ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН СОҢ АЙТЫЛҒАН СЫР

(әңгіме)

-Анау-мынау емес,  қырық жылдан кейінгі кездесу ғой, бірдеңе жазатын шығарсың.

Үндегем жоқ. Бір жолы бірге оқыған құрдастар жайлы жазам деп басым бәлеге қалған. Фельетон мен көркем әңгіменің ара жігін ажырата алмайтын әңгүдіктер әңгімнің ішінен өздерін «тауып», ал кеп туласын. Ат құйрығын шорт кесісетін кісілерше шапшығандары сонша, кейбірі әлі күнге дейін ожырайып жүр. Бірақ Марат ақкөңіл ғой, «Біздің жастық шақ туралы айта жүретіндей бірдеңе жазсаңшы» деп, шын ниетімен қиылып тұр. Не жазсам екен? Әй, Құдай өзі берген жанын өзі алар, нар тәуекел.  Өкпелейтіндер болса «Көшке берген тайлағыңды ал» дерміз. Сонымен…

 БІЗДІҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ «ПӘЛСӘПӘМІЗ»

Сол кезде қанша жаста едік? Он бес, бәлкім, он алты болар. Амангелді ауылындағы сегіз жылдық мектепті бітірген кезіміз. Тоғызыншы мен оныншы класты енді ауылдан жеті шақырым жердегі А. А. Жданов атындағы совхоздағы он жылдық мектепте,  интернатта жатып оқимыз. Сондықтан үш ай демалыста бостан босқа ләйліп жүрмей жұмыс істеп, ақша тауып, жаңа ортадағы жаңа мектепке киіп баратын жаңа киімдерімізді өз бетімізше дайындамақ болдық. Әйтпесе, аталарымыз бен апаларымыздың 32 рубль пенсиясы ұн мен қант-шайдан басқаға жетпейді.
Ал біздің ауылда совхоздың малына шөп дайындаудан  басқа дені сау жұмыс жоқ. Шөпшілердің тірлігі — азаннан кешке дейін тележкеге шөп тиеу, сосын оны маялап жинау. Ал сыммен буылған су шөп зілдей-ау зілдей. Екі қолыңның қары мен екі қара саның «салдырап» қалады.
Түске салым демаламыз. Ағаларымыз бар, жеңгелеріміз бар, өңкей шөпшілер тірәктірдің артындағы тележкенің көлеңкесіне отырып ап, үйден алып шыққан тамақтарын іше бастайды. Негізгі тамақ — жүгері көже. Оны, жеңгелеріміз, көбінесе пластмассадан жасалған кәністірге құйып әкеледі. Арасында да кәністірлерінің сыртын киізбен қаптап, мұздай су құйып қоятын «ептілері» бар. Сонда кәністірдегі жүгері көже жылып кетпейді-мыс.
Сонымен жеңгелеріміз әкелген жүгері көжені ішіп отырғанбыз. Нандарын да апыл-ғұпыл жеп алдық. Ішке ел қонды. Міне, осы кезде біздің ең алғашқы «пәлсәпәміз» дүниеге келді.
- Өмір, — дедім қасымда отырған Асқарбекке қарап, — кәністір… Ал біз соның ішіндегі жүгері көжеміз. Ал жүгері көженің сұйығы — біздің жастық шағымыз да, қоюы — ақыл тоқтатқан кезіміз…
Тағы да бірдеңе-бірдеңе дедім-ау деймін.
Асқардың қысық көзі жұмылып, маған қарап қолын шошайтып ал кеп күлсін. «Өмір — кәністір…» дейді де, қарқылдап кеп күледі. Мен, әрине, қызараңдап «пәлсәпәнің » мәнісін түсіндірмек болам. Бірақ қайдан… сөз тыңдайтын Асқар ма, жатып та күледі, тұрып та күледі. Содан осы әңгімені жазуға түрткі болған Мараттың әкесі Алтай ағамыз тірәктірін оталдырып, «шөп жинауға жүріңдер»  дегенше мазақтады. Ұстаздарым Шайтұмақ, Смағұл, Балтабай, Әлден, Жақсылық, Есалы ағайларға да ештеңе дей алмадым. Бәлкім, олар Амангелді ауылынан шыққалы тұрған болашақ Аристотельді танып, бағымды ашып жіберер ме еді, кім білсін.
Сол Асқарбек арада отыз, бәлкім, одан да көбіректеу жыл өткенде:
-Сол кезде сенің айтқаның дұрыс екен, — деп тұр.
Не дейімін. Ештеңе де дегенім жоқ. «Менікі дұрыс екенін ақыры мойындадың ба?» деген сөз де тіліме оралмады. Сона бұл не? Әлде, бұл «пәлсәпаның» біз үшін енді бағасы жоқ болғаны ма? Әлде, ең алғаш тыңдаған Асқардан қолдау таппаған соң көңлім қалып, тауым шағылып қалғандықтан ба? Білмеймін. Әйтеуір, Асқарбектің арада бәленбай жыл өткен соң «мойындауы» маған түк әсер етпеді.

