Кенесары және Байзақ

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының
меңгерушісі, профессор.

Байзақ датқа Мәмбетұлының туғанына – 225 жыл

Қасиетті тәуелсіздігіміз тарихи тұлғаларымызды тарих сахнасына қайта шығаруға, оларды кейінгі ұрпағымен рухани жүздестіруге зор мүмкіндіктер берді. Мұндай мүмкіндікті болашағымызды көгертуге бағыттау – біздің бабалар алдындағы қасиетті борышымыз. Ұлтқа үлгі боларлық тұлғалар бізде баршылық. Солардың бірі және бірегейі, алайда елге сіңген қыруар еңбегі әлі де жіті насихатталмай келе жатқан – Байзақ Мәмбетұлы бабамыз. Өшкеніміз қайта жанды дер болсақ, біздер ең алдымен еліміздің және жеріміздің бостандығы үшін қасық қанын аямай, «ереуіл атқа ер салған» азаматымыздың тарихи тұлға ретінде ортамызға қайта оралуына қуануымыз керек. Алайда Байзақ Мәмбетұлының бүгінгі тәуелсіз тарихымыздан өзінің лайықты бағасын алуы, оның өзі өмір сүрген заманы тәрізді аса күрделі болғанын да айтпасқа болмас. Мұның себептерін түсіну үшін алғаш, бұрынғы Свердлов ауданын Байзақ ауданы деп қайта атау жөніндегі бір топ ғалымдар мен зерттеушілер – Кеңес Нұрпейіс, Халел Арғынбаев, Көкіш Рысбаев, Әбдіқадыр Жүргенов, Нұрдәулет Әлібеков, Күзембай Байбосынов, Бақытяр Әбілдаұлы қол қойған ғылыми сараптамаға жүгінелік. Онда мынадай жолдар бар: «Байзақ 1789 жылы Талас өзенінің жағасында, қираған көне Тараз қаласының маңында атақты батыр Мәмбет Күнбасұлының отбасында өмірге келді. Абылай ханға жорықтас серік болғандар қатарында Мәмбет батырдың есімі де атақты Бұқар жыраудың бір толғауында аталады. Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен Мәмбет батырға Абылай Ашамайлы Керей елінің Көшебе руынан шыққан Байзақ атаның Жәмила атты сұлу қызын өзі ұзатқан. Сондықтан да кейін Ханша деп те аталып кеткен солтүстік қазақстандық осы асыл ана өзінің бір ұлын Қызылжар (Петропавловск) түбінде туып-өскен атасының құрметіне Байзақ атаған.

Байзақ ата-баба өлкесі Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының да, Ресейдің де қарамағына көшпеген кезде, тәуелсіздік жағдайында ер жетті…». Бұл деректерден аңғаратынымыз, Байзақ «әке көрген оқ жонар» демекші, жастайынан батыр әкенің отаншыл, ерлік дәстүрінде тәрбиеленген және өзі де тәуелсіз ортада өсіп-жетілген. Зерттеулер мен деректер Байзақтың әкесі Мәмбеттің жоңғарға қарсы 1730-40 жылдардан кейінгі соғыстарда аттары шыққан Сыбан Еспенбет, Тоқпақ Қасабай, Матай, Болатшы Кенже, Жұмық Дәулетбай, Уақ Бармақ, Шымыр Қойкелді, Қосай Тама, Ботбай Сәмен, Тұма Шағалақ, Шынқожа, Мұрын Боранбай, Сиқым Рысбек, Байғана Шөрек, Өте Бұланбай тәрізді Абылай ханның жас батырлары қатарында болғанын көрсетеді. Біз Байзақ Мәмбетұлының тарихи рөлін түсіну үшін, ең алдымен ол өмір сүрген заманға тереңірек үңілуіміз керек. ХІХ ғасырдың басында Байзақтың кіндік қаны тамған отаны – Оңтүстік Қазақстан өлкесі үшін аса қатерлі жау Қоқан хандығы болды.
