Айкезбе

немесе оларға айдың толғаны әсер ететіні шын ба?

Бірде ауруханада жатқан немере інімнің халін білуге бардым. Хал-жағдайын сұрап, сөйлесіп, ұзақ отырдым. «Бүгін мен түс көрдім» деп бастады әңгімесін інім. Сөзінен оның сол түстен жақсы әсер алғанын оның қуанышты жүзінен байқадым.
– Түнде далада түрлі түсті, үлкен шарлар ұшып жүр екен. Мен терезеден қарап, қызықтап тұрдым. Сондай әдемі. Әсері керемет. Бірақ, бұл ұзаққа созылмады. Бейтаныс апа келіп: «Әй балам, терезеден түс, орныңа жат» дегенде оянып кеттім, – деді.
Түнде інімді оятқан сол палатада баласын қарап жатқан егде тартқан апа болып шықты. Анасы оның мұндай әдеті барын бұрын бір рет ескерткен болатын. Ол баласының түнде далаға шығып, үйді айналып жүріп, есік алдында ойнап, содан кейін қайта үйге кіріп, төсегіне жататынын айтқан еді. Ал ауруханада қайталанған мына жай мені қатты ойландырды. «Түн ішінде ұйқысырап, тағы да аурухананы кезіп кетпесе қайтсін» деген қаупім де болды іштей. Осыдан кейін ғаламтордан айкезбелер туралы, оны емдеу жолдары туралы деректер іздей бастадым.
Ертеде емшілер ай толған кезде кейбір сезімтал адамдардың өз-өзінен мазасызданып, ұйқысы келмей, түн ішінде ұйқысырап тұрып кезіп, жүріп кететін жандарды айкезбе деп атаған екен. Айкезбе болған адам дағдылы қимыл-әрекеттерді орындайды дейді. Түн мезгілінде өзінен-өзі ұйқылы күйінде жүріп кететін, кейде өзі білмейтін әртүрлі істер істейтін көрінеді. Ондай сырқатты бақсыға ұшықтатып емдеген деседі. Дәстүрлі наным-сенім бойынша адам ай астында иен далада ұйықтап қалған кезде бетіне айдың сәулесі түссе, айдың шалығы тиіп есі ауып, аузы қисайып қалады деп санаған.
Бұл күндері бірқатар ғалымдар айкезбелікке айдың әсері жоқ деген пікір айтуда. Неміс психиатры, профессор Волькер Фауст көше шамын жағып қойса да, айкезбелікке ыңғайы бар адамдардың оның сәулесінен ұйықтап жатып «қыдырып» кетуі мүмкін екенін айтқан. Осыған қарап айкезбелікке ай емес, оның сәулесі ғана себеп болатынын шамалауға болады. Бірқатар зерттеушілер бұны жан күйзелісінің белгілі бір формасы ретінде қабылдауымызға кеңес береді. Ал калифорниялық Ұйқы бұзылуын зерттеу орталығының ғалымы Майкл Салеми: «Айқұмарларды оятқаннан олардың өліп кетуі мүмкін деген қауесет те шындыққа жанаспайды. Әрине, артық кетсеңіз, белгілі бір деңгейде жүйкесі соққы алары сөзсіз», – деп халық арасындағы айкезбелерге қатысты пікірлерді жоққа шығарған.
Адамдардың миы әртүрлі болғандықтан, айкезбелік балалардың 17 пайызында ең болмағанда бір рет кездесетін құбылыс екен. Ғалымдар айкезбелік 11-12 жаста жиілей түседі, ал жасөспірім шақтың соңында азаяды дейді. Ересек адамдардың 2,5 пайызында ғана ұшырасатынын айтады. Ресейлік мамандардың пікірінше, айкезбелікке ақпаратты мидың шамадан тыс көп қабылдауы, күшті стресс, бас сүйегінің зақымдануы, созылмалы аурулар, тіпті тұмау да әсер ететін көрінеді.
Көпшілік арасында айкезбе адамды оятуға, оған сөйлеуге болмайды деп жатады. Ол рас па? Рас болса, қаншалықты негізді? Осы сұрақтардың жауабын «BBC Future» тілшісі Клаудиа Хаммондтың шағын зерттеуінде берген. Оның айтуынша, статистика бойынша әрбір бесінші бүлдіршін ұйқы кезінде жүреді және адамдардың ең кемі 40 пайызы өмірінде бір рет ұйықтай отырып орнынан тұратын көрінеді.
Адамның миы не себепті ұйқы кезінде орнынан тұрып ары-бері жүруге бұйрық беретіні беймәлім. Дегенмен ұйқы кезінде не болатыны туралы біршама мәлімет бар. Түн уақытында адам ұйқының бірнеше фазасынан өтеді: үстіртін ұйқы шамамен жиырма минут ішінде біртіндеп терең ұйқыға ауысады, одан кейін қайтадан үстіртін ұйқы, сосын жылдам ұйқы.
Осы цикл бір түн ішінде бірнеше рет қайталанады және әрбір цикл сайын жылдам ұйқының ұзақтығы артып, таңға жуық аталмыш фаза ең көп уақыт алады екен. Адам өз түсін көбіне осы фазада көреді. Бұл кезде адам денесі сал болып қалғандай, себебі түс көріп жатқан адам өңінде қарқынды қозғалыстарды бастап кетпеуі тиіс. Демек, айкезбелік бұл фазада болмайды.
Шын мәнісінде, айкезбелік терең ұйқы кезінде басталады дейді зерттеушілер. Бұл – өте қызықты және пардоксал құбылыс. Терең ұйқыда ми адам қозғалып жүретіндей, бірақ оянып кетуге жеткіліксіз болатындай деңгейде белсенді болатын көрінеді.
Нигуардағы (Италия) миландық емханада айкезбелікке бейім адамдардың миындағы толқындық тербеліске зерттеу жүргізілді. Сөйтіп ғалымдар мидың кей бөліктері сергектену жағдайында болғанда, басқа бөліктері терең ұйқыда жататынын анықтаған. Айкезбелік осы аралықта пайда болуы мүмкін деген тұжырым да осы зерттеу нәтижесіне сүйене жасалып отыр.
Қалай десек те, терең ұйқыдағы айкезбелерді шошытуға болмайды. Егер қатты дыбыстан оянатын болса, стрестік күй кешуі мүмкін. Терең ұйқы кезінде оятқыш шырылдауынан алғашқыда шошып, абыржып оянатыныңызды ұмытпаңыз. Айкезбелер осыған ұқсас күйде болуы ықтимал.

Камила Борашова.

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>