БАР «БАЙЛЫҒЫМЫЗ» ТІЛ ЕДІ

Сонымен А. А. Жданов атындағы совхоздағы орта мектептің 9 «а» сыныбының оқушысы болдық. Жаңа кластастарымызбен тез араласып кеттік. Ауылымыз іргелес болғандықтан Бекен, Жақыпбек, Нышанбек, Сапарғали, Әбу, Арғын, Батан-Батырбек, Доғдырбек, Аязбек, Бөкен деген балаларды бұрыннан танитынбыз. Дегенмен, Қымбат, Гүлнәр, Бағила, Бақытгүл, Күләш, Мүсін сынай қарайтын қыздар да бар екен.  Олардың сындары «Кім жақсы оқиды?» деген сауалдың айналасынан ұзамайды, әрине. Біздің «Амангелдінің сарбаздарының» арасынан жақсы оқитындар онша көп емес.  Әйтеуір әдебиетке, сурет салуға,  домбыра тартып, гитарада ойнауға икемдеріміз бар.

Сапарғали маған, қайдан тапқанын өзі біледі, «Кузья» деген ат қойып алды. Жақан-Жақыпбек үшеуміз ең соңғы партада отырамыз. Класымыз тар. Парталары да ескі. Неге екенін білмеймін, қасымызда екі қабатты үлкен мектеп даңғырап тұрса да алғашқы кезде көне мектептің тар класында оқып жүрдік.
Сапарғалидың аты мектепке жеңіл салмақтағы балуандығымен, футболды жақсы ойнайтындығымен шыққан. Бірақ, бір жақсы жері, әдебиетті де ұнатады. Бұрын айтылмаған немесе қолданыстан шығып қалған көне сөздерді орнымен тауып айтсаң, ішек-сілесі қата күліп қолдай кетеді. Күлгені — мазақтағаны емес, сенің тіл байлығыңды бағалағаны. Риза болғаны. Бұған мен де дәнігіп алдым. Қай сөзді айт десе де сарт еткізем. Өйткені кластың №1-ші балуанымен дос болу оңай емес. Ол үшін кішкене болса да «еңбек» етуіңе тура келеді.
-Кузья, — дейді ол қазақ тілі сабағы өтіп жатқан кезде құлағыма сыбырлап, — «класс» деген сөзді ескіше, әдеби тілмен қалай айтып, қалай жазуға болады?
Ол кезде «сынып» деген сөз әлі шықпаған. Мен сәл ойланамын. Сәл ойланған кезде есіме Садридин Айнидің шығармаларынан есімде қалған сөз түседі. Сосын:
-А. А. Жданов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арналған тар құжыраларының бірінде шәкірттер дәріс тыңдап отыр, — деймін.
Сапарғали «Оһ, ты Кузья, жарайсың!» деген сөзді ерекше ризашылықпен айтады. Оны риза еткен, әрине, «құжыра», «дәріс» деген сөздер. Сірә, бұрын естімесе керек. Маған да оның мен айтқан сөздерді бұрын естімегені қажет. Бірақ ол мұнымен қанағаттанып қоя салмайды.
-Кузья, — дейді сәлден соң, — мына кітаптың сыртын не дейміз?
Мен үшін бұл тіпті де оңай.
-Мұқаба, — деймін бірден.
Сапарғали тағы да риза болады. Жақан-Жақыпбек те, Нышан-Нышанбек те, Марат та мәз.
Сөйтіп тіл байлығымыздың арқасында жаңа мектеп, жаңа ортада беделіміз кәдімгідей өсіп сала берді.

