Консул

Ресей Федерациясының  Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы консулдығының басшысы Елдар ҚОНАЕВПЕН әңгіме

Омбы қаласына барған іссапарымыз аяқталуға жақын қалған-тын. Төрт күн ішінде алдымен А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың сирек қор бөлімінде отырып, мұндағы қандастарымыз туралы кітап, газет-журнал мен анықтамалықтарға кірген ақпараттарды жинастырдық. Содан соң «Омская правда» газетінің бас редакторы Андрей Мотовиловтан Еуразиялық Экономикалық одақтың негізгі тармағы – Қазақстан – Ресей біріккен кәсіпорындарының осы өңірдегі аяқ алысы туралы сұхбат алып, қаладағы «Қазақ салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы Ермак Жұмабаевтың жетек­шілігімен өткен дөңгелек үстелге қатыстық. Үшінші күннің кешінде «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының директоры Алтынай Жүнісова телефон соғып, Қазақстанның Омбы қаласындағы консулы Елдар Қонаевтың сәлемін жеткізді. Өкіл­дік басшысы «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің осында жүргенінен хабардар екенін айтып, мүмкіндік болып жатса консулдыққа да кіріп, жүздесуге уақыт бөлуімізді өтініпті. Біз шақыруды ризашылықпен қабыл алатынымызды айтып, көп кешікпей қаланың Кадет корпусы орналасқан орталық орамына бет алдық. Ал оның іргесінде Шоқан Уәли­хановтың ескерткіші мен ұлы ғалым-саяхатшы атындағы көше тұр. Қазақстанның консулдығы үйі міне соның нақ қасында орналасқан.
Кездесу өте әсерлі болды. Көп әңгімелер айтылды. Сондағы сөз болған мәселелерден «Сібір» қонақ үйіне келгеннен кейін де арыла алмай толқып отырдық. Онда мынадай жайттар баяндалған еді.

– Елдар Асқарұлы! Біз сіздің Алматы қаласында өмірге келіп, есімдерін ел сүйіс­пен­шілікпен еске алатын текті әулет – Қоневтар отбасында өскеніңізді жақсы білеміз. Дей тұрсақ та, қай мектепте оқып, қандай жоғары оқу орнын бітіргеніңізден онша хабарымыз жоқ. Әңгімені алдымен, міне, осыдан бастасақ.
– Иә, мен байырғы алматылықпын. Әкем жағын жаңа өзіңіз еске салдыңыз. Ал анама келсем… Ол кісі қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған қызы. 50-ші жылдары МГУ-де оқыды, тарих факультетін тәмамдап, аспирантураға түскен. Кейіннен кандидаттығын, сонан соң докторлық диссертациясын қорғады. «Әуезовтің музей үйін» құрды және осы ғылыми-мәдени орталықта директор болып қызмет етті.
Мен отбасындағы ұлдың үлкенімін. 1973 жылы 1-ші республикалық физика-математика мектебін бітірдім. Сол жылы Мәскеудің болат және қорытпалар институтының бірінші курсына түстім. 1975 жылы КазГУ-дың физика факультетіне ауысып, оны 1978 жылы тәмамдап шықтым.
– Сіздің жас маман ретіндегі алғашқы жұ­мыс орныңыз? Қызметті қай мекемеден, қалай бастадыңыз? Қиналғанда көмектес­кен, ақыл-кеңес сұрағанда бағыт-бағдар бер­ген адамдар болды ма? Болса олар кімдер еді?
– Университетті бітіргеннен кейін мен Қазақ КСР Ғылым академиясының ядролық физика институтына инженер болып жұмысқа тұрдым. Одан кейін металлургия және байыту институтына ауыстым. 1983 жылы «Түсті және сирек металдар металлургиясы» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Менің ғылыми жетекшім сол кездегі техника ғылымдарының докторы, қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтанбек Қожахметов болды.
Кандидаттық диссертациямды қорғағаннан кейін мені Алматы қалалық партия комитетіне қызметке шақырды. Кеңес заманында қазіргідей конкурстық іріктеулер болған жоқ, мүлде басқа жүйе жұмыс істейтін. Бұл жылдары біздің әулеттің үлкені Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын.
