайының Көктебеге апаратын аспалы жолы бар ғой, сол жағындағы есіктен келсем, отыр. Бұтында джинсы шалбар. Ұлықтау әне-міне басталады. Бата беретін кісіге: «Аға, мынауыңыз не?» – деп, шалбарына қараймын ғой, сөйтсем, маған: «Онда не шаруаң бар?» – демесі бар ма. Жым бола қойдым, ойбай, бүлдіріп алам ба деп. Ол кісіге бәрін айтып қойғанбыз бағдарламаның. Сыртынан шапан киіп, сол джинсы шалбармен керемет бата берді.
– Елбасының жан-жақтылығына таңғаламын. Таңғала отырып, риза боламын. Ол кісіні мына газетке әкелсе талантты редактор болар еді, жаңағы сіздің ұсынысыңызды одан сайын жандандырып жіберіп, «мынаны кигеннен гөрі, берген керемет» дегені де нағыз режиссерлік шешім. Не деген керемет адам?!.
– Кейде қиналғанда, «Енді не істейміз?» дейді ол кісі. Жаным ашып кетеді ғой. Өйткені, оқыс, ойламаған, жоспарламаған оқиғалар болып жатады. Бірақ, қандай қиындық болса да ақылға салатын, бәрінен жолды өзі табатын. Енді, Құдайға тәубе, жаман болғанымыз жоқ.

3. Елдестірмек – елшіден

– Сіздің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне келгенге дейінгі өмір жолыңызды жақсы білеміз. Филолог-маман, ғалым, Талдықорған педагогикалық институтының ректоры болдыңыз. 1990 жылдан бастап Елбасының қасында, өзіңіз айтып отырсыз, үзеңгі қағыстыра жүріп, Ел мен Ес деген мәселеге жауап бердіңіз. Ол жайында өзіңіз жаңа айттыңыз. Халқымызда «Елдестірмек – елшіден» деген сөз бар. Сіз Иран Ислам Республикасында елші болып жүрдіңіз. Ол жердегі қандастарымызбен бетпе-бет жүздестіңіз, бетпе-бет әңгімелесіп, сөйлестіңіз. Олардың өмірі мен тұрмысын өз көзіңізбен көріп зерттеп, зерделедіңіз. Сол уақыттағы алған әсерлеріңіз, халқым деген қайраткер ретінде толғанған, тебіренген сәттеріңіз туралы айтыңызшы.
– Өмірде не болмайды?! Мәселен, біз талай оқиғаларды басымыздан кештік қой. Мәселен, тәуелсіз мемлекет орнату, ол мемлекетті игеру, қалыптастыру оңай болған жоқ. Сондықтан, біз Президентімізді өйтті-бүйтті деп кінәлай алмаймыз. Ол кісіге әрбір саланы басқаратын сол кезде адам керек болды. Ал енді, әуелі Құдай, одан кейін мен қанша қызметке барсам да осы Нұрекеңнің арқасы. Мені қасынан тастаған жоқ. Жасыратыны жоқ, аға да тұтты, қадірлейтін. Шүкір, қазір де қадірсіз емеспіз. Сонда да әртүрлі жағдай болады ғой. Реніш те болады. Ол жайында мен жаздым да, жазушы Баққожа Мұқай да сұхбат алған. Сол кезде Нұрекең маған айтты: «Сен керегірек боп тұрсың, Иранға елші болсашы», – деп. Енді адамбыз ғой, терімізге сыймай кетеміз ғой. «Менің атам елші болған жоқ, әкем елші болған жоқ, бармаймын», – дедім. Менің ренжігендегім ғой енді. Жалпы, Президентке ренжуге болмайды. Кейін ақылым кіріп, «Қызметке тағайындаса мақтағанды, қызметтен алса даттағанды қойыңдар» деп жаздым да. Содан «бармаймын» дедім. Бірақ, бұл кісі шыдамды адам ғой, күтіп жүрді. Ал мен кеңесшісі болып қызмет етемін. Төрт айдан кейін қайтадан: «Барсаң қайтеді, Иран бізге керегірек, сенің тәжірибең бар», – деді. Ол кезде кәсіби дипломаттар өте аз еді. Саусақпен санағандай. Ал бұл кісі елшілікке өзінің жанындағы ысылған, мемлекеттік қызметтің көпірінен өткен адамдарды жібереді. Сөйтіп мен Иранға кеттім. Иранды енді тарихтан жақсы білесіңдер ғой, қандай ел екенін. Оңай болған жоқ. Мені жақсы қарсы алды. Сенім грамотасын тапсырған кезде Иран Президентінің маған айтқан сөзі, сол кезде бүкіл Иранның газеттерінде жазылып, теледидарларында берілді. «Иран – Сіздің еліңіз, Тегеран – Сіздің қалаңыз, Сіз бізге бауырсыз, өз еліңізде жүргендей болыңыз», – деп сөйледі ол. Сөйтіп, төрт жыл елші болдым.
