Жаңа жоспар еңбек екпінін арттырады

Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы дамудың нақты қадамдары барлық мемлекеттік құрылымдар мен мекемелерге жұмыс жоспарын жаңаша түзуді талап етуде. Ал жаңа жоспар жұмыс жүйесіне өзгеріс енгізетіні белгілі. Сондай өзгеріс «Жылжымайтын мүлік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалында да күтілуде. Ол қандай жаңалық? Бұл туралы аталған мекеменің директоры Қыстаубай Сағынтаевтан сұрап, білдік.

– Қыстаубай Әбдірұлы, «Жамбыл су шаруа­шылы­ғында», ішкі істер басқармасында, Әділет департаментінде, «ҚазТрансгаз Аймақ» өңірлік филиалында басшылық қызметтер атқарғаныңызды білеміз. Жақында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз. Бұл марапат – еткен еңбегіңіздің жемісі. Президент өз Жолдауында қалыптасқан жағдайға қарай жаңаша жұмыс жүргізуді міндеттеді. Жинаған мол тәжірибеңіздің жаңа талаптар бойынша жаңаша жұмыс жүргізуге тигізер септігі көп болар деп ойлаймыз.
– Елбасы қазіргі қалыптасқан жағдайға қарай жаңаша жоспар құруды, жұмыс жүйесін жетілдіруді тапсырып отыр. Бұл тек осы салаға қатысты айтылған талап емес. Тығырықтан шығуды, дамуды ойлаған кәсіпорын, мекеме басшыларына ортақ міндет. Орталық тұрғындарға мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлін тiркеу, жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді беру, жылжымайтын мүлiк нысандарының техникалық паспортын беру, жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық паспортының төлнұсқасын беру секілді қызметтер көрсетеді. Аталған қызметтерді көрсетуге қандай жаңа жүйе керек деп ойларсыз. Мәселе, сонда біздің көпшілік біле бермейтін тағы бір қызметіміз бар. Ол жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмайтын жылжымайтын мүлік нысандарын салық салу үшін бағалау қызметі. Осы сала бойынша орталықта биыл 217 801 қызмет көрсетілді.
Мемлекет басшысы Үкіметке салық саласының мөлдірлігін арттыруды тапсырғанын білесіздер. Осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъектісі салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болмақ. Міне, сондықтан, мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып отыр. Бүгінде Президент тапсырмасына сай мүлік пен ақшаны заңды айналымға қайтару үшін қосымша ынталандырулар қабылданды.
– Орталықта көрсетілер қызмет түрлерін тарқатып айттыңыз. Жұмыстың жүйелі жүруі үшін басты қандай қағидаға сүйенесіз?
– Ұжым ауызбіршілікпен жұмыла жұмыс істей білсе ғана көздеген межеге жетуге болады. Білікті маман бәрін шешеді деген қағидаға сәйкес мамандарды өз біліктіліктеріне сәйкес жұмысқа қабылдау керек деп есептеймін. Жұмысымызда нәтижеге қол жеткізсек, қызметкерлердің біліктілігінің арқасы. 2015 жылдың 11 айында 13 263 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Былтырғымен салыстырғанда 1 538-ге артық. Белгіленген қаржы жоспары 175,7 пайызға орындалды. Мемлекет көрсетілетін қызметтердің мерзімі сақталды. Азаматтардың жазбаша өтініштеріне дер кезінде толықтай жауап қайтарып отырдық. Сондықтан, көрсетілген қызмет сапасы бойынша тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар түскен жоқ.
– Мамандардың біліктілігі туралы айтып қалдыңыз. Жетістіктерімен көзге түсіп жүрген қызметкерлерді атап өтсеңіз…
– Орталықта жалпы 136 адам қызмет істейді. Құқыққа қайшы әрекеттермен жұмыстан кеткендер болған жоқ. Орталық өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп келеді. Бізге қарасты бөлімдердің ғимараттарында сенім телефондары бар. Ал жетістіктерімізге тоқталар болсақ, ұжымымызда еңбек өтілі жоғары, жастарға берер тәлімі мол кәсіпқой мамандар да, ілім, білімге құштарлығы мол, ертеңінен үміт күттіруші жастарымыз да бар. Еңбегімен еленіп жатқан мамандарымыз – біздің мақтанышымыз. Биылдың өзінде 16 маманымыз облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар мен әкімдердің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстық кәсіпқой мамандар байқауында Бауыржан Баймбетов «Үздік маман» атанса, Астанада өткен байқауда Байзақ аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ғалымжан Орынқұлов «Үздік бөлімше басшысы» атағын иеленді. Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген кәсіподақ ұйымдарының көркемөнерпаздар байқауында Жансая Түзелбекқызы бас жүлдені жеңіп алды. «Жылжымайтын мүлік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны ұйымдастырған, Бурабайда өткізілген футбол жарысынан да командамыз жүлделі оралды.
– Алдағы уақытта орталық қызметі жаңа жүйеге көшпек? Ол қалай жүзеге асырылады?
– Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың 5 институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында белгіленген міндеттер бойынша «Азаматтар Үкіметі» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл – тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін жасалып жатқан шара. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетудің алғашқы «қарлығашы». Дегенмен, жаңашылдыққа бірінші қадам жасаған біз екенбіз деп тоқырап қалуға болмайды ғой. Сондықтан, заман талабына сай, ақпараттық технологиялар қарыштап тұрған заманда тағы бір жаңалыққа қадам басуымыз заңдылық.
«Азаматтар Үкіметі» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру жөнінде Жол картасы қабылданды. Орталықтың облыстағы құрылымдық бөлімшелері басшыларын жинап, жұмысшы топ құрылды. 10 желтоқсанда Шымкент қаласында «Жылжымайтын мүлік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Бахыт Әбішевтің қатысуымен оңтүстік өңірлік семинар өткізілген. Онда қайта құру кезінде әкімшілік қызметкерлердің штаттық қысқартуларын барынша болдырмау жолдары жан-жақты талқыланды. Соның бірі – мамандарды қайта даярлау. Бүгінде біздің орталық қызметкерлерді салалық маман етіп даярлайтын қайта оқыту, даярлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік корпорацияны құрудағы басты мақсат – қызмет сапасын арттыру, орындалу мерзімдерін қысқарту. Сондықтан, корпорация құрылғанда Жылжымайтын мүлік орталығы, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, Жер ғылыми-өндірістік орталығы және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бір тетіктен басқарылатын болады. Жаңа жүйенің ерекшелігі осында. Яғни, қазіргі таңда Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 212 қызмет көрсетілсе, «Азаматтар Үкіметі» Мемкорпорациясы құрылғаннан соң, төрт мекемедегі көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны 522-ге арттырылмақ.

Әңгімелескен
Ардақ ҮСЕЙІНОВА,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>