«ИНТЕРКОМНЫҢ» МАХАББАТЫ

А. А. Жданов атындағы орта мектепке бізден бір жыл бұрын кеп оқи бастаған ағаларымыз бен әпкелеріміз өз беттерінше өмір сүруге кәдімгідей беймделіп қалғаны байқалады. Ал «интерком» дегені, тіпті, біздің «тәртібімізді» қадағалайды екен. Ал біз тәртіп жағынан ұятты едік. Рәтбек, Болысбек, Мейрамбек тағы кім еді, ә, Әбдіраш пен Бақыт екен ғой, бір-екі оқушы интернатқа кейде жатып, кейде жатпайды. Жеті шақырым жердегі сонау Амангелдіден түнделетіп кеп, тезені тоқылдатып тұрғаны. Содан таңертеңгі бір-екі сабаққа төбе көрсетеді де, қаладан келетін сағат «он екінің» автобусына мініп ауылға қайтадан тайып тұрады.
Бір күні «Интеркомның» бұйрығымен интернатты жинап жүріп, бір болкнот тауып алдық. Сөйтсек ол «бастығымыздың» төсегінің астына түсіп қалған «күнделігі» екен. Іші толған құпия. Тоқ етерін айтсам, бастығымыз «А.Б.» деген бір қызға жүдә ғашық екен. «А.Б.» деген кім болды екен ә?» деп қоямыз Асқарбек, Әшім, Қосай, Сейтқасым, Бақыт бәріміз.  Қықасы, «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл» екені барлықтарыңызға да белгілі ғой, «бастығымыз» «А.Б.»-ға ынтызар екенін, екеуінің бір-біріне көзі түсіп кеткен сәттегі сезімдер шарпысуынан туған жыры мен сырларын, иә, иә, неше түрлі қызықты оқиғаларын күнделігіне жаза  берген, жаза берген.
Басқаларды қайдам,бұл сырлар әдебиетпен «ауыра» бастаған Асқарбекке  қатты әсер етті. Оның да біреуге ғашық боп, күнделік жазғысы бар. Бірақ табан астында кімге ғашық болғандай. Амангелді ауылында бір-бірімен қыз алысуға болмайтын,  өңкей жеті атадан аспаған туысқандар тұрады, ал мына А. А. Жданов атындағы совхоздың қыздарымен әлі сіз-бізден әріге барысқанымыз жоқ. Асқарбектен қаламын ба, мен де блокнот сатып алып, «махаббат» туралы ойларымды қағазға түсіргім кеп өліп барам.
Жазда «Ойық» деген ауылға барғам. Туысқанымыздың үйіне. Бір әдемі қыз жүр екен. Ол да қонақ мен сияқты. Шамасы, құдаша боп келеді-ау. Бұрын мұндай сұлу қызды көрмеген мен аузым ашылып қарай беріппін. Анау да менің мұнымды байқап, түштиіп шыға келді. Сөйлеспейді. Тіпті, адам екен демеді-ау. Со кезде барып түрімнің «онша емес» екені есіме түскені. «Ендеше сұлу менің не теңім» деймін. Күнделігіме сол туралы бұрқыратсам ба екен, ә. Бірақ ол қайда, мен қайда? Ал «Интеркомның» махаббаты дәл қасында, А. А. Жданов атындағы он жылдық мектептің 8 класында оқиды. Аты «А.Б.», тарқатып айтсақ — «Асыл Бейне». Әрине, шын аты басқа. Ал «А.Б.» деп құпиялап, құтыртып жазып, бізді қызықтырып жүрген «Интеркомымыздың» ерекше таланты.
«Қой болмас,- деп шештім мен, — махаббатты алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайын». Сөйттік те Асқарбек екеуміз Төлеген мен Шеге құсап А. А. Жданов атындағы он жылдық мектептің 9 кластағы қыздарының «көшін» жағалай бастадық. Көш болса — ұзақ-сонар ұзақ, біз іздеген қыз оның басында ма, ортасында ма, соңында ма, әзірге жұмбақ, әзірге белгісіз. Бекежандары болса онда мүлде құрыдық. Дегенмен, «торғайдан қорыққан тары екпейді» деген диқан атаның баласы емеспіз бе, нар тәуекел дедік.