Барғаннан кейін «Құдайдан тілегені осы шығар» деп, елшілікті ашарда сол жердегі қазақтардың өкілдерін шақырдым. Олар Каспийдің жағасындағы үш қалада тұрады негізі. Үш қалаға үш автобус жібердім, елшілік есебінен. Елшілік ғимаратының астында үлкен бір жай бар еді, сол жайда кемі 250 адамға дастарқан жайдым. Сонда Нұрымшат дейтін қандасымыз сөйледі. Батыр тұлғалы, селдір сақалды кісі еді өзі, түсінде өзі бір көсемдік те, ірілік те бар. «Нұрсұлтан бастап Тегеранның төрінен үй тіктіңдер, төбесіне ту тіктіңдер, сөйтіп, осы жерде өліп қалған қазақты тірілттіңдер!» – деді.
Ірі сөз. «Көктен тілегенімізді Алла жерден берді. Біз енді өлмейміз, сені жіберіп отыр Нұрсұлтан. Құдайдың мұнысына мың шүкір. Бірақ, енді сен шақырды екен деп, салақтап келе береді деп ойлама! Мен сексендегі шалмын, зорға келдім. Енді сен өзің кел бізге», – деді.
Бұл қарашаның аяғында болған кездесу еді. Ал наурызға бала-шағамызбен түгел Алла жар болсын деп, Ирандағы қазақтарға бардық. Барсақ, бәрі бір жерге жиналған, қазан-қазан тамақ пісіп жатыр далада, өздері қазақша сәнді киінген.
Сол жерде түрікмендер де тұрады. Біздің қазақ он екі-ақ мың, ал түрікмендер екі миллион екен. Сол түрікменнің қариялары, жаңағы Нұрымшат қария бар, өздері араласады бәрі. Сол дастарқанның үстінде түрікменнің бір қариясы сөйледі: «Әй, Нұрымшат, сендер не деген бақыттысыңдар?! Біздің елшіміздің келгеніне екі жыл болды, бірақ әлі ат ізін салған жоқ. Қай жерде екенін де, Иранның қай түкпірінде отырғанын да білмейміз біз. Ал сенің елшің таяуда ғана келді. Келе салып, ат шаптырып сені алдырып жатыр, елшілікті бірге аштырып жатыр сендерге. Ал енді, міне, сені іздеп өзі келіп отыр. Қандай бақыттысың?!» – деді.
Шынында, Түрікменстан елшісі менен екі жыл бұрын келген еді Иранға. Сонда аналар армандайды екен-ау дедім. Сол жиында керемет әңгімелер болды. Есімде қалғаны Нұрымшат қария: «Шырағым, несін айтайық, кеттік, амал болмады кетпеске. Жанымызды қоймады, қырылатын болдық. Ақыры бір өлім ғой деп, осылай қарай тартып кеттік. Бұл жақта Иранға рахмет, қоныс берді, жайғастық. Бірақ, келгеннен кейін келіндер құрсақ көтермеді. Бұл қасірет төрт жылға созылды. Ал енді шын өлген екенбіз деп жыладық. Сөйтсек, келіндер жерсінбей жүр екен ғой», – деген еді. «Естімеген елде көп» деген, сондай да болады екен.
– Сонда бұл кісілер қай жылдары өткен?
– Бұлар ұжымдастыру науқанында кеткен. Содан сұмдық қиындықтарды айтты. Барғаннан кейін төрт жылдан кейін барып қана келіндер құрсақ көтере бастаған. «Е, Алла, бар екенсің ғой, бізді ұмытпапсың ғой. Жасаған ием, жарылқайын деп тұр екенсің ғой!» деп, зар жыладық дейді. Мен сол кездесуден кейін бір мақала жаздым «Қазақ қаңбақ емес көше берер» деп. Ол «Егемен Қазақстанға» шықты. Сол жақта жатып осында арнайы жібердім. Сол мақалада біраз әңгімелер бар. Бір қарияның айтқаны бар жер шұқып отырып: «Шырағым, несін айтайық, біздің көрмегеніміз жоқ қой. Өзіңнің туған үйіңе не жетсін? Шетте жүріп өлген қазақтың мүрдеде де сүйегі қызып жататын болу керек» деді. Жоғарыдағы айтқан мақалада бәрі бар. Сөйтіп, енді Құдайға тәуба, мен Ирандағы қазақтың тең жартысынан көбін елге көшірдім. Сосын ол қазақтарға визаны тегін берем, олар тайраңдап, мәз болып елшілікке келеді. Емін-еркін ашады есікті, кіреді. Сондай бір жақсылық жасадым. Ол енді құрылтайдан кейінгі оқиға.
