Электронды құрылғыдағы ойындар балаларға пайдалы

Электронды құрылғыдағы ойындар балаларға пайдалы

20160203091833Қазір гаджетті ұстайтындардың жасарып бара жатқаны жасырын емес. Өйткені тілі шықпаған, аяғын баспаған балалар смартфон, планшетті, компьютерді меңгеріп алған. Психолог, социолог, психиатр, медицина саласының мамандарының бұл құбылыс жөнінде ортақ тоқтамы жоқ. Өйткені оның жеткіншектерге психологиялық, физикалық оң және кері әсері туралы дау әлі толастамай тұр.

Жаңа технологияның, жаңашылдықтың залалды тұстары туралы әрқашан ұшқары пікір басым болатыны жасырын емес. Осыдан ондаған жыл бұрын қоғамда ұялы байланыс кең тарала бастаған тұста «радиотолқындар миға зақым келтіреді, обыр ауруын қоздырады» деген пікір көп айтылды, түрлі мамандар көп талқылады. Соған қарамастан ұялы байланыс өмірімізге дендеп енді, одан бас тартып жатқандар өте аз шығар.

«Балалар неге гаджеттердегі, компьютердегі ойынға неге құмар, оның қаншалықты пайдасы бар (зияны емес)» деген сауал барлық ата-аналарды алаңдатады.

Жалпы экранға шамадан тыс қараудың көру қабілетіне зиян келтіретінін айтып мамандар дабыл қағуда. Қазіргі 2-5 жас аралығындағы балалардың көру қабілеті бұдан 10 жыл бұрынғы балалардан әлдеқайда төмен. Алайда гаджетте ойын ойнаудың пайдалы тұстары жоқ емес. Сондықтан осы мақалада оның жақсы тұстарын, жас ұрпаққа пайдалы тұстарын тізбелеп шығамыз. Ал, зиянды тұстарын кез келген дәрігер айтып бере жатар…

Сонымен балаларды қызықтыратын ойынның табиғатына үңілсек. Адам өмірінің бастапқы сәттерінен бастап ойынға қызығады. Ол — қоғамға сіңісу, оның шарттары мен талаптарын тез игерудің басты құралы. Өмір сүруге қажетті дағды, машықты жас кезден бойға сіңіру оның қиыншылықтарын еңсертудің әліппесі. Балалардың ересектер өміріне еліктеу ойын арқылы жүргізіледі. Кез келген балалар ойынының мәні де оны ересек шағында өмірде кездесетін қиыншылықтар мен құбылыстарға психологиялық тұрғыдан дайындау.

Тас дәуіріндегі балалар да қуыршақ жасап, ойыншық қару істеп те ойнап көрген. Ендеше хай-тек төңкерісі заманында балалардың бейнелі түрде «өмірге бейімделуі құралын немесе әліпбиінен» ата-аналар бас тартқыза алмайды.

Компьютерде, шағын ойын құралында, смартфон, планшеттерге арналып шыққан виртуалды-танымдық, сауыққа бағытталған ойындардың негізінде ересектердің күнделікті өміріндегі обьектілер мен қарым-қатынас құбылыстарының шағын формасы ұсынылады.

Ойын туралы пайымның қысқаша түсінігі осы. Оның пайдалы тұстары қандай болмақ? Осы тұста мамандар гаджеттің кез-келген түрін шамадан тыс демалыссыз, ұзақ пайдаланудың жаңа жетіліп келе жатқан ағзаға зиянды екенін алға тартады. Пайдалы дегенде ойынды мөлшерлі түрде, ағзаға зиян келтірмейтін танымдық деңгейде пайдалану ғана пайдалы болмақ.

Сөз басында, тілі шықпаған, аяғын басып үлгермеген балалардың ата-аналарының смартфон, планшеттерімен ойын ойнап отырғандығын айтып өттік. Қазір барлық гаджеттер сенсорлы экранды. Сондықтан экранда саусақтың ұшымен объектілерді жылжытуда баланың моторикасы дамиды. Моториканың қимылды, координацияны жақсартумен қатар баланың миындағы сөйлеу қабілетіне жауапты бөлігінің жұмысын жақсартып, дамытады. Тілінің шығуы кешіккен балалар үшін логопед, дефектолог мамандар саусақ ұштарымен түрлі жаттығу жасап моторикасын дамытуға кеңес береді. Ал, сенсорлы экран арқылы ойын ойнаған бала осы шарттарды әлдеқашан орындап шығады.