МЕНІҢ «ЕҢ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН» ПӘНІМ…

Көшті көп «аралап» жатпай, бір қызға ноқта салдық. «Ай десе аузы, Күн десе көзі» дейтіндей алып бара жатқан ештеңесі жоқ, бірақ сұрғылттау келген жүзінде жылылық па, зиялылық па, әлде мейірім бе екен, мен іздеп жүрген, ерекше бір тартымды нәрсе бар. Мен оған бірден «Сұрша қыз» деп ат қойдым. Ол мен үшін кәдімгі «Әндір, әндір, әндір-ай, ішімді оттай жандырды-ай…» деп келетін атақты әндегі Сұрша қыздан кем болмаса қайтем енді. Оның үстіне «Интеркомымыздың» құпия ғашығы «А.Б.» деген «үлгіге» де кеп тұр. Бастықтан ақылың асып кетсе тағы бәле, сондықтан қысқарған сөзден қашып, «Сұрша қыз» деп қойғаным дұрыс» деген ішкі үннің ұйғарымына нық тоқтадым.
Ол да біреңе сезетін сияқты. Сұрша қызды айтам. Сәлемдескенде, атымды айтып шақырғанда басқаларға қарағанда жылылау, басқаларға қарағанда жұмсақтау айтатын сияқты ма, әйтеуір, үні жаныма майдай жағады. «Үйіме дейін арқалап апар» демейді-ау, десе тепеңдеп ап жорғалайын деп тұрмын. Бірақ, диктант көшірту, еркін тақырыпқа жазылған шығарма жазып беру дегендерді өтінсе, «ләппай, тақсыр» демесем де, елден бұрын елпек қағам. Ондайда қиылып қараған көзіне көзім түсіп кетіп: «Е-е, Абай атамның «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл» дегені осы екен-ау» деп қоям күрсіне күбірлеп.
Сөздің тоқ етері, менен бақытты адам жоқ еді сол күндері. Айтпақшы, Амангелді сегіз жылдық мектебінде оқып жүргенде әр сабақ сайын белгілі бір оқушымен, ол мейлі қыз болсын, мейлі ұл болсын, қатар отыруға дағдыланғанбыз. Сонау бірінші кластан бері бұзылмаған осы дәстүр А. А. Жданов атындағы он жылдық мектепке келгенде быт-шыт болды. Тура бір институттың немесе университеттердің студенттері сияқты кез-келген партаға отыра саламыз. Көбінесе балалармен балалар, қыздармен қыздар қатар отырып, ду-ду әңгімелесіп жатады. Мұғалімдер де бұған мақұл боп алған. Өйткені, бала мен қыз қатар отырса «марқасқалар қыздарға тыныштық бермейді, сабақ оқытпайды» деген солақай түсінік қалыптасқан. Бұл «солақай түсінік» қайта сабақ оқымайтын балаларға жақсы болды, бәрі соңғы партаға жиылып алады да, улап-шулап отырғаны сол.
Осындай бір одағай тәртіп орныққан кезде, Құдай қолдап Сұрша қыз екеуміз тарих сабағы өтетін класқа келген кезде, неге екенін білмеймін, бірге отыратынбыз. Мен енді бұл бақытты сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Білетінім, «Қоғам тану» деген миыма қонбайтын ең қиын пәнді жақсы көріп кеттім. Байқаймын, бұл пән Сұрша қызға да ұнайтын сияқты. Ұнайтын пәннің өзі емес әрине, екеуміздің 45 минөт болса да қатар отырғанымыз. Махаббат деген машақаттың адам айтып жеткізе алмайтын ең тәтті, ең бал-шырын сезімдері Сұрша қызды да өз тереңіне шым-шым батырып әкететін болса керек. «Қоғам тану» пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры Әуесбек Сабырбаев ағайымыз не айтып жатыр, не сұрап жатыр жұмысымыз жоқ, әйтеуір екі есті бір ғажайып халді бастан кешіп, анда-санда тиіп кеткен саусақтарымыз бен иықтарымызға іштей «мың да бір рахмет» айтып, дел-сал күй кешеміз кеп.
Менің бұл «құпиямды» Асқарбек қу көп ұзамай-ақ біліп қойды. Бір күні сабақтан соң интернатқа қарай аяңдап келе жатсам:
-Кәке, — дегені жымысқылана күліп.
Бірдеңені жұмбақтап немесе астарлап айтқысы кеп тұрғанда өстетін қашанғы әдеті. Менің «махаббатым» туралы бірдеңе дегісі кеп тұрғанын ішім бірден сезді.
-Айта бер, жұмбақтамай.
Ол тағы ыржалақтады.
-Айтсай енді, сойған түлкі құсамай.
-Сен осы қай пәнді жақсы көресің?
Әй, оңбаған-ай, тіміскіп жүріп біліп қойыпты. Басқа уақытта болса «Әдебиет пәнін жақсы көрем» деп тақ ете қалар ем. Бұл жолы ойланып қалдым. Айтсам да сенбейді. Өйткені жаңа ғана «Қоғам тану» пәні сабағынан шығып, Сұрша қызбен қатар отырған 45 минөттің ләззәтінен айыға алмай, вальс сияқты бір рахат күйге балқып келе жатқам.
-Оны өзің де біліп тұрсың ғой. Не үшін сұрадың?
-Жәй, әшейін білгім келді.
Асқарбек менің жауабымды құптағандай тағы да күлді.
-«Қоғам тану» сабағы да  дөңгелеген жер сияқты бір орнында айналып тұра берсе ғой.
Байқамай күрсініп қаппын.

