Қыздар, қыздар, сұлу қыздар…

Соңғы кезде қыздардың «қылықтарына» қатысты әңгіме көбейіп кетті. Бұған дейін білім беру мекемелері ата-аналарды бала тәрбиесіне белсенді араласуға шақырып келгені жасырын емес. Ұл-қызының тәрбиесін мұғалімге артып қоятынын отбасылар енді ойланып жүр. 

Жалпы, көпшілік қыздар тәрбиесі қоғам тәрбиесі екенін мықтап түсінген секілді. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ қызының болмысын, бейнесін, адамгершілік, рухани құндылықтарын қалыптастыру мақсатында өткізілген «Бүгінгі қазақ қызы, сіз қандайсыз?!» тақырыбындағы республикалық Оnline семинарға ақ жаулықты аналар, қариялар, жастар және оқытушы-профессорлардың белсенді қатысуы осыны көрсеткендей. «Ел аузында» жобасы аясында ұйымдастырылған семинарда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары мен студенттері онлайн байланысқа шығып, өз ойларын ортаға салды. Жалпы, семинарда көтерілген тақырып қазіргі уақытта өте өзекті мәселе болып отыр. Жиында еңбек ардагерлері, ардақты аналар, асқар таудай әкелер, ардагер ұстаздар және Тараз қаласындағы білім беру мекемелерінің басшылары келелі әңгіме қозғады.
Клара БҰЗАУБАҚОВА, «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Жер бетіндегі кез-келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірер еңбегі орасан зор. Тарихқа көз жүгіртсеңіз, Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Қыз Жібек пен Баян сұлу, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абайдай дара тұлғаны тәрбиелеген Зере мен Ұлжан аналарымыз, қол бастаған Бопай ханым, ел билеген Айғаным, Ұлпан секілді аналарымыздың қазақ қоғамында елеулі орынға ие болғанына көз жеткізесіз. Халқымызда «Ананың ақ сүтін адал емген» деген қанатты сөз бар. Мұның мағынасы өте терең. «Отан – отбасынан басталады» дейді. Ал отбасының ұйытқысы – ана. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі, соның ішінде қыз бала тәрбиесі – ұлттың тағдыры, өз ұрпағының тәрбиесін өз жолына қоя алған ұлт қана өз тағдырын өзі қамдай алмақ.
Тұран БЕГАЛИЕВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Отбасының берекесін келтіріп, тәуелсіз еліміздің болашағын баянды етер ұл-қыз тәрбиелейтін, қай салада болсын жұмысын тиянақты атқаратын, әрбір ісінен әдемілік пен нәзіктік есіп тұратын әйелдердің қоғамда алар орны ерекше. Біздің қоғамда әйел – Ана, еңбеккер, қайраткер. Еліміздің ең жоғары марапаты Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған Аягүл Миразова – институтымыздың алғашқы түлегі. Бүгінгі қазақ қыздары Аягүлден үлгі алуы тиіс.
Сәуле БӨПЕТАЕВА, «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі:
– Қазақта «қыз» ең қасиетті сөз саналады. Қасиетті болатыны – бүгінгі қыз ертеңгі келін болады. Келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Сондықтан қыз тәрбиелі болса – келін өнегелі болары анық.
Сайра ЖИЕНБАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Педагогика және психология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Қыз бала тәрбиесі қашанда қоғамда үлкен мәні бар мәселе болып қала береді. Себебі, ұлттың намысы, абыройы қыз баланың тәрбиесіне келіп тіреледі. Қоғамдағы болып жатқан келеңсіз оқиғалардың салдары елге ауыр тиюде. Бүгінгі қазақ қыздарының бойында есімі күні бүгінге дейін ұмытылмай жүрген, сұлулығы мен ақылдылығы, инабаттылығы мен қарапайымдылығымен халық аузында жүрген Баян, Жібек, Құртқа, Зере, Тоғжан сынды аруларымыздың қасиеттері неге жоқ?
Сейсекүл КӨШІМБЕТОВА, «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты:
– Қыз бала тәрбиесінің мәні зор. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты студенттерінің көпшілігі қыз бала болғандықтан, бұл дер кезінде көтеріліп отырған мәселе екенін айта кету керек. Бұл шарада қозғалған әңгімені ата-аналар мен оқытушылар ұл-қызына айтады. Осыдан өзіне керегін көкейіне тоқыған жастар ойланатын болады. Біз «Қыз бала – ұлттың ұяты» дегенді осындай шаралар арқылы ұғындыруға тиіспіз.
Күләш Құрманқызы, ардақты ана, еңбек ардагері:
– Халқымызда «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деген ғажап сөз бар. Ана барлық жерде де, барлық елде де құрметті. Өйткені, ол – адамзаттың қамқоршысы. Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Жігіттерге де тәрбие керек-ақ, дегенмен, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз, ұлттық құндылықтарымызды сақтайтынымызды ұмытпау керек. Қызға тән ұлы қасиет – ұят. Сондықтан, қыздарды арлы, ұятты болуға шақырамын!
Мұқатай Секеев, Тараз қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі:
– Өз мүддесін өзі қолдап, өз есесін өзі түгендеп, атаның алғысын, ананың ақ сүтін ақтай алған перзент қатарының алды болады. Ал халқының көңілінен шығып, қауымының үмітін ақтап, өткен ұрпақтың есесін түгендеп, келешек ұрпақтың мерейін үстем ете алған перзент қана – Отанның нағыз азаматы. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры екенін түсініп, бала тәрбиесін жолға қоя алған ұлт қана өз тағдырын қамдай алады.

Түйін: Бұл шараға аға және орта буын өкілдерімен қатар, жастар да қатысты. Сан алуан пікірлер тоғысқан семинардың басты ерекшелігі де осы болды. Ата ақылын айтты, әже өнегесін сіңіруге тырысты. Оқытушылар бала тәрбиесінде олқы түсіп жатқан тұстарға ғылыми тұрғыда түсінік беруге ұмтылды. Қоғамға ортақ мәселе – ұрпақ тәрбиесіне қатысты жайттар кеңірек қаузалды.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>