– Дүниежүзі қазақтарының ең алғашқы құрылтайын өткізіп, басы-қасында жүрген де өзіңіз ғой?!
– Иә, ұйымдастыру комитетінің бастығы болдым. Ол кез бизнес деген дамымаған, қиын кезең еді. Бірақ, арман еді. «Мұрның барда сіңбіріп қал, тісің барда ысқырып қал» деп, қолда билік тұрған соң тәуекел деп, құрылтайды өткізейік дедік қой.

4. Орхон-Енисей жауһарларының жарқылы

– Аға, аяңдап отырып енді Орхон-Енисей жазбаларына келсек. Осы бір құпия жазуға деген ынтызарлығыңыз қалай пайда болды? Мұны Сіз анау-мынау емес, Кеңес үкіметінің кезінде қолға алдыңыз ғой. Түркі жазуларына, араб жазуларына одырая қарайтын кезі ғой коммунистік биліктің. Осы бір құмарлықтың астарында не жатты? Күндердің күнінде еліміз тәуелсіздік алып, ұлтыңыз бен ұрпағыңыздың ата-баба аңсарларына деген құмарлықтары оянатынын сездіңіз бе, әлде бір ішкі түйсік болды ма?
– Мен осындай тәуелсіздікті ала қоямыз-ау, осындай бақытқа жете қоямыз-ау дегенім жоқ. Мен ондай батырлық жасадым деп те айта алмаймын. Бұл тақырыпқа мені айдап әкеліп салған шүйкедей бір қасиетті шал болды, Бейсенбай Кенжебаев деген. Өзі сырттай томаға-тұйық, момын болатын. Бірақ, ішінің бәрі қайнап жататын жанартау сияқты атқылап тұратын. Соның кейбірін там-тұмдап сыртқа шығаратын.
Мен университетті бітірдім, ол менің кітаптарымда, естеліктерімде, «Асылдарым» деген кітабымда да бар. Мен Мұхтар Әуезов, әруағыңнан айналайын, Ғайса Сармурзиннің қызы Мәстура Ғайсиевна Сармурзина дейтін әпкемнің арқасында университетте қалдым оқытушы болып. Мына жағымда көкшетаулық Есмағамбет аға бар Ысмайылов, Шахмет Құсайынов бар. Сол ортада мен бала болсам да әжептәуір сыйлы боп қалдым. Мен бесінші курста жүргенде-ақ драматургияға арналған пленумда сөйлеген адаммын. Мен ол кезде Шахмет Құсайыновтың драматургиясынан диплом жазып жүргенмін. Шахметтің кішкентай, тілдей қағазға, ол кісі арабша жазатын еді, бірақ кириллицамен «Есмағамбет, сен гуманный адамсың ғой, мына Мырзатайдан үлкен әдебиетші шығайын деп тұр, осыны жібермеңдер, алып қалыңдар» деп жазған қағазы бар еді, Әуезов ағамыз ректорға өзі қоңырау шалып, сөйтіп алып қалды. Содан ассистент болып, сабақ беріп жүрген күндердің бірінде Бейсенбай Кенжебаев ағамыз, Мәскен апай ЖенПИ-ге ректор болып кетті, соның орнына кафедра меңгеруші болды, сол кісі маған айтты: «Мырзатай, саған көптен бері айтам деп жүрген мәселе бар еді. Жүрші ақылдасайық» деп. ҚазМУ-дың бас корпусына үйі жақын болатын. Үйіне екеуміз жаяу кеттік. Барып кабинетіне отырып, осы тарихты маған баяндады. «Кез-келген елдің әдебиеті сол халықпен бірге туады, бірге қалыптасады, бірге дамиды. Мына бізбен тектес, түркітектес халықтардың бәрі біздің әдебиетті арғы дәуірден бастайды. Ең болмаса, сол бірге ортақтасқан түрік дәуірінен бастайды. Ал біз болсақ, әлі күнге дейін әдебиетіміздің басы – Бұқар жырау дейміз. Ақылға сыймайтын нәрсе. Мен енді кейін көрсете жатармын, Мәскеуден көптеген ғалымдар келеді. Соларға мен сені жолықтырсам. Мен енді көптен қарап, ойлап жүрмін, сенің қолыңнан келеді. Тәуекел деп сен осы тақырыпты алып, биыл аспирантураға түссең қайтеді?» деді. Бұл 1964 жылы еді. Мен ол кезде мұғаліммін. «Ойбой, Бейсеке, қиын ғой, мұны қазір айта алмаймын» дедім. Бірақ, бәрібір жанымды қоймады, ақыры аспирантураға түсіп, сол тақырыпты алдым. Сол тақырыпты