Жазушы және өмір

Белгілі журналист, жазушы Кәдірхан Баққараев Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, баспасөз саласында ұзақ жыл еңбек етті. Әуелі Талас, Сарысу ауданаралық «Ленин жолы» газетінде, одан кейін облыстық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі, Шу аудандық «Шу өңірі» –
«Чуйская долина» газеттерінде редактор қызметтерін абыроймен атқарды.
Облыстық «Ақ жол» газетінің Талас, Сарысу аудандары бойынша меншікті тілшісі де болды. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесін басқарып, мемлекеттік тілдің жанашыры болды. Республикалық «Ара» журналының әр жылдардағы байқауларының лауреаты атанды.
Кәдірхан Баққараев – «Ұзатылған қауын», «Штирлицтің ішірткісі», «Алтын жұмыртқа» кітаптарының авторы.
Бүгін қарымды қаламгер Кәдірхан Баққараевтың бір топ әңгімелерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

БЕТАШАРдың «тізімі»

Таң алакеуімде Таңсықбай қария Көшербайға жол үстінде ұшыраса кетті.
– Таң атпай жатып қайда асығып барасың?
– Қалаға, ертең базар ғой…
– Базарды қоя тұр. Мал сатуға бара жатқан жоқсың ғой. Түнде Томпақ жеңешеміздің немересі келін әкелген. Бүгін кешке беташар тойы болады. Жаңа түскен келін саған да арнайы иіліп сәлем етеді. Ақын жігіттің өлеңіне сенің де атың жазылады.
– Апыр-ай, ә, – деді Таңсықбай елеңдеп.
– Иә, Таңсықбай, – деді Көшекең кетіп бара жатып. – Базарды қоя тұр. «Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, мұндай қансонар қайдан табылар» деген емес пе?! Кешке қарай малды жайғастырған соң, үйдегі құрдас келін екеуің беташарға келіңдер.
Көшербайдың соңынан көп уақытқа дейін қарап тұрған Таңсықбайдың ойын жанынан зу етіп өте шыққан велесипед бұзып жіберді. Велесипед мінген бала ентігіп:
– Ассалаумағалейкум, ата. Үйден жаңа кетті деген соң сізді әрең қуып жеттім ғой. Томпақ әжем сізді кешке болатын келіннің беташар тойына шақырып жатыр.
– Мақұл, жарайды, – деді қария қала жөніндегі толқымалы ойынан біржолата арылғандай болып.

