Жапар көкем өзінен ақын ұл туады деп сірә да күтпеген. Серік те о баста ақындықты қуам деп ойламаса-дүр. Есеп-қисапқа ерен еді. Әлі есімде, ойын «іздеп» Серіктің үйіне барамын. Ол төрде етпеттеп кітапқа шұқшиып жатады. Серік бірде: «Мынау – «Қызықты физика» деген кітап. Өте тамаша» – деді. «Физика туралы кітап та қызық бола ма екен?» деп, қасқыр көрген ешкідей ежірейіп мен тұрмын. Сонымды түсінгендей ол кітапты парақтап ішіндегі қызықты дүниелерін көрсете бастады. Тіпті, кішігірім тәжірибе де жасап жіберді. Ұққаным: кәдімгі инені судың бетіне қалқытып қоюға болады екен. Сондықтан ол маған болашақта есеп-қисапты жілікше шағатын экономист немесе неше түрлі жаңалықтар ойлап табатын инженер болатын сияқты көрінетін.
Серіктің «Сөз-нөсер» деген өлеңі ұшан-теңіз білімге деген іңкәрліктен туған. ҚазМУ-ға әдебиетші боламын деп барған студенттердің бөріктілерге тән Сагалович деген қызықтау фамилияны иемденген сұлу әйелді білмейтіні кемде-кем. Біз де дәріс үстінде осы әйелдің сұлулығына сұқтана отырып, оның аузын ашса үні шығатын бұлбұлдай таусылмас сөзіне де тәнті болатынбыз. Бірақ оның осы құдіреті туралы ешкім толғанбапты. Тек Серік қана ақындық сезіммен аңғара білген.
Жүрегіңді, санаңды көздеп ұдай,
Нөсерлейді екен-ау сөз де бұлай.
Селге айналған сұрапыл сөз- нөсердің,
Секунд сайын құбылып өзгеруі-ай!
С. М. Сагалович ҚазМУ-дың студенттеріне орыс тілі әдебиеті мен шетел әдебиетінен дәріс оқыды.
Көп ұзамай Серік Талас аудандық газетіне әдеби қызметкер болып келді. Бірақ ол шын мәніндегі ақын еді. Айналасына да тек қана ақындық көзбен қарайтын.
Кейін ол облыс асып, Алматыға кетті. Ақынның қамшының сабындай қысқа ғұмырының соңғы жылдары Тараз қаласында өтті. Әлем әдебиетінде «Пушкин тоқтаған үй», «Хемингуей виски ішкен кафе» деген мысалдар көп қой. Сол сияқты Серік ақын шашын сілкіп тастап, өлең оқып тұрған Тараздағы кафе-дүкендер маған жақсы таныс. Шетелде арқалы ақын «түстенген» мұндай кафе-дүкендерге жарнама жасап әуре болудың қажеті жоқ.
Қазір «тек жүрмейтін» текті ақынның томашадай қабірі Тектұрмаста томпайып жатыр. Мен cонда барғанда қойын дәптеріме 2556 деген цифрды жазып алдым. Ол – қабірлердің рет саны. «Пай, пай, жиырма бес» пен туған жылының соңғы екі саны Серіктің қабіріндегі санмен дөп келіпті.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Серік 
Томанов.

Ақын екем

Мына мен ақын екем,
Жырға жомарт, жүрегі сақы мекен.
Өмірдегі өзімдей өнерде де,
Өлеңде де өзгеше, аты бөтен,
Сенесің бе, мына мен ақын екем.

Ақын екем өз үні, айтары бар,
Кеудесінде тұңғиық Байкалы бар.
Кемерінен кейде бір асып жатса,
Кей-кейде арнасына қайтарылар,
Ақын екем мына мен айтары бар.

Ақын екем, мен соны жаңа білдім,
Ақындық ізінде емес қаламымның.
Ақындық – астында екен мына менің,
Жақсылыққа жасаған қадамымның.
Мен соны жаңа білдім.

Музаға

Қабырғаларымнан қанатым өсіп шыққанда,
Пері көргендей пенделер босып зытқанда.
Қайырылдың ба екен сен маған, қайырымды өлең,
Қосылдың ба әлде, қу тұрмыс қосын жыққанда?

Сен маған қайдан жолықтың, қайырымды өлең,
Аңғармай қалсам, ат-шапан, айыбың менен.
Тәубеден аузым босамай егіліп барам,
Баураған сайын парасат, пайымыңменен.

Қауырсындарым өскелі қос қапталымнан,
Жоғалтқаным көп, жобалап дос тапқанымнан.
Қайырымды өлең, сен маған қайырылдың ба шын,
Болашақтарға шаршап ем босқа аттанудан.

Бүккені – бүккен алдымда тұрмыс тізесін,
Иілмей көрсін, иттей ғып мұңды ішкізгесін,
Қайырымды өлең, қайдасың, алып ұш мені,
Аспаннан, Жерден Алашым шындықты іздесін.

