Бақ берерде елге ырыс қонады

Орынқыз ЖОЛДАСОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында және «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында тұтас мемлекеттің даму бағдарын айқын саралап берді. Қазіргі заман ағымының ауанын аңғарып отырмыз. Тым құбылмалы. Мұндай кезде дағдарыс екен деп дағдарудың реті жоқ. Үздіксіз алға жылжуымыз керек.
Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында дамудың басым бағыттары нақтыланған. Ілгерілеуге іргетас болатын жолдар белгіленген. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасында көрсетілген жеті бағыт атап айтқанда, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды, индустриялық инфрақұрылымды, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту жұмыстары экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жағынан да соны серпін берері сөзсіз. Бағдарламада әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мен шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы да атап өтілгені белгілі. Бұл мақсаттарды орындау үшін Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі қаржы бөлу жоспарланған.
Дамыған елдердің барлығы білім саласына ұдайы қомақты инвестиция құйып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Жер қойнауындағы табиғи байлықсыз-ақ олар өздерін білімді де білікті мамандарының арқасында әлемге экономикасы дамыған, табысты мемлекеттер ретінде танытты. Елбасының осы маңызды салаға қыруар қаражаттың бөлінетінін және еліміздегі іргелі һәм беделді, ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 жоғары оқу орнын әлемдік стандартқа сай етіп жасақталатынын мәлім етуі біздің дамыған ел болуға қадам басқанымызды айқын көрсетеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бірінші кезекте елдегі апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі. Бұл үшін қазына қоржынынан қосымша 70 миллиард теңге бөлінбек. Ал балабақшалар саны мемлекет-жекеменшік әріптестік негізінде көбейе түсетініне сенім мол. Бұны ең алдымен ел ертеңі саналатын жас ұрпаққа көрсетілген қамқорлық деп түсінуіміз керек.
Мемлекет басшысы әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп бере отырып, мемлекеттің экономикасын дамытумен қатар, қоғамды серпіліске түсіретін жаңа қазақстандық қоғамды қалыптастыруды көздейді. Осы атқарылатын игі шаралардың бәрі Қазақстанның әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатынан туған. Қазір бүгінгі істі кейінге қалдырмайтын, жедел шешім қабылдайтын кезең. Біздің еліміздің алға қойған міндеттері аса маңызды. Уақыт арқаны кеңге салуды көтермейді.
Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген дана сөз бар. Ел болып еңсе көтергелі бері ширек ғасырға таяп қалды. Бір адамның өмірімен өлшегенде аз уақыт емес. Бұл – қажырлы, өскелең, ұқыпты жігіттің тас шайнап, мұз бүркетін кезеңі. Аллаға шүкір, іргеміз бекіді, ірі екенімізді таныттық. Ырыс – ынтымаққа, ынтымақ бірлікке ұласып жатыр. Келешегіміздің кемел көкжиегін айқындауға септесетін жаңа Жолдауда жоспарланып отырған мақсат-міндеттерді іске асыру елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тікелей байланысты. Мұны Елбасымыз ерекше атап көрсетті. Әрбір отандасымыз осы ақиқатты саналы түрде ұғынса ғана жұмылған жұдырықтай болып, «Біз – Қазақстан азаматымыз, қазақстандық халықпыз» деп, бірігіп іс-қимыл жасайды, бейбіт елде бірге өсіп-өнеді. Жетістікке кеңесе білген, бірлік пен тірлігі жарасқан ел жетеді. Ауызбіршілігі жоқ, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іс жасағанда ғана Қазақстан құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ошағына айналмақ!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>