* * *

Сәске кезінде үй иесі Аюбай мен баласы Сәрсен, әйелі Әсел, інісі Жуасбай болып бүгінгі беташарға шақырылатын адамдардың алдын ала жазылған тізімін талқылауға кірісті.
– Мынауыңыз талқылау емес, талқандау ғой, – деді Жуасбай шыдамай. – Таңсықбайды қалай сызып тастаймыз? Әжемнің айтуымен таңертең шақырып қойыпты. Қалаға баратын жолынан қалыпты…
– Тәте-ау…
– Әке-ау…
– Аюбай-ау…
– Әй, келесаулар, – деді Аюбай шақшиып. – Өңкей шал-шауқан, арбакеш, сиыршы, жұмысшыларды жинап алып жиналыс өткіземіз бе?
– Аюбай-ау, ол марқұм атамның ағайын ішіндегі ең жақын досы еді ғой, – деп әйелі әдемілей беріп еді, отағасы оған көнбеді.
– Досы болса қайтейін.
– Аязбек!
– Бұл кім?
– Өзіміздің су таситын туысқанымыз емес пе?
– Бізде оңған туысқан да жоқ екен ғой, – деп Аюбай аһ ұрды, күрсініп салып үйдің төбесіне қарады.
– Сызып тастаңдар, – деді жоғарыдан нұсқау алғандай әмірлі үнмен.
– Шақырылып қойылған.
– Келіп отырсын, бірақ жаңа түскен келін оған сәлем етпейтін болсын, – деп бір-ақ кесті де, – онан әрі оқышы, – деді үлкен бір мемлекеттік мәселе шешіліп отырғандай.
– Бәдірен жәкем.
– Әй, – деді Аюбай сыздап. – Сендер кім көрінгенді тізе беріпсіңдер. Ендігі жетпегені жекеменшік сиырлардың бақташысы ма?
– Тәте-ау, «Ағайынның азары болса да, безері жоқ». Біз де олардың той-томалағында атаусыз қалған емеспіз.
– Аюбай-ау, тетелес дұрыс айтады. Ағайынды, көрші-қолаңды, ескі дос-жарандарды осындайда өкпелетіп алмайық. Ана әкімнің жаңа болған орынбасары бақташы жәкемнің үйіндегі Жорға жеңгейдің інісі көрінеді…
– Не дейді?! – Аюбайдың бадырақ көздеріне күлкі үйірілді.
– Е, онда шақырыңдар, – Бәдірен қанша дегенмен туысқанымыз ғой. Келін арнайы иіліп сәлем ететін әдемі өлең жазылсын. Менің ұмытып кететінім бар. Ақын жігітке арнайы айтыңдар. Тәк… Сендердің көңілдерің жайланды, айтқандарың орындалды ғой, білем. Енді мен сөйлейін, сендер тыңдаңдар. Сәкеңді жаздыңдар ма?
– Ол бізге бейтаныс адам ғой, – деді інісі.
– Ойбай… – деді Аюбай күйіп-пісіп, – дүниеден хабарсыз, ештеңе білмейді екенсіңдер ғой. Беташарға салмақты, бет-ажары бар ақылды адамдар жиналсын деп талай рет мен сендерге айтпап па едім! Сәкеңнің өзі келмесе, әйелі, тіпті өздерінің қолы тимесе, ұлы мен қызының бірін жібереді ғой.
– Мәкеңді жазыңдар.
– Қоймашыны айтасыз ба? Бізге оның қандай қатысы бар? – деді інісі.
– Туысымыз, яки ауылдасымыз, немесе жегжат-жұратымыз, тіпті болмаса қызметтес жолдасымыз емес қой, – деді баласы.
– Әй, өңкей милаулар. Қоймашы деген – дүниенің кілтін ұстап тұрған адам. Бос сөзді қойыңдар. Беташардың беделін көтеремін десеңдер, қоймашыны қосыңдар.
– Атамды ұмытып кетіп жүрмеңдер, – деді Әсел қыстырылып.
– Оның кім тағы? – деді Аюбай.
– Бағана сызып тастап едің ғой, жәкетай, соны кіргізіп жіберші…
– Таңсықбай атамды айтып отыр ғой, жеңешем, – деді інісі.
Аюбай ол сөзді естіген жоқ, тура сол кезде төмен қарап отырған тықшыңдап.
– Жарайды… Қоя тұр…
Ойдағы-қырдағының бәрі тізілді. Алғашқыдай емес, Аюбайдың да бет жүзі ажарланды.
– Әй, – деді ол, – сендер автозаправщикті жаздыңдар ма? Ертең бізге бензинді кім береді?
– Атын білмейміз ғой.
– Білетіндерден сұрап алыңдар, – деді Аюбай, дендерің сау ма дегендей таңырқап.
– Атамды ұмытпаңдар…
– Әй, қоя тұршы қақылдамай, – деп Аюбай қолын қалқиған құлағының артына апарды.
Осылайша «қоя тұрмен» Таңсықбайдың есімі мүлдем естен шығып кетті. Оның сорына қарай, дәл сол кезде нөкерлерін ертіп, үкілі домбырасын қолтықтап, ақын жігіт көрші бөлмеден шыға келді.
– Аға, – деді ол Аюбайға, – қазір демократия, жариялылық заманы ғой, әзіл-әжуа айту да жарасады. Кімдерге қалжың арнайсыздар?..
Аюбайдың есіне арбакеш, күзетші ағайындары сап етіп түсті. «Әп, бәлемдерді осындайда бір сілкілеп алайын. Екінші рет кімнің кім екенін біліп жүретін болсын!».
– Жазыңдар, – деді ол інісі мен баласына, сұқ саусағын едірейте шошайтып тұрып…