Сол кезде мен өмірімде бірінші рет респуб­лика басшысының кабинетінде болдым. Ол кісі сонда маған өзінің жарты сағат уақытын қиып, партияның жас қызметкері қандай міндеттер мен талаптарды орындауы керектігін әңгімеледі. «Егер тапсырылған жұмыстарды мұқият орындап, жауапкершілік жүгін көтеретін болсаң, мен саған рұқсатымды беремін», – деп сөзін түйіндеді. Сол әңгіме барысында, әсіресе, мына бір сөз есімде сақталып қалды: «Ешқашанда жеделдікті асығыстықпен, ал талап қоюды дөрекілікпен шатастырушы болма». Мен мұны өмір бойы ұмытпастай есте сақтап қалдым және де сол үдеден шығуға тырысып келемін. Жоғарыдағы әңгімеден кейін мен қалалық партия комитетінде жұмыс істей бас­тадым.
– 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы… Оның Қонаевтар әулетіне оңай соқпағанын біз жақсы білеміз. Қазір арада жылдар жылжып өткенде сондағы оқиғаларға байланысты есіңізде ұмытылмастай болып нен­дей жайттар сақталып қалды деп ойлайсыз? Содан соң… иә, содан соң, СОКП Орта­лық Комитетінің 1987 жылғы «Қазақ ұлтшылдығы туралы» солақай, біржақты қаулысы… Осы әміршіл-әкімшіл құжатқа байланысты өзіңіздің жеке көзқарасыңызды білуге бола ма?
– Барлығы да менің көз алдымда өтті. Әрине, ауыр болды. Қалалық комитет қаланың штабы ғой. Сен болсаң сол жерде қызмет істейсің, ал бұл кезде қалада түсініп болмайтын оқиғалар болып жатты. Басында ол жай ғана бейбіт шеру болған еді, бірақ кейіннен бәрі де басқа арнаға түсіп кетті: бүкіл қалада адамдар өте ашулы-тын және бұл кәдімгідей сезіліп те тұрды. Алаңдағы жастар көпке дейін тарқамаған соң, билік қала орталығына үгітшілерді апара бастады.
Олар: «Ал енді, жетер, тараңдар!» деп өтінді. Бірақ та, сол кезде қыс та аса суық болған еді және де республика бас прокуроры: «Керек болса, біз бәріңді де тұтқындаймыз», дегенінде, жұрттың ашу-ызасы одан әрі өрши түсті. Одан кейін Мәскеуден алдырған ішкі әскерлер құрамындағы арнайы бөлімшенің жауынгерлерін қаптатып жіберді. Операция «Метель-86» деп аталды. Мен сол кезде пластмасса қалқан, бетперде киіп, резеңке сойыл ұстаған адамдарды бірінші рет көрдім. Свердловск және Челябіден бірінші эшелонмен жеткізілген арнайы даярланған жауынгерлер қас пен көздің арасында алаңды қоршап алып, топтанған жұртты бөлшектей бастады. Әрине, бұл ұзаққа созылмады: өрт сөндірушілерді шақыртып, жастардың барлығын мұздай су шашып қуды. Олар сөйтіп өздерінің жұмысын қатыгез күшпен орындаған еді… Кейінірек СОКП Орталық Комитетінен Алматыға комиссия келді.
Әлі есімде, түнгі сағат бірде орталықтан келген шенеуніктердің қатысуымен қала активі өтіп, содан кейін барып тазарту жұмыстары басталып кетті. СОКП Орталық Комитетінің кейбір қызметкерлерінің институттарға қанша қазақ түскенін, басшылық қызметтерде қанша қазақ жүргенін, қаншасының депутаттыққа, академик, докторлыққа жылжытылғанын салыстыра тіміскілей бастағаны есімде жақсы сақталып қалды… Осының бәріне 60-шы жыл­дардан бастап 80-ші жылдарға дейінгі кезең аралығында талдау жасалды. Түпкі мақсат – «қазақ ұлтшылдығы» деген дүрлікпе атаққа таңу еді.
Мені партия органынан шығара алмады. Мойнымда ешқандай кінәм жоқ-тын, түрмеге де тыға алмайтын. Мені жай ғана шақырып алды да: «Өз еркіңмен кеткенің жөн, партия органдарында жұмыс істеуге құқығың жоқ», деді. Бұдан кейін мен Қазақ кәсіподақтары кеңесінде жұмыс істедім. Бірақ Г. Колбиннің нұсқауы бойынша ол жерден де қуылдым. Біраз уақыт жұмыссыз жүрдім де әрең дегенде Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне қызметкер болып жұмысқа алындым. Менің ғылыми жетекшім техника ғылымдарының докторы, профессор В.А.Луганов болды.
