Өмір тек қызықтарымен ғана емес, сонымен бірге қайшылықтарымен де мәнді, мағыналы. Әсіресе, қаламгерлер қауымының тағдыры «тосын сыйларға» толы болып келеді. Әйтпесе, күндердің күнінде Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Жазылбек Қуанышбаевтың бел баласы Бейбіттен күтпеген жерден хат келеді деп кім ойлаған?!

6 68 IMG_4575 БейбитХаттың жазылуына Жазата әйелдерінің ынтымақты бірлігі мен тірлігі туралы жарияланған мақаланың ішіндегі ұрпақтарына қатысты тұсы себеп болыпты. Дәл қай жылы екенін білмеймін, бірде «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті – бас редактор Жанболат Аупбаев Астанадан телефон шалып: «Мойынқұмға барып, Жазылбектің егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбайдың анасына жолығамын», – деді. Мен басшымызды Шу темір жол бекетінен күтіп алдым. Көп ұзамай Мойынқұм ауылында «Малшылар маршалы» атанған ақсақал шаңырағының түтінін түтеткен кіші әйелі Әлімхан апамен шүйіркелесіп, сөйлесіп отырдық. Сол жерде айтылған әңгімелер кейін Жанболат ағаның да, менің де жазбаларыма арқау болды. Ал Бейбіттен келген хат менің қолымнан туған дүниеге байланысты екен.

«Ассалаумағалейкүм, Көсемәлі інім!
Бұл хатты жазып отырған Жамбыл ауылының тұрғыны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың үлкен ұлы Бейбіт Қуанышбаев деп білерсіз. Сіздің 2011 жылғы наурыз айында Жазатаның өмірі мен отбасы жөнінде жазған мақалаңызды оқыдым. Жазылбектің үлкен әйелі Жәйшібаланың Бейбіт деген асыранды баласы болған деп жазыпсыз. Мұныңыз ешқандай шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені бұл дүниенің есігін ашқалы бері, яғни 1951 жылдың қазан айынан Жазылбектің баласымын. Жазылбек пен Жәйшібаладан басқа менің әке-шешем болған емес.
Менен бұрын шешемнің 1948 жылы көктемде өмірге келген Несіпкүл деген қызы болған. Сол кезде әкеміз Жазылбек «Кеңес» колхозы мен «Ақтөбе» колхозының малшыларына арнап той жасап, көкпар, бәйге беріпті. Бірақ Несіпкүл әпкем 5 жасында шешек ауруымен ауырып, қайтыс болған. Бұл жағдайды маған Жәйшібала анам, әкемнің жалғыз інісі Иманқұл аға мен Нұрлы жеңгеміз талай мәрте айтып берген. Сол жылдары ферманың шопыры болған Алпамыс пен Аманжол ағалардан да талай естігенмін. Сондықтан Жазылбектің кіші әйеліне дейін ешқандай баласы болған жоқ деп жазылып, айтылып жүрген мәліметтер ешқандай шындыққа жанаспайды. Өйткені менің әке-шешем Жазылбек пен Жәйшібала екені «Туу туралы куәлігім» мен «Жеке куәлігімде» анық жазылған. Керек болса, ДНК жасатып, анықтауға болады. Әкемнің де, менің де қаным ІІ топқа жатады.
Газеттегі мақаладан кейін әкемнің кіші әйелі Әлімхан апамыз, қасында Қырғызбай деген жақын ағамыз бар, біздің үйге келді. «Мен туралы неге бұлай жазылып жүр?» деп ренжігенімде, апамыз: «Қарағым Бейбіт балам, мен атаңның кіші әйелі болған соң сен де менің баламсың» деп жылап жіберді…».
Хат жан дүниемді төңкеріп жібергендей, көңілім табан астында алай-түлей болды. Дереу кітапханаға барып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылғы 11 наурыздағы санында жарияланған мақаламнан «Жазекеңнің Қойшыбай мен Тойшыбайдан басқа бәйбішесі екеуі асырап алған Бейбіт деген баласы болған» деген жолдарды тауып алдым. Хаттағыдай «Жазылбектің үлкен әйелі Жәйшібаланың Бейбіт деген асыранды баласы болған» деген қатқылдау сөз жоқ. Бірақ Әлімхан апа айтқан әңгімелердің ішінен Бейбіт туралы жерін жазбай, қалдырып кетсем мына Бейбіттен хат келер ме еді? Әрине, келмес еді. Бауырымыз сол баяғысынша Жамбыл ауылындағы көрші-қолаңның ортасында ғана «Жазатаның баласы» атанып жүре беретін еді. Ал мақаладағы өзіне қатысты бір ауыз сөз біз жазған дүниеден кейін арада бес жыл өтсе де қолына қалам алдырыпты.
