«Байғара, Жамбыл, ханда мен туыппын…»

жыр алыбының кіндік қаны тамған жерге бір ескерткіш-белгі керек

«Ақ жол» газетінен (13 ақпан, №18)  Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай жазылған «Жамбыл тауының етегінде» деген мақаланы оқып риза болдым. Бір ғасыр жасаған Жәкең жайлы аз жазылып, аз айтылған жоқ. Жамбыл бабамыздың туған жері Жамбыл тауы дейміз. Жамбыл «Менің өмірім» деген өлеңінде: «Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан. Ел үркіп жүрген кезде күні-түні, Сары аяз көш-жөнекей боран күні, Қар қауып, мұзға түскен Жамбыл екем, Жұтынып суық ауа шыққан үні» дейді. Осы өлеңдегі Байғара, Жамбыл, Хан тауы – Мойынқұм өңіріндегі киелі жерлер.

Бүгінде жер жаннаты – Жетісуды мекен еткен Жамбылдың ағайындары осынау далада неге қыстады деген сауал еріксіз ойға келеді. Тарихтан белгілі 1837-1847 жылдары Ресей отаршыларына қарсы Арқада қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған қарсылық болғаны белгілі. Бұл көтеріліске Арқаның жігіттері ғана қатысқан жоқ. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен бір тудың астына жиналған-ды. Жамбылдың әкесі Жапа да қолына найза алып, Алатаудан Арқаға аттанған қолдың ішінде болды деп ойлаймын. Қазақ көшпенді болғандықтан ауыл-аймағы, бала-шағасымен бірге жүрген.
Кененің ол кездегі әскерінің саны 10-12 мың, 20 мыңға дейін жеткен деген әртүрлі әңгіме айтылып жүр. Хан Кене соның ішінен 2-3 мың әскерді алып, қалғанын елдеріне қайтарады. Өйткені Арқадағы жағдай қиын болатын. Себебі, қазақтың төрелері мен сұлтандары Кенені қыспаққа алған еді. Сонда Кенесары: «Енді біз көктем туа қырғызға аттанамыз, сендер Алатауға елге қайтыңдар», – деп, алдарына өз үлестерін салып береді. Сөйтіп, қыстың қақаған аязында Бетпақтың даласы Хан жолымен келе жатқан көш Жамбыл тауына жеткенде, Жамбыл жәкеміз өмірге келген деседі.
Қазақта сүйретпе деген болған. Түйе немесе атанға 3-4 сырықты байлап, бір-біріне жалғап қояды. Оған екі-үш қабат кереге салып, оның үстіне киіз салған. Сөйтіп, екі жағынан керегені керіп оны да киізбен қаптап кәдімгі үйшік жасаған. Жамбыл, сол сүйретпенің ішінде туады. Жапаға әйеліңіз толғатып жатыр деген хабар берілгенімен, қақаған суықта мал есеңгіреп, адымын әрең басқан елді көрген Жапа, үлкен көшті тоқтата қоймайды. Ол кезде ыстық су қайдан болсын? Жамбылдың үлкен шешесі сүйретпенің ішінен қолын сыртқа шығарып, суық қар алып, баланың үстін уқалап, денесіндегі шаранасын қар суымен сүрткен деседі. Бұл әңгімені көнекөз қариялар аңыз қылып айтып отыратын.
Сондықтан, бұл көш Кенесары­ның көтерілісіне қатысып, Арқадан келді деп ойлаймын. Ал екінші тарихи дәлел Жамбыл Кенесары көтерілісін өте жатық білген. Оған мына жыр жолдары куә. «Мен емес, суық дәмді ел де алыпты,
Тарылтқан қысаң заман кең жарықты.
Қара күн хан билеген қанды жорық,
Дегендей ел аузында сөз қалыпты.
Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім.
Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім», –
дейді. Жамбыл кейін Кененің бел баласы Сыздық сұлтанға жолығады.
«Сәлем бердім, алдияр,
Орын бердің қасыңнан,
Сен бір қалған көз едің,
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде
Дұшпандарың бас ұрған.
Даңқыңды естіп жүруші ем,
Шартарапқа шашылған.
Ақ жүзіңді көргенде,
Енді мауқым басылған»
деп жырлайды. Осының бәрін Жамбыл сол қуғын-сүргіннің ішінде болған аталарынан естіп-білген деген ой санамызда беки түседі.
Өзі айтқандай, Жамбыл тауында туған соң, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл ауылы сол кісінің есімімен аталды. «Ақ жол» газеті, расында, жақсы бір дүниені қозғап отыр. Жамбылдың 170 жылдығына «Жыр алыбының кіндік қаны тамған жер осы дейтін бір киіз үй-кешен тұрса менмұндалап» деген ой расында ұтымды. Жамбыл тауының етегінен жыр алыбына арналған бір кешеннің бой көтеруі орынды іс деп білемін. Мен Жамбыл жайлы мәлімет жинау үшін талай қарияларға жолықтым. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, жастайымнан тауға қызығып, құмарлығым басым болды. Өзім тарихшы болғандықтан, есімде қалған осындай әңгімелерімді оқырман қауыммен бөліскенді жөн санап отырмын.
Жамбыл тауы – тарихтан ойып тұрып орын алған киелі жер. Қазақ хандығы құрылып, Керей мен Жәнібек ту тіккен жер. Жамбыл тауының теріскей бетінің солтүстік жағында, Жамбыл тауымен қанаттасып шығысқа қарай Хан тауы жатыр. Мирныйдың шығыс жағында Балқаш пен Жамбыл, Хан тауының арасында Аңырақай даласы жатыр. Сондықтан мақала авторының «Ендеше, жүз жасаған бәйтеректің ұлы мен қыздары, бүгінгі ұрпақ, абыз ақынның аманатына адал деп сенгіміз келеді» деген ойын толығымен қолдаймын.

Мұсахан Бейімбетов,
еңбек ардагері, тарихшы.

Мойынқұм ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>