Мысымыз да, күшіміз де сынға түсер сәт

Қытайда өтетін  жарыста Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады

Әуесқой бокстан Қытайдың Цяньань қаласында Мұхит жағалауы елдері мен Азия құрлығының елдері арасында Рио Олимпиадасына лицензия үлестірілетін дода басталды. Ерлер мен қыздар боксының мықтылары сынға түсетін жауапты бәсекеде тоғыз қазақстандық спортшы төртжылдықтың басты додасының жолдамасына таласпақ. Бұған дейін бүкіләлемдік бокс сериясы арқылы Василий Левит (91 келі), AIBA pro boxing жобасы аясында Біржан Жақып (49 келі), Берік Әбдірахманов (60 келі) жолдаманы иеленсе, Катар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында 69 келідегі оғланымыз, ұлттық құраманың капитаны Данияр Елеусінов жолдамаға иелік еткен болатын.
Жоғарыда аталған төрт салмақтан өзге алты салмақ­тағы саңлақтар Қытай жерінде намысты қолдан бермеуге тырысады. 52 келі салмақта Азия чемпионы, жерлесіміз Олжас Сәттібаев жолдама жолында жанталасатын болса, 56 келі салмақта Қайрат Ералиев, 64 келіде Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, 81 келіде Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, аса ауыр салмақта Иван Дычко бақ сынап, Рио жолдамасын иеленуге күш салады. Екінші сәуірге дейін жалғасатын байрақты бәсекеде Назым Қызайбай (51 келі), Назым Ищанова (60 келі), Дариға Шакимова (75 келі) секілді аруларымыз да Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға ұмтылатын болады. 41 мемлекеттен 279 былғары қолғап шеберлері жан алысып, жан берісетін додада 36 жолдама сарапқа салынбақшы. Ерлер арасында әр салмақ дәрежесінде 3 лицензия, барлығы 30 жолдама үлестірілетін болып бекітілсе, жарыс ережесіне сай 3 салмақта бақ сынайтын аруларға 6 жолдама қарастырылған. Әр салмақ дәрежесіндегі арулар 2 лицензияның бірін иелену үшін аянып қалмайды.
Қытай еліне жолдама үшін шайқасуға аттанған боксшыларға сәттілік тілейміз! Жеңіспен оралыңдар, оғландар!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>