…1988 жыл келді. Бұл дегеніңіз жариялылық­қа жол ашқан Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясы еді. 1989 жыл да жылжып өтті. Ол бейресми бірлестіктер пайда болып, халық депутаттарының съездері өтіп, азаттық пен теңдікке үмітпен көз тіккен кез-тін. 1990 жыл да жетті. СОКП-ның ХХVII съезіне дайындық басталған. Көктемде, сол форумның алдында Алматыда партия конференциясы өтті. По­ли­техникалық институттан мені бұл жиынға делегат етіп сайлады. Сол жерде төралқада отырған, бізді 1987 жылы бірнеше рет тексерген СОКП Орталық Комитетінің қызметкері Захарченконы көрдім. Сонда мен бір жапырақ қағазға: «СОКП Орталық Комитеті өзінің қателігін қашан мо­йындайды? Әрберіден соң, қазақ ұлтшылдығы туралы қаулы қашан күшін жояды?» деген сұрақты жазып, төралқаға беріп жібердім.
Сол кезде республиканың жаңа басшысы Нұрсұлтан Назарбаев КСРО халық депутаттарының съезінде партиялық қаулының жөнсіздігі, қиянаты туралы ашына, ашық айтқан болатын. Арада үш ай өтісімен газетте қазақ ұлтшылдығы туралы қаулының күші жойылғандығы жөнінде хабар шықты. Кешірім сұрау деген, ағаттықты халық алдында мойындау деген атымен болмады. Жай ғана, «қаулы күшін жойды» деп жаза салды.
– Кейінгі кезде бір оқиға ойыма оралады да тұрады. Ол – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев­тың 90-шы жылдардың басындағы Өзбекстанға сапары. Бұл қадірменді ағамыз­дың Ташкентке жай, кездейсоқ барып-қайтуы емес еді. Оның мәні басқада бола­тын. Өзіңіз басы-қасында жүрдіңіз ғой, кезінде баспасөзде онша көп айтылмаған, жазылмаған сол сапар туралы бізге баяндап берсеңіз.
– 1992 жылдың мамырында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев алты жылдан кейін алғаш рет Қазақстанның облыстарын аралау, еліміздің оңтүстігіндегі ауыл-аймақтардың тұрғындарымен әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды. Шымкентте болғанында Ташкент қаласына барып, Өзбекстанның бірінші басшысы болған Шараф Рашидовтың жесіріне көңіл айтқысы келетінін білдірді.
Өтініш қабыл алынды. Айтылған жерге апарып қайту Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Зауытбек Тұрысбековке жүктелді. Ташкентке ертелетіп жетіп, қала көшелеріне кіргенімізде ерекше жағдайға куә болдық. Жол шетіндегі, бұрылыстардағы күнделікті өз қызметін атқарып тұратын милиция қызметкерлері бар емес пе?! Міне, солар біз мінген көлікті көргеннен-ақ ізет білдіре бастады. Оны бұл тәртіп сақшыларының ала таяқшаларын жеңіл де сыпайы көтеріп, баратын жерімізді қас-қабақтарымен үнсіз меңзеген құрметінен анық байқадық. Демек, бұрынғы Қазақстан басшысының, қазіргі зейнеткер Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұнда келетінінен билік өкілдерінің хабардар болғаны-ау шамасы. Әйтпесе қарапайым қос автокөлікке мінген біздерді кім біліп, ескере қояр еді.
Шараф Рашидовтың зайыбы мен бала-шағасы тұрып жатқан үй Ташкенттің ең шетіндегі ықшам аудандардың бірінде екен. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін 1986 жылдан бас­тап «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, бұрынғы республика басшысына Мәскеу біраз ғайбат сөздер айтқан. Бұл орталықтың сол кездегі қолдан ұйымдастырылған «өзбек мақтасы» ісіне байланысты айыптаулар еді. Осыдан кейін Шараф Рашидовтың отбасы қиын жағдайда қалған. Сол кездегі биліктің пәрменімен олар отырған үйлерінен шығарылып, қаланың бір қиырына көшірілген. Балалары қызметтерінен алынып, жұмыссыз қалған. 90-жылға дейінгі жағдай міне, осындай еді.
