Ұялы телефонның ұлт санасына зияны бар ма?

– Ұмытпасам, бұл үш-төрт жыл бұрын болған жағдай еді. Көшеде өзімен-өзі сөйлесіп, ыржалақтап күліп келе жатқан бозбаланы көріп, біртүрлі тіксініп қалдым. Біздің ауылда базар жағалап, жалғыз жүрсе де күбірлеп сөйлеп жүретін бір әйел болатын. Қарасы көзге шалына қалса болды, жұрт алыстан айналып қашатын. Бір нәрсенің шалығы тиген бе, білетіндер оны науқас дейтін. Бірден сол есіме түсе кеткені. Жас жігіт сондай сырқатқа шалдыққан ба деп, қатты жаным ашыды. Сөйтсем, ол ұялы телефонына құлаққап жалғап алған екен, – деді әпкем бірде көшеде ұялы телефонына телміріп тұрған жастарға қарап тұрып. Шамасы, қазір мұндай көріністерге еті үйренген секілді.

Ұялы телефон өмір салтымызға көптеген өзгерістер әкелді. Бірақ, оның ішінде пайдалысы да, пайдасызы да бар. Рас, ұялы телефонның арқасында көптеген шұғыл шаруаларды жедел шешуге мүмкіндік туғанын жоққа шығара алмаймыз. Телефонның алыстағы туысыңмен жақын байланыс орнатуға да тигізер септігі мол. Алайда, осы ұялы телефонның құрылымы күрделіленіп, смартфон, айфон, планшеттер пайда болғалы адами қарым-қатынастарға байланысты алаңдауға болатын мәселелерге тап бола бастағандаймыз. Бір үйлі жан күні бойы бір-біріне тіл қатыспайтын халге жетті. Тойда, аста, тіпті қаралы қаза үстінде де ұялы телефондарын «шұқылап» отырған жастарды көреміз.

Осыған қарап ұялы телефонның ұлттық болмысқа, санаға тигізер зияны көп-ау деген ойға қаласың. Ұл мен қызға «әй» дейтін әже жоқ. Тәлім-тәрбие беретін әке-шешенің өзі телефонға телмірген соң басқасына не жорық? Отбасында осындай тәрбие көрген балалар мектепте ұстаздарының айтқанына құлақ аса ма? Әлеуметтік желілердегі қаптап кеткен мұғалімін мазаққа айналдырған түрлі бейнежазбалар үйіндегі ата-ана «өнегесінің» жемісі емес пе?!

Жалпы, ұялы телефон, әлеуметтік желі дегендерден қоғамымыз «жалаңаштанып» бітті. Тұлға санап, үлгі тұтар адамға балап жүрген жандардың әлдебір жиында отырып сөйлеген тұрпайы сөзін, оғаш қылығын әлдекім жасырын бейнежазбаға түсіріп, әп-сәтте әлеуметтік желілерге жарқ еткізіп, жариялап жіберетін болған. Өз перзентінен жеріген көкек аналардың тірлігі де, жантүршігерлік кісі өлімі де, қысқасы кез-келген жаман хабар жерде жатпайды. Ал оны сол сәтінде-ақ мына жақта әкесінің еркетотайлары көріп, тамашалап отырады. Бүкіл ел алдында әшкереленген адамның құқығының аяққа тапталғанын былай қойғанда, одан қоғамға келер қандай пайда бар?
Басқа да сұмдықтар жетерлік. Мысалы, Facebook әлеуметтік желісінде Айдос Аманбай деген «білгіш»: «Баланы бесікке таңып тастау – жындыханадағы «смирительная рубашка» немесе түрме сияқты нәрсе», – деген пікірін көпшілік талқысына салыпты. Ол ұялы телефон арқылы әрбір албырт жастың санасына барып ой салды. Біле білсек, бұл да қауіптің бір түрі.
Ата-ана балаларына қалаған ұялы телефонын әпергісі келетіні түсінікті. Ол балғынның әкесі мен шешесі тарту еткен ең қымбат ұялы телефонды мақтанып мектепке апаратыны да заңдылық. Ал бұл басқа оқушылар арасында әлеуметтік теңсіздікті туындатпай ма? Әрі сабақ оқуына кедергі тигізеді. Көңілі алаң бала білімге қайдан қызықсын?! Сондықтан, сабаққа ұялы телефон алып кіру мәселесін мұғалімдер мен ата-аналар біржақты етіп шешіп алмайынша, сапалы білім, өнегелі тәрбие туралы айтудың өзі артық.
Қоғам қатыгезденіп барады дейміз тағы. Жантүршігерлік жағдайларды көріп өскен бала қайдан мейірімді болсын?! Баланың көзінше әкенің қателігін, қызының алдында шешенің кінәсін бетіне баспайтын халық едік. Телефонға телміреміз деп бәрін ұмыттық.
Қазір компьютер, теледидардың рөлін бір ғана смартфон, айфон атқарады. Дүниежүзі ғалымдары ұялы телефонның адам денсаулығына тигізер зиянын айтып, дабыл қағуда. Еuronews сайты екі жүзге жуық ғалымның Біріккен Ұлттар Ұйымына ұялы телефон мен планшеттердің адам денсаулығына тигізетін зиянын дәлелдеп, шағым жолдағанын жазған еді. Олар сымсыз құралдарды пайдаланудың мақұлданған жалпыға ортақ қауіпсіз стандартын орнатуды талап етуде. Себебі, сымсыз құралдардың электромагниттік өрісінен туған сәуледен ағзаның тірі жасушалары өліп, адам өмір жасын қысқартады екен. Қазірдің өзінде кішкентай балғындардың көру қабілеті төмен. Аурушаң, әлсіз. Осының бәрі ұялы телефоннан бас алмаудың әсері емес пе?

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>