Батыр Баян

Баян Қасаболатұлы бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнап өтті. Қазақ-жоң­ғар шайқастарында көрсеткен ерлігі, ержүректілігі, өзге батырлардан шоқтығы биіктігі Абылай ханның назарына ілігіп, «Батыр Баян» атанған. Ол жөніндегі деректерді Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен көптеп кездестіре аласыз…

Мағжан поэмасындағы « – Қанайым, ойың удай, тілің шаян, Амал не, келген жоқ қой Батыр Баян. Көп жаудың албастысы, ел еркесі, Баянның батырлығы алашқа аян. Баянның аруақты құр атынан, Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ ноян? Наркескен, өрттей ескен қайтпас болат, Баянсыз қанатымды қалай жаям?! Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, Келмесе қандыбалақ Батыр Баян» – деген Абылай сөзінің өзі батырдың хан ордасындағы орны мен беделін айқын аңдатпай ма?!
Иә, біздіңше де солай. Ұлы Жаратушы берген құдірет, қонған кие дейміз бе, батырдың өзі айрықша құбылыс секілді көрінеді. Оны жырына қосып толғаған ақынның да, эпикалық туындыны кино тілінде «сөйлеткен» режиссердің де, батыр бейнесін сомдаған әртістің де, тіпті киносын көрген үлкен-кіші көрерменнің де бойынан батырлығы менмұндалайтыны, бұрнағыдан да рухтанып, айбындана түсетіні бар?!
Аз айт, көп айт, жиырма жыл бойы экраннан түспей, көрермендердің сан алуан сезім шарпуымен ерекше толқынысты-толғанысты күйге түсіріп келе жатқаны жайдан-жай емес-ау. Үлкеннің де, кішінің де ілкіде қаһармандық, отаншылдық, елдік рухын оятып, дүр сілкіндіріп, ой бесігіне де бөлеп тастайды. Мұның сыры, құпиясы неде?
– Меніңше, бар гәп «Батыр Баянның» егемендігімізге қол жеткізген шақта тарихи тақырыпта түсірілген тұңғыш кинотуынды болуында жатқан сияқты. Қалай дегенде де тұңғыштың аты – тұңғыш. Көзімізді ашқанда көргеніміз, аузымызды ашқанда өпкеніміз осы дүние болса, қалай аянып қаларсың! Бұл іске киногері, әртісі, басқасы бар, сол кино түсірілген Көкше өңірінің ел-жұрты тайлы-таяғымен шын пейілдерімен, жанашырлықпен жұмыла атсалысуының нәтижесінде осындай жауһар туынды дүниеге келген болар. Алла пейіл-ниетке береді ғой не берсе де. Бұл көркем фильмнің сценарийін жазған белгілі жазушы Смағұл Елубаев, режиссері Исламбек Тәуекелов, демеушісі сол кездегі «Цесна» корпорациясының президенті Ә. Жақсыбеков, ең бір атап өтерлігі, фильмге түскен хан, билердің, әскерлердің күллі киімін әзірлеген қоюшы-суретшісі Ерсайын деген жігіттің ақын Мағжан Жұмабаевтың немересі болып шыққаны болды.
Фильмнің негізгі көрініс, оқиғалары жоғарыда аталған облыстың Мәдениет ауылы маңындағы «Жанботаның асуы» аталатын жерде түсірілді. Көкшеліктер бұл істі бүкіл ел болып жұмыла атқарды. Көпшілік сахнасына қатыстыру үшін басшылар әр елді мекеннен күніне 20-30-дан адам күшін жұмылдырып, Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы театрдың негізін қалаған, бас режиссері де болған Ж. Омаровтың (өзі сол ауылда туып-өскен екен, бертінде дүниеден озды, иманы саламат болсын) күллі шығармашылық ұжымын бізге жіберіп көмектескендері қалай естен шықсын-ау. Міне, осындай ұйымдасқан тірліктің нәтижесінде аталмыш кинотуынды бас-аяғы үш-ақ айда толықтай түсіріліп біткен-ді, – деп еске алады сол бір күндерді Баян батыр рөлін сомдаған жамбылдық театр және кино актері Жұмахан Әбдіқадыров.
Эпостық поэмасында бүкіл болмысымен көрінген символист ақын Мағжанның өзі де ең алдымен өз заманында қаламмен қаруланған, бас кейіпкері рухымен қуаттанған күрескер.
