Жамбыл тауының етегінде

«Жыр алыбының кіндік қаны тамған жер осы» дейтін
бір киіз үй-кешен тұрса менмұндалап

Жамбыл – Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс бөлігіндегі тау. Ең биік тұсы 972 метр болады. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 40-45 шақырымға созылып жатыр. Ені 10-15 шақырымды құрайды. Жер бедеріне, геологиялық құрылымына келсек, таудың жоғары жартасты бөлігінің түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік құлама болып келеді. Ғалымдар сонау палеозойдың эффузивті шөгінді жыныс­тарынан түзілген деп тәпсірлейді. Өсімдігіне келсек, қиыршық­тасты сұр қоңыр топырағында боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік басым. Өзен арналары бойында тобылғы шоғырлары кездеседі.

Міне, жазы – аңызақ, аптап, қысы – аязды, ызғырық болып келетін осынау өңірде 1846 жылы 28 ақпанда іңгәлаған үнге іңкәр боп жүрген Жапа атты (ақынның өзі «Батаңды маған бер, әке, тіліме менің ер, әке, Жапаның ұлы ақын боп, жақсы істепті дер, әке!» деп жырлайды) қарға тамырлы қазақтың үйінде нәресте өмірге келеді. Жамбыл тауының етегінде туған сәбидің атын таудай биік болсын деген ырыммен Жамбыл деп қояды. Құдайдың құдіреті, Жапаның тілегі қабыл боп, Жамбылдың даңқы төрткіл дүниеге жайылды. Жамбыл мен Жабайдың (Жапа) аты-жөні еліміздегі мектептерге, көшелерге, ауылдарға, аудандарға, қалаларға, облыстарға берілді. Мысалы, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы, Жамбыл мектебі, Жамбыл даңғылдарының болуы осы сөзіміздің жарқын мысалы. Ақынға деген бұл құрметті шетел халқы, оның білікті басшылары мен саналы саясатшылары да қолдап, қолға алды, ескерткіштерін орнатты, көшелерге атын берді.
Жыр алыбы Жамбылдың атын иеленген өңіріміздің жақсы атын бүгінде үлкен жиындардан жиі естиміз. Облыста іске қосылған кәсіпорындардың тұсауын кесіп, ақ жол тілеген Елбасы сөзін Жамбыл жұртын құттықтаудан бастайды. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өткен жылы Ақордасы асқақ Астанадан басталып, еліміз бен өңірімізде ғажайып іс-шаралармен жалғасқан Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Президентіміз: «Жамбыл облысы еліміздің басқа да өңірлері сияқты өз дамуы жолында жаңа биіктерге жететініне сенімім мол. Жамбыл облысы – менің ең жақсы көретін өңірім», – деп, ерекше атап өтті.
Жамбыл атымен аталатын өңіріміздің Мойынқұм ауданы аумағындағы Жамбыл тауының етегінде ақпанның ақ боранында туып, 1945 жылдың мамыражай маусымының 22 жұлдызында Алматы қаласында 99 жасында қайтыс болған ақынның туғанына биыл 170 жыл толады. Елімізде ақын құрметіне арналған түрлі мәдени іс-шаралар басталып та кетті. Өңірімізде де атқарылып жатыр. Бірақ бұл іс-шаралар 28 ақпанмен аяқталмай, одан ары қарай да жарасымды жалғасын таба береді. Ел үшін, ес үшін, ұлт ұшін, ұрпақ үшін, тарих үшін, тағылым үшін ақын ғибраттары жыл бойына жазылып, жыл бойына жырлануы керек.