Адам жанын жаралау оңай, ал оны сөзбен емдеп, жазу өте қиын. Алыстағы ауылда қамкөңіл боп жүрген Бейбітке жедел хат жазу керек деп шештім де, компьютерге отырдым.
«Ассалаумағалейкүм, Бейбіт аға!
Хатыңызды алып, мұқият оқып шықтым. Хат жазғаныңыз өте дұрыс болды, әйтпесе біз де, қалың көпшілік те Жазекеңнің өзіңіздей баласы бар екенін білмей жүре берер ме едік, әлде қайтер едік. Енді білетін боламыз, ел-жұртқа Жазатаның Бейбіт деген баласы бар деп жар салып, қуана жеткізетін боламыз.
Ал енді менің мақалама келетін болсақ, мен оны жанымнан шығарған жоқпын. Оны марқұм Әлімхан апаның айтуы бойынша жазған едім. Әрине, Сізге ауырлау тигенін түсінемін, егер сол 2011 жылы хабарласып, ақиқатын айтқаныңызда Сіз туралы баяғыда-ақ қуана-қуана жазатын едім.
Беке, айтайын дегенім, Сіз туралы жазамыз. Тек қана Сіз Жазатамен бірге түскен суреттеріңізді біздің электронды поштаға салып жіберіңіз…».
Хатты Мойынқұм ауданындағы меншікті тілшіміз Уәлихан Жайлауға жолдап, Бейбіт ағаға апарып беруін және бізге қажетті деректерді жазып, салып жіберуін өтіндік. Елгезек тілшіміз екі-үш күн өткеннен кейін хабарласып, Бейбіт ағасының үйінде болғанын, оның хатты оқып, білместік қаламгерлерден емес екеніне көзі жетіп, ашыла әңгімелескенін айтты. Бекеңнің бала кезінде әкесі Жазылбекпен бірге түскен суреті мен айтқан әңгімелерін де қағазға түсіріп жіберіпті. Оның ұзын-ырғасы – мынау.
«Әкеміз Жазылбек Қуанышбаев туралы айтатын болсам, ес білгелі Жазатаның қасында жүрдім. Сталиннің уағында, 1948 жылы әкем Қазақстандағы алғашқылардың бірі болып Социалистік Еңбек Ері атағын алыпты. Арада он жыл өткеннен кейін осы атаққа екінші мәрте ие болған. Сол жылдарда айтылған, қазір көп ел біле бермейтін жағдайлар бар. Жазатаның күллі еңбегіне үлес қосқан адам оның әйелі Жәйшібала апам болатын. Ол кісінің сіңірген еңбегі өте зор болды. Анамның айтуынша, алғаш рет дүниеге қыз бала әкеліпті. Ол қыздың атын бәрі Несіпкүл деп қойған екен. Хантау жақта Тақыр деген жер бар. Әкем сол жерде үлкен той жасап, көкпар беріп, өмірге келген қызын жақсылап тұрып атап өткен екен. Бірақ, сол қыз 5 жасар кезінде шешек ауруынан көз жұмыпты. Арада үш жыл өткеннен кейін, 1951 жылы мен өмірге келіппін. 1958 жылы, Жазылбек әкем екінші мәрте Еңбек Ері атағын алған кезде мен жеті жаста едім. Сол кезде «Айдарлы» совхозында, Шу өзені жағасында үлкен той болды. Ол тойда үлкен бәйге болды. Барлық облыс, аудан, колхоз, совхоз басшылары келіп қатысты. Сол бәйгеде «Айдарлы» совхозының жас жігіті, біздің туысқанымыз Бақдәулет Төребеков өзінің қаракер атымен бас бәйгені жеңіп алды. Оны сол кездегі тойға қатысқан жұрттың бәрі біледі. Ал әкемізге сол жылғы еңбегі мен атағына байланысты облыс басшысы «Газ-69» жеңіл машинасын сыйға берді. Сол кездегі жағдай бойынша, егер кімде-кім екінші рет Алтын жұлдыз алатын болса, оның туған жеріне ескерткіш орнататын болған. Сол ескерткіш 1960 жылы, Көктерек ауданы дейміз ол кезде, орталығымыз Бірлік селосында тұрғызылған. Мен ол кезде тоғыз жастамын. Бәрі есімде, ескерткіштің ашылуына обком партияның бірінші хатшысы келді. Республикадан, облыстардан, аудандардан келген қонақтар да көп. Ескерткіштің лентасын әкем мен облыс басшысы қиды. Облыс басшысы: «Жазеке, еңбегіңізге берілген атағыңыз құтты болсын!» – деді. Әкемнің жанында анамыз Жәйшібала, анамның қасында мен тұрғанмын. Сол кезде облыс басшысы бізге қарай бұрылып: «Құрметті Жәйшібала жеңгей, осы атақ пен құрметке Жазекең қандай еңбек сіңірсе, сіз де тура сондай еңбек сіңірдіңіз. Керек болса, тіпті, одан артық еңбек еттіңіз деп айтуға болады», – деген сөзін әлі ұмытпаймын.