Жамбыл ауданының тумасы соңыра Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның драма және кино актері бөлімін бітіргеннен кейін облыстық қазақ драма театрында 1976 жылдан бастап тапжылмай қызмет етіп, Абылай хан, Б. Момышұлы секілді қазақтың біртуар перзенттерінің бейнелерін сомдады. Ол белгілі режиссер, ұстаз, Қазақстанның Халық әртісі А. Тоқпановтың курсында кезінде жазушы-драматург, кинорежиссер Т. Теменовпен, радиожурналист Ә. Бөлебаевпен, сахна саңлақтары М. Әджібеков, Ж. Нағашыбаевтармен бірге оқығанын, әр жылдарда А. Сәлімбаев, Ә. Құлданов, Е. Оразымбетов, Қ. Қасымовтармен тізе қоса еңбектеніп, бірқатар қазақ, орыс, шетел классикалық туындылары кейіпкерлерін сахнаға шығарғандығын, сондай-ақ, «Сұрапыл Сұржекей», «Махамбеттің қылышы», «Кек» көркем фильмдеріне де түскенін көңілі тола айтады. Кезінде «Волоколамск тас жолындағы» Баукеңнің рөлін тамаша сомдап шыққаны үшін республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанып, 2000 жылы «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталғаны бар. Қалай дегенде де… қазақ оны «Баян батыр» деп таниды. Осыдан 18 жыл бұрын жол апатына ұшырап, зардап шегіп, жүруі қиындаған Жұмахан ағаны қазір тағдырмен күрескен Батыр деуге әбден лайық. Актер үшін халқының құрметі, сол елі берген «Батыр Баян» атағы бәрінен де биікте тұрғаны да анық.
Жұмекең қоғамнан, әсіресе, туған театрынан қол үзе қойған жоқ. Ара-тұра облыс көлемінде өтетін айтулы іс-шараларға да барып, қатысып тұрады. Жуырда сондай бір шара – «Қазақстан-Тараз» телеарнасының «Сіз не дейсіз?» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған арнайы хабарға бірге қатысқанымыз бар. Ондағы басты әңгіме – батырлықты бағалап, қастерлеу, қазіргі заман қаһармандарын қалыптастыру, жастар мен жасөспірімдердің елін, жерін сүйетін елжанды азамат болып жетілуіне ықпал ету мәселелері төңірегінде өрбіген. Онда жерлесіміз, Халық Қаһарманы Ғ. Байтасовтың ерлігі және Жұмахан ағамыздың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі етілді. Сол жолы өнерде ғана емес, өмірде де батырлықтың, қандай қиындыққа болсын мойымай, қасқая қарсы тұрып, күрескерлік танытудың үлгісін көрсетіп жүрген ағамыз өзі және өзгелер тұрғысында «Жалпы, маған үш мәрте ота жасалды. Мен жайлы жасалған бейнефильммен, мақалалармен әбден таныс болуы керек, Елбасы Тараз қаласына бір келгенінде келіншегім Гүлшат екеумізді қабылдап, хал-жағдайымды сұрап, 5 миллион теңге бөлгізіп, Германияға емделуге жіберді. Германияның үлкен клиникасында болдым. Олар мені бір апта тексерді. Айтуларынша, Алматыдағы Қалқаман ауруханасында жасалған ота дұрыс істелмеген. Мұндай жағдайда көп адамдар тұра алмай жатып қалады екен. Дәрігерлер «Балдақпен жүргеніңе де Аллаға шүкір деңіз» деді. Бірақ онысы да кесімді сөз емес. Жүріп кетесің, я болмаса мүлдем жүрмейсің деп ешкім тура айта алмайды. Үміттену керек, бір ғажап өзгерістер болып қалуы әбден мүмкін! – дейді. Өз басым еш түңіліп, уайымдап, қайғырып жүрген жоқпын. Талпынысымды тоқтатпадым. Тұрып, жүріп кетуге әлі де үміттенем. Сол кездері қиналғанда қасымнан табылған адамдарға мың да бір рахмет айтам. Әсіресе, жарым Гүлшатқа ризамын. Сол кісінің арқасы ғой. Мені сүйрелеп қайда алып бармады. Қысқасы ол да, мен де ауруды жеңу жолында аянбай күресумен келеміз. Қарапайым актерге көмектесіп, көңіл бөлген Елбасыға айтар алғысым шексіз» деп ағынан жарылған еді.
Айтпақшы, ол кісінің үйіндегі жеңгеміз Гүлшат Қыпшақова да танымал әртіс, жерлесіміз, жазушы-драматург Б. Әбілдаұлының драмасы бойынша сахналанған спектакльдің басты рөлін шынайы сомдағандығынан ба, оны көпшілік «Айша бибі» атап кеткен! Бір отбасындағы саңлақ сахнагерлердің бірінің «Батыр Баян», екіншісінің «Айша бибі» аталып кетуі шынында да ғажап қой! Екеуі инабатты да ибалы қос бірдей қыз тәрбиелеп, өсіріп, құтты орындарына да қондырды. Бүгінде Алматыда тұратын Әселі кинотанушы, Әнелі Абылайхан атындағы шетел тілдері университетін бітірген. Ерлі-зайыпты әртістер отбасында қылығы балдай төрт немере жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді.
Актерлердің аңыз-ғұмырлары ұзағынан болғай.

Баймаханбет АХМЕТ,
«Ақ жол».

One comment

  1. Ия… Жұмахан аға керемет актер, ол кісінің Жамбыл театрында қызмет істегеніне қуанамын. Жұмахан ағамен арасында премьераларда кездесіп тұрамыз, ол кісі өзінің ойын айтып біздерге кәдімгідей рух беріп кетеді. Мен ол кісіге ризамын, Алла алдынан жарылқасын… денсаулығы жақсарып, өнерге әліде үлкен туындылар әкелсін! Биылғы 60-жас мерей тойы құтты болсын!!!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>