-«Қоғам тануды» оқып жүрміз бе, «Махаббат тануды» оқып жүрміз бе, өзіміз де білмей қалдық қой.
-Абайла, — деді Асқарбек, — Бекежандар да бой көрсете бастады, жекпе-жекке дайынсың ба?
Менің көз алдымнан лезде Сұрша қыздан «үміткер» тағы бір-екі оппонентімнің сұлбасы көлбең етіп өтті.
-Ә, аналарды айтасың ма?
-Солар ма, басқалар ма, әйтеуір абайлап жүр дегенім ғой…

«ӨКІМЕТТІҢ КИІМІ» ДЕГЕН БӘЛЕ БОЛДЫ ОСЫ

Бүгінгінің балалары біле ме, білмей ме, біздің кезімізде жетім балаларға мектепте тегін киім-кешек беретін. «Мектепте беретін» деген біздің ғана түсінігіміз. Ал мектептің «үстінде» одан да зор мекемелердің басшылары тұрғаны белгілі. Ең бастысы, жетімдер жәудіреп жүрмесін дей ме, жаурап қалмасын дей ме, әйтеуір, анада-санда тегін киім-кешек үлестіріп тұратын. Киім болғанда бәтіңке, пальто, кәстөм-шалбар дейсің бе, бұйырған біреуін үйіңе қолтықтап ап қайтасың. Бір «жарылқаушым», класс жетекшім бе, әлде мектеп директоры ма екен, Амангелді сегіз жылдық мектебінде оқып жүргенде мені де осы тізімге енгізіп қойыпты. Ол тізім артымнан ілесіп А. А. Жданов атындағы он жылдық мектепке де кепті. Қара басқанда мен мұны өте кеш білдім. Әйтпесе, мектеп директорына жалынып-жалбарынсам да аты-жөнімді әлгі «қара тізімнен» сыздырып тастар ем. Бірақ кеш, өте кеш… еді.
«Нышанбек» деген баланы бұрыннан танимын деп ем ғой алғашқы тараулардың бірінде, өйткені о байғұс та мен сияқты әкесін ерте жалмаған жетімектің бірі болатын. Тұрмыстары да нашарлау. Оның үстіне үстіңгі ерні жырық. Бірақ онысы өзіне жарасып тұрады. Атын Нышанбек деп қойғаны да сондықтан болса керек деп ойлаймын. Нышанбектің бізден тағы бір ерекшелігі — әңгі есектей үнемі әңкілдеп әңгіме айтып жүреді. Күлкісі де тым қатты. Түу-түу алыстан естисің. Бірақ мінезі жанға жайлы. Қара күштің иесі болса да өзімен өзі жүргенді қалайды. Сабаққа да онша көп келе бермейді. Сірә, «мына он жылдық деген қыртымбайды бітіріп, отбасын құрып, адам болу жағына көшсем» деген арманның жетегіндегі ерте есейгендердің қатарынан. Бірақ олай дейін десең соқталдай боп әлі бала сияқты. Қуанышын жасыра алмайды. Оның үстіне біреуден «сүйінші» дәметкендей алыстан айқайлайды.
Үлкен үзіліске шыққанбыз. Қыздардың көзінше:
-Қасс-сы-ым, — деп айғай салды. Ойымда ештеңе жоқ жайбарақат:
-Әу, — дегем.
-Қазір сабақтың үстінде киім таратады, сен қандайын аласың, — дегені қара басқырдың.
Жүрегім зырқ ете қалды ма, миым солқ ете қалды ма, әлде көзім қарауытып, тәлтіректеп тұрып қалдым ба, дәл қазір тап басып айта алмаймын. Бірақ адам қызығатындай, дәл мағынасында айтсам, Нышанбек бауырым қуанатындай жағдайда емес ем. Бетім ду етіп ә дегеннен-ақ қызарып кетті. «Мынаның есі дұрыс па? Қыздардың көзінше «қазір киім таратадысы несі? Жыртысқа құныққан молдадай не деп тантып тұр? Әлде елдің бәрін өзіндей көре ме?». Сан-сапалақ сұрақтар санамды сонаның біз тұмсығындай сұққылап, жеп, өлтіріп барады. «Ұят-аят деген мақұрым екен ғой өзінде. Ау, жанымызда қыздар тұр-ау, солардан ұят болады-ау деп ойланбай ма екен адам деген». Жоқ, Нышанбекке бәрібір сияқты. Мен өз ұятыма өзім іштей «тұншығып», тілім байланып қалғанға, қуанышын жеткізе алмай тұр деп ойлады ма:
-Өкіметтің киімі ше? Мен бір бәтіңке мен пльтосын алам, әкең…, — деп қояды езеуреп.
Алда байғұс-ай. Мен «Сұрша қыз естіп қойды-ау» деп ұяттан өртеніп бара жатсам, бұл алдында тас керең адам тұрғандай саңқылдайды кеп. Топтанып тұрған қыздарға қарасам, құдай сыйлағанда, арасында Сұрша қыз жоқ екен. Әлде ол осы жағдайды біліп, мені ұялтпау үшін ағайдан бір жаққа сұранып кетіп қалды ма екен. Ал Нышанбек болса әлі әңкілдеп тұр.