алып, біраз айналдырдым. Шынымды айтсам, басында өзім қорықтым. «Басым бәлеге қалады ғой» деп. Ол кезде «мен қазақпын, менің тілім бар, менің тарихым бар, менің өткенім бар» деген сөздің бәрі бос былжыр, ертегідей тұғын. Сөйтіп, осыны Бейсекеңе айтып едім, ол: «Жоқ, Мырзатай, сен қорықпа. Ол – түбі игілікті тақырып» деді. Ақыры зерттеуге кірістім. Қазан бардым, Уфа бардым, Ташкент бардым, Мәскеудегі Ленин кітапханасына бардым. Сөйтіп жүргенде менен кейін Мұхтар Мағауинді де алды аспирант етіп. Оған Қазақ хандығы дәуірі әдебиетін берді. Оныкі енді былай кішкене ақылға сияды. Сонымен, әр жерде бізді жетелеп жүреді. Қасына ілесіп жүреміз, түрлі конференцияларға барамыз. ҚазПИ-де Қажым Жұмалиев деген ағамыз болды. Өзі бір адуын кісі еді. Көп білетін, эпостан жатқа айтады, жақсы ғалым еді. Бірақ, қазақ әдебиетінің тарихы 18-ші ғасырдан, сол ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудан басталады дейтұғын принциптің, тезистің авторы сол. Солай қалыптасып кеткен.
Бір күні КазПИ-де үлкен конференция болды. Қазақ әдебиетінің тарихы жайында. Көп баяндамалар оқылды. Оның ішінде біздің баяндама да бар. Менің алдымда Мұхтар сөйледі. Ол Қазақ хандығы дәуіріндегі ақындар, жыраулар туралы баяндама жасады. Қажым Жұмалиевтің Бұқарынан ары кетіп қалды. Ол жақтырмай, орнынан қозғалақтап қойды. Папиросының түбіне мақта тығып қойып тартатын, соны тартып отырды ішіне. Одан кейін мен шықтым. Мен тіпті ары кетіп қалдым. Терісіне сыймады ғой деймін, бір кезде «Ей, Бейсенбай, тарт мына күшіктеріңді үргізбей!» деді. Бейсекең басын ұстап отырып қалды. Конференция бітті, үйге келе жатырмыз. Мұхтар екеуміз Бейсекеңнің екі жағында келеміз. Үйге келдік. Үйіне келіп, кабинетте отырдық. Ол кісі өте қатты күйзеліп кетті. Оның үстіне мен де енді мынау маған күн бермейді дедім де: «Бейсеке, бәрі дұрыс қой. Мұның да заманы келе жатар, мен мына тақырыпты тастаймын. Менің қазір отбасым бар. Оларды асырауым керек. Жұрт қорғап жатыр ғой пәленбайдың өмірі мен ақындығы деп. Мен де солай қорғап алайын. Кішкене өлмейтін күнімді көрейін. Содан кейін барайын» дедім. Ол кісі тұрып қалды. Көз алдымда кішкентай болып кеткендей болды. Содан кейін жаспын ғой, неден қорқам: «Бейсеке, құрысыншы, тастамаймын тақырыпты. Не де болса пешенемнен көрем» деп ем, орнынан тұрып: «Бәсе, солай болса керек еді ғой» деп мені құшақтап, маңдайымнан сүйді. Содан осы тақырыпқа келдік, зерттеп, Құдайға тәуба, одан жаман болған жоқпын. Қазақ әдебиетінің тарихы, ерте дәуір әдебиеті бар, оның тарихы, кем дегенде бергі түрік қағанатының дәуірінен басталады деген тезисті алғашқы болып айтқан, дәлелдеген мен.
– Орхон-Енисей ескерткіштерін сонау 1880 жылы алғаш сөйлеткен дат лингвист-ғалымы Вильгельм Томсен екенін білеміз. Ол ең алғаш «Тәңірі» деген сөзді, яғни Құдай, Алла деген сөздің мағынасын беретін сөзді оқыпты. Содан кейін Радлов оны орысша сөйлетті. Содан кейін қазақша алғаш сөйлеткен ғалым Сіз десек, қателеспейміз бе? Сосын, осы Күлтегін жазбасынан халқымыз осы күнге дейін қолданып жүрген «Тәңірі» сөзін алғаш оқығанда ғажайып көңіл-күйде болған шығарсыз. Мысалы, «Биікте – Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата тегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен» делінген. Осындай сөздерді қалай тауып, зерттедіңіз?
