Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа

Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес халықтық реформа

5567 Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр  Отан» партиясының Төрағасы  Н.Ә.Назарбаевтың партияның XVI съезінде  сөйлеген сөзі

22

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті делегаттар мен съезд қонақтары!

Баршаңызды съезд жұмысының бас­талуы­мен құттықтаймын. Сіздер байтақ Қазақ­станның барлық аймақтарын қамтитын 850 мың партия мүшесінің атынан келіп отырсыз­дар. Мен барша партиялас серіктеріме еліміздің гүлденуі мен өсіп-өркендеуі үшін төгілген өлшеусіз тер мен ортақ патриоттық еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін.

Алдымызда еліміз үшін тағы бір тағдыр­лы, тарихи белес тұр. Қазақстан халқы Ассам­блеясының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы халықтың тарапынан қызу қолдау тапты. Санаулы күнде маған бұл мәселеге қатысты мыңдаған хат келіп түсті. Құзырлы органдар бұл бастаманы еліміздің заңдарына сәйкес деп тапты. 26 сәуірде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы менің Жарлығым халқымыздың бастамасына жауап болды. Бұл – Отанымызды, бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы біздің бағытымызды жалғастыруға жалпыхалықтық ұмтылыс пен бірліктің дәлелі.

23

Құрметті қазақстандықтар!

Тәуелсіздік жылдары ішінде біз Ұлы жолды жүріп өттік. Біздің еліміз әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. ІЖӨ 20 есе өсіп, 2014 жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Бүгінде біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына енуге қол жеткізу жолында жұмыс жүргізудеміз.

Өткен 4 жылда 2011 жылдың сайлау науқаны барысында мен айтқан барлық міндеттерге қол жеткізілді.

Біріншіден, ІЖӨ көлемі орта есеппен жыл сайын 5,7 пайызға өсіп отырды. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдық жоспары аяқталды.

Екіншіден, аграрлық сектор даму үшін қуатты серпін алды.

Үшіншіден, инфрақұрылымдық салаларда үлкен өзгерістер болды.

Төртіншіден, шағын және орта бизнес дамып келеді.

Бесіншіден, Қазақстан әлеуметтік жаңғыру жолына бет бұрды. 2010 жылдан бері халықтың табыстары 43 пайызға, ал айлық еңбекақы 130 мың теңгеге жақындап, 64 пайызға өсті. Мем­лекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері 1,4 есеге, ең төменгі зейнетақы 1,8 есеге өсті.

Алтыншыдан, 4 жыл ішінде ауқымды әкімшілік реформа жүргізілді. Мемлекеттік аппарат реформаланып, Үкіметтің функцияларының 60 пайызы министрліктер мен әкімдіктер деңгейіне берілді. Министрліктер саны 17-ден 12-ге дейін оңтайландырылды. 9 агент­тік қысқартылып, комитеттер ретінде минис­тр­ліктер құрамына берілді. Аудандық маңыз­дағы қалалар әкімдерінің, сондай-ақ село­лық әкімдердің сайланбалылығы енгізілді. Құқық қорғау органдары мен сот жүйе­сінде терең реформалар жүруде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізілуде. Конфессияаралық келісім мен тыныштықтың арқаулық негізі ретінде мемлекеттің зайырлылық сипаты нығайтылды.

Жетіншіден, елдің халықаралық беделі нығайып келеді.

Бүтіндей алғанда, біз жоспар­лан­ғандардың бәріне қол жеткіздік! Алға қарай қарышты қадам жасалды! Бұл баршамыздың ортақ жеңіс маршымыз!

Қазіргі уақытта әлемдегі ахуал күр­делілене түсуде. Әлемдік рыноктарда энер­гия көздері мен металл бағаларының құл­дырауы экономикалық тәуекелдерді күрт ұлғайтып жіберді. Барлық дерлік мем­лекеттер елеулі геосаяси және эконо­микалық сын-қатерлерді бастан өтке­руде.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты Қазақстанның экономикалық тәуекелдерге қояр тосқауылы болды. Ол, біріншіден, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында экономикалық ауытқушылыққа қарсы іс-қимыл шараларынан, екіншіден, индустрияландыру бағытының екінші бес жылдығын одан әрі жалғастырудан тұрады. Сондай-ақ, әлеуметтік саясат та айқын белгіленді. Қатаң бюджеттік сая­сат пен үнем мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне өзгеріс енгізбейді.