Әкем 1966 жылы жасы келіп, зейнетке шыққаннан кейін шопан ата таяғын шәкірті, жас шопан Болат Бидаспаевқа тапсырды. Ол қазір Кеңес ауылында тұрады. Шопан ата таяғын тапсыру салтанатына «Қазақфильм» киностудиясының режиссерлері мен операторлары келіп, деректі фильм түсірді. Онда мен де болдым. Сол жылы біз өкімет арнайы салып берген Бірлік ауылындағы үйге көшіп келдік. Содан кейін 1964 жылы алған екінші әйелі босанып, 1967 жылы өмірге Қойшыбай мен Тойшыбай келді. Бірлік ауылында біраз жыл тұрғаннан кейін, 1969 жылы «жасым келіп қалды, өзімнің кіндік қаным тамған жеріме, ағайын-туыстарымның арасына барып отырамын» деп, осы Жамбыл ауылына көшіп келді әкем. Өкімет бұл жерде де үй салып берді. Қазір отбасыммен сол үйде отырмын. Осы үйде он жылдай тұрғаннан кейін әкем 1979 жылы ауданға көшіп барды. Ол кезде мен совхозда жұмыс істеймін. Әйелім Пернекүл сатушы болды. «Балам, осы қара шаңыраққа енді сен еге бол, бәрін саған тапсырамын» деп ақ батасын беріп, бізге кіндік кескен жеріндегі шаңырағын табыстап кетті. Содан бері мен осы жерде тұрып жатырмын. Аллаға шүкір, жағдайымыз жаман емес, ел-жұрттың ортасында атамыздың әруағы қолдап, мінеки, өмір сүріп жатырмыз. Бұл киелі шаңырақтың дастарқанынан белгілі басшылар Қонаев, Бектұрғанов, Садуақасовтар мен жазушылар Мүсірепов, Мұқанов сияқты көптеген белгілі қаламгерлер дәм татқан. Әйелім Пернекүл Мұстафақызы екеуміз үйленгенде ауданның барлық басшыларын шақырып, әкем дүркіретіп той жасап берген…».
Негізі, Жазатаның Қойшыбай мен Тойшыбай атты егіз ұлы жайлы көзі ашық қазақтың бәрі жақсы біледі де, оның әкелік мейірімін алғаш рет оятқан бел баласы Бейбіт туралы көп біле бермейтіні рас. Бекең мұның себебін әкесі ауданға көшіп кеткеннен кейін өзінің Жамбыл ауылында қалып қойып, ал республикадан, облыстан келген журналистер мен жазушылардың дерек пен дәйекті аудандағы үйден ғана алып қайтатындарынан көреді. Сөйтіп Бейбіт жайлы айтылуға тиіс жағдайлар айтылмай келген. Мұның тағы бір жағы бар сияқты, заң-зәкөн бойынша бір әйелмен, яғни Әлімханмен ғана некеге тұрғандықтан, Жазатаның үлкен әйелі Жәйшібала туралы көп айтыла бермеген сияқты. Тіпті, Жазатаның жалғыз інісі Иманқұл да ұмытылған. Қойшыбай мен Тойшыбай дүниеге келгенге дейін Жазатаның жалғызы болып, еркелеп өскен Бекең осылайша оқшаулана берген.
Жазатаның қыздары да бар. Мысалы, Алуа Қуанышбаева есімді қызы Шу қаласындағы темір жол ауруханасында дәрігер болып қызмет атқарса, Ғалия Қуанышбаева деген қызы Алматыда тұратын көрінеді. Айтуларына қарағанда, Жазекеңмен бірге өскен жиені Ғалияны «сенің қызың» деп аманаттап, тапсырған. Оның Жазылбектің қызы дейтіні сондықтан екен. Ал Шу қаласында бас дәрігердің орынбасары болып қызмет ететін Алуа Қуанышбекованы Жазата туған інісі Иманқұлдан алып, өз қолында өсірген. Еңбек Ерінің отбасындағы бұл сыр да осы күнге дейін жұрт үшін жұмбақ болып келген.
Жалпы, Қуанышбайдың кіндігінен Әділбек, Темірбек және Жазылбек деген үш ұл тараған. Үлкені – Әділбек 1932 жылдары ашаршылық кезінде Қарабек деген баласы екеуі жоғалып кетіпті. Аштан өлді ме, жоқ, басқа бір себептері бар ма, нақты дерек жоқ. Ал Әділбектің Жұмакүл деген қызы Жамбыл ауылында тұрып өмірден өтіпті. Күйеуі екеуінен Тәшкенбай деген баласы болған. Тәшкенбайдың немересі қазір Алматы облысында тұрады екен. Ортаншысы Темірбектің баласы – Иманқұл. Жалғыз бала екен. Ал Иманқұлдан оннан астам бала бар. Ал Жазылбектен Бейбіт, Қойшыбай және Тойшыбай өрбиді.