– Менің алдымда Томсен бұл жазудың әліппесін ашқан кезде, Радлов Ресейде, негізі неміс қой, өз алдына зерттеп жатқан ғой. Сонда Томсен түркі әліпбиінің түгел бәрін ашқанда, Радлов он сегіз әріпті ғана тапқан екен. Содан салыстырып келіп қараса, екеуі бірдей. Содан Радлов бірден Томсеннің әліппесін қолданып, бірінші рет тұңғыш орыс тіліне аударады ғой. Менің алдымда Радловтың орысша аудармасы болды. Одан кейін Мелиоранскийдің аудармасы болды. Мелиоранский Радловтың шәкірті еді. Шоқан сияқты өте жас кеткен адам. Кейде екеуі ғылыми принциптерде келісе алмаған. Сөйтіп, менің алдымда Стеблеваның, одан бұрын Маловтың аудармасы болды. Маловтың «Памятники древней туркской писменности» дейтін кітабы болды. Оның алдында қазақтан тиіп-қашып, әр жерін аударған Құбайдулла Айдаров дейтін ағамыз болды. Басқа ештеңе жоқ еді. Менің шашымды, Көсемәлі, ағартқан осы. Менің жүйкемді тоздырған осы. Мен мұның 23 нұсқасын жасадым аударып. Ақылшым екі адам болды: Бейсекең мен Әлкей Марғұлан. Ақыры дәлелдедім. Әлкей аға да мойындады, менікі аударма емес, басқаларыныкі – аударма. Басқа бір тілден өз тілдеріне аударып жатыр. Менікі бөгде тіл емес қой. Менікі өз ата-бабамның байырғы тілінің формасынан жаңарған бүгінгі тіліне түсіру. Менікі жаңашалау, жаңғырту. Кейіннен Әлкей аға мынауың дұрыс деп келісті. Содан кейін мен сөзбе-сөз жазып шықтым. Мен кейін жазғаным бар, он екінші ғасырда туған орыстың «Игорь полкі туралы сөз» дейтін дастанының сөзін кез-келген орыс түсінбейді, тіпті, филолог та түсінбейді оны, арнайы зерттеуші болмаса. Ал мынау біздің сегізінші ғасырда туған жырларды кез-келген қазақ түсінуіне болады ежіктеп оқыса. Өйткені ол біздің өз тіліміз, біздің байырғы тіліміз. Бейсекең де кейде сөйлескенде «біз сол кезде отырар едік, барар едік» деп сөйлейтін байырғы формасымен. Орыс ғалымдарының, әсіресе, Мелиоранскийдің айтатыны бар, «байырғы түркі тілін сақтап қалған қазіргі қазақ тілі» деп. Сондықтан, бұл мемлекетті алдымен орнатқан да алдымен қазақтар, қазақ рулары. Біз қазір көптеген ғалымдар Істемі деген бабамызды бүгінгі Ысты деп жүрміз, Ысты би. Өйткені, ол кісі осы жерде салтанат құрған. Мынау бәріміз мақтан тұтатын Бауыржан Момышұлы ағамыздың ауылы Мыңбұлақта Византияның елшісін қабылдаған сол кісі болған. Сонда әлгі Земарх келіп, бұл кісі оны қабылдапты. Керемет шатыр тіккен. Византияда не болды, не тілегімен келіп отыр дегендерді тыңдап, бірақ елемегендей болып отыр екен Ысты би. Бір кезде отырып, «Осы сен қай елден келдің?» депті ана елшіге. Сөйтсе ол елші «Мен Византиядан келдім» депті. Біздің бабамыз «Ә, сен әлгі он екі тілде сөйлейтін суайт елдің елшісі екенсің ғой» депті. Не деген ірілік бұл?! Мына жерде отырып, әлемнің тарихын білген.
Маған дейін Тоныкөкті әр түрлі атады. Тоныкөкті – Тоныкөк деп қазақ қылып жіберген мен ғой. Менің аудармам қазір халықтың шығармасына айналды. Маған ешкім сілтеме жасамайды. Әрине, мені ұмыта қойды деп ойламаймын.
5. «Бұлақ көрсең –
көзін аш»

– Дұрыс айтып отырсыз, оның бағасын халық береді. Сіздің халыққа тағы бір қызметіңіз, ел ішінде айтыс ақындарына қамқорлық жасауыңыз. Талай ақындарды баулыдыңыз, талайларының томағасын сыпырып, қияға қанат қақтырдыңыз, аламанға қосып, атбегідей алдынан күтіп алдыңыз. Алматыға, Астанаға шақыртып, оқыттыңыз. Жауапты қызметтерге орналастырдыңыз.