…Арада біраз уақыт өткенде өзіміз іздеп келе жатқан ықшам ауданға да келіп жеттік Сондағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріндегі кіреберіс алдынан бізді Шараф Рашидовтың қызы Сайера қарсы алды. Ол Дінмұхамед Ахметұлын көрген бетте жылап жіберді. «Сізді мынадай жерде, мынадай жағдайда күтіп аламыз деген еш ойымызда жоқ еді. Бесінші қабатта тұрамыз. Лифт істемейді. Екі бөлмелі пәтер. Үйге мына келген бәріңіз бірдей сия алар ма екенсіздер. Содан ыңғайсызданып тұрмын», – деді көзінің жасын сүртіп.
Аз-кем ақылдасқан соң біз: Дінмұхамед Ахметұлы, ол кісінің жеке дәрігері Ахат Мүліков және мен Сайераның бастауымен подъезге кірдік. Жоғарыға асықпай, үш-төрт рет тоқтап көтерілдік. Екі көзіміз Дінмұхамед Ахметұлында. Жоқ, ол кісі сыр бермеді. Ентігіп немесе алқынбаған, өңінен ешқандай өзгеріс байқалмаған күйі бесінші қабаттағы бөлмеге енді. Сөйтті де қазақы қалып, мұсылмандық дәстүрмен Шараф Рашидовтың зайыбы Хурсанд Ғафурқызына көңіл айтты. Осы уақытқа дейін келе алмаған себебін соңғы жылдардағы өз басындағы болған оқиғалармен түсіндірді. Хурсанд апай да өз кезегінде бәріне түсіністікпен қарайтынын, Дінмұхамед Ахметұлының зайыбы Зухра Шәріпқызы сияқты замандасының өмірден өткеніне қамығатынын сөз етіп, өздерінің қазіргі жағдайларын баяндады. Қайтар кезде Дінмұхамед Ахметұлы үй иелеріне екі елдің де егемендік алып үміттерін үкілеп отырғандығын, келер күндерден енді тек жақсылық күту керек екендігін, өзінің бұл отбасына әйтеуір бір ретін тауып көмектесетінін айтты.
…Арада бес ай өтті. 1992 жылдың қарашасында Өзбекстан Республикасының Жизақ қаласында Шараф Рашидовтың 75 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтойды өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті Дінмұхамед Ахметұлын да шақырған болатын. Ол кісі мұны өзінің серіктес, заманы бір болған адам алдындағы парызы санап, шараға қатысуға келісімін берді. Сол салтанатты жиында Өзбекстан Президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовтен кейін іле-шала сөз сөйледі. Оның тебіреніске толы естелігін жұрт ұйып тыңдап, ду қол шапалақ арқылы қошемет көрсетті. Бұл мерейтой үстіндегі ең бір көңіл толқытарлық, есте қаларлық сәт болған еді.
Салтанатты жиын аяқталған соң Дінмұхамед Ахметұлы Самарқанд қаласына барғысы келетінін білдірді. Шығыс сәулет өнерінің бұл мақтанышы Жизақ қаласынан 90 шақырым жерде болатын. Ол кісінің өтініші қабыл алынды. Бұл сапарда Дінмұхамед Ахметұлының жанында Сұлтан Жиенбаев, Зауытбек Тұрысбеков, Төлеубек Назарбеков, мен және басқа да ресми адамдар еріп жүрдік. Самарқандтан Ташкентке қайтып келгенде Дінмұхамед Ахметұлы Өзбекстан Президенті Ислам Абдуғаниұлы Кәрімовпен кездесті. Әңгіме бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Соңырақ Өзбекстан Республикасы Үкіметінің атынан Шараф Рашидовтың отбасына бар мүлкімен қоса үйі қайтарылып, Ш.Рашидов қоры құрылды. Ұлы Ильхом мен қызы Сайера мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты. Бұл, әрине Дінмұхамед Қонаев пен Ислам Кәрімовтің арасында болған әңгіменің нәтижесі еді.
– Сіздің Омбыға консул болып келуіңіздің себебі неде? Ресей Федерациясындағы бұл қаланы, осындағы қызметті не үшін таңдадым деп ойлайсыз? Содан соң… иә, содан соң Қазақстан Республикасының мұндағы консулдығы осы жерде 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанынан хабардармыз. Содан бері бұл ресми өкілдік мекемесі екі ел арасындағы достық дәнекері ретінде не істеді? Қандай міндеттерді шешіп, жүзеге асыруда? Болашақтағы жоспарларыңыз?