Бейбіттің үш баласы бар. Үлкені Амантай – Ақбақай әкімдігінің бас маманы. Келіні – мұғалім, екеуінен төрт бала бар. Ортаншы ұлы Тұрсынтай Ақбақай шахтасында жұмыс істейді. Кішісі Құрмантай – Тараз қаласындағы облыстық филармонияның әншісі. Бір қызы тұрмыста. Айтайық дегеніміз – бәрі Қуанышбаевтар, яғни Жазатаның тұқымы.
Бекеңнің өзі кезінде Жазатаның тентегі, бұзығы болыпты. Ешкім бетіне жел болып тимеген. Жәйшібала анасы ұрысса, Жазекең қағып тастайды екен. Жантайып жатып шәй ішкенді жақсы көретін әкесінің үстіне шығып алып далада тұрғандай шаптырса да, Жазекең «түк етпейді, мұныкі «дәрі» ғой» деп Жәйшібаланы басып тастайтын көрінеді.
Жазатаның Бейбітке келін таңдағаны да тағылымды әңгіме дерлік нәрсе. Бейбіттің әйелі Пернекүлдің айтуынша, атасы «Сен кімнің қызысың?» деп сұрайды екен. Сонда болашақ келіні «Мұстафаның қызымын» дейтін көрінеді. «Ой, айналайын жақсы екенсің, қаншасыншы класс оқисың?». «8-класс оқимын». «Әй, жоңышқа шаба аласың ба?». «Ой, ата, керемет шабамын». Бұл диалогтан ақылды ақсақалдың болашақ келінінің қаншалықты еңбекқор екенін сынап, білгісі келіп жүргені байқалып тұр. Тіпті, бірде Пернекүлді шалғы тартып жатқан жерінен көріп, жоңышқаны түбінен қалай шабу керек екенін үйретіп кетсе, енді бірде отын тасып жүргенін көріп риза болыпты. Сөйтіп атасының «сынағынан» сүрінбей өткен Пернекүл «Малшылар маршалының» әулетіне келін болып түседі.
Мойынқұмда Жасұлан деген ауыл бар. Мойынқұмға келген сапарында аудан басшылары Дінмұхамед Қонаевтан сол ауылды ашуға рұқсат сұрапты. Ал оның қаражат жағын шешу үшін аудан басшылары Жазатаны алдыға салып, тағы да Қонаевқа барады. Бұл да Бейбіттің ішінде жатқан көп әңгімелердің бірі.
– Жазата мені тәрбиелі азамат етіп өсірді. Мектепті бітіртті. Шопырлық курсты оқытты. Алматы мал дәрігерлік институтына оқуға түсірді, бірақ денсаулығыма байланысты оны бітіре алмай, тастап кеттім. Содан кейін әкем «Қой, болмайды, жасың келді» деп үйлендірді. Әйелім Пернекүл – осы Жамбыл ауылының қызы. Содан бері осы киелі шаңырақта тұрып келе жатырмыз. Әкем ауданға көшіп кетерде «еншің» деп, 1 жылқы, 2 сиыр, 20 шақты қой-ешкі беріп кетті. Әкем мені әрқашан қолдап жүрді. Қазір зейнеттемін. Әкеміз туған ауылда қара шаңырағының түтінін түтетіп, өмір сүріп жатырмыз. Аллаға шүкір! – дейді Бейбіт.

* * *
Мақала жазылып біткенде электронды поштамызға Мойынқұмнан тағы бір хат келіп түсті. Меншікті тілші Уәлихан Жайлау жолдаған хат кейіпкеріміз Бейбіт Қуанышбаевтың бізге білдірген жылы лебізі екен.
«Жазған жауап хатыңызды алдым. Шын мәнісінде біздің отбасымыздағы қалыптасқан жағдайды білмеген екенсіз. Кім болса да, біздің өміріміз жайлы дұрыс бағдар бермеген. Жазған хатыңызды оқи отырып, сіздің өз ісіңізге адал, әділ адам екеніңізді байқап отырмын. Сондықтан ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін хат жазып, жағдай сұрасқаныңыз жанымды жадыратты. Оған разылығымды білдіріп, жазарыңыз көп болсын дегім келеді».
Рахмет, Бәке, Жазылбек Қуанышбаевтар әулетінің ардақты ақсақалы болып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз.

Көсемәлі Сәттібайұлы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>