Бұл хандық Ферғана жазығында ХVІІ-ХІХ ғасырларда, дәлірек айтар болсақ, 1710-1876 жылдар аралығында өмір сүрді. Астанасы Қоқан қаласы болған мемлекеттің билеушілері өздерін Шыңғыс ханнан тарататын. Алайда олар шын мәнінде өзбектің минг тайпасынан шыққан еді. Қоқан хандары әулетінің негізін салушы Шахрух би болды. Бұл хандық әсіресе Әлім хан (1800-1809 жж.), Омар (1809-1822 жж.), сондай-ақ, Мұхамед Әли (Мәделі, 1822-1842 жж.) Ташкентті бағындырған Әлім хан 1809 жылы Ұлы жүз қазақтарының территориясына аяқ басты және көп кешікпей-ақ Сайрам, Шымкент қалаларын, Ұзынағашқа дейінгі алқаптың батыс бөлігін, Талас алқабын, онан соң біртіндеп Орта жүздің Ташкенттен Арыс өзеніне дейінгі аймағын өзіне қаратты. Омар ханның тұсында 1815 жылы қоқандықтар Түркістан қаласына басып кірді. Сыр өзенінің оңтүстігіндегі жерлерге күшпен ие болған олар осында өздерінің Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін орнықтырды.
Қоқандықтардың қазақ жерлерін жаулаудағы мақсаты хандық территориясын кеңейте түсу ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы басты керуен жолдары болып табылатын қалаларды өздеріне қарату еді. Қоқандықтардың қазақ қалаларын басып алу әрекеті аса қаталдығымен ерекшеленді. Мысалы, олар Шымкентті 20 күн қоршап, үздіксіз зеңбірек оғының астына алып, жермен-жексен етті. Осындай қатыгездік Әулиеата мен Түркістанды басып алу барысында да байқалды. Осыған байланысты Сібір әскери корпусынан Қоқанға жіберілген тілмаш Ф.Назаров былай деп жазған еді: «Қоқандықтар басып алған түркістандық Шымкент қаласына барар жолда түнегенімізде оған жақын жерден қырғыздардың (қазақтардың – Т.О.) мекендерін, бау-бақшаларын, қорғандарын және алқаптарын көрдік. Енді мұның бәрі қаңырап қалған, өйткені олар Қытай шекарасына қарай көшіп кетті». Жағдайды қоқандық билеушілердің таққа таласқан абыройсыз әрекеттері ауырлата түсті. Осындай талас-тартыс барысында Қоқан билеушісі Әлімханды оның өзінің туыстарының у беріп өлтіргені белгілі. Әлімханның орнына билеуші болып оның ағасы Омар (1809-1822) таққа отырды және ол өзінің қаталдығы жөнінен әкесінен асып түсті. Әсіресе қырғыздардың және Ұлы жүз қазақтарының бас көтерер өжет жігіттеріне қоқандықтар қырғидай тиді, оларды терең орлы зындандарда ұстап, алақандай жарықты көруге зар етті. Өлім жазасына кесілгендерді қинап өлтірудің небір жантүршігерлік, арнайы түрлері қолданылды: «кінәлілерді» қазыққа қинап отырғызу, «қылмыскерлердің» басын қия шабу, дарға асу және тірідей бауыздау, т.б. кеңінен қолданылды. Отаршылдар салықтың да небір түрлерін ойлап тапты. Алғаш негізінен салықтың басты түрі зекет (мал салығы) таралса, кейіннен сан түрлісі қаптап кетті. Хан қазынасына қазақтар шариғат бойынша 40 бас ұсақ мал (қой-ешкі), әрбір 40 жылқыдан бір бас, 30 бас ірі қарадан бір бас төледі. Ал зекет төлеген адамның жылқысы 40 бастан көп болса, ол әрбір артық бас жылқы үшін 40 тиын төлем төледі. Оның үстіне салық өлшемі де жиі өзгерді. Қоқан әмірлері кейбір жылдары қазақтар мен қырғыздарды малдарының жиырмадан бір бөлігін зекет ретінде төлеуге мәжбүр етті. Осындай мал салымымен қатар басқыншылар көшпелілерден түндік зекет – әр үйден бір бастан қой, адал-зекет – 50 бас малдан бір бас салықтар алды. Дихандардан харадж-жер салығы алынды. Әскер салығын, яғни әр түтіннен бір тілла (алтын тиыннан) жинау да әдетке айналды. Жалпы Қоқан хандығы бұқара халықтан 20-ға тарта салық түрлерін озбырлықпен жинады.