– Мен үшін елшілік қызмет бөтен мамандық емес. Дипломатиялық дәрежем – бірінші санаттағы кеңесші. Омбыға келгенге дейін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өкілдігі жетекшісінің орынбасары болып қызмет еткенмін. 2010 жылы мен жұмыс істеген ведомствоның шешімі бо­йынша осында жіберілдім. Басында Омбыда не істеймін деп көп ойландым. Қала таныс емес. Дегенмен, кейін, ХХ ғасырда қазақтан шыққан зиялы қауымның көбі осында болғанын есіме алдым. Олардың арасында менің нағашы атам Мұхтар Әуезов те болған еді. Ол Семейде оқыған, ал мұнда негізінен Алаш партиясы мен Алашорда қозғалысына байланысты жұмыстармен келіп-кетіп жүрген. Мұхтар Омарханұлы бұл жерде соншалықты көп бола қойған жоқ, бірақ оны мұндағы көп адам жақсы біледі. Қаланың аға буын өкілдері 1997 жылы ЮНЕСКО аясында Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығы аталып өткенде осы жерде де мерейтой шарасы ұйымдастырылғанын айтты.
Омбы – өзіндік тарихы бар, жақсы қала. Бұл жерде маған бәрі ұнайды: көптеген қызықты адамдармен таныстым, қазіргі уақытта біз сыртқы қарым-қатынасты ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Омбы облысының тұрғындары арасындағы мәдени байланыстарды да кеңейтуге тырысып жатырмыз.
Енді сіздің екінші сұрағыңызға жа­уап берейін. «Консулдық неліктен Омбыда орналасқан? Бүгінгі күнде өкілдік қандай мәселелерді шешеді?» деп сұрадыңыз ғой. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Омбыда қазақтың үлкен қауымы бар: бұл облыстың аумағында 80 мыңға тарта біздің қандас бауыр­ларымыз тұрады. Онан соң, қала Астанадан алыс емес. Екіншіден, Омбы облысы – шекаралас өңір және де осы облыс пен Қазақстанның сыртқы сауда айналымы орасан зор: 150-ге тарта біріккен кәсіпорындар жұмыс істейді. Біз олармен тығыз қарым-қатынастамыз. Үшіншіден, біздің жұмысымыз Омбы облысында ғана емес, Үкімет белгілеп берген консулдық өңірге жататын Том, Новосібір, Челябі, Кемеров, Түмен және Қорған облыстарында, Алтай өлкесінде, Алтай Республикасында жүрген қазақстандық азаматтарға көмектесу. Бүгінде біз бір күннің өзінде түрлі мәселелермен келетін ең аз дегенде 20-30 адамды қабылдаймыз. Тіпті, сәби Омбыда дүниеге келсе, туу туралы куәлікті де біз береміз. Қазақстаннан тысқары жерде тағы бір адамның, біздің елдің азаматының дүниеге келгенін сезінудің өзі бақыт. Ал біз болсақ оған оның тұңғыш құжатын тапсырамыз.
Төртіншіден, консулдықтың бастамасымен түрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, біздің өкілдіктің тікелей атсалысуымен Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы облыстарының арасында Абайдың «Достық шын һәм адал болсын» деген ұран сөзі бойынша мәдени фес­тивальдер өткізілді. Менің өзім Алматыда омбылық жазушы А.Сорокиннің қазақтар туралы «Голос степного края» деген кітабының тұсаукесерін ұйымдастырдым. Одан кейін Омбыда КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қатысуымен қазақ киносының кеші өткізілді. Қарағанды, Көкшетау, Алматы қалалары қазақ театрларының гастрольдері, Қайрат Нұртас пен «Шымкент шоу» эстрада әртістерінің концерттері ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мұнда «Омбы облысы – халықтар достығының аумағы» деген атпен ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Бұл жиында мен құттықтау сөз сөйледім. Консулдықтың келешекте көздеген мақсаты – Еуразия Экономикалық Одағы аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы байланыстарды кеңейте және нығайта беру.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Жанболат АУПБАЕВ,
журналист.

Ресей Федерациясы,
Омбы қаласы.

Суреттерде: Елдар Қонаев;
Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы көше.

(«Егемен Қазақстан», 13 қаңтар, 2016 жыл).

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>