– Қазақ енді мақтанғанды жақсы көреді ғой. Ол табиғатымызда бар. Кейбір азаматтардың айтып, жазып жататынын көріп, кейде таңғалам. «Мен өйттім, бүйттім, дәстүр қалыптастырдым» деп. Биліксіз ештеңе шешілмейді. Біз осы айтысты халық өзі көтере бастағаннан сездік. Өзбекәлі екеуміздің басымызды орталық партия комитетінде қосқан Аллаға мың шүкір деймін қазір. Екеуміз тізе қосып көп нәрсе істедік. Колбиннің өзін, ол қорқақ еді, соны қазақтың мұратына бағындырдық. Көп нәрсені пайдаландық сол үшін. Сол кезде-ақ осы халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, оның ішінде, айтысы, соның бәрі дүниеге қайта келді. Ол кезде жасырып-жабатыны жоқ, Мұхтар Шахановтың да еңбегі аз болған жоқ. Біз солардың бастамасын қолдадық. Ал енді Мұхтар өз алдына бір әңгіме. Оның еңбегін қазақ ұмытпауы керек. Сөйтіп, айтысты қолға алдық. Өйткені, айтыс, ол – кез-келген халықта жоқ өнер. Табан асты суырып өлең айту деген ол сұмдық өнер. Сөйтіп, мұны халық болып көтеріп, талай жерге апардық. Талай ақындардың атын шығардық, қолдадық. Мысалы, Мұхамеджан Тазабеков. Мен ол кезде Үкімет басшысының орынбасары едім. Қаршадай ғана бала, көзінде от бар «аға, мені Түркияға оқуға жіберіңіз» деп келді. «Не бар Түркияда, сен ақын болайын деп жүрген азамат емессің бе? Онда босқа сандалма!» деп, қолма-қол, ол кезде университеттің ректоры Көпжасар Нәрібаев еді, соған мынаны оқуға түсір деп қолынан ұстатып, жетектетіп жібердім. Қамқорлықты көп жасадым.
– Жамбылдың жастық шағы туралы фильмдегі басты рөлге тартқан да Сіз емессіз бе?
– Иә, Қаныбекке айтып, Жамбылдың жастық шағын ойнаттық. Ол ақын ғой, бабамыздың жастық шағын өте жақсы алып шықты.
Ал ақын Шырынбек Қойлыбаев осында жүріп, Тараздың 2000 жылдық тойында танылды. Айтыстың әділқазы мүшесі едім. Сонда ешкімді бет қаратпады осы жігіт. Ол бас бәйгені алған соң «Құдайға тәуба, Жамбыл өңірінен тағы бір бала шығып келе жатыр екен» деп кетіп бара жатсам, ағайындары мен туыстарының бәрі мені қоршап алып: «мына бас бәйге алған өзіңіздің балаңыз, осы елдің азаматы» дейді. Сөйтсем, бұл Жаңылдықтың ұрпағы екен. Жаңылдық апамыз туралы мен жазған адаммын. Өнерінің буына мас боп жүрген албырт қыз: «Жаңылдық – жас күнімнен өзім маспын, жігіттер қолға ұстайтын гауһар таспын» деп бастайды екен өлеңін. Кейін мен ректор болған кезде өзі келді. Оған «Сен кел, енді аспирантураға түс» дедім. Одан кейін «сен ғалым бол, айтысты қой» дедім. Қазір жаман емес, қасымда. Мен енді оған арнайы сабақ бергенім жоқ, дегенмен, білгенімді, көргенімді көрсетіп жүрмін.

6. «Сағынып, өлең жаздым Мырзатайға…»

– Сіз Кенен Әзірбаевтың қасында он жылдай жүрдіңіз. Ол еңбегіңіз де қыруар жұмыс қой білгендерге. Содан там-тұмдап айта отырсаңыз.