-Бәтіңкем тозып жүр еді, жақсы болды, — дейді де, үнемі су ағып, пыс-пыс етіп жүретін мұрнын солқ еткізіп бір тартып қояды.
О-о, сорлы, бүйтіп жетіскенше өлгенің жақсы еді ғой сенің. Мен жетімдігімді білдірмейін деп ала жаздай қабырғам қайысып шөп тиеп, мая жинап, еңбек еттім. Сол үшін 80 рубль ақша таптым, сөйтіп күздік, қыстық киім-кешегімді түгендеп алдым, ал бұл болса «өкіметтің киміне» қарық болатынын айтып айқайлап, өткен-кеткеннен сүйінші сұрап тұр. «Уһ» дедім бе, «туһ» дедім бе, қазір есімде жоқ, жалт бұрылдым да интернатқа қарай жүгіре басып жөнелдім. Жүгіре жөнелген себебім, келесі сабаққа қатыспау. Ал келесі сабақ мен де, Сұрша қыз да жақсы көретін «Тарих» пәнінің сабағы еді. Онда «Қоғам тану» деген пәнде айтылатын қоғамдағы екі жасөспірімнің махаббат жырлары мен сырлары баяндалатын еді… Бірақ, өкінішке қарай, мен оған бүгін, бәлкім ертең де, бүрсігүні де қатыса алмайтын шығармын.
Интернатқа келдім де төсегіме етбетімнен түстім. Қанша жатқанымды білмеймін, қолымда сағат жоқ қой ол кезде, әйтеуір егіліп жылап жатыр екем. Жастығым су боп кетіпті. Ішімнен «ендігі сабақ та бітіп, оқушылар тарап та кеткен шығар» деп ойлап қоям.
Бір кезде есік сықыр етіп ашылды. Ішке біреу кірген сияқты. Кім болды екен? «Интерком» ба? Класс жетекшіміз бе? Әлде… Сұрша қыз ба? Кім болса да жақындап келді. Тіпті, дәл қасымда тұрғанын да сезіп жатырмын. Бір уақта ол да жылады.»Интерком» да, класс жетекшіміз де, Асқарбек те, Сұрша қыз да емес екен. Әпкем… жалғыз әпем бар еді… сол. Ол осы А. А. Жданов атындағы совхоздағы бір тірәктіршіге тұрмысқа шыққан. Қайдан естіп, кімнен білгенін білмеймін, сол… интернатқа кеп, менімен қоса жылап тұр.
-Жылма, — дейді өзі жылап тұрып, — киімі құрысын, алмағаның, бармағаның дұрыс болды. «Жалғыздың жары құдай» деген, әлі-ақ өсесің, әлі-ақ жетілесің. «Жас өспей ме, көкейіңді теспей ме» деген…
Жылап тұрып сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Ал менің дәл қазір әпкем тұрмақ, өлген әкем тіріліп келсе де басымды көтеретін халім жоқ. Сондықтан:
-Жыламайын, бара бер, — дедім, етбетімнен жатқан күйі басымды көтерместен.
-Жақсы, онда тұр да беті-қолыңды жу. Түскі тамағыңнан қалма.
Әпкем аяқтарын тықырлатып тұрып-тұрып, бір уақытта сыртқа шығып кетті.
Мен ілбіп орнымнан тұрдым. Басым мең-зең. Солқ-солқ етеді. Мен үшін дәл қазір дүниенің бір тиын құрлы құны жоқ сияқты. Жетімдерге киім беруді ойлап тапқан дәу-дәу бастықтардың бастарын да, оны қуана алатын Нышанбек сияқтыларды да ішімнен түгін қалдырмай сыбап жүрмін. Сыбап жүріп, жуынып та алдым. Ашу-ызам бірте-бірте сейіліп, өткінші дауылдан соң шайдай ашылатын күн сияқты бірте-бірте көңілім жайлана бастағандай ма, қалай. Бірақ Сұрша қызды ойласам аспаным қайтадан бұлттана қалады. Намыс деген бір бәле қай жағымнан шығып жатқанын білмеймін, әйтеуір махаббатымды ойыма алсам болды, алқымымнан қос қолдап қылғындырып ала жөнеледі.
Қазір Сұрша қыз не істеп жатыр екен? Қандай ойда қалды мен жайлы? Ол менің бір жалғызілікті кемпірдің жалғыз баласы екенімді, жағдайымыздың онша жақсы емес екенін білмейтін. Ал мына оқиғадан кейін сөз жоқ естіді, білді. Ал Сұрша қыз болса анау-мынау емес, білдей бір совхоздың диркторының қызы. «Таза масқара болды» деген осы шығар. Асқарбек қайда жүр екен? Шын дос деген осындайда жаныңнан табылумашы ма еді? Оныкі не? Әлде Нышанбекпен бірге ол да бір бәтіңке мен бір пальтоны құшақтап тайып тұрды ма?