Жырдағы Хантәңірі

Жалғасып жүректермен,
Жайылған әр тамыры.
Тілдесіп тұр көкпенен,
Жырдағы Хантәңірі.

Бұзбай сол қалпын мәңгі,
Қалқысын қыран жаны.
Ақынды тау тұлғалы,
Ұмытпас ұландары.

Жырсыз үй – жұтаған үй,
Жыр – көркі бар әлемнің.
Үлгісі – Мұқағали,
Қазақы қара өлеңнің.

Сергей Есенинге

Сұқтанып сұлуларға, сырғаларға,
Бір жүруді жазбапты бұл ғаламда.
Сергей, сен де, әйтпесе, сүйсінер ме ең,
Томановтың жырларын тыңдағанда.
Мені тауып сен бәлкім, барша әлемнен,
Жырларыма тамсанып қол соғар ма ең.
Ақкөлімнен содан соң шығарып сап,
Рязанда сен қайта қарсы алар ма ең.

Ауылыңды содан соң бірге аралап,
Отырар ма ек ойланып, күнге қарап.
Туар ма еді кеудемде шіркін өлең,
Туар ма еді сенен де жыр ғаламат.

Жанарымда жасаулы қала көлбеп,
Рязанды армансыз аралар ма ек.
Сезімдерді сілкілеп тұрар ма еді,
Дабыл қағып жүрегім барабан боп.
Ұшып-ұшып онсыз да алаң көңілің,
Сосын мені шығарып салар ма едің.
Кірпігіңнен мөлтілдеп сағыныш боп,
Ақ қағазға сосын бір тамар ма едім.

Саған деген сағыныш меңдей келіп,
Сезім шіркін маған да бермейді ерік.
Сен ойыма оралып жүрсің жиі,
«Серік, ей», – десе біреу Сергей болып.

Жыл жаңарды

Қалың-қалың қар басып жылғаларды,
Жыл жаңарды тағы да, жыл жаңарды.
Ала жаздай жайлауды жайлағандар,
Малын айдап қайтадан құмға барды.

Қарсы алуға кеп қалған жылды асығып,
Қатқақ жолдар жүгірді құмға сіңіп.
Қатар-қатар құрылыстар қолтықтасып,
Қарды кешіп барады, қырға шығып.

Қайсар қалып танытып… сұсты, қатып,
Қарағаштар тұр білем қысты ұнатып.
Тұра-тұра қалыпты бағаналар,
Қуаныштан көздері ұшқын атып.

Жетті-ау дей ме жаңа жыл сонша күткен,
«Ән салады» сары аяз тың шабытпен.
Көк сүңгі кірпіктерін сыртқа тігіп,
Төне қарап әйнектен шырша біткен.

Сұлулықты көрмеу – бұл жанарға сын,
Жыл жаңарып, тапты өмір жаңа арнасын.
Кел, Жаңа жыл, жаңартып дүниені,
Қару түрі тек қана жаңармасын.

Бағым бар екен

Бағым бар екен!
Сағынған екем қаламды.
Сарынға бөтен,
Сабылтқан екем санамды.
Қалаға барып, қарадай налып, қамығып,
Қарайып кеткен қаным да міне жаңарды.
Сағынып қаппын,
Саумал жұпарын сияның.
Ақ қағаз міне,
Алдымда жатыр зиялым.
Пасықтар күшпен қасықтап ішкен қанымның,
Қалғанын енді қара өлең саған құямын.
Құямын саған,
Нөсердей күзгі селдетіп.
Қиялым, маған,
Бермесең мейлі, берме түк,
Қаламым өзі-ақ қаздаңдап бәрін тындырар,
Сәби сезімді отырсам болды тербетіп.

Қалқаманда қалды ізім

Қалқаманда қалды ізім,
Дос іздедім таппадым.
Қазір міне жалғызбын,
Тентек су тек татқаным.

Ескі достар суысып,
Жаңа достан жоқ медет.
Отырамын у ішіп,
Өміріме өкпелеп.

Тағдырым деп өлеңге,
Табынсам жұрт кері ұғып.
Ақындығым көп елге,
Ақымақтық көрініп.

Жалықтырды бұл жалған,
Жолықтырды жарға әкеп.
Тәлкек қылар тыңдарман,
Тақпағыңнан бар ма деп.
Арақ сыйлап қалталы ел,
Қылығымды қызықтар.
Азабын мен тартамын,
Намазымды бұзып бар.

Жүріп келем ол анық,
Жетектейді бір үміт.
Жақсылығым жоғалып,
Жамандығым білініп.

Қалқаманды жол қылып,
Дос іздеймін таныстан.
Сөнген күні соңғы үміт,
Іздерсіңдер ғарыштан.

Мен жыламаймын…

Жырым жылайды,
Мен жыламаймын.
Қан жылап өткен бар жыры Абайдың.
Аңғалағыма жас тұрмас менің,
Аңғары құрғақ сай-жырадайын.
Мен жыламаймын,
Жырым жылайды.
Өтеусіз жылдың құнын сұрайды.
Сыбаға бөлген сор менен мұңнан,
Сыбаймын мен де сығыр Құдайды.