Сонымен бірге, жаһандық сын-қа­терлер мен тәуекелдердің тереңдігі сондай, ол әр мемлекеттің тұрақтылығы мен табыстылығын сынаққа салады. Сон­дықтан да біздің алдымызда жаңа мін­деттер тұр.

Біріншіден, сыртқы факторлардың мемлекет құрылысына ықпалының теріс сценарийіне жол бермеу. Екіншіден, дамудың қол жеткізілген қарқынын сақтау. Үшіншіден, одан әрі даму үшін жағдайлар жасау. Төртіншіден, әлемнің 30 дамыған мемлекетіне қарай алға жылжуды жалғастыру.

Біздің мемлекеттілігіміздің ауқымды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет. Бір орында тұруға болмайды. Өз табыстарымызды арқау етіп өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін біздің алға қарай қозғалуымыз керек. Сондықтан да мен бес институттық реформаны алға тартамын.

Бірінші – Экономикалық бағ­дар­ламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсі­би және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.

Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қыз­меттің саяси деңгейге тәуелді екенін көрмеу мүмкін емес. Бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешімдер қабылдауды саясаттандырады. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір қамқоршының айналасында команда қалыптасады. Мұндай пат­ро­нат жемқорлық үшін жағдайлар туғы­зады, тамыр-таныстықты туындатады, кадр­лық әлеуетті төмендетеді. Со­нымен бірге, еңбекке ақы төлеудің төмен­дігінен мемлекеттік қызмет тартымсыз күйінде қалуда. Көбіне-көп мем­лекеттік қызметшілерде айқын мансап­тық келешек жоқ, ал қызметте жоғары­лау сол баяғы қамқоршыларға байла­нысты. Мен маңызды мемлекеттік бағдар­ламалар мен жобалардың түрлі деңгей­лер­дегі жекелеген шенеуніктердің білік­сіз­дігінен «зардап шегіп» жатқанын білемін.

Сондықтан мемлекеттік қызметшілер корпусын кәсіби және автономиялы етіп жасау маңызды міндет болып табы­лады. Сайлаулар, министрлердің, әкімдер мен өзге де басшылардың ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызметке әсер етпеуі тиіс. Ағымдағы позициялылықтан мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қажет. Әрбір басшы төмен­нен бастап барлық басқару сатыларынан өтуі тиіс.

Мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәти­же­лілігі бойынша еңбекке ақы төлеу­дің жаңа жүйесін енгізу қажет. Олар­дың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылда­ғы нәтижелері бойынша саяси қызмет­шілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет. Жақсы жұмыс істесе – бонус алады. Жаман жұмыс істесе, экономикада өсу және нәтижелері жоқ болса – тиісінше, еңбекақысы да төмендейді.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге талантты кандидаттарды, соның ішінде жеке сектордан да, іздеудің жаңа арналарын ашатын уақыт келді. Белгілі бір лауазымдарға шетелдік менеджерлерді тарту орынды болмақ. Тілді білмеу де, азаматтық та бұл орайда кедергі болуға тиіс емес. Көптеген табысты елдер осылай жасайды.

Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін біліктілік талаптары қатаңдатылуы тиіс. Барлық деңгейлердегі мемлекеттік қыз­метшілерді толық аттестаттаудан өткізу қажет. Меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қою маңызды. Ол үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылымында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жеке дербес бөлімшені құру қажет. Меритократия тек мемлекеттік аппарат үшін ғана емес, сонымен бірге, соттарды, құқық қорғау органдарын, ұлт­тық компаниялар мен холдингтерді қоса алғанда, бүкіл мемлекеттік сектор үшін де жалпыға бірдей қағидатқа айналуы тиіс.

Бізге Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды әзірлеу, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес туралы Заңға өзгерістер енгізу қажет болады. Мем­лекетке қызмет ету біздің қоғамымыздың бір­лігін нығайту үшін негіз болуы тиіс. Мемлекеттік қызмет этностық қатыс­тылығына қарамастан, меритократия қағидаттары негізінде өзін өзі көрсетуге бірдей мүмкіндіктер беретін әділетті қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналуы керек.

Екінші – Меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету.

Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі.

Ішкі істер органдарының жұмысы да қоғам үшін мөлдір емес. Полиция қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай етіп жұмыс істеуі керек. Бүгінде азаматтар жол инспекциясы офицерінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімге немесе министрге айыппұл салатынына онша сене қоймайды. Бұл ретте АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысына қатысты таяуда болған мысалды келтіруге болады. Джон Керриге өз үйінің алдындағы қарды тазартпағаны үшін айыппұл салынды.

