«Екі Кенен келмейді, Алатауға ексең де…»

Биыл қазақ елінің халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 130 жыл толады. Ұлтымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына, соның ішінде Жетісудың дәстүрлі әншілік мектебінің алтын қорына өзінің қайталанбас дарынымен үлес қосқан, жастайынан «Боздаланың бозторғайы» атанған Кененнен халқына мол рухани мұра қалды. Ол қазақтың сал-серілерінің соңғы тұяғы қатарында өзінің жезтаңдай әншілігі, бұлбұл көмей сазгерлігі, суырып салма ақындығы, қала берді әртіске тән қабілет-қарымы арқылы халқының ыстық ықыласына бөленіп, бұқараның жүрегінен тереңдей орын тапты. 

Кенен 150-ден астам ән шығарған. Оның сан қырлы талантын домбырашылық-күйшілік өнері толықтырып тұр. Бұған нотаға түскен жеті күйі дәлел. Сонымен қатар, ол заманында бірнеше танымал ақындармен айтысқа түскен айтыскер ақын. Ол сондай-ақ, 17 толғау-жыр мен дастандардың авторы және қазақ эпостарын шебер орындаушы жырау да болған. «Боздаланың бұлбұлы» атанған абыз ақын 1976 жылы 12 сәуірде дүниеден озды. Оның мәйіті өзі тұрған елді мекенге, яғни, қазіргі Кенен ауылына қойылды. Кейін бейіт басына әсем ғимарат салынып, 1981 жылы Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық музейі ашылды. Елімізде Кенен Әзірбаевтың алдағы 130 жылдық мерейтойына дайындық өткен жылы-ақ басталып кетті десе болады. Айтулы өнер иесінің құрметіне өткен жылдың соңына қарай Алматы қаласының Кенен Әзірбаевтың атымен аталатын бір көшесіне ақынның ескерткіші қойылды. Мұндай игілікті істер бұдан әрі де жалғасын таба беретіндігіне күмән жоқ. Ол еліміздің игі жақсыларын ардақтаған келелі іс қатарында тарих тағылымына айналары анық. Біздің ақын, жазушыларымыз, мәдениет, өнер саласының дүлдүлдері руханият кеңістігінде жеткіншек ұрпаққа тәлім-тәрбие, мәдени мұра боларлық көп істер тындырып жатыр. Менің ойымша, осыған осы дүлдүлдер тарапынан бір нәрсе жетпей тұрған сияқты. Ол – Кенен Әзірбаев туралы сахналық қойылымның жоқтығы. Тіпті көркемсуретті фильм түсірілсе де артық болмас еді. Екі ғасырдың куәсі, қазақтың сал-серілерінің соңғы тұяғы, соның ішінде жыр алыбы Жамбылдың жақсы көретін шәкірті, соңына ерген Шолпанқұл Сейітов, Асылқұл Бүрбаев сияқты шәкірттерінің ұстазы, халқы сүйген өнер иесі Кенен образы сахнаға сұранып-ақ тұр. Осыған орай, ақынның биылғы мерейтойы қарсаңында Кенен Әзірбаевтың сахналық қойылымына бәйге жарияласа нұр үстіне нұр болар еді. Дүркіретіп той өткізерміз, ол көрген адамның ғана жадында қалады. Ал, сахналық көркем шығарма – мәңгілік рухани ескерткіш болар еді.

Әскен Бәтішев,
журналист.

Кенен ауылы,
Қордай ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>