Мен жылаймын,
Егілем іштен.
Теңіздей терең тебіреніспен,
Мұқағалиды мойытқан өмір,
Мойындатардай мені де күшпен.

Мен жыламаймын,
Іштен үгілем.
Жанымды бір мұң тістейді кілең,
Кескекті сойдың кес-кестеп жолын,
Кесапат тағдыр күштейді білем.

Мен жыламаймын,
Жас шығармаймын.
Қаңсып қураған тас тұмадайын,
Ағыл да тегіл жырым жылайды,
Жанымды жаншып басты ма қайғым.

Құса боп ұшқан қыран тұғырдан,
Жалықсаң жалық жылаңқы жырдан,
Мен жыламаймын,
Жырым жылайды,
Өмірден өтсе бұралқы бір жан.

Жылатып жырды,
Қаңғып өтермін.
Бақида бәлкім хандық етермін,
Сонда да жырым жылап тұрар-ау.
Құлыптасымда – мәңгі мекеннің.

Дүние деген…

«Дүние деген, шырағым,
Арыстанның аузында,
Түрікпеннің түбінде».
Үйіңнен шықпай бір адым,
Отырып ап ауылыңда
Байысам деп бүлінбе.

Дүние деген, қарағым,
Қу түлкінің құйрығы.
Қызыл құмның ішінде
Ашылған екен араның.
Алланың жазса бұйрығы,
Қарық бол, қолға түсір де.

Жайсыздау екен сұрағың,
Жазысыз, қомсыз нар бура,
Бұйдасыз ұстап мінгендей,
Дүние бітпес, шырағым,
Арыстанның алдына,
Айдаһардың аузына,
Мың барып күнде, мың келмей.
Сезімді қайтем тулаған?

(әні бар)

Көзіңді қайтем, қарайтын маған ұрлана,
Сөзіңді қайтем, сиқырлы, сазды, думан ән?
Төзімді қойшы, таусылмас сені күтуден,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған?

Күндерді қайтем, сынаптай сырғып зулаған,
Түндерді қайтем ұйқымды менің ұрлаған?
Өзімді қойшы, өзегін жалын өртеген,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған?

Көңілімді қайтем, көрерде көзге бұлдаған,
Сенімді қайтем, сенбесең егер шын маған?
Шынымды қойшы, шындығым жатпас жүректе,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған?

Сырымды қайтем, сыңар боп саған тумаған,
Мұңымды қайтем, Мәжнүннің жолын қумаған?
Өмірді қойшы, өтер де кетер өкінтіп,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған?

Сексеуілдер сүргіні

Жетістігі ғылымның молайғалы,
Жоғалту да соншалық оңайлады.
Техника үнінен үріккендей,
Тоз-тоз болды сексеуіл тоғайлары.

Тұра алмай техника «тебінінде»,
Тоғайлар мәжбүр болды шегінуге.
Ұлы жорық басталды осылайша,
Сыңсыған сексеуілдер өмірінде.

Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде,
Жаншылды жас шырпы да бесігінде.
Техника сүйреген топас трос,
Табиғатқа өлшеусіз өшігуде.

Қарсы тұрар амалы құрығандай,
Сексеуілдер жөңкілді бірі қалмай.
Талай жалдан тоғайлар асып кетті,
Безе қашқан бөріден бұғылардай.

Қалмаған соң тағдырлас мекенінде,
Талай бұта кетті еріп жетегінде.
Сексеуілдің ізінен сусыған құм,
Суық хабар ауылға әкелуде.

Шашын алған арудай шөл реңі –
Көзге қазір сиықсыз көрінеді.
Бар жылуды сексеуіл ап кеткендей,
Санам менің сан саққа бөлінеді.

Наурыз. Көктем

Шымылдығы желпілдеп,
Жанарда жасы мөлтілдеп,
Қыз-көктем қылық шығарды,
«Наурызда еді сертім» деп.

Уағдалы күнге дөп келіп,
Бикештен мүлде кетті ерік,
Қызды ауыл жатты қапылып,
Тұрса да іштей жек көріп.
Кәрленіп ашу шақырып,
«Кәртейген құда ол да жүр,
Ала қоржынын бөктеріп».

Көбейтіп сыбыр-күбірді,
Етектегі ел де бүлінді.
Арнасын өзен таппай қап,
Сай-салаға жүгірді.
«Маңырап» маңғаз, маң дала,
Жамырап кетті айнала,
Көрмек боп көктем-сұлуды.

Кірпігін бояп тал жағы,
Басталды құстың «жар-жары».
Тойдағы айтар «термесін»,
Трактор қырда толғады,
Ендігі үміт – «құдада»,
Аяқ асты бүлініп,
Айнып қалмаса болғаны.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>