– Кенен туралы айлап айтса да таусылмайтын жыр деп ойлаймын. Оны енді «қазақты сөзден жетімсіретпейін» деп Құдай бере салған. Жамбылдың жанында қырық жыл жүрді, серігі болды. «Жанымда Кененнен басқаның болғанын жақтырмаймын» дейді екен жарықтық. Жамбыл кетті, Кенен қалды. Ал мен сол Кенекеңнің өмірінің соңғы он жылында араластым. Ағайын, әкелі-бала, ағалы-інілідей болып кеттік. Кейде құрдас секілді қалжыңдасып отыратын еді менімен. Менімен бұл кісінің айтысқаны бар. Баласы Бақытжанды оқуға түсірген соң бізді қонаққа шақырды ғой. Кенекеңмен, әттең, жастау кезінде жолыға алмадым. Білсек те жолай алмадым, Алла бұйыртқан жоқ. Бірақ, ештен кеш жақсы деп, Құдайға тәуба, Кененнің аузынан талай нәрсені жазып алдым. Неше түрлі аңыздар, неше түрлі әңгімелер. Қасиетін көрдім, ұлылығын таныдым. Кенен үшін қолымнан келгенше.
«Жамбылдан кем болған жоқ» деп екеуін бірдей қылып жаздым. Екеуі де қарлығаштың қос қанатындай, бірін-бірі толықтырып тұратын, сосын қырғыз бен қазақта айтушы еді, домбыраның қос ішегіндей, адамның қос шырағындай, түйенің қос өркешіндей, биенің қос емшегіндей деп. Сондай көрем. Кенекең әрі жырау, әрі күйші, әрі ақын, әрі әнші.
Кенекеңнің тоқсан жылдығын өткізгеннен кейін, мен деканмын, қолым тимейді, тойдың қамымен көп жүрдік қой. Сонымен, той өткен соң жұмысым әлсіреп кетпесін деп, үш айдай ат ізін салғаным жоқ. Алдында апта сайын барып тұратынмын. Салпақтап автобуспен барам сол кезде. Содан бұл кісі шарқ ұрып іздейді ғой мені. Сонда анау қонақтарды атқарғанда біреуге шапан, біреуге тағы бірдеңе кигізіп жатты. Мен қайтатын кезде «Сенің сүйегің де, қаның да таза» деп, маған тақия кигізді. Сонда Насиха апамыз: «Ай, жазған басым, оған неге ғана тақия кигіздім екен? Ол соншама жұмыс атқарғанда еңбегімді бағаламады, мені баласынды деп өкпелеп кетті» деп күйінеді екен. Содан бір күні Төрткен келді. Сол айтады, өткен-кеткеннен әлгі Мырзатай бар ма деп іздеу салуда. «Ол жұмыс істеп жатыр, қолы тимей жүр» десек, «Қайдағы қолы тимей жатқан? Бұрын қолы тиетін еді ғой, апта сайын келетін. Енді, міне, үш ай болды ғой ат ізін салмады» депті. Сосын қолына домбырасын алып Төрткенге жаз депті. «Мырзатайға» деген өлеңі бар, әніменен. Ой, керемет ән, мені сағынып жазған. Маған бір соның өзі ескерткіш болады деп ойлаймын ғой.
– Оның әні мен сөзін жазып алып қалдыңыз ба?
– Иә, қазір оны Ардақ Балажанова, Жазгүл Данабаева дейтін әнші қыздар, сосын Төрткеннің өзі де орындап жүр. «Сағынып, өлең жаздым Мырзатайға, жігітсің сөзге шешен, тілің майда» деп басталады.

7. «Үш қызымның жасауына 1500 кітаптан және бір-бір домбырадан қостым»

– Сіздің тағы бір қасиетіңіз, ол – кітапқұмарлығыңыз, кітапты көп жинайтындығыңыз. Мен жас кезімде Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде жұмыс істеп жүргенде Сіз Талдықорған университетінде ректорсыз, ауылға кітап жібердіңіз. Сол кітаптар бірінші Жамбылға, одан Таласқа келді. Сөйтіп редакциядан мені қосты да біз оны Ильич ауылына алып бардық. Аудандық партия комитетіндегі бастығымыз Тұрғын Қойшығараев машинаның кабинасына, мен қорабында отырдым. Кітаптың бәрі қорапта. Мен де кітапқұмармын ғой. «Қандай кітап апара жатырмыз, көрейінші өзі» деймін ғой жаңағы. Ақкөлден Ильичке жеткенше бір сағат жол. Қарап отырсам жазушы Шыңғыс Айтматовтың «И дольше века длится день» деген кітабы бар екен. Ары қызығып, бері қызығып «Сұрасам ба екен?» деймін, «бермей қойса қайтем?» деймін. Сөйтіп отырып қойынға тығып жібердім. Қалған том-том кітаптар да жетеді ғой. Содан кейін редакцияға келдім. Бас редакторым Әбдірахман Әбдірәсілов ағамыз «Қандай кітаптар жіберіпті?» деп сұрады. «Аға, мынадай бір кітапты алып келдім» деп көрсеттім. Сол кітап менде әлі бар.
