тәуелсіздігімізді бірінші мойындаған түркияда

Түбі бір түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі Халықаралық ұйымының шақыруымен биылғы Наурыз мерекесін бірқатар түркі тілдес халықтардың өнерпаз өкілдері Түркия елінде атап өтті. Ұлыстың ұлы күнін ыСтамбул қала­сында қарсы алғандар арасында облысымыздағы «Тараз» триосының әншілері де бар. Олар он күндік сапардан жақында ғана оралды. Біз осы сапарға «Тараз» триосын бастап барған белгілі әнші Асылхан Шүңіреков­пен сұхбаттасқан едік.

– Қазақ елі Тәуелсіздігін алғанда ең алғашқылардың бірі болып бауырлас Түркия мемлекеті құттықтаған еді. Түркияда тойланған Наурыз мерекесі қандай әсерге бөледі?
– ТҮРКСОЙ түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі Халықаралық ұйымының президенті Дүйсен Қасейновтың шақыртуын алған бірнеше бауырлас мемлекет өнерпаздары арасына біздің «Тараз» триосының қосылғанына ерекше қуандық. Бұл облысымыздың мерейі дер едім. Қазақстаннан бізден бөлек Алматы қаласындағы «Сазген сазы» фольклорлық ансамблі, елордалық «Наз» бишілер тобы барды. Сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Босния мемлекеттерінен және Қырым татарлары арасынан бірнеше өнер ұжымдары шақырылыпты. Бізді алдымен ұйым басшысы Дүйсен Қорабайұлы өзі қабылдап, құрмет көрсетті. 20 наурыз күні Бурса қаласында концерт бердік. Наурыз мерекесі негізінен 21 күні Ескішехир қаласында тойланды. Барша мұсылман халықтар ұлттық киімдерімен шыққанда, халықтар достығының қастерлі ұғым екенін сезіндік. Бірнеше елден келген өнер жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт қойылды. Ол жерде біз Кенен Әзірбаевтың «Бастау», «Көк шолақ» әндерін орындап бердік. Түрік бауырлар өнерімізді жақсы қабылдаған секілді. Барлық елдерден шақырылған қонақтарды Ескішехир қаласының губернаторы да қабылдады. Бауырлас елдегі Ұлыс күнін тойлаудың әсері үлкен болды.
– Түркия мемлекетінің көрнекті жерлерін аралауға мүмкіндік болды ма? Қандай құндылықтарын байқап, кімдермен пікірлесудің, ой алмасудың сәті түсті?
– Біз негізінен Түркия мемлекетінің бірнеше қалаларында болдық. Ыстамбул, Ушак, Бурса, Ескішехир қаласының тамаша жерлерін аралап, ерекше күйге бөлендік. Тарихтан тағылым алдық. Ушак университетінде білім алып жүрген жамбылдық Айдар Әукенов деген студентті кездестірдік. Аталған білім ордасында өткен кездесулерде жерлесіміз Айдар Хамитұлы біздерге тілмаш болды. Ескішехирде 1,5 миллион тұрғын болса, солардың 1 миллионын студенттер құрайды екен. Білімнің, жастардың қаласы. Инегөл, Бозұйық, Бленджик, Сындыргы қалаларындағы жергілікті тұрғындардың ықыласы, көпшіліктің зор ықылас аударуымен өткен концерттер, кездесу, танысу, қоштасу секілді әдемі сезімдер көңілімізді толқытты. «Тараз» триосының өзге әншілері Ержан Ыдырысов пен Ноян Сейділдаев та көп жайды көңілдеріне тоқып қайтты деп ойлаймын. Осман империясының құрылған аймағын көріп, тарихи құндылықтарды көңілге түйдік. Түркияның кез-келген қаласындағы бір ерекшелік азан үні естілгенде жұрт барлық жұмыстарын доғарып, соған құлақ түреді екен. Азан айтылғанда сахнадағы биді тоқтатқан, әнді тоқтатқан жағдайдың куәсі болдық.Ушак қаласын орап жатқан биік тау шатқалдарына қызыға қарап, табиғи сұлулыққа, Жаратушының ғажайып қолтаңбасына қайран қалдық. Осы елдің де имандылыққа беріктігін байқадық. ТҮРКСОЙ-дың өкілі Санжарбей Мулазимоғлы, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің өкілі Азамат Үдербаев, Түркиядағы Қырғызстанның елшісі Ибрагим Жүнісов секілді азаматтармен танысып, әрқилы тақырыпта пікір алмастық. Осындай кісілермен қимай-қимай қоштасқанымыз рас. Түркия еліндегі күндер өте әсерлі, мазмұны жоғары сапар болды. Бұл сапардың жас өнерпаздарымызға айта жүрер тағылымы да мол болды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Есет Досалы,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>