Ақшаның соңына түскен асабалар

абыройды да  ойласа екен

Қазақ бұрындары тойды отбасының,  баланың қызықшылығы, қуанышы деп жасайтын. Қазір «менің дүниемді көрсін», «бар екенін білсін», «жұрттан қаламыз ба?»  деп жарысып жасайтын болған. Елден қалмай машина мінгізіп, даңғарадай тойхана жалдап, қазақтың өнерпаздары  тақияларына тар келгендей, шетелден әнші шақыратындары да бар. несие алып той жасаудан тартынбайтындар да жетерлік. «Керемет асаба шақырамыз» деп тағы бір шашылады. Олар да көзімізді бақырайтып қойып, қанап жатыр. «Әншім бар, бишім бар» деп, тойда көрсетер қызметінің ақысын 150 мыңға бір-ақ көтереді. Бұл, енді, аса таныла қоймаған асабалардың сөзі.

Ал тележәшіктен түспейтін «жұлдызды» жалдағысы келсе, қарапайым адамның малы түгілі, үйін сатуына тура келер. Оған да көнетіндер бар.
Бірақ, жалдаған асабамыз өз тойымызда өзімізді мұқатып, кекетіп кететін болып жүр. Шамасы олар «Не айтсақ та, көпшілікті күлдірсек болды» деп, өз міндетін тым жеңіл-желпі түсінетін тәрізді. Әрине, тойға келген соң қазаға жиналғандай қабақты қарс түйіп, тұнжырап отырмай, ашық-жарқын ойнап-күліп, көңіл көтергенге не жетсін?! Алайда, «бұралқы сөз күлмекке жақсы» деп, аузына келгенін көки берсе, қалғанымыз күлгеннің жөні осы екен деп, жоқтан өзгеге жырқылдай береміз бе? «Қол соққандардың алақанына гүл бітсін, қол соқпағандардың ана жеріне жүн шықсын» деп сайраған «тамада» сөзіне мәз болып жарыса алақан ұрамыз.
Той болған соң дастарқан басында жас та, үлкен де, бала да отырады. Асабасы сөздің қадірін білмейтін тойға «баламызға не тәрбие беремін?», «не үлгі көрсетемін?» деп ертіп барасыз, соны ойладыңыз ба? Қазір біраз ата-апаларымыз, халық арасында сыйы бар кісілер тойға баруға қорқатын болды. Баламмен жасты баладан сөз естіп қалармын деп сақтанады. Жұртты мәнді сөздің мәйегіне, қуақы әзілге қарық қылғандай кейбір асабасымақтар антракт жариялар алдында: «Байға барған қыздар, бармаған қыздар, барып қайтып келген қыздар, отызында оң жақта отырған қыздар, б/у-чный қыздар ортаға шықсын» деп жар салады. «Б/у-чный» дегені – бұрын қолданыста болған тауар дегені. Бір таңғаларлығы бірде-бір ер-азамат өре түрегеліп, асабаға ескерту жасамайды. Қазақтың аруларын, қаракөз қыз-келіншектерімізді осылай қорлап жатқанда ата-апалар да ештеңе естімегендей кейіп танытып отыра беретінін қайтерсің. Осылай, «тисе –терекке, тимесе –бұтаққа» деп, қазақтың кейбір мәнді мақал-мәтелдерін белден басып, бұзып айтып берекесін кетіретіні тағы бар.
Тойқұмар қазақ табыс табу үшін жарысып, тойхана салады. Қазір Тараз қаласының өзінде 500-ге тарта тойхана, 1000 шамасында асаба бар. Бірақ асабалардың сапасын анықтау қиын. Жастар арасында ең өтімдісі, қолы жүріп тұрған «тамадалардың» бірі «Тараз тарландары-2015» байқауында «Ең үздік асаба» номинациясын жеңіп алған Ардақ Ибрашев болды. 19 жасынан асабалықты кәсіп еткен Ардақ Серғалиұлы: «Тамада ең бірінші психолог болуы керек», – дейді. «Әр тойды басқарар алдында үлкен дайындық, ізденіс керек. Асабалардың 4-5-еуі ғана дайындалады, қалғаны соны жаттап алады. Ал менің мақсатым – елдің батасын алып, жұрт көңілінен шығу. Сондықтан біреуді қайталамай, өзімше дайындаламын», – дейді. Ардақ таныс-тамырларға 30-40 мыңға, былайғы тойларда 60 мыңға қызмет көрсететінін жасырмады.
Ал жігіт ағасы жасына қарай аяқ басқан Әнуәрбек Жұмағұлов асабалықты қоямын дегелі 16 жыл болғанын айтады. Халық арасына «Антон» есімімен танылған бұл асаба:
– Қазір асаба көп. Өзінің не айтып тұрғанын білмейтін, тіпті қандай тойға келгенін ажырата алмай қалатындары да бар. Әзіл айтып, күлдірсек болды деп, сайқымазақ болып жүргендерін қайтерсің. Мәдениеті төмен, сауатсыз «тамадалар» көбейіп барады. Өстіп жүріп тойды мазаққа айналдырып алмасақ болғаны, – дейді.
«Айман Шәкен арқылы қазақтың бай жуандарының оспадар, асаба, топас, рақымсыз мінез қылықтарын сөккенде Асан басын шұлғи берді» деген жолдар бар Ғ.Мұстафиннің «Дауылдан кейін» деген романында. Сонда «асаба» деген сөз оспадар, топас деген мағынаны бере ме? Жұрттың айтуынша, «асаба» сөзін екі мағынада қолдануға болады екен. Біріншісі – топас, ұрда-жық, екіншісі – той ағасы, дастарқан басшысы, яғни тамада деген мағына. Бірақ, қазіргі біздің ортамыздағы асабалардың біразына алғашқы мағынасы сәйкес келетін секілді.
Адам өмірінде екі нәрсені таңдағанда қателеспеуі керек дейді білетіндер: мамандық және жұбай таңдағанда. Оған енді үшіншісін де қосып қоюға болатын секілді. Асаба таңдауда да мүлт кетіп жүрмеңіз.

Фариза АЙТБЕК,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың студенті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>