Ар-намысты аяқасты етіп, қыз-келіншектерді күшпен хан ордасына алып кету де жиі-жиі көрініс берді. Осының бәрі оңтүстік қазақтарының 12 мың адам қатысқан Тентек төре бастаған көтерілісіне алып келді. Бұл туралы мәселені алғаш зерттеушілердің бірі болған В.Наливайкин өзінің «Краткая история Кокандского ханства» деп аталатын 1886 жылы Қазан қаласынан шыққан еңбегінде жазған еді. Алайда ұзақ уақыт бойы тарихшылар Тентек төренің кім екендігін нақты айта алмай келді. Байзақ датқа туралы арнайы еңбек шығарған әулиеаталық зерттеуші Бақытяр Әбілдаұлы Тентек төрені сол тұста Ұлы жүз қазақтарын билеген Рүстем Асфандиярұлы деп көрсетеді. Тарихи оқиғаларға талдау жасар болсақ, бұл пікірдің қисындылығын мойындауға тура келетін тәрізді. 1821 жылы болған бұл көтеріліс қоқандықтар жаулап алған ұлан-ғайыр қырғыз-қазақ аймағындағы ең алғашқы елеулі көтеріліс еді. Деректерге қарағанда бұл көтеріліске ағасы Байтерекпен бірге Байзақ та қатысқан. Алайда ел ішінде қазақтардың өздерінен әр түрлі жансыздар жалдап, солар арқылы руды қарсы қойып, ел бірлігін бұзуға күш салған қоқандықтар Байзақтың ағасы Байтерекке жасырын у беріп өлтірткізген. Көтерілісті басуға жақсы қаруланған 12 мың әскер жіберген Қоқан билеушісі Омар хан негізгі орталықтары Сайрам және Шымкент болған бұл көтерілісті аяусыз басып-жаныштады. Дегенмен де мәселені тек күшпен шешуге болмайтынын түсінген қоқандықтар қазақтар арасында аса ықпалды және беделді адамдарға «датқа» атағын берді. Қоқан хандығында сонымен қатар балнисми, әмір, мір, беклербегі, шах тәрізді атақтар да болды /8/. Қоқан билеушілері датқа атағын бергендер арасында Байзақ та бар еді. Алайда осыдан кейінгі барлық іс-әрекеті көрсеткендей, датқа атанған Байзақ қоқандық әмірлердің мұндай жымысқы саясатына алдана қойған жоқ және туған елді азат ету тәрізді игі мақсатты бәрінен жоғары қойды.
Қоқанның жаңа билеушісі Мәделі ханның (1822-1842 жж.) тұсында қазақтар мен қырғыздардың жағдайлары бұрынғыдан да ауырлай түсті. Ол өз қарауындағы жерлерге дүркін-дүркін әскери жасақтар жіберіп, зекет жинаумен белсенді айналысты. Бір ғана Шымкент төңірегіндегі қазақ руларынан жиналған зекет салығы қоқандықтарға орасан зор пайда келтірді. Оңтүстік Қазақстандағы дихан халықтың жағдайы бұрынғыдан да ауырлай түсті. Хирадж жер салығы жиналған өнімнің оннан бірін құрады. Салықты дихандар таяу жердегі Қоқан бекіністеріне төлеулері тиіс болды. Мысалы, Әулиеатадағы Қоқан бекіністері қазақтар мен қырғыздардан жыл сайын 1000 батман (1 батман 4-8 пұт таразы өлшемін құрайды) тары және бидай жинап алатын болды. Бұған шыдамаған қырғыздар қазақтар тәрізді ашық көтеріліске шықты. Көтерілген Нарын қырғыздарын ағайынды Амантай мен Тайлақ басқарды. Алайда халық емшісі атанып, сенімге енген Қоқан жансызы 42 жастағы Тайлақ батырға у беріп өлтірді. Қоқан әмірлерінің осындай зұлымдықтарынан жақсы хабардар Байзақ Мәмбетұлы уақытша болса да ашық күрестен