Мысық магиясына сенесіз бе?

Адамзат мысықты бағзы заманнан берi сиқырлы жануар деп есептеген. Ежелгi мысырлықтар мысық жануарын қатты қастерлеп, оны бұл дүние мен о дүниенi жалғастырушы деп қадiр тұтқан. Расында да, мысықтың көзiне бiр рет үңiлген адам ондағы терең тұңғиықты байқай алады. Бағзы заманның сиқыршылары мысықтың көзiн басқа әлемнiң көрiнiсi, өзге дүниеге апарар жол деп сенген.

Мысыққа қатысты ескiлiктен қалған наным-сенiмдер әлi де бар. Мәселен, орыс халқы жаңа үйге қоныстанбас бұрын сол үйге әуелi мысықты кiргiзедi. Мұнысы – мысық үйдi тылсым күштерден тазарта алады деген ырымы болса керек.
Мұндай наным-сенiмдер тектен-текке шықпаған. Мысық адам көзiне көрiнбес тылсым дүниенi көре алады. Тiптi, онымен байланыс орнатады. Кейбiр халықтардың ескi аңыздарында мысық үйдегi тылсым күштермен, үй иесiмен сөйлеседi деп жазылған. Мысық үйдегi терiс энергиясы көп жердi әдейi таңдап алып жатады. Бұл да мысықтың сиқырлығымен байланысты. Мысықтар бiз өмiр сүретiн әлем мен жұлдызды әлемнiң шекарасын жалғастырушы ғана емес, олар адамды өзге әлемнен енетiн тылсым күштерден қорғай алады.
Мысық ит тәрiздi өз иесiне адал серiк бола алмайды. Өйткенi, мысықтың о бастағы жаратылысы мүлде бөлек, ол басқа мақсат үшiн жаратылған. Бұрындары адам мысықты тышқан аулау үшiн асырады. Алайда, шын мәнiнде, мысықтың жер бетiндегi негiзгi қызметi тышқан аулауда емес. Оның негiзгi миссиясы – өзi тұратын үйдi аластау, ондағы тыныштық пен үйлесiмдiлiктi сақтау. Кейде мысық өзiнiң сиқырлы қызметiн қажет ететiн үйдi өзi iздеп тауып алады деген сөз бар. Ондай жағдайда үй иесi мысықты қумай, оны паналатып, «сиқырын» iске асыруға мүмкiндiк беру керек екен.
«Қара мысық алдыңды кесiп жүгiрiп өтсе, жолың болмайды» деген ырым бар. Алайда, бұл қара мысықтың кесiрi тиедi деген сөз емес. Қайта керiсiнше, мысық жолды кесiп кету арқылы сiзге белгiлi бiр қауiп-қатер төнгенiн сездiртедi, сөйтiп, терiс нәрседен арашалап қалғысы келедi. Сондықтан, қара мысықты ұнатпайтын адамдарға құлаққағыс: қара түстi мысықтың өзге түстi мысықтарға қарағанда тылсымға қарсы қорғаныш қабiлетi әлдеқайда мықты әрi ол терiс энергияның түгiн қалдырмай жұтып алатын көрiнедi. Кейбiр экстрасенстердiң үйлерiнде қара мысықты ұстайтыны да сол. Ол көз тию мен бәле-жаладан қорғап, үйдi аластап бередi.
