Ән өнерінің ардақтысы еді

Ән өнерінің ардақтысы еді

Ән өнері үшін жаралған нағыз таланттар болады. Ондай дарын иесін тыңдағанда сан рет толқып, әлденеше рет тебіренетінің, көңіліңді ерекше саздың күйі тербеп, өзгеше әлемге еніп кететінің анық. Сондай сирек таланттың бірі – Алтынбек Оразбеков еді. Облыстық «Ақ жол» газетінің №18 (18212) санында жарияланған
«Ал, қалқа, келді кезің жайнайтұғын» атты мақаланы оқып, ерекше әсерге бөлендім. Дәстүрлі әннің бағына туылған, қазақтың екінші Әміре Қашаубаевына теңесек жарасатындай Алтынбек Оразбеков аға­мыз көз алдыма келіп, ол кісі туралы естеліктер ойыма орала берді…

Алтекең туралы таңға дейін толғасақ та, болмысын айтып тауыса алмаспыз. Біздер ең алғаш облыстық «Алатау» халықтық жастар ансамблінде он шақты жылға жуық бірге өнер көрсеттік. Біздер ансамбль құрамындамыз, ал Алтекең жеке әнші болды. «Алатау» триосы болып үш жігіт бірге ән орындап жүрген кезіміз. Сонда Алтекең бізге «Сендер Кененнің «Көкшолағын» үшеулеп орындайсыңдар, ал мен жалғыз өзім шырқаймын» деп қалжыңдап қоюшы еді. Әсіресе, Исаның «Желдірмесін» орындағанда көпшілік таңдай қағып, риза болмаған жан қалмайтын. Алтекең қандай әнді болса да жан беріп, екпін беріп, арындатып шабыттана шырқайтын. Ол кісінің екпіні, әннің ішкі иірімдеріне еніп кетуі өте жоғары деңгейде болатын. «Нағыз әнші осындай болуы керек қой» деп таластық өнерпаздың керемет дауысына, қайталанбас үніне талай таңдай қаққанымыз бар.
1987 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі өтті. Сол көрмеге өнерпаздардан біздің облыстан Алтынбек Оразбеков, дәстүрлі әнші Қарлығаш Қожағазина, өнер әлеміне жаңадан қадам басқан Мейрамбек Беспаев төртеуміз барған едік. Сол Мәскеуде жүрген күндерде Алтекеңнің туған күнін атап өткеніміз бар. 45 жасқа толған екен. Бұл басқосуға алматылық белгілі әнші Бибіажар Махамбетова (Ақбота Керімбекованың анасы) мен әнші Татьяна Полтовская ортақтасты.
Бұрынғы КСРО-ның астанасында тәулігіне екі-үш жерге концерт қойдық. Біздер әйгілі әнші Бибігүл Төлегенованың тобында болдық. Осы топта атақты опера әншісі Әлібек Дінішев те, әнші Татьяна Полтовская да өнер көрсетті. Тыным табуға уақытымыз жоқ. Әсіресе, Оразбековті қаумалаған жұртта есеп жоқ. Әр концертте екі әннен айтуымыз қажет қой. Ал Алтекең сахнаға шыға келгенде тыңдарман оны жібермей, 4-5 әнді салдырып отырды. Тілі бөлек мәскеуліктер қазақ музыкасына тербеліп, он күн бойы Алтынбектің әнімен тыныстап еді. Ол Манарбек Ержановтың стилінде айтатын қазақтағы жалғыз әнші болатын. Аяз Бетбаевтың термелерін, Бәкір Тәжібаевтың «Туған жерін» орындап жүрген Мейрамбек Беспаевқа да Бүкілодақтық көрмеге қатысушылардың құрметі ерекше болды. «Московская правда» газеті Мейрамбек жөнінде «Қазақтың Робертино Лороттиі» деп бағалап, мақала жазды.
Мәскеуде жүргендегі бір қызық жағдай есімізде. Сол кезде аялдамаларда күнделікті газеттердің жарнамасы ілініп тұратын. Онда Одақ көлеміне тарайтын бір газеттен Алтекеңнің жыртылған жарты суретін ғана көрдік. Сонда Алтекең «Ойпырмай, мені мәскеуліктер де көре алмайды екен-ау» деп қалжыңдап, бәрімізді күлдіргені бар. Кешкісін қонақ үйге бәріміз жиналғанда жағдай белгілі болды. Сөйтсек, әлгі жыртылған фото Алтекең мен Бибіажардың бірге түскен суреті екен. Бибіажар бізден бұрын шығып, суретті қырқып аламын дегенде Алтекеңнің суреті жартылай жыртылып кеткен екен.
Одан кейін де Алтекеңмен байланысымыз үзілген емес. Ол кісі Кенен Әзірбаев әндерін озық орындаушы ретінде де бағаланды. Екеуміздің қызмет жолымызда да ұқсастық аз болмады. Ол кісі Таласта мәдениет бөлімін басқарғанда мен Мойынқұмда мәдениет саласын басқардым. 1989 жылы Алтекең жанына күйші Дәулетхан Әбденбаевты ертіп, Мойынқұмға келді. Мойынқұмның бірнеше ауылдарын бірге араладық.
Алматыда өткен Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған дүбірлі жиынға да Алтекеңмен бірге қатысқан едік. Мұхтар Рахманқұлов, Пернебек Оспанов үшеуміз «Алатау» триосымен барсақ, Алтынбек Оразбеков Кенен әндерін жеке дауыста асқақтата орындап еді. Бұл тойға облысымыздан Аяз Бетбаев, айтыскерлер Серік Қалиев, Әділ Мансұров, сағат жөндеу шебері Әшім Ақылбаевтар да біздермен бірге барған болатын.
Кейіннен Алтекең Таластың «Ақкөл» кеңшарында кәсіподақ комитетінің төрағасы болғанда, мен де Мойынқұм ауданы «Талдыөзек» кеңшарында кәсіподақ ұйымын басқарған едім. Осылайша, Алтекеңмен өнерде де, қызметте де біраз бірге жүрген жағдайым бар екен. Менен 18 жас үлкендігі болса да, әзіліміз жараса беруші еді. Екеуміз талай өнер сапарларына пойызбен бірге шықтық. Сапарға шыққанда ол кісінің ақкөңіл мінезін, адалдығын, жанының кеңдігін терең тани түскенім жадымда. Талай кештерді сырласып, өнер мен әннің төңірегінде пікірлесіп өткізген сәттеріміз естен кетер ме?!.
Алтынбек Оразбеков жайлы естеліктерді ұзақ айта беруге болады. Ойымда ерекше қалғандарын жазып отырмын. Биыл Алтекеңнің 75 жылдығы екен. Ғажайып әншінің бұл атаулы мерейтойын көңілдегідей өткізу оны білетіндерге – аманат. Облыстық «Ақ жол» газетінде көтерілген ұсыныс мақаланы мен де қолдаймын. «Ақ жолдықтардың» азаматтығына да рахмет айтқым келеді. Бұл ұсынысты бүкіл өнер адамдары қолдайды деп ойлаймын. Алтынбек Оразбеков атындағы ән байқауын өткізу кезек күттірмейтін мәселе деп ойлаймын. Қаратаудағы өнер мектебіне есімі берілсе, ол да оң шешім болар еді. Сондай-ақ, туып өскен ауылынан немесе ұзақ жыл өзі қызмет атқарған Ақкөл ауылынан Алтынбек Оразбековке көше атауы берілсе өнер қайраткеріне деген әділ құрмет болар еді. Өйткені әнші Алтекең қандай құрметке де лайық.

Асылхан Шүңіреков,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші.

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>