* * *

Ауылдың беташар тойына еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жиналды. Төрде Таңсықбай мен Көшербай да отыр. Ортаға шыққан ақын жігіт үкілі домбырасын безектете қағып, екі жас әйел екі қолтығынан сүйеген жаңа түскен келіншекті сан рет иілдіріп, жаңа жұртымен таныстыра бастады. Ауылдың игі жақсылары Сәкен, Тәкең, Мәкең, Есекеңдердің есімдері олардың сыртынан құрметтеп аталды. Қарынбай, Жартыбай қарияларға да жас келін иіліп сәлем етті. Бірақ, қалаға барар жолынан қалып, құлағы елеңдеп отырған Таңсықбайдың аты аталмады. Ол ақын жігіттің аузына бір, жанындағы Көшербайға бір жаутаңдап қарап қояды. Ал Көшербай болса, құлағын түріп алып, ақын жігіттің әр сөзін қалт жібермей отыр. «Асықпа, қазір сенің есімің де естіледі» дегендей, оқта-текте Таңсықбайға қарап, күлімдеп қояды.
Алайда Таңсықбай енді мына беташардан күдер үзе бастады. Мұнан кейін оның аты аталғанымен, ешқандай әсері болмайтын сияқты. Өйткені есімдері естілген өзінен кіші де, бала-шаға да, кәрі-құртаң да мәз. Тіпті «Кішкене ғана бойы бар, директор болу ойы бар» деген қағытпа сөз тыңдаушыларды қыран-топан күлкіге батырды. Ал «директорлықтан дәмелі» қара домалақ арбакеш өз атының әнге айналғанына мәз болғаны сондай – ақынның төс қалтасына бір уыс «қызыл шұнақ» қағазды қыстыра салды.
«Қараңғыда қабандай, қапқа тыққан сабандай дәу қайын ағаң Айранбайға бір сәлем» деп еді, мойны бұғыдай, қарны қабақтай, зор денелі жігіт екі езуі екі құлағына жетіп, арсалаңдап барып, ақын жігіттің қолын қысып тұрып, екінші қолымен ақынның қалтасына «аққұйрық» қағазды тарс еткізді де, «мұным қалай?» дегендей көзін жұмып, отыз екі тісін көрсетіп ыржия қалды. Бағанадан бері не болар екен деп дағдарып отырған халық ду етіп күлді.
Ауыл адамдары ойын-сауық көргендей көңілді, мәз-мәйрам. Тек Таңсықбайдың көзі кіртиіп, мұрты жыбырлап, мазасы болмай отырды. Беташар бітті. Халық тарауға айналды. «Әй, мұнысы несі?» – деп қапаланған ол Көшербайға тағы да қарады. Ал ол болса: «Әй, ақын бала, беташарда мына Таңсықбайдың аты неге аталмады?» – деді. «Қап, мынау мені ел алдында масқара етті-ау. Елдің құлақтанбағаны да жөн еді. Дүниенің бәрін бүлдіріп жүрген осының өзі болмасын» деп ойлаған Таңсықбай ақынның жауабын күтпестен сыртқа шығып кетті. «Е, қулықтың құйрығы бір-ақ тұтам» деген. Мұның айла-әрекетін енді білдім. Мені халық алдында әшкере ету үшін әдейі жолымнан қалдырған екен ғой. Таңертең беташарда аты аталғандардың тізіміне іліндің деген де өзі еді. Кейін менің атымды өшіріп, «Таңсықбайдың аты неге жоқ?» – деп, жарияға жар салып, мүләйімсуін қарашы».
Таңсықбайдың ойы әртарапты шарпыды.
Ағайын арасындағы көңілдес досымен Таңсықбай осылай өкпелесіп жүре беретін бе еді. Жақында ауылда тағы да келін түсіп, беташар жыры тұп-тура ресторандағы той үстінде айтылатын болыпты. Сонда «Есімің алдымен, бірінші аталады» деп, Көшербай Таңсықбаймен әрең татуласыпты дейді.
Бірақ, келін түскен үйдің бүйректері қайда бұрарын кім білсін?!

