Ойхой, шіркін,оқуының түрін-ай!

(әзіл әңгіме)

Осы біздің Жаппасбай қарияның аузы қарап тұрмайды. Бір нәрсені бықсытады да жүреді. Кейде бір оңашада, қасында ешкім болмаса да өзімен-өзі дабырлап сөйлесетіні бар. Міне осы қазір ауылдан келіп, автобустан түскені сол.
Институттың сырттай оқу бөлімінде немересі оқитын. Бүгін соның емтиханы. Сол жаманын іздеп келген беті. Бірден оқу орнына тартты. Емтихан жүріп жатқан есікті ашып, елеусіз ғана арт жақтағы бір орынға жайғасты. Төрде төмен қарап, мүлгіп тыңдап бір ақ шашты профессор отыр. Бір студент оның қарсы алдына шығып ап, қолына іліккен кітаптан бірдеңелерін сықпыртып оқып тоқтайтын емес. Оқытушы бір-екі рет мойнын созып белгі бергендей еді. Анау оған да қарай қоймады. Әрі қарай сыдырта берді. Содан шыдамай кеткен оқытушы:
– Әй, шырағым. Сол төңіректе енді бір нүкте болса кідіре қойшы, – дегені. Анау қалт тына қалды. Содан соң бері қарай мойын бұрып:
– Ағай, мен осы қай сұрақты айтып тұрмын? – демесі бар ма?!
– А, мен қайдан білейін қай сұрақты айтып тұрғаныңды? – деп ағайы аң-таң. Сөйтті де әңгіменің ауанын басқа жаққа қарай бұрды.
– Енді сен мұны қоя тұр. Одан да қосымша сұрақ қояйын, соған жауап бер. Қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді білесің?
– Абай Жабаевты, – деді анау адыраңдап.
– Астапыралла, ондай да бар ма еді?
– Е… е, болғанда қандай?! Қазақта одан асқан ақын жоқ, білмеуші ме едіңіз?
– Қайдам, шырақ. Білгенде Абай Құнанбаевты, Жамбыл Жабаевты білуші едім. Сен құсап қосарлап айтқанды естімеп ем! – деп ұстазы кеңк-кеңк күліп алды.
– Ал сонда әлгі ақынның қай өлеңі есіңде?
– «Елім-ай» дегені есімде. Әлгі қалмақтан қашып келе жатқанда қарындасы есіне түсіп кетіп жылайтыны бар ғой.
– Ей… түбің түскір. Сен әлгі «Қарындастан айырылған қиын екен. Ағызып екі көзден жас келеді» дегенді айтып тұрсың ғой!
– Иә, иә, дәп солай.
– «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталушы еді ғой, – деп жалғастырды оқытушы.
– Иә, иә дәп солай.
– Одан соң «Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» демеуші ме еді?
– Иә, иә, дәп солай. О-о-ой, ағай-ай! Өзіңіздің басыңыз ілім-білімнің нағыз онкологиясы екен ғой. Қалай бәрін жаттап алғансыз?
Ұстазы шошып кетіп, орнынан ыршып тұрды:
– Әй, онкологиясы несі? Антологиясы десейші, – деді кейіс үнмен. Содан соң әйнектің алдына барып бір күрсініп алды:
– Осы бір тест деген бәле оқудың түбіне жетіп тынатын болды, балаларды мақау ғып. Әнебір жылы бір әлгі Білім министрін Америкаға барып, алып келіп еді. Содан әлі құтыла алмай жүрміз.
– Ол қай министр, ағай? Әлгі «Потому что, потому что» дей беретін министр ме?
– Жоғә..ә. Ол басқа саланыкі ғой. Мынау – өзіміздің ағарту саласының он бірінші министрі.
– Иә, иә, енді есіме түсті. Соның тұсында оқуға түсетін жылы біз жаппай тест тапсырып, «Құнанбайдың қай көзі соқыр еді. Оң көзі ме, сол көзі ме?», «Тәуке хан алқалы жиынға қай шапанын киіп келуші еді?» деген сұрақтарға жауап таппай қойғанбыз, – деп анау саңқылдап ала жөнелді.
Мына жауаптардан Жаппасбай жағасын ұстап шықты. Есік алды кезегін күтіп топырлаған студенттер. Сәл шеткерірек шығып күтіп қалып еді. Сәлден соң іштен әлгі оқытушы шығып, балаларға аларып бір қарап алды да, етектей орамалмен мойнын ысқылап, терін сүртіп тұрып:
– Ей, кеңкелестер, сәлем қайда? – деді қарлығып сөйлеп.
– Сәлеметсіз бе? – деп білімгерлер жапа-тармағай шулап амандасып жатыр. «Мұның оқушылары кеңкелес болғанда, оқытатын мұғалімі қандай болғаны» деп, Жаппасбай ішінен ойланып тұр еді. Сөйткенше болған жоқ, ұйқыдан әбден бет-аузы ісіп кеткен, аузын кере есінеп бір шеттен немересі келе жатты:
– Әй, әлі кірмеп пе ең? – деді Жаппасбай.
– Не асығатыны бар, әйтеуір бір кірерміз, – деп анау керенау жауап берді. Бұдан арғысын қария күте алмайтын болды. Немересімен аз-кем тілдесіп, тиын-тебенін беріп жөней берді.
Былай шыға «Ойхой, шіркіннің оқуының түрін-ай!» – деп, басын шайқай береді, шайқай береді.

Рахым Садықбеков.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>