Сондықтан полицияның мәртебесі мен оның азаматтар алдындағы жауап­кершілігін арттыру қажет. Құ­қық қорғау органдарының мөлдірлігін, ақпараттық технологияларды дамыту, патрульдік қызметті бейнетіркеушілермен жаб­дықтау бойынша шаралар дестесін қалып­тастыру керек. Полицияға кәсіби және психологиялық іріктеудің жаңа жүйе­сін енгізіп, полицейлердің өздерінің білік­тіліктерін тұрақты түрде арттырып және растап отыруын қамтамасыз ету маңызды.

Судьяларға қойылатын біліктілік талап­тарын қатайту қажет. Судьялар кор­пусындағы орыннан үміткер кан­дидаттың нотариуста, полицияда не­месе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйе­сінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиіс. Кандидаттар негізгі жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттарда өтетін сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс. Кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керек. Сол сияқты қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, оны табыс­ты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады.

Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет.

Айрықша мәселе – елдің Қарулы Күштерін жаңғырту. Олар заманауи, жұмылғыш, кәсіби болуы тиіс. Кәсібилік және озық қару-жарақпен, сондай-ақ, техникамен жарақтандыру есебінен армияның жауынгерлік қабілетін арттыруды қамтамасыз ету керек.

Үшінші – Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген эконо­микалық өсім.

Кәсіби мемлекеттік қызмет және заңның үстемдігі орта тапты жедел қа­лыптастыру үшін экономикалық рефор­малар­дың кешенін жүзеге асыруға жағдай жасайды. Сапалы өсім мен эконо­­миканы әртараптандыруға қол жет­кізу үшін біз индустрияландыру бағ­дар­ламасын жүзеге асырудамыз. Ол уақ­­тылы және мейлінше қажет шара болып табылады. Индустрияландыру – экономиканың құралы ғана емес, сонымен бірге, мемлекет дамуының және орта тапты қалыптастырудың маңызды факторы. Дегенмен, индустрияландыру мен өңдеу секторы әзірге экономикалық өсімнің нағыз қозғаушысы бола алған жоқ. Үкімет онымен айналысуы тиіс.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесінде де қиғаштықтар бар. Аграрлық секторға бюджеттен қосымша құны төмен сала өнімдері өндірісін субсидиялауға қомақты қаржы бөлінеді. Оның үстіне, ауыл өндірушілері салық төлемейді десе де болады. Бүгінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу секторын жаңа кешенді бағдарламалар негізінде дамыту маңызды. Бұл орайда, қайта өңдеу салаларында трансұлттық компаниялардың қатысуымен шамамен 10 ірі жобаны жүзеге асыруға кірісу қа­жет. Индустрияландыру, сонымен қатар, шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру мен елдің экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталып отыр.

Қазір кедендік ресімдеулер көп уақыт алады, тариф саясаты күрделі және шым-шытырық болып табылады, тарифтік емес кедергілер әлемдік тәжірибеге кереғар келеді. Еуразиялық одақ аясында тариф саясатын оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Болашақтағы басты міндет экономикалық даму серпінін қамтамасыз ету болып отыр. Жұмыстың қорытындылары экономиканы әртараптандыру есебінен жаңа 3-4 экспорттық өнімдердің туындауы болуы тиіс.

Шағын және орта сервистік кәсіп­орындар саласындағы даму шешуші бағыт болып табылады. Туризмді дамы­тудың жаңа бағдарламасын қабылдаған жөн. Бұл – артық еңбек ресурстарын ауыл­ды жерлерге тартудың маңызды мәсе­лесі. Бізде урбанизация әлсіз. Халық­тың 43 пайызы ауылды жерлерде тұрады.

Қазақстанның интеграциялық саясаты барысында ел экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстарға тартылуын кеңейту үшін құралдар қалып­тастырылды. Алматыда қаржы орта­лығын құру үдерісі жоғары серпінділік алуы тиіс. Бұл жерде Алматының арнайы мәртебесін заңнамалық бекіту маңызды.

Төртінші – Болашағы біртұтас ұлт.

Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай та­быстарға жеттік. Қазақстан Конс­титуциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді.

Сонымен қатар, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керек. Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады.

Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақтар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыс­тарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап, дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы.

Тілдердің үштұғырлығын – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігі өсімінің кепілі. Қазақстанның барлық азаматтары үшін қандай да бір өзгешеліктер мен шектеулерсіз тиімді әлеуметтік лифттерді қамтамасыз ету қажет. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтар жаңа жалпыұлттық құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтарды – өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюлары керек. Барлық қазақстандықтар үшін қазақстандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да озық сапаларын шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады.