бас тартып, біраз уақыт Қоқан билеушілерімен амал жоқ бейбіт өмір сүруге мәжбүр болды және Қоқаннан кек қайтаратын оңтайлы саяси жағдайды шыдамдылықпен күтті. Осы кезең Байзақты батыр ғана емес, үлкен дипломат, ұстамды саясаткер ретінде де ерекшелендіре түсті. Байзақ Мәмбетұлын Қоқан езгісіне қарсы ашық күреске шығудан тежеген тағы бір фактор – ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Ресей отаршыларының қазақ және қырғыз жерлеріне ентелей ұмтылуларынан сескенген. Қоқан хандығының өзінің сыртқы саясатына амалсыздан біраз өзгерістер енгізуі болды. Оңтүстік Қазақстанның және қырғыз жерлерінің Ресей қоластына қарауына барынша қарсы болған қоқандықтар бұған қарсы жасырын әрекеттер бастады. Қоқан молдалары қазақ пен қырғыз арасында «кәпірлерге» қарсы күреске, «газаватқа» яғни «қасиетті» соғысқа шақырған үгіттер жүргізді. Алайда Қоқан хандығы Ресейге қарсы ашық күреске шығуға батпады. Сонымен қатар осы кезеңде Қоқан әмірлерінің Абылай хан тұқымдарымен қарым-қатынасты шиеленістіріп алуы да олардың пайдасына шешіле қоймады.
Ресейдің «Сібір казактары туралы Уставты» өмірге енгізіп, Қазақ хандығын таратуы Абылай ханның Қасым атты баласынан туған Саржанның және Кенесарының наразылығын туғызды. Бұл наразылық алғаш Саржан бастаған бытыраңқы көтеріліс түрінде көрінді. Алайда күш тең емес еді. Сондықтан да Қасымның балалары Көкшетау өңірін тастап, 40 000 түтіннен тұратын Орта жүздің алтай, тоқа, керей, уақ және т.б. руларымен Қоқан хандығына қарайтын Ұлы жүз қазақтары жеріне, дәлірек айтсақ Шу бойына көшіп келді. Олардың мұндағы ойы Ресейге қарсы күресте Ұлы жүз қазақтарына сүйену еді. Алайда өз қоластындағы қазақтардан айырылып қаламын деп қатты қауіптенген Қоқанның Ташкенттегі беклербегі Әулиеата қаласында Абылай ханның немерелері Қасымның балалары Саржан мен Есенгелдіні өлтірді, сондай-ақ Түркістанға әруақтарға мінәжат етуге барған Қасым да осы кезде өлтірілді. Қарнақта Кенесарыны да қолға түсірген қоқандықтар оны біраз уақыт Ташкенттегі түрмеге қамап, соңынан босатты.1841 жылы қыркүйек айында Орта және Кіші жүз руларының өкілдері Кенесарыны ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Алайда Ресейдің қазақ жеріне көп әскери күш жинақтауы Кенесары ханды Ұлы жүз территориясына қайта көшуге мәжбүр етті. Тарихи деректерде Кенесары ханды осында шақырушы Ұлы жүз сұлтаны Рүстем Алыбаев екендігі айтылып жүр.
Дегенмен Кенесары ханның ең басты арқа сүйенгендері жергілікті ру басылары, әсіресе, Байзақ Мәмбетұлы болғаны Досқожа жыраудың Кенесарының ауруына байланысты айтқан толғауынан анық көрінеді. Онда мынадай жолдар бар:
…Еркін жайлап Есілді,
Еркелеп өскен халық едік –
Бұл қоныстан кеткен соң,
Зар болмасақ игі еді
Тай мен құнан, дөненге?!
Қоныстан алмақ болсаңыз,
Жіберіңіз тез хабар
Жоғарғы дулат төрт ауыл –
Бекредей басын тасқа сабаған,
Аранға түскен аюдай
Қайғымен іші жараған,
Байұзақ неге тоқтасын
Сіз көшемін дегенде!