Мен сол күні алғаш рет жалғыз қалып, алғаш рет жанымды жұбататын дос іздедім.

6. ХАТ ПЕН ГҮЛ
немесе «ЖЕТІМ ҚОЗЫ ТАС БАУЫР, ТҮҢІЛЕР ДЕ ОТЫҒАР…»

Ертесіне мектепке келсем бәрі түк болмағандай ойнап-күліп жүр. Кешегі оқиғаны есіме салған да, тіпті, салғысы келген де ешкім болған жоқ. Сұрша қыздың да қабағы ашық. «Алдапсың ғой» деп көз алартқанын да, «жағдайларың мүшкіл екен ғой» деп мүсіркей қарағанын да байқамадым, жүзі алғашқы танысқан кезде қандай ашық, қандай жайдары болса бүгін де тап сондай.
Нышанбек те жүр аңқылдап. Кейпіне қарасам, «Өкіметтің киімі» туралы әңгіме мүлде болмағандай. «Әй, аңқауым-ай, кластағылардың бәрін өз бойыңмен өлшейтінің не сенің…». Көріп отырсыздар ғой, Нышанбекке деген қара қазандай өкпем де темір шөткімен қырнап тазартқандай жарқырап шыға келген. Шынында, оның қандай кінәсі бар? Мұғаліміміздің «өкіметтің киімін» беретініне қуанғаннан басқа не жазығы бар? Өзім сияқты деп ойлап қалған ғой мені. Қайдан білсін намысқой екенімді.
Сол-ақ екен Нышанбекті біртүрлі аяп кеттім. Ойлап қарасам, бәріміздің тағдырымыз ұқсас. Ешқайсымыз да жетісіп тұрған жоқпыз. «Бәріміз» деп отырғаным Асқарбек, Сапарғали, Жақыпбек, Нышанбек және мен. Бәріміз де «сорлы» жетімбіз. Апамның сөзі ғой. «Әкесі жоқ — сорлы жетім, шешесі жоқ — шерлі жетім» дейтіні болатын анда-санда. Ал «сорымыз» ортақ болған соң сырымыз да ортақ. Ойымыз да. Нышанбектің Нышанкүл деген әпкесі бар. Аралары бір-ақ жас. Ол да бізбен бірге оқиды. Құдай адамды бір жағынан қысып сынаса, бір жағынан талант беріп сынайды екен ғой, ағайынды екеуі қосылып ән шырқағанда мектептің концертіне келген ата-аналар көздерінің жасын сүртіп отыратын. Анаң қарашы, Нышанбекті айтам да, мені ренжітіп алдым ба дегендей жалтақтап жүр. Онысын бір-екі күннен кейін іспен де дәлелдеді.
Маужыраған мамыр айы ғой, өзен жаққа серуенге баратын болдық. Жолдың шетіндегі дөң-дөңестердің бәрі алқызыл гүлге оранған. Гүлді көрген қыздар жоңышқаны көрген лақтардай ойнақтап, лап қойды. Біз де ілестік. Гүлдің жапрықтары үлкенін, ірісін іздейміз. Бірақ қызғалдақтар сондай нәзік. Бір жағынан жинап жатсаң,бір жағынан жапырақтары үзіліп, шашылып жатады. Ал сарғалдақтар қызғалдақтарға қарағанда қатқылдау, көпке дейін сақталады.