Компьютер дәуіріндегі балалардың ақпаратты қабылдауын зерттеп шыққан ресейлік зерттеуші Евгения Петрованың «Дети и компьютер» атты еңбегіне қаралық. Зерттеуде педагогтың бірінің компьютердің 7-8 жастағы балалардың белгілі бір дағдыларын қалыптастыруға оң ықпал ететіні туралы пікірі келтірілген.

«Бұл — логикалық және абстрактылық ойлау қабілетін дамыту жайында. Ойындар балаларға өзіндік шешім қабылдауға, әрі бір әрекеттен екіншісіне жедел ауысуға көмектеседі. Электрондық құрылғы балалардың шығармашылық қабілетіне жақсы әсер етеді. Бұл балалардың жеке ерекшеліктеріне байланысты: бір балалар шет тілін жылдам меңгеретін болса, біреулері сурет жақсы салады», делінген зерттеуде.

Интернетті пайдаланып алған бала ақпаратты жедел іздеп табуға бейім. Зерттеуде психотерапевт Н.Н. Нарицынның пікірі келтірілген. Ол: «бала компьютерді ерте үйренгені жөн, алдымен компьютер ойындарынан бастап, үйренген соң танымдық-үйретуші бағдарлама көшкен дұрыс», деп санайды.

Электрондық дәуірде балалардың ақпаратты қабылдауы өзгеріп кеткен. «Олар бәрінің қанық түсті, әсерлі, әрі тартымды болуы керектігіне бойлары үйреніп кеткен», — дейді «Новое поколение» жобасының директоры Лариса Паутова.

Видео ойындар ойнап отырған ойыншының миында жаңа мыңдаған нейрондар құрылады.

«Шутер» ойынын ойнайтындар төтенше жағдайда басқаларға қарағанда 25 пайызға жедел шешім қабылдайды. Мұны Рочестер университерінің зерттеушілері анықтаған.

Ал көлік жарыстарын ойнаған бір топ 60-85 жастағы қарттар арасында жүргізілген тәжірибе мынадай қызық жайттарға тап болған. Олар өз әрекетін алдын ала ойластырып алуы, айналасындағы объектілерді есте сақтау қабілеті жақсарып, бұрынғысынан байқампаз болып шыққан.

Жоғарыда айтып өткен Рочестер университетінің ойыншылары айналасындағы түстерді қабылдау сезгіштігі артқан. «Геймерлерде контрастілік көру қабілеті жақсарады» деген қорытынды жасалған.

Видео ойындар басқа да түрлі құрылғыларды, қашықтан басқарылатын дрондар мен роботтарды, техникаларды басқаруда артықшылық береді. Егер ойынқұмар болсаңыз, түрлі мақсаттағы техникаларды, крандарды епті басқару басқаларға қарағанда жеңіл болады.

Әрі бұл машық жұмыста, тұрмыста да өзінің артықшылықтарымен қуантады. Олардың бәрін санамалап шығу мүмкін емес. Ең қарапайым түрі сіз басқаларға қарағанда компьютерді әлдеқайда жақсы меңгерген болып шығасыз, мәтінді жылдам тересіз. Жаңа бағдарламаларды, бұрын жұмыс істемеген интерфейстерді игеру жеңілірек болады. Айталық, сіз түрлі қызметтерге ақша салатын терминалдың интерфейсі, болмаса үйде жаңа сатып алған соңғы үлгідегі теледидарды пайдалану, депозитіңіз тұрған банктің онлайн қызметімен жұмыс жасауда сіздің бұрынғы геймерлік тәжірибеңіздің ұдайы пайдасын тигізетініне күмәніңіз болмасын.

Баласы тынышсыз, тентек ата-аналарды қуантатын жаңалық та бар екен. Электронды ойын ойнаған балалар өзін өзі ұстай алатын болып шығады, әрі гипербелсенділігі төмен болады. Сондықтан болар қазір көп жерде ата-аналар балалар мазасын алмау үшін смартфонын ұстата салатыны…

Айтпақшы, ойынқұмарлардың ұйқысы тыныш, сонымен қатар түсті де жақсы көреді екен. Өйткені, ойын сюжеті бойынша түрлі виртуалды орталар олардың фантазиясын жақсы дамытатын болып шықты.

Сөз соңында оқырмандарға гаджет, компьютердің залалды тұстарын еске сала кеткенді жөн көрдік. Жалпы, электронды құрылғыларды шектелген уақытпен пайдалану керек. Өйткені ол көру қабілетінің нашарлауына, гиподинамияға кері әсер етеді. Сонымен қатар, компьютерде көп отыру баланың психикасына зиян келтіреді. Сондықтан ата-аналар уақытты шектеуді өз мойындарына алуы тиіс.

                                                                                                                                   Жәнібек Амангелді

One comment

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>