Мұнда Досқожа жыраудың Байзақ батырға ерекше тоқталғанын айқын аңғаруға болады. Тегінде жыршы Қоқан қыспағында еркіндік аңсаған Байзақтың сол тұстағы алай-түлей жан-дүниесін айқын аңғарған сыңайлы. Деректерге қарағанда Кенесары хан Қарақұмнан қозғалып, Іле өзенінен өтіп, Шу өзенінің оң жақ жағалауына келіп, Жиренайғыр, Күрті, Ырғайты, Ұзынағаш және Қарғалы маңына тоқтап, осы жерден қырғыздардың және әулиеаталық дулаттардың басшыларына елшілер жіберген. Мұндағы мақсат Ресей және Қытаймен бейбіт қатынасты сақтай отырып, Қоқанға қарсы күресу еді.
Көп кешікпей-ақ шымыр руының басшысы Байзақ датқа, Белқожа би мен Медеу би сиқым руының басшысы Құдайберген датқа, ботпай руының басшысы Сыпатай батыр, Андас батыр мен шапырашты руының басшысы Саурық батыр және дулаттарды басқаратын Рүстем сұлтан т.б. дулаттардың игі жақсылары мол сыйлықпен Кенесары ханға келіп, сәлем берді. Өз кезектерінде ханнан да сый-сияпат көрген бұл кісілер ханға адал қызмет етуге келісіп, ханның алдында уәде берісті және берілгендік белгісі ретінде белдерін белбеумен буысты. Алайда, екіге бөлініп, біразы қоқандықтарды, бір бөліктері орыстарды жақтаған қырғыздар Кенесарыға қолдау көрсете қоймады. Олардың Орман, Кәрібоз, Жанқараш және Жантай тәрізді манаптары халықты Кенесарыға қарсы арандатты. 30-40 адамнан тұратын қырғыздар Кенесарыны қолдаған көрші қазақ ауылдарының жылқыларын барымталауға көшті. Оңтүстік қырғыздарын өз ықпалдарында ұстаған қоқандықтар да оларды Кенесарыға қарсы шығуға үгіттеді. Қырғызбен шиеленісе түскен жағдай Кенесары ханның оларға қарсы ашық жорықтарға шығуына ұласты.
Тарихшы Е.Бекмахановтың мәліметіне қарағанда Кенесарының осы тұстағы 20 мыңға тарта әскері негізінен Ұлы жүздің Шымыр, Жаныс, Сарыүйсін, Сиқым руларының қазақтарынан құралған және мұнда әсіресе 9 мың үйлі шымыр руының Байзақ басқарған жігіттері көп еді. Бұл туралы кезінде Нысанбай жыраудың былай деп жырлағаны белгілі:
…Қоқаннан ауған көп дулат,
Қарағаштай ел келген.
Мәмбеттің ұлы Байұзақ,
Балқожа, Медеу ер келген.
«Жауың қайда? Мен – жолдас, – деп,
Хан Кенеге дем берген.
Осы жерде Байзақ Мәмбетұлы және Ұлы жүздің басқа да игі жақсылары Кенесарының қырғыздарға жорығын неге қолдады? – деген сауалға жауап іздер болсақ, мынаны есте ұстағанымыз жөн: біріншіден, Әулиеата өңіріне жақын орналасқан қырғыздар қоқандықтар ықпалына ілесіп, қазақтарға қарсы қоқандықтардың жазалау әрекеттеріне қатысты: екіншіден, Байзақ Мәмбетұлы тәрізді ел қамын ойлайтын тұлғалар үшін туған жердің тәуелсіздігі әрқашанда барлық мүддеден жоғары тұрды. Кенесарының бастауымен қайта жанданған жаңа қазақ хандығы Байзақтың түсінігінде дербес, тәуелсіз қазақ мемлекеттігін орнықтыруға баратын жол еді. Ал бұл кезінде Абылайдың жас батырлары қатарында сап түзеген оның әкесі Мәмбет батыр ұстанған бағыт болатын. Сондықтан да Байзақ Мәмбетұлы Абылайдың немересі Кенесарының қоқандық Мерке және Ит-кешу тәрізді бекіністерін бағындыруға бағытталған, 1845 жылдан басталған барлық жорықтарының белсенді ұйымдастырушысы және берік қолдаушысы болып қалды. 1847 жылы сәуірдің соңында болған қырғыздарға қарсы Кенесарының соңғы шайқасында да Байзақ Мәмбетұлы ерекше белсенділік көрсетіп, шын мәнінде ақырына дейін хан таққан белбеуге, өзі берген сертке адал болды.