Осындайда Жамбылдың ойы өрелі, кісілігі көшелі ұрпақтарына бір ой тастағың келеді. Қазақ деген халықтың бар екенін жер-жаһанға танытқан (басқасын айтпағанда, атақты «Джентельмены удачи» атты фильмдегі «–Джамбул. – При чем тут Джамбул? – Потому что, там тепло. Там мой дом, там моя мама» деген диалогты-ақ алайықшы) Жамбыл ақынның кіндік қаны тамған жердің тағылымды тарихын таныту үшін неге бір ерекше ескерткіш-белгі қоймасқа?! Ол ескерткіш-белгі Жапа атты қазақтың Жамбыл атты ұлы дүниеге келген киіз үй пішінінде болса дейміз. Сөйтіп, кең тынысты эпик-ақынның атақонысын арнайы іздеп келгендер мен жол-жөнекей естіп, ат басын бұрғандар бір мезгіл аялдап, тау-тастың табиғатымен бірге жыраудың кіндік қаны тамған жерді де көріп, тамашалайтын туристік орынға айналдырсақ, қандай ғанибет болар еді. Халқымызда «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген қанатты сөз бар. Қазақ хандығының 550 жылдық тойына тарту ретінде қаншама тағылымды ғимараттар мен ескерткіштер бой көтеріп, қала қонақтары мен тұрғындарының демалатын орындарына айналды. Сол сияқты, Жамбыл тауының етегінен де Жамбыл ақынға арнап ғимарат тұрғызып, қасына ескерткішін қойып, халықаралық туризм жөн-жобасына сәйкес қолға алсақ, бұрыннан да аң мен құсқа бай, абатты мекен Андасай қорығы маңындағы биылғы игі істің бірі болар еді.
Жамбыл дегенде Сүйінбайды да ұмыта алмайсың. «Менің пірім –Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, ақынның өзі айтып кеткен. Одан кейін Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбеттерсіз де жыр алыбын еске алу мүмкін емес. Көрші қырғыз халқының Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшыларын да ұмытуға болмайды. Сол кезеңдерде Жетісуға ұлы Абайдың, Біржан, Шашубай, Балуан Шолақ, Түбек, Майкөт, Майлықожа, Құрманғазы сияқты дауылпаз әнші-ақындардың, күйшілердің келуін де қазақ сөз өнерінің тарихынан қалай сызып тастаймыз. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев сияқты белгілі суырыпсалма ақындар бар. ХХ ғасырдағы Кенен бастаған бұл халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды. Айтайық дегеніміз – Жамбыл тауының етегін қоныстанған Жапаның ұлы Жамбыл үйінде біз айтқан осы және басқа қазақ дүлдүлдері мен бұлбұлдарының аты-жөндері, сөздері, өлеңдері жазулы тұрса дейсің. Әрине, игі бастама қолдау тапса, мұны осы іс-шараға байланысты құрылған комиссия мүшелері ақылға салып, ортақ келісімге келер деп ойлаймыз.
Жамбыл шығармалары қырықтан астам шетел тілдеріне аударылды. Ромен Роллан, Мартин Андерсен Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Қазақ халқы Жамбылдың 100, 125 және 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті. Ендеше, жыр алыбының 170 жылдығын да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында ерекше ескерткіш-кешенмен түйіндесек дұрыс болар еді. Ол үшін Мойынқұмды өндірісті өңірге айналдырған «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «Ақбақай алтын алу фабрикасы», «Хантау цемент зауыты», «Мыңарал балық» зауыты, «Аль-Басар» және «Казгранит» ЖШС-лары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып іске кіріссе, ел мен ес, ұлт пен ұрпақ қам-қарекеті тұрғысындағы осы ұсынысты тап-тұйнақтай етіп атқаратыны сөзсіз.
Неге ел мен ес, ұлт пен ұрпақ? Өйткені, Жамбыл жүз жыл бойы ел мен есті, ұлт пен ұрпақты жырлап өтті. Өзін жүз жылдық терекке теңеген Жамбыл бабамыз: «Менің тамырларым – туған халқым, менің бұтақтарым – жырларым, менің жапырақтарым – ұлдарым мен қыздарым, мен бар болғаны жүз жылдық терекпін, қартайғанда тапқан жарық күнімді, халқымның бақытын, ұл мен қыздарымның бақытын жырлаймын. Қазақ жерінің ұлдары мен қыздары нағыз керемет істер істейді», – деп, ұрпағына үлкен аманат жүктеп кетті.
Ендеше, жүз жасаған бәйтеректің ұлы мен қыздары, – бүгінгі ұрпақ, абыз ақынның аманатына адал деп сенгіміз келеді.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>