Орта тап қазақстандық ұлттың негізі, кәсіби мемлекеттік аппарат қалып­тастырудың қайнар көзі ретінде қарасты­рылуы тиіс. Бұл – заң үстемдігіне барынша мүдделі және мемлекеттің халық пен елдегі тұрақтылыққа есептілігінің қозғаушы күші. Сондықтан нақ кең көлемді орта тап ұлттық біртектілікті қалып­тастырудың өзегі болып табылады. Мемлекеттің аса маңызды құжа­тында ресімделген Мәңгілік Ел идеясы жалпыазаматтық құндылықтар жүйе­сі ретінде көрінуі тиіс. Мектептерде бүкіл­қазақстандық «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасына енгізу қажет.

Біздің елімізде 17 конфессияның өкілдері бейбітшілік пен келісімде тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ішін­дегі аса ірілері – ислам, православие және протестанттық. Қазақстан аумағында тарихи қалыптасқан Хана­фит исламы ұстамдылығымен және төзімділігімен, ислам құндылықтарын парасатты түсіндіруімен ерекшеленеді. Қазақстандағы тегі славян тұрғын­дары­ның көп бөлігіне тән православие бас­ты мәселе ретінде адамның ар-ұяты мен адамгершілік таңдауын, ізгілік пен аяушылықты қояды. Соңғы жылдары Қазақстанда протестанттық шіркеуге барушылар қатары өскені байқалады. Протестанттық табысты жә­не өнімді еңбекті, ұқыптылық құнды­лықтары мен қайырымды істерді адам өмірінің өзегі ретінде қарастырады. Осы­лайша, әр діннің өз қасиеті бар. Олар қашанда қазақстандықтарды біріктіріп, бей­бітшілік пен келісім, қоғам мен экономиканы дамыту, мемлекетті нығайту ісіне қызмет етуі тиіс.

Бесінші – Транспарентті және есеп беруші мемлекет.

Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл – бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Көптеген елдердің тәжірибесі «әуелі – күшті мемлекет және экономика, содан кейін саясат» қағидатын бұзу апаттарға алып келіп, қоғамды «сындыратынын» көрсетіп отыр. Біреулерінде саяси режімдерді бұзу орын алып, басқаларында экономика қирап, жанжалдар және тіпті, азамат соғыстары пайда болады. Біз мұны түрлі елдердің тарихтарынан жақсы білеміз және бүгін көптеген мемлекеттерден көзбе-көз көріп отырмыз. Әлемнің түрлі өңірлеріндегі соңғы азамат соғыстары мен қанды жанжалдар тізбегі ойластырылмаған және жеделдетілген демократияландыру мемлекеттің тұрақтылығына кепілдік бермейтінін және табысты экономикалық жаңғыртуды қамтамасыз етпейтінін көрсетіп берді.

Саяси мәдениетсіз сайлаудың салдарын көптеген елдердің қазіргі ахуалынан бағамдауға болады. Соңғы жылдары кейбір елдердің азаматтары еңбек етуді ұмытты. Наразылық шерулері сәнге айналды. Адамдары митингке шығуға күнделікті жұмысқа барғандай асығатын болды. Сол үшін оларға арандатушылар жалақы төлейтін болды. Сайлау жұртты біріктіретін емес, бауырларды бөлетін, ағайынды араздастырып, өзара қару кезендіретін болды. Көшедегі қарабайыр саясатшылдық пен тек сайлаудан сайлауға дейін өмір сүру ақылды елдің жолы емес. Елге қызмет ету үшін емес, мансап үшін билікке ұмтылу да абырой әпермейді.

Осы орайда ұлы Абайдың қара сөздерін еске түсіремін. Ол үшінші қара сөзінде былай дейді: «Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сай­ла­мадық па» деп елдің бұлданғанымен күн өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңды­сып күн өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күн өтеді. Енді несі қалды?».

Сайлау – әншейін сайлау өткізу үшін емес, елді бірлікке шақырып, жұртты еңбекке ұйыту үшін болса, ғанибет. Сондықтан жоғарыда айтылып кеткен төрт мақсатты орындап, содан кейін сая­си мәселелерге көшкен жөн. Бұл жолды дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр.

Бес институттық реформалар – ел дәл осындай ізділікпен өтуі тиіс бес қадам. Тек осындай жағдайда ғана біздің реформаларымыз тиімді болады, ал қоғам мен мемлекет біртұтас және тұрақты болады. Нақ осындай жолдан барлық табысты мемлекеттер өткен.