Асқабрек тағы да жанымнан табыла кетті. Оның менің басыма «іс түскен» кезде зым-зия жоғалып кетіп, ал көңілім орнына түскен кезде тап бола қалатынына етім үйренген.
-Кімге арнап теріп жүрсің?
-Гербарий үшін емес әйтеуір. і
-Қалай сыйлайсың? Басқалар біліп қоймай ма?
Бұл сауал менің басыма гүл тере бастаған кезде-ақ оралған. Шынында қалай сыйлаймын? Бүкіл класс шу ете қалады ғой біліп қойса. Сұрша қызды да ұятқа қалдырамын. Әлде… сұраулы жүзбен қутыңдай қараған қыдарға «әпкеме апарып берем» деп алдасам ба екен. Интернатта жалғыз өзім жылап жатқанда сол еді ғой артымнан іздеп келген. Бірақ қыздар оныма сенбейді.
Менің үндемей қалғанымды көрген Асқарбек:
-Сен гүлді қазір берме, — деді. — Интернатқа барған соң хат жаз да, сол хатпен бірге ұсын.
Бұл ой маған да ұнап кетті. Осы кезде, қайдан іздеп тапқанын, қолында кілең сарғалдақтардан тұратын бір десте гүлі бар Нышанбек келді.
-Мұны неғылам?
-Жә, тырсимай, гүліңе қосып қой. Аналарға сыйлайсың, құлап түседі…
Нышанбек Сұрша қыз жүрген топқа қарап ыржиып күліп қойды. «Жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар» деген, жоқшылық, кедейлік дегеннің бала махаббатқа еш кедергі келтіре алмайтынын мен сол кезде түсіндім. Өз тірсегін өзі тістелеп үзіп, қақпаннан қашып кететін қасқырлар да бір, тағдыр қақпанын тас-талқан қылып кете баратын жетімдер де бір. Олар да қасқырлар сияқты, өз жарасын өзі жалап жүріп әйтеуір жазып алады.
Сөйтіп, Асқарбек, Сапарғали, Жақыпбек, Нышанбек және мен, бір топ жетімек, Сұрша қызға арналған гүлді үйінің қасына түнде барып қойып кетуге келістік. Хат жазу мәселесіне болашақ ақын, жазушылар мүлде қиналған жоқ. Жүрегімде дайын жүрген сезімдер ақ қағазға өлең боп құйылды да кетті. Асқарбек айтпақшы, «сүйем», «күйем» деген өңкей оңай ұйқастардан тұратын классикалық өлеңімізді гүлдің ортасына жасырдық.
Сұрша қыздың үйінің қасында қалың тал бар болатын. Сол талдың ортасындағы жалғыз аяқ жол менің махаббатымның үйінің қақпасына барып тіреледі. Барымташылар құсап түнделете жортып отырып сол жалғыз аяқ жолдың байындағы менмұндалап көрініп тұрған бір топ шеңгелдің үстіне гүл мен хатты қойдық. Оймыз іске асса, таңертең сабаққа баруға шыққан Сұрша қыз оны бірден көруге тиіс…

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>