Қажет десеңiз, мысықтар өз иесiн өлiм аузынан алып қала алады. Мәселен, Леонид Брежневтiң қара мысығы бас хатшының өмiрiн екi мәрте сақтап қалған дейдi. 1969 жылы Үндiстанға iссапармен барған Л.Брежнев Далай Ламамен кездескен. Далай Лама Брежневке ерекше қабiлетi бар сиқырлы қара мысықты сыйға тартыпты. Бiр күнi әлгi қара мысық иесiн жұмысқа жiбергiсi келмей, оны айналшықтап жүгiре берген көрiнедi. Жануардың әйтеуiр бiр жамандықты сезгенiн түсiнген бас хатшы қызметтiк көлiгiндегi әдеттегi орнына емес, басқа орынға отырыпты. Сөйтiп, автокөлiк апатқа ұшырап, Брежневтiң орнына отырғандар ауыр жарақат алған. Ал бас хатшының өзi дiн аман қалыпты. Келесi жолы мысық тағы да Брежневтi шыр айналып, жамандықты сездiрген. Сол күнi бас хатшы жұмысқа бармауды жөн көрдi. Сөйтсе, оның автокөлiгi жүк көлiгiмен соқтығысып, жүргiзушi апаттан көз жұмыпты. Ал 1982 жылдың көктемiнде Брежневтiң мысығы өлген. Екi айдан кейiн бас хатшының өзi де көз жұмды.
Ал ендi мысықтың емдiк қасиетi өз алдына. Бiр жерiңiз ауыра қалса, мысықтың дәл сол жерге барып жатуы бекер емес. Мысықтың емдiк қасиетiн бұрынғы емшiлер де жақсы бiлген. Қазiр де медицинада «анималтерапия» атты сала бар. Мысық иесiнiң ауыратын жерiн әртүрлi жолмен емдейдi. Бiр мысықтар дененiң сол бөлігiн ақырын тырналап массаж жасаса, бiреулерi жай ғана сол жерге жатып-ақ әсер ете алатын көрiнедi.
Қысқасы, мысық – иесiнiң ауырған мүшесiн дөп басып бiлетiн энергетикалық-ақпараттық құрал. Себебi, адамның ауыратын дене бөлiгiнiң энергетикасы өзгередi, осы өзгерiстi мысық қатты сезедi екен. Осылайша, мысықтың биоөрiсi жүрек жұмысын қалыпқа келтiредi, қантамыр мен бас ауруын жазады. Әрi анималтерапевтердiң айтуынша, мысықтың пыр-пыр еткен даусының өзi адамды емдей алады. Оның мияулаған даусы – 20-50 Герцке дейiн жететiн дыбыс толқындары. Осы шамадағы дыбыс диапазоны адам жарақатының тезiрек жазылуына, сынған сүйектiң тез бiтiп кетуiне септiгiн тигiзедi. Мысықтың осы мияулағаны ағзаның иммундық жүйесiн күшейтедi, тiптi өмiрдi ұзартады.
Мысықтың мамық терiсiн бiрнеше минут сипаған адамның инфаркт, инсульт алу қаупi азаяды. Себебi, жануарды сипаған кезде саусақ терiсi арқылы миға белгi берiледi. Ит немесе мысықты сипалау – әлсiз тоқ арқылы электростатикалық әсер ету деген сөз. Осының өзi физиотерапия емей не?
Батыс дәрiгерлерi мысықты есiрткi мен iшiмдiктен емдеу үшiн медицинада қолдана бастаған. Ал ағылшындар мысықтар қандай ауруды емдей алатынын оның түр түсi мен терiсiне қарап ажыратады. Мәселен, ағылшындарға сенсек, ақ түстi мысық бүкiл ауруларды жаза алады екен. Сондықтан Ұлыбританиядағы кейбiр дәрiханаларда ақ мысықты дәрi-дәрмек тәрiздi сатады.
Берлиннiң геронтология институты ғалымдарының мысық иелерiне жасаған зерттеуi тiптi таңғалдырады. Үйiнде мысық асырайтын 3000 адамға бес жыл бойы зерттеу жүргiзген немiс ғалымдары өмiр бойы мысық асыраған адам үйiнде мысық ұстамайтын адамға қарағанда 10,3 жыл артық өмiр сүретiнiн анықтаған. Мысық асырайтын адамдардың қан қысымының көрсеткiштерi де анағұрлым жақсы болып шыққан.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>