АГРОХИМИЯНЫ ДАМЫТУ – АУҚЫМДЫ істердің басы

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Облыс орталығында IV азиялық агрохимия форумы өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ресей, Беларусь, Украина және өз еліміздің сарапшылары, ғалымдары мен минералды тыңайтқыштар өндірумен айналысатын өнеркәсіптер мен түрлі компаниялар өкілдері қатысқан жиында бүгінгі күннің өзекті мәселесі – жердің құнарлылығын сақтап, арттыру, минералды тыңайтқыштарға субсидия алуды диқандар үшін жеңілдету және елге инвестиция тарту жолдары қаралды. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысып, сөз сөйледі.
Әлбетте, егін шаруашылығында ең маңыздысы – жердің құнарлылығын сақтау. Алайда, агрохимиялық зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғандай, егістік алқаптарға тиісті күтім жасалмағандықтан және климаттық өзгерістерге байланысты ол күннен-күнге өз сапасын жоғалтып, жарамсыз болып қалуда. Бүгінде әлемдегі жер ресурсының 46 пайызы деградацияға ұшырағаны – соның айғағы. Басқосуға жиналған сала мамандары құнарсыздануды болдырмаудың түрлі тәсілдерін қарастырды.
– Егер Кеңес үкіметі кезінде республика көлемінде егістік алқап 34,5 миллион гектар болса, бүгінде ол көрсеткіш 24,2 миллион гектарға азайған. Аталған алқаптағы егістік түсімін көбейту үшін оны жүйелі түрде минералды тыңайтқыштармен құнарландырып отыру керек, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі агрохимия қызметінің директоры Ерболат Бәзілжанов. – Кеңес заманында егістіктің әр гектарына 23 килограмм тыңайтқыштан сіңірілетін. Ал қазір жыл сайынғы себілетін тыңайтқышты 4,8-ден 45 килограмға дейін көбейту керек. Бұл үшін елімізге минералды тыңайтқыштар өндіретін барлық өндіріс ошақтары толық қуатында жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар, тыңайтқыш өндірудің технологиялық тәсілдері де жетілдірілгені жөн.
Ерболат Бәзілжановтың пікірінше, минералды тыңайтқыштарды тиісінше өткеру мен жеткізу қызметін жолға қойып, аталған салаға кәсіпкерлер мен тауар өндірушілердің делдал компанияларын тарту керек екен. Алайда, жиынға қатысушылардың кейбірі егіннен мол өнім алудың тетігі тыңайтқыш көлемін көбейту емес, сапалы тұқым себу екендігін айтып, пікірін білдірді.
Жалпы, жиын барысында салада кездесіп отырған мәселелер өткір айтылды. Мысалы, «Казазот» ЖШС директорының орынбасары Тахмина Нағұманова бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы басқармалары бекіткен субсидиялаудың жаңа жүйесі бойынша тыңайтқыштарды алуға бірде-бір өтінімнің жоқ екенін айтты.
– Әрине, сапалы тұқым себілгенде тыңайтқыштың тиімділігі арта түседі. Алайда, мәселе сапалы тұқымның жоқтығы немесе оның қымбаттығында емес, осы жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енген тыңайтқыштарға субсидия берудің жаңа жүйесінде кездесетін олқылықтарда болып тұр. Аталған жүйе жайында шаруаларға түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуі себепті, олар тыңайтқышқа субсидияны тек белгілі бір тұқымдарды сепкен жағдайда ғана алатындарын білген жоқ. Сондықтан, аталған мәселе бүгінде Үкіметте қаралуда және біз бұл заң келесі жылдың басынан өз күшіне енеді деп сенеміз, – деді ол.
Форум барысында, сонымен қатар, агрохимия саласындағы ғылыми жетістіктер, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру, ауыл шаруашылығына белгіленген жерлерді дұрыс пайдалану және дұрыс пайдаланбаған жағдайда қолданылатын тәртіптік жаза мен жерді мемлекет меншігіне қайтару сынды түрлі мәселелер қозғалды.
Мысалы, «Қазфосфат» ЖШС тыңайтқышқа деген сұраныстың артуына байланысты оның көлемін 2020 жылға қарай 1 миллион тоннаға жеткізіп, ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр екен. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Украина, Ресей, Қытай, Ауғанстан, Шығыс Еуропа мен Грузия, Әзірбайжан Иран елдерінің нарығына өз өнімдерін шығаруды көздеуде. Мұнымен қоса, компания инвестициялық жоба бойынша азотты-фосфорлы-калийлі тыңайтқыш өндіруді қолға алмақ. Аталған өнімнің тиімділігін сынап көру үшін ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне 290 тонна тыңайтқыш тегін таратылып беріліп, алдағы күзде оның нәтижесі белгілі болмақ.
Жалпы алғанда, IV азиялық агрохимиялық форум тың тақырыптар қозғалып, өткір мәселелер көтерілген маңызды жиын болды. Жиында жасалған баяндамалар мен пікірталастан соң қатысушылар «Қазфосфат» ЖШС-ның өндіріс ошақтары мен өңірде орналасқан Айша бибі, Қарахан кесенелері секілді тарихи-археологиялық кешендерді аралады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>