Қыр басында бекініп жатқан қырғызға барар жолды ашуда Байзақ Мәмбетұлының қайратын кезінде Нысанбай жырау төгілте жырлаған еді:
…Ұят шығар төреден
Бөлініп біздер қаларға:
«Әйтелік» деп Байұзақ,
Қамшы басты бекерге
– Таудан жолды салайық,
Жабыл! – деді нөкерге
Аттан түсіп алдымен,
Өзі бір тасты көтерді
Басшы болды Байұзақ
Бір қайратты етерге
Байұзақ аттан түскен соң
Қасына түсті ханымыз
Ханымыз аттан түскен соң
Төгілер болды арымыз
Бұзбасақ та ол тауды
Түсе қалдық бәріміз
Жабырласып қол қойдық
Жасымыз бен кәріміз.
Нысанбайдың осы айтқандарын көп жылдардан бері Байзақ туралы ауыз әдебиеті мұраларын және тарихи деректерді жан-жақты, шаншылай зерттеп келе жатқан, белгілі әдебиетші-ғалым, профессор Жанғара Дадабаев былай түсіндіреді: «… Кенесарының ат үстінде отыра алмай, хан басымен жерге түсіп, аяғының астындағы қаратасты басына көтеруі шарасыздықтан емес, Байзақты, оған ерген сарбаздарын қолдап рухтандырудың жолы еді. Бұдан Кенесарының Байзаққа деген құрметі барынша жарқырап көрінеді».
Соңғы ұрыстағы Кенесары соңынан ерген Дулат қосындарын жігерлендірудегі Байзақ Мәмбетұлының шешуші рөлін Нысанбай жырау былай деп жырлайды:
Байұзақ датқа сөйледі,
Ашуланып, ақырып,
Халқына қарап сөз айтты
Оң-терісті сапырып:
– Не қылып тұрмай отыр?! – деп
Батырларын шақырып,
Дулаттан шыққан батырдың
Талайына батырып.
Осы соңғы шайқаста Кенесары ханды қырғыздар қолға түсіріп, азаптап өлтірген соң да Байзақ Мәмбетұлы қоқандықтарға қарсы тәуелсіздік үшін күресті тоқтатпады.
Алғаш Шералы (1842-1845) соңынан Құдияр (1845-1875) хан болған жылдары Қоқан хандығы құлдырай бастады. Ал бұл оның қырғыз және қазақ жерлерін қанай түсуіне алып келді. Бұл аймақтағы халықтың ірілі-ұсақты бас көтерулерінің басы-қасында қазақтың басқа да игі-жақсыларымен бірге Байзақ Мәмбетұлы да жүрді.
1858 жылы Қоқан билігіне наразы халық Әулиеатаны, Түркістанды және Шымкентті көтеріліс орталығына айналдырды. Қоқанның Тәшкенттегі билеушісі Мырзахметтің қазақ, қырғыз ауылдарын озбырлықпен тонауы наразылыққа шығушылар қатарын күн санап өсіре түсті.
Мырзахметтің кезінде бұрынғы салықтар көлемі 3-4 есеге өсіп кетті. Қазақтар енді бүкіл малды барлық өнімді түгелдей салық ретінде төледі. Он-он екі жасар қыздарын сатып, одан алған ақшаларын Мырзахметке берді. Қаталдықтары шектен шыққан қоқан әмірлері салық төленбеген жағдайда ауылдарға баса-көктеп кіріп, дүние-мүлікті, қыздарды тартып әкетті. Мырзахмет қазақтар мен қырғыздардың жасөспірім балаларын Орта Азия базарларында сатты. Ол әрбір қызға немесе тұрмысқа шықпаған әйелге бір тілладан қосымша салық енгізді.Осындай қиянатқа қатты ашынған Әулиеата халқы Байзақ Мәмбетұлының бастауымен қоқандық зекет жинаушыларды соққыға жығып, Мырзахметтің өзін Әулиеата қамалына қуып тықты. Әулиеатаның өзін және сондай-ақ Созақ, Шолақ, Тоқмақ, Ақсақат, Түркістан және т.б. қамалдарды көтерілісшілер қоршап алды. Олар Мырзахметтің інісі Мырза биді, молда Майсүпті, 500-ден астам зекет жинаушыларды қырып салды. Көтерілісшілер Байзақтың басшылығымен ауылдарда қарулы отрядтар ұйымдастыра бастады. Әулиеатадан бастап, 1858 жылы мамыр айында Қазақстанның оңтүстігіне таралған көтеріліске қатысушылар саны 20 000 адамға жетті. Алайда күш тең емес еді, жақсы қаруланған қоқандықтар көтерілісті күшпен басты.