Біріншіден, мемлекеттік органдар басшыларының есептілігі тәжірибесін кеңейткен жөн. Екіншіден, шешім қабылдау үдерісінің мөлдірлігін қам­тамасыз ету керек. «Ашық үкімет» тетігі арқылы азаматтар барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдау үдерістеріне белсенді тартылуы тиіс. Бұл үшін жасау және қабылдау алда тұрған көпшілік ақпараттарға қолжетімділік туралы жаңа заң осыған негіз болады. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту маңызды. Үшіншіден, азаматтық бюджеттендіруді ен­гізген жөн. Әңгіме азаматтық қоғам өкіл­дерінің өңірлердегі бюджет қар­жысын бөлуге қатысуы туралы болып отыр. Төртіншіден, шағым жасау жүйесін нығайту маңызды. Заңна­мада азаматтардың мемлекеттік қызмет­шілердің іс-қимылына шағым жасауына мүмкіндіктер кеңейтілген болуы керек. Бесіншіден, қоғамда өзін өзі реттеуді кеңінен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдар жауапкершілігі аймағын әлеуметтік маңызды мем­ле­кеттік қызмет көрсетулер, олардың дайын­дығына орай азаматтық қоғам институт­тарына байланысты өкілеттіктерді бере отырып, кезең-кезеңмен қысқарту керек.

Осы бес бағыт бойынша оң нәти­желерге қол жеткізілуімен жергілікті атқарушы органдардың жаңа сайлау жүйесі туралы мәселені шешуге болады. Билік өкілеттіктерін біздің дәстүрлерімізді есепке ала отырып Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлуді көздейтін конституциялық реформа кезең-кезеңімен жүргізілетін болуы тиіс.

Осы бес реформа жинала келіп, Қазақстан мемлекеттілігін нығайту мен әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жағдайлар жасайды. Бұл – «2050-Стратегиясын» орындауға бас­тар жол. Бес институттық реформаның әрқайсысы – ел үшін орасан зор сын-қатер және үлкен жұмыс. Мұндай реформалар тек билік пен халықтың мықты ерік-жігерімен ғана қамтамасыз етіле алады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, күшті мемлекет, дамыған және либералды қоғам қалыптасуы үшін елдің алға қарай 40-50 жыл бойы тұрақты қозғалысы қажет.

Ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Оларды жүргізу үшін мен Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құруды ұсынамын. Ол бүкіл реформалар кешенін жүзеге асыруды үйлестіретін болады. Осылайша, біздің алдағы жылдардағы ең өзекті мақ­сатымыз – осы бес халықтық рефор­маны іске қосып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру.

Қымбатты қазақстандықтар!

Бірнеше күн ішінде мен еліміздің азаматтарынан, еңбек ұжымдарынан, білім беру мекемелерінен, қоғамдық бірлестіктерден кезектен тыс прези­денттік сайлау өткізуді қолдау және ме­нің кандидатурамды осы сайлауға ұсыну туралы өтініш білдірген орасан көп хаттар мен үндеулер алдым. Менің Қазақстан мен қазақстандықтардың игілігі жолындағы еңбегіме жоғары баға берген баршаңызға зор рахмет! Өз халқыңның осындай сеніміне ие болудан артық марапат жоқ. Бүгін съезд мінберінен менің атыма жылы сөздер айтқан баршаға шын көңілден ризамын.

Мен алдағы сайлауға «Нұр Отан» партиясынан президенттікке кандидат ретінде түсуге өзімнің келісімімді беретінім туралы мәлімдеймін. Мен сіздерді, менің серіктестерім – нұр­отан­дықтарды, барлық қазақстандықтарды тағы да топтасып, жеңіске жетуге шақырамын! Біздің ортақ рухани күшіміз бен жоғары мақсатымыз: Мәңгілік Ел! Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызды прогресс қуатымен толтыратын болады.

Қымбатты отандастар!

Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды ету үшін одан да зор қажыр-қайрат керек. Кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – бәрімізге ортақ парыз. Біз әлемдегі ең мықты 50 елдің сапына еркін қосылып, енді ең қуатты 30 елмен иық тірестіру жолына түстік.

Біздің ашық аспан астында ештеңеге теңгермейтін бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан! Бізге ХХI ғасырда бағдар болатын бір ғана стратегия бар, ол – «Қазақстан-2050»! Баршамызды ерен істерге жетелейтін бір ғана ұлы мақсат бар, ол – Мәңгілік Ел! Осы жолда күллі хал­қымызды біріктіруге, мақсатымызды орындауға жұмылдыратын «Нұр Отан» пар­тиясы! Қасиетті Отанымызды нұр­лан­дыра түсу үшін бір тудың түбіне жиналып, жарқын болашаққа бірге қадам басайық!