– Мен ол кезде Талдықорғанда ректормын. Аз болса да оқыған мектебім ғой деп 250 кітапты автографымен, ішінде Әуезов бар, Абай бар, «Інішек Мырзатайға» деп Мұхтардың қол қойғаны бар, соны балалар көрсін, оқысын, менің жолыма қарап талпынсын деп жібердім. Алайда, кейін бір сұрасам, бір де бір кітап жоқ. Талап алып кеткен.
– Аға, Сіз қызыңыздың жасауына 1000 кітап қосты деген сөз бар.
– Мен үш қыз ұзаттым. Үшеуінің де жасауына мың жарым кітаптан қостым. Бір-бір домбыра жасатып сыйладым. «Тентек шоқпар жинайды» деп, мен өзі домбыра жинайтын әдетім бар. Менің қолымда сұмдық керемет домбыралар бар. Қалғанына береке берсін деп, қалған 9500-ден аса кітап тұр. Астанадағы ұлттық академиялық кітапханаға тапсырдым ғой маған сыйға тартқан мынадай дүниелер деп. Қазір онда менің кітапханам жазылып тұр, ол кітаптар сонда сақтаулы.
– Сіз сонымен қатар, туған ауылыңызға мешіт салдырдыңыз. Бұл да бір үлкен сауапты іс болды.
– Қазір ел жапа-тармағай мешіт салдырып кетті. Бір кездері мен де соны қолға алдым. Қазір, өкінішке қарай, мешіт салдырған азаматтар өзінің әкесінің, атасының атын береді сол мешітке. Мен өйткенім жоқ. Мен өзім туып-өскен қасиетті мекен Ақтөбе ауылдық мешіті дедім. Алланың үйі ғой, сол өзі барға қанағат, жоққа салауат деп жүрген ел еді, тілеу тілеп, мінәжат етсе, Алла берер деп салдырдым. Бірақ, өкінішке қарай, сол мешітке барып жатқан ешкім жоқ. Мен жақында бас мүфтимен екі рет кездестім, «Егемен Қазақстанға» сұхбат бердім. «Дін – көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек» деп. Сол сұхбатымда да айттым біраз нәрсені. Мен сол мүфтиятқа өткіздім бұл мешітті. Енді өздерің имам тағайындаңдар, сөйтіп мешіт өзінің халыққа қызметін жасасын деп.

8. Тәуелсіздік деген – қасиетті ұғым

– Өзіңізді өбектеп өсірген, әдебиет пен мәдениет бәйгесіне үкілеп қосқан, саясат майдандарында ел мен жер үшін сайыпқыранша сайысып жүрген кездеріңізде тақым қысып отырған қасиетті Әулиеата топырағындағы жұртыңызға Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қандай тілек айтасыз? Қалай тойласақ, қалай өткізсек, Тәуелсіздікті қалай қадірлесек?
– Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым. Тәуелсіздікке жоғарыда айттым ғой, біз арып-ашып, шаршап-шалдығып, зорға жеттік. Енді менің Алладан тілейтінім, осы халықтың басына қонған бақты алмаcа екен! Ел-жұрт, ағайын-туған, осы басына қонған бақытты бағалай білсе екен.
Екіншіден, бұл 25 жылдықты қалай тойласа да жарасады. Бірақ, даңғаза қылып, шашып-төгіп, ысырап қылып той тойлаудың керегі жоқ. Ол – әсіре мақтаншақтық. Ондай істі Алла да жақтырмайды. Сондықтан, бәрі орнымен болуы керек. Мен былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығынан кейін мақала жаздым. Онда осы күнге дейін мен көрген тағылымды той, ол осы Таразда өткен Қазақ хандығының 550 жылдығының тойы дедім. Ештеңе ысырап болған жоқ, абыр-сабыр болған жоқ, үйін сүйреп, халық үйді айдалаға тіккен жоқ, жұрт қиындық көрген жоқ. Сосын, халықтың ажары керемет жақсы болды, жарқырап-жайнап жүрді, күн де жақсы болды. Алла да қолдады, халық та қолдады, Президент те қолдады. Осындай бір жан-жақты қолдау тапқан той болса екен, тағылымды той болса екен. «Ой, бәрекелді, Тәуелсіздіктің 25 жылдығында мынандай, мынандай болып еді» деп, ел айтып жүретін сондай бір құдіреттер болса екен деп ойлаймын.
Той тойға ұлассын, Алла тойдан жазбасын! Ел аман болсын, жұрт тыныш болсын! Тараз өстіп әрі көнере берсін, көнерген сайын заманына сай жасара берсін! Халқы аман болсын!
– Рахмет! Сау-саламат болыңыз, аға!

Әңгімелескен
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>