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Ресейдің Ұлы жүз жеріне аяқ басуы қазақтардың Қоқан хандығымен қатынастарына біраз өзгерістер енгізді. Ұлы жүздің ботбай, қасқарау, албан, суан және жалайыр тайпалары бірінен соң бірі Ресей бодандығын қабылдай бастады.
Орыстардың жылжуын тоқтату үшін Қоқан ханы құрамында Кенесары ханның балалары Тайшық, Садық және Ахмет сұлтандар бар
40 000 әскерді Верный бағытына аттандырды. Жағдайдың өзгеруіне байланысты амал жоқ Қоқан әмірлерімен уақытша келісімге келуге мәжбүр болған Байзақ Мәмбетұлы енді Кенесары ханның балаларымен бірге Ұлы жүздің, Батырбек, Момынбек, Қожабек, Сыпатай тәрізді игі жақсыларымен және қырғыз манапы Жантаймен бірге орысқа қарсы аттанды. Алайда Ұзынағаш түбінде болған ұрыста генерал Колпаковскийдің әскері қоқандықтарды жеңіліске ұшыратты.
1864 жылдың жазында полковник Черняев басқарған орыс әскерлері Әулиеатаға қауіп төндірді. Мұндайда қашанда өз жігіттерін топтастырып ұстайтын Байзақ Мәмбетұлына бұрыннан күдіктеніп жүрген Қоқан әмірлері оны Шымкентке басқа да қазақ билерімен шақыртып алып, зеңбірекке байлап атып өлтірді. Туған жерді жан-жақтан анталаған басқыншылардан аянбай қорғаған асыл ер осылай қапыда мерт болды.
Бүгінде батырдың кіндік қаны тамған аудан оның өзінің есімімен аталады, ал осында жерленген оның саусақтарының басына айшықты күмбез тұрғызылған. «Ер есімі ел есінде» деген осы да.

One comment

  1. Қоқан хандығын сонша жамандағнда не ұттың?Қоқан хандығның құрамында башылықта Шанышқыл,Хаңлы т.басқа рулар болды тіпті байзақ датқаны Кенесары ханымызды сатып кеткен үшін зеңбірекке тығып сатқын ретінде атқан қоқан хандығының әскербашы қыпшақ Әлімқұл еді. Орысқа малында адамында тіпті қатынында беріп көмектескені үшін мұсылман емес кәпірлерге көмектескен адамды қалайша ұялмай мақтайсыңдар сол Байзақ сияақты сатқынның кесірінен 2 милион қазақ аштан өлді ал қоқан хандығына қарап тұрғанда ең көп ұлт қазақтар еді тіпті Байзақа билікті атақты датқа деген берген Қоқан хандығы едіМәшһүр Жүсіп Көпейұлының Қазхақ тарихы 2-кітабында олардың саяаси сатқын бейнесі анық жазылған-Байзақ бас болып, Рүстемұғлы Сыпатай қырғызға үндес болып: «Біз түн ішінде біріміз қалмай, қашалық, аз ғана төлеңгітімен хан Кенесарыны өздерін оңаша тастап. Сонан соң алмайтұғын оның несі бар?!»- деп, Қырғызға бірігіп кетті. Байзақ Қоқанға қарағанда, Қоқанның ханы Мәделіхан: – Сен кеше жолдасыңа опа қылмаған, кімге опа қыласың?!- деп, зеңбіректің ішіне тығып аттырып өлтірген.Тарихты ешкім алдай алмайды.Осы бір тарихи деректі соларға шұқыңыз көрейік Мәшһүр Жүсіпке қарсы со заманың сұңқарына не дер екен бұл қарғалар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>