Біз қашанда біргеміз!

Алға, Нұр Отан! Алға, Қазақстан!

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

7 comments

  1. «Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай та­быстарға жеттік. Қазақстан Конс­титуциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді». Расымен де елімізде қанша ұлт өкілі тұрса, оның ешбірі де ешқандай қысастық көріп, құқықтары тапталған жоқ. Осы үшін мен Елбасымызды қатты құрметтеймін. Кейбір елде өз отандастарына күн көрсетпей жатады. Бізде шүкір, ондай мәселе жоқ.

  2. Нұржан Керімов

    Президент айтпақшы, Құдайдың берген күш-қуаты барда әлі біраз белестерді бағындыруға мүмкіндік бар. Денсаулығы жарап тұрса, неге өзі бастаған бағдарламалардың соңына дейін жүзеге асуы үшін еңбек ете бермеске? Елбасының өз кандидатурасын ұсынғанына өз басым қуандым. Ал қазақ тілінен емтиханнан сүрінбей өтетініне шүбә келтірген жоқпыз.

  3. Қарулы күштерді жаңғыртуға көңіл бөлгені өте орынды. Қазіргі заманда әсіресе. Менің ағам военный частьта істейді. Сол ондағы құрал-жабдықтарының ескі екенін, шетелдіктердікі он есе мықты екенін айтып отырады. Бұл жаңалыққа ағам да қуанатын болды))).

  4. Ал маған мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптың күшейтілетіні, олардың аттестациядан өтетіні қуантты. Барлық жерде болмаса да кей мекемелердегі хатшы қыздардың өзі мұрындарын шүйіріп отырады. Ал өз жұмыстарында кейбірі қарапайым нәрселерді білмей босқа уақытты алады.

  5. Жансерік Абылғазы

    Туризмді дамыту, полицейлердің мәртебесін арттыру дегенге қосыламын. Қазір шынымен де полицейлердің ешбір қадірі қалмаған. Оған бір жағынан өздері де кінәлі әрине. Бірақ олардың ішінде де қызметіне адалдары баршылық. Ал туризмді дамыту арқылы еліміздің экономикасын дамытамыз. Біз өзіміз білмейтін қаншама керемет жерлер бар. Соларға назар аударылса, шіркін.

  6. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ басына түскен талай сындардан сүрінбей өткен тарихи, танымал тұлға. Сырты саясатты да, ішкі саясатты да білікті жүргізе білетін көреген басшы. Мұны әсіресе соңғы жылдары халқымыздың көбісі түсінді деп ойлаймын. Сондықтан өзім ол кісінің кандидатурасын қос қолдап қолдаймын. Денсаулығы жарап тұрса өз ісін жалғастырғанға не жетсін.