«ДИССЕРТАЦИЯ» қорғау

Мысық диссертация қорғайтын күні Жолбарыс жұртпен бірге залда отырды. Мұны төрде бетін бері қаратып отырған жырынды жыртқыштар әулеті байқап қалды.
Алдымен құйрығын қайқаңдатып Қасқыр жетіп келді. «Жөке, төрге шықсаңызшы», – деп жалбарынды. «Жоқ, сендердің жұмыстарыңа араласпаймын. Ел қатарлы осында отырайын. Бүгін інім қорғайтын еді…».
Ғылыми кеңестің мүшелері дайындап келген қағаздарын оқып тұрып, залда отырған Жолбарысқа көздері түссе, сөздерінен шатасатын болды.
«Мысықтың ғылыми еңбегі түкке арзымайды», – деп, алдындағы қағазынан бас алған Түлкі залда отырған Жолбарысқа көзі түсіп кетіп: «Осылай деп айтсақ, ол әділетсіздік болар еді…» – деп жылмыңдап одан әрі сайрай жөнелді. Қағазға қарамай-ақ мысықты мақтады-ай дейсің! «Бұл керемет дүние», – деп Түлкі сөзін түйіп тастады.
– «Мысыққа ғылым кандидаты деген атақ аздық етеді. Оған бірден ғылым докторы атағын беру туралы жоғары аттестациялық комиссиядан сұралсын» деп ұсыныс енгіземін, – деді Түлкі бұлаңдап .
Мұнан соң Тышқан, Мәлін, Тоқты-торым, Қарсақ, Қоян және басқалары сөйледі. Ғылыми кеңеске күні бұрын дайындалып келген олар қағаздарын оқыса, «Диссертацияны басқадан көшіріп алған», «Ол жалқау, жатыпішер, арамтамақ, ғылыми жұмысқа икемі мүлдем жоқ» деп жазылған. Сондықтан, олар сөздерінен жаңылыспау үшін қағаздарын қалталарына салып, өздерінің әлдерінше Мысықты дәріптеумен болды. Ақыр соңында мінбеге Қасқыр көтерілді.
– Құрметті қонақтар, аса мархабатты Жөке! Бүгін біз өзіміздің асқан дарынды, жырынды туысымыз Мысықтың ғылыми еңбегін жан-жақты талқыладық. Оған бірден ғылым докторы атағы берілсін, – деген ұсынысты мен де қолдаймын, – деді.
Шешім қолдау тапты.

ТӘКАППАР ТЕРЕК

Қалың қамыс – құрақтың, ағаштың арасында жас терек булығып өсе алмайтын болды. Бірақ, жас өскіннің көретін жарығы бар екен.
Терек айрықша күтімге алынды. Енді жас терек асқақтап өсе бастады. Ертегіде айтылатындай, сағат санап, минут санап өсті. Ол аспанға, көкке тірелетіндей болып, биіктей берді. Биіктеген сайын төменге қарағысы келмеді. Баяғы қиын күндерді мүлдем ұмытты. «Төмен қарасам, басым айналады», – дейтін болды, ол айналасында өзімен теңескен теректерге.
Ал төмендегі қамыс-құрақ, қураған ескі ағаштар терекке телміре қарайтын. Оның биіктеп өскеніне іштей қуанып, тілеулес болатын.
Бір күні қатты дауыл тұрып, әлгі асқақ, менмен терек құлап түсті. Өзі көп қарағысы келмейтін қара жерде сұлап жатты.
Жас терек сонда ғана туыстарын, баяғы қиналған шағын есіне алды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>