  7. Ардақты ағайын!
    Біз қазақтар өзіміздің салт дәстүрлерімізді сақтап қалуымыз керек, өйткені дәстүр бұл қазақтың ділін, рухани әлемін қорғайтын ерекше тәртіп. Рухани мықты халықты ешкім, ешқашанда жеңе алмайды. Өзінің салт дәстүрлерін көзінің қарашығындай сақтайтын және ұлттық салт дәстүрлер арқылы өзінің рухани әлемін және көзқарасын ыдыраудан қорғайтын халықты ешқандай күш талқан ете алмайды. Біздің қазақ ұлттық салт дәстүрлерімізді насихаттау керек, жастарға біздің көне салт дәстүрлерімізді үйретуіміз керек. Бұл қазақ ұлты тарихи сахнадан жоғалып кетпейтінін және өзінің қазақилығын жоғалпайтынын кепілі.
    Сонымен бірге, біз дәстүрлі казақ музыкасын күйлерді, әндерді, жырлар мен дастандарды аялап сақтауымыз керек. Қазақтың ұлттық әуендері ерекше, дербес себебі әрбір халықтың музыкасы өзінің ерекше дыбыстық саздарды туындайды және таратады. Қазақ тілі ерекше дыбыстайды, демек біздің әуендерімізде де өзінің ерекшеліктері бар. Қазақ әуендері ештеңкеге ұқсамайды, оның өзінің ерекше сұлулығы бар, қазақ әуендер мен әндерде қазақ халқының қонақжайлығы, кеңпейілдігі, туған жердің дарқандығы, ана тіліміздің байлығы мен бейнелілігі, туған табиғаттың әсемділігі естіледі. Осы факторлардың бәрі бір бірімен араласып қазақ әуендердің және әндердің сұлулығына өз үлесін қосып оларды баға жетпейтін қазынаға айналдырды. Біздің баға жетпейтін қазынамызды дәстүрлі қазақ музыканы жаратылыстағыдай әсемділігін сақтап жас ұрпағымызға аманат ету біздің парызымыз деп білемін.
    Еліміздің күш – қуатын жылдан жылға көбейту бұл мен үшін парыз, барымды Отанға сарқып беріп еліміздің көсегесін көгерту бұл мен үшін басты қағида. Кей кезде мен өз өзімді Отанның мүдесін қорғайтын сақшы ретінде елестетемін, ұлттық мүдделер мен туған жер, туған халық пен ана тілі, бабалардың өсиеттері мен ұлттық салт дәстүрлеріміз мен үшін қасиетті. Сондықтан мен Сіздерді, жарқын отандастарым ұлттық мүдделерді қорғауға маған көмек беруге шақырамын, отаншыл болуға шақырамын, ұлтқа адал қызмет етуге шақырамын!.
    Қазақ болу мен үшін бұл не, бұл менің ойымша, бабалардың ұлы істерімен және жеңістерімен мақтану, олардың жеңістеріне сенің тікелей қатынасың бар екенін терең түсіну, қазақ болу мен үшін болашақта туылатын қазақтардың жағдайын ойластырып, сол болашақ үшін ерең еңбек ету, қазақ болу мен үшін алдағы буын ағайынмен және артымда келе жатқан қазақ жас буынмен біртұтас пен ауызбірлікте болу, қазақ болу мен үшін өз өзімді мемлекетқұрушы ұлттың өкілі екенін сезіну, бұл елдің болашағы үшін жауапты болу, қазақ болу мен үшін бұл ана тілімізді ардақтап оның көсегесін көгерту, қазақ болу мен үшін қазақ халқы үшін әрқашанда ерлік жасауға дайын болу.
    Қазақ тілі біздің жаңа мемлекеттілігімізде ұлттық мәртебеміздің біріктіруші факторы және құралы ретінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Әрбір тіл мұрагері өзінің туған тілін, сонымен қатар, өзінің ұлттық және мәдени танымын қорғауы тиіс. Ұлттық тілдің мемлекеттілік негізі және адамды ұлттық мүддемен байланыстырушы бастау екенін ұмытпау керек.
    Мемлекеттік тілді ардақтау – тарихқа және ұлт мәдениетіне деген құрмет. Сондықтан, бізге мемлекеттік тіл күні жалпыұлттық мереке ретінде керек бұл өзіндік танымы мен түйсігі ретінде қазақ халқының жаңа мемлекеттілігі тарихының және бақытты болашағының беттерінде мәңгілік қалады.
    Тарихи тәжірибе көрсеткендей, өзінің ұлттық тілі бар әрбір ұлт және ұлт мемлекеті нық сақталмақ. Бай мәдениеті мен өнерін мұра еткен халықтар тарихта аз емес.Бірақ, сол мәдениеті мен мемлекеті бар халықтардың көбі бүгінде ұлттық рухын, яғни туған тілін жоғалтып, өздері де жоғалды.
    Осы тарихи жағдайлардан шығатын нәтиже, тілдің құруы ерте ме, кеш пе туған тілі бар ұлттар мен халықтардың құруына алып келеді. Жаһандану үрдісінің қаупі төніп тұрған жаңа кезеңдегі біздің ғаламшардың ұлттары мен халықтарының көпшілігіне осы тарихи сабақ қатысты. Сондықтан, әр мемлекет ұлттық құндылықтарды, әсіресе, тілді қорғауға қатысты үлкен тарихи жауапкершілікке ие.
    Жаһандану факторлары, алып тілдер және жаңа технологиялар әсер ететін бүгінгі күндерде ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттің сақталуы және беріктігі тілдің мықтылығына, қуаттылығына байланысты. Сондықтан, тарихи кезеңдердің бай мұрасында сақталған ұлы тіл ресурстарын, сөздік қорды және терминологияны қолдану аса қажет. Менің ойымша, бізге мемлекеттік тіл мерекесі керек.
    Құрметті отандастар!
    Менің ойымша, ХХІ ғасырдың басында Қазақстан егеменді мемлекет ретінде және әлемдік бірлестіктің толық құқылы мүшесі ретінде өзінің ішкі-сыртқы саясатын ұлттық және мемлекеттік мүдделерді есепке ала отыра құрып, перспективалы саяси және әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына кезеңді ілгерілеуі тиіс.
    Атап өтетіні, қайшылықтар мен өткір ғаламдық бәсекелестікке қаныққан мына әлемде ең алдымен, елдің көркеюі мен қоғамның дамуына үнемі күш салу арқылы тәуелсіздігіміз бен ұлттық мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек.
    Менің көзқарасымымша, мемлекеттің мол құралдары барлық қазақтардың өміріне лайықты жағдайлар жасауға бағытталуы керек, бұл біздің негізгі және принципті мақсатымыз болуға тиісті. Барлығы халық қызығушылығымен, адамдардың маңызды мәселелерін шешуге жасалуы керек.
    Әр мемлекетте лайықты, отаншыл, білімді және саналы балалар бар. Басқаша айтсақ, Отанымыз бен ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі өз жеріміздің саналы, қырағы, зерек ұлдарымыздың қолында. Осыған байланысты, біз барлығымыз мықты еркімізбен өз жұмақ мекенімізді қалыпқа келтіріп көркейтуді, халыққа лайық өмір деңгейін қалыптастыруды, өркениетті адам қоғамымен бірге жүруді қамтамасыз етуіміз керек.
    Қамқор және әсемдікке құмар халық, ежелгі және мәдениетті қазақ ұлты гүлденіп келе жатқан болашағы мен бабалар жерінің көркеюі үшін жақсы да жайлы жағдайлар жасауы арқылы үлкен жемісті жұмыс жасай алатынына мен нық сенімдімін.
    Осы жылы ел халқы өзінің үлкен тарихи күндері – тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтің 80 жылдық мерейтойы, Абылай ханның 300 жылдығын атап өтпек.
    Қазақстан халқының ыстық отаншылдық сезімінің, ұлттық бірлігінің, санасы мен танымының дамып, нығаюына және бабалар жерінің көркеюіне осы ұлы мерекелердің әсер ететініне күмән жоқ.
    Әлемдегі өзгергіш жағдайларда әрбір сергек, намысшыл қазақтың басты мақсаты – ұлттық және саяси қырағылықты, жоғары отаншылдық сезімді және ұлттық бірлікті насихаттау.
    Тек осылай ғана және күнделікті, адал, жанкешті еңбегіміз арқылы үлкен күш ретінде қоғамдағы мәселелерді жоя аламыз, Отанымызды көркейтуге адал ниетіміз бен жоспарларымызды іске асыра аламыз, таза арымызбен тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласын дамытамыз, болашақта Қазақ Елінің жаңа деңгейі мен халықтың сапалы өміріне қол жеткіземіз.
    Жауапты, қиын, аса лайықты бұл жол қарапайым азаматтан бастап жоғары мемлекеттік тұлғаларға дейін, яғни, барлық намысшыл және отаншыл Қазақстан халқынан, Қазақстан тәуелсіздігінің беріктігі, мәңгілігі үшін, қазақ мемлекетінің негізінің нығаюына, ұлттық және мемлекеттік мүдделердің қорғалуына, Отанымыздың бейнесі мен мәртебесінің жоғарылауына күнделікті күш салуды талап етеді.
    Бабалар Отанына деген, қазақтың тамаша жеріне деген адал махаббат, Абай мен Мағжанның сырға толы тілін ұрпақтың ардақ тұтуы және өткен күн мен бүгіннің арасындағы үздіксіз байланыс – жарқын болашаққа және жаңа табыстарға жетелейтін бастаушы жұлдыз болып табылады.
    Мемлекеттік тәуелсіздік, Тіл, Ана, Отан, мәдениет және ежелгі тарих – ұлтты бірлікке, ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа бастайтын түйіндер. Сондықтан да олар біз үшін адами және рухани асылдар болып саналады.
    Қазақ әдебиетінің классигі Абайдың өлмес поэзия тілі біздің жарқын болашаққа жол бастасын!
    Сүйікті Қазақстанымыз мемлекеттілігінің дамыған жүйесімен және өзіндік ұлттық бейнесімен дамыған мемлекеттер қатарына қосылсын!
    Тәуелсіздікпен, бейбітшілікпен және бірлікпен байланысқан жемісті мақсаттарымыз, күшіміз, биік үміттеріміз бізді жақсы болашаққа, тыныш та лайықты өмірге бастасын!
    Қиын да айтулы осы жолда сіздерге және барлық Қазақстан халқына рух тұрақтылығын, сарқылмас қуат және барлық істе табыстар тілеймін!
    